Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
2023 жылы елге 1 млн 084,8 мың шетелдік турист саяхаттап келген. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы нәтижемен салыстырғанда 17%-ға өскен. Ал ішкі туристер саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 647,5 мыңға артып, 7 млн 54,5 мың адамға жетті.
Биыл – Қытайда Қазақстанның туризм жылы. Жуырда екі ел арасындағы байланысты бекемдеу бағытында туристік һәм инвестициялық форум өтіп, осы өрісті өркендету жайы талқыланды. Қазақстанға жыл сайын көрші елден ағылатын туристердің қатары артып келеді. Былтыр Қытайдан Қазақстанға 220 мыңнан аса турист келген, биыл бұл көрсеткіш 300 мыңнан асуы бек мүмкін.
Көрші елден керуен тартқан туристердің көз тоқтатып, аялдайтын мекеннің бірі һәм бірегейі – Шарын шатқалы. Келген қонақты тарихы миллион жылдың қойнауында жатқан Шарынның шатқалына бүккен құпиясы, жақпарына жасырған сыры таңдандырары сөзсіз. Торыайғыр тауының сілемін сүйе аққан Шарын өзенінің жағалауында жайлылық орнатып, қонақтың талғамына татитын қызмет көрсету жолында атқарар шаруа әлі көп.
«Шарын» ұлттық табиғи паркінің директоры Гүлмира Нысанбаева әлемде АҚШ пен Қазақстанда ғана бар шатқалды тамашалаушы туристердің қатары артып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Десе де ел экономикасының ырысын арттырудағы басым бағыттың бірі туризмді дамыту үшін, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келіп-кетушілерге көрсететін ақылы қызметтің сапасын, жабдықтау деңгейін, сервисін түбегейлі жаңартып жаңғыртуға қомақты қаржы керек. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақта жобалау ұйымдарының жетекшілігімен инфрақұрылымды дамытудың бас жоспары жасалған. Бұл жоспарда мемлекеттік қаржыландырудан бөлек мердігерлік қаржы салымын талап ететін маусымдық және орнықты туристік-рекреациялық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар салу көзделіп отыр.
Парк аумағында негізгі тарихи-мәдени және табиғи мұраларының нысандары көз тартарлық. Келушілерді де табиғаттың осы көрінісі қызықтырады. Шарын шатқалында «Қамалдар аңғары» және «Шарын ерен тоғайы» табиғат ескерткіші мен «Бейіттер мен қорғандар», «Темірлік-Кіші шатқал» туристік бағыттары бар. 2022 жылғы есеп бойынша 54 629 демалушы келгені тіркелсе, 2023 жылы Шарын шатқалын тамашалаған туристер қатары 131 264 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артқан.
«2021 жылы Инфрақұрылымды дамытудың Бас жоспарына түзетулер енгізілді. Үкіметтің 2006 жылғы 7 қарашадағы №1063 қаулысына сәйкес жер телімдерін беруге тендер өткізілді. 2021 жылғы 4 наурызда №1 лот бойынша жалғыз қатысушы және мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігі танылды. Келісімшарт негізінде туристерге қызмет көрсетуге арналған нысандар, атап айтқанда, екі визит-орталық, қонақүй, мейрамхана, тамақтану пункттері, глэмпинг, кемпинг, қазақ ауылы, балалар алаңы, автокеруен, жатақхана, тағы басқа да демалушыларға арналған жалпы 13 нысан жоспарланды. Құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын коммуникацияны жүргізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты «Шарын шатқалы қамалдар мен аңғары» туристік маршрутына электр желілері жүргізілді. Инфрақұрылым нысандарын салудың қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау бойынша өткен қоғамдық тыңдаудың оң нәтижелерінен кейін аталған құрылыс жұмыстары басталды. Қазір визит орталығы, глэмпингтер, қазақ ауылы, жылжымалы тамақтану пункті, мейрамхана орнатылып, туристерді қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар туристік бағыттарда абаттандыру жұмыстары барысында демалушылардың қолайлылығын арттыру мақсатында су бұрқақтары, грот, жаңа технологиядағы экодәретхана, туристік бағыттарға белгілер мен бірнеше стелла орнатылды. Ауызсу мәселесін шешу мақсатында демеушілердің көмегімен келіссөздер жүргізіліп, жерді анықтау жұмыстары қолға алынды», деді Г.Нысанбаева.
Биыл «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 20 жыл толды. Экотуризмді өрістету жолында атқарар шаруа әлі де шашетектен. Бірер жыл бұрын Шарын шатқалының аңғарында туристер үшін аспалы жол салынатын бірегей жоба іске қосылады деп алақайладық. Әйгілі жоба әзірге қағазға қаттаулы күйі тұр. Бұған алдағы уақытта арнайы тоқталамыз.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Қазақстанға қызығушы туристердің шоғыры қалың екенін, табиғатымыздың тамашасын тарту ету жолында кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Әрине, АҚШ-тағы Гранд-каньондағыдай инфрақұрылымды өрістету жүзеге асса, жақпары тұнған жақұт Шарын шатқалының да шалқитын шағын көргіміз келеді. Бұл үшін сөзден іске көшетін кез әлдеқашан жетті.