Қоғам • 12 Сәуір, 2024

Аймақтық медианың ауқымды мәселесі

90 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық және өңірлік мерзімді баспасөз қоғамдық-саяси, әлеуметтік маңызды тақырыптардың алаңы ғана емес, рухани-мәдени, дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен таратудың кепілі де. Толассыз ақпарат тасқынын ұсынған әлеуметтік желінің әлеуетіне табындырған цифрлық революцияның дәуірінде мерзімді баспасөз өнімі арқылы ұлттық мүддені қорғап, жаңалық жеткізудің тиімді құралы болу – бүгінгі медиа нарықтың басты мәселесі. Бес мыңнан аса ақпарат құралы тіркелген елде оның өнімін тұтыну мәселесі де күн тәртібінен түспек емес. «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты тақырыппен Алматыда басталған Өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының ІІ республикалық форумында ұлттық медианың келешек тағдырына керек тақырыптар талқыланды.

Аймақтық медианың ауқымды мәселесі

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­­лігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан республикалық форум­ға аймақтардан медиа маман­дар шақырылды. Форумды ашқан Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым коми­тетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп заманауи медиа кеңістіктегі өзекті мәселе­лерді саралап, жыл­дам­дықпен дамып келе жатқан бүгінгі баспасөз­дің уақыт талабына бейімделуі­не, Парламентте талқыланып жат­қан «Масс-медиа туралы» заң­ның түйт­кілді тұстарына тоқталды. Бір­неше тілді еркін меңгерген журналистердің қабілетін кәсіби ар­тықшылыққа балап, өңір тіл­шілерін тіл үйренуге үндеді. «Өңір­лік БАҚ деген өмірлік бақ деп есептеу керек. Себебі Қазақстан өңірлерімен қуатты», деді спикер.

Екі күнге жоспарланған ауқым­ды іс-шараға шақырылған спикер­лер – Президент Әкімшілігі, Пар­­ла­мент­тен келген лауазымды тұл­ға­­лар, бәрі де «газеттің қазанынан қай­нап шыққандар».

«Қандай қиын­дық болса да, қазақ журналистері ұлт­тық мүддені қорғауға келгенде аянып қалған жоқ. Сол себепті мемлекеттің олар­ға барынша қолдау көрсетуі – заң­дылық. Өңірдегі баспасөз құрал­дарының көбі қиын жағдайды бас­тан кешіп отыр. Кейбір газеттер сатылып кетті. Пандемия кезінде де газеттер зардап шекті. Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Сол кітапханалардың әрқайсысы 1 данадан жазылғанда, 11 мың басылымға жазылуға болар еді. Қазақ газеттері әлемде жоқ жанкештілікпен жұмыс істеп келеді», деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Қоғам мен билік арасында сауатты диалог жүргізу мәселесі Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи­дың сөзіне арқау болды. Саналы ғұмы­рын тәуелсіз журналистиканы дамыту жолына арнаған депутат еліміздегі мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысындағы сөз бостандығы ұғымын 2019 жылға «дейінгі» және «кейінгі» мысалында салыстыра қарады. Кәсіпқой журналист газет тарату ісіне байланысты туындайтын қиындықты да ұмыт қалдырмай, оқу мәдениетін қалыптастыру туралы ой қозғады.

Президент Баспасөз хатшысы­ның орынбасары Ержан Байтілес: «Қазақ журналистері қашанда мем­­лекетшіл позицияны ұстанған. Мем­­лекеттің бірлігі, елдің ын­ты­ма­ғы, хал­ықтың берекетті өмірі бас­ты ба­ғы­ты болған. Бұл алтын арқау әлі жал­­ға­сып келеді. Ұлттық журна­лис­­­ти­­каны заманауи трендтерді мең­­гере отырып дамыту – басты мін­­­дет. Қазір қоғам мен биліктің ар­а­­сында алшақтық жоқ. Өйткені қо­ғам­­ның үнін әлеуметтік желілер ар­қы­лы болсын, дәстүрлі медиа ар­қы­­лы болсын жеткізу жолдары оңай. Ұлт­­тық журналис­тикамызды дамы­­­тып, өркендетуге, өрісін кеңей­туге қ­а­тыс­­ты көптеген келелі мәселе бү­гінгі фо­румда айтылып, шешілу жол­дары ұсынылады деген ойдамын», деді.

Екі күнге жоспарланған форум­ның алғашқы панельдік отырысына «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет модераторлық жасап, медиа өкілдер жиналған басқосудың маңыздылығын атап өтті. «Сапалы аудиторияны қамтитын мерзімді баспасөз, соның ішінде өңірлік басылымдарды дамыту – көкейкесті мәселе. Мемлекет тарапынан БАҚ саласын дамытуды қолдау бағытында бірқатар іс-шара атқарылып жатыр. Бүгінгі форум да министрлік қолға алған кешенді іс-шаралардың үлкен бір бөлігі. Форумда мерзімді басылымдарды танымал ету, оқырман аудиториясын кеңейту, баспасөзді нығайтуда әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдалану, сонымен қатар, бала­лар ба­сы­лымдары, басылымдарда са­па­лы контентті арттыру талқы­ланады», деді ол.

Форумның пленарлық отырысына министрліктің Ақпарат коми­тетінің төрағасы Мейірлан Раханов, «Жас алаш» газетінің бас ре­дак­торы Ал­мас Нүсіп, «Мысль» жур­налының бас редакторы Асыл Сағым­баев, фи­ло­логия ғылым­дары­­ның докторы Оры­най Жұ­баева, «Дат» газетінің бас ре­дак­торы Құт­мағанбет Қонысбаев, «Кур­сив» газеті­нің шеф редакторы Татья­­на Нико­лаева, «Казахстан­ская прав­да» га­зеті­нің фототілшісі Юрий Беккер қа­тысып, тілшілер кәсібі­нің ма­ңызды қырлары туралы әңгімеледі.

– БАҚ – қоғам мен билік ара­сындағы алтын көпір. Мемлекет ақпарат құралдарының еркін әрі сапалы жұмыс істеуіне әрқашан қолдау көрсетеді. Өңірдегі халықтың көңіл күйі тілшілер жеткізетін ақпараттың сапасы мен сынына байланысты. Екі күндік форум алыс аймақтардан келген ақпарат өкілдері үшін жемісті әрі тиімді болады деп сенемін, – деді Ақпарат комитетінің төрағасы М.Раханов.

«Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіптің сараптамалық материал жазудың стилі туралы әңгімесінен журналистер өздеріне пайдалы тұсын түртіп алды. Себебі интернет көздерінде, қаптаған сайттарда сіресіп тұрған ақпараттардан газетті тап осы терең талдаумен зерттеліп жазылатын сауатты сараптамасы арашалайды. Бас редактор «бейтарап болу, айғайламау, объективті оқиғаны субъективті пікірмен бағаламау, адамның жеке басына өтуді әдепсіздік санау» секілді сараптамаға қойылатын бас­ты талаптарды санамалап, өзге де жанрлық ерекшелігін жіліктеп бер­ді. Ал «Сөзтүзер. Қате қолданыс­тар сөздігінің» құрастырушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева «Қате қолданыстағы сөздер мен тіркес­тер» тақырыбында сөз алып, күн­де­лікті мерзімді басылымдарда жиі жіберілетін қателерге тоқталды.

Форум қатысушылары «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық қырлары» атауы­мен өткен екінші панельдік оты­рыс­та белгілі медиа құрал жетекші­лерінің басшылығымен өңірлік БАҚ жұмысының ерекшеліктері, басымдықтары мен бағдарына, дәстүрлі БАҚ-тың беделін арттыру, дәстүрлі БАҚ-тың әлеуметтік желімен интеграциялануы, журналистика менеджменті және қазіргі заманғы медиа жүйе тақырыптарын талқылады. Өңірден келген медиа өкілдерін, әсіресе, салалық журналистика мәселелері, атап айтқанда, діни журналистика, этножурналистика, әскери журналистика ерекшеліктері, журналистік этика және стандарттары мәселелері алабөтен қызығушылығын оятты. Кейбір мәселедегі ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы тың ойлар айтылып, әріптестер өзара пікір алмасып жатты.

Интернет ресурстары мен әлеу­мет­тік желідегі ақпараттар ағыны арасында басылымдарды бәсекеге қабілетті етіп, өз аудиториясын сауатты сараптама, зерделі зерттеулермен сусындатып, пайдалы ақпаратпен қамтамасыз ету – аймақтық медианың күн сайын қаузайтын мәселесі. Форумның алдағы отырыстарында спикерлер баспа басылымдарында Youtube ар­насын дамыту жолдарын, ерек­ше­ліктері мен менеджментін, басы­лым­дарды онлайн форматқа өткізу­дің тәсілдерін, әлеуметтік медиа, жасан­ды интеллект, балалар басылым­дары, балаларға арналған қызық­ты ғылыми-танымдық контент қа­лып­тастыру мәселелерін талқылайды.

 

АЛМАТЫ