Қазақстанда 22 456 ғалым болса, оның 9 691-і әйелдер қауымы. Бұл – үлкен жетістік. Тарихымызға зер салар болсақ, қаншама ғалым әйел-аналар ел тарихына, ұлт мүддесіне қызмет еткенін аңғаруға болады.
Қазақтың тұңғыш әйел дәрігері – Аққағаз Досжанова. Ол 1893 жылы Торғай облысы Ақтөбе уезі Бөрті болысында туған. А.Досжанова оқуын бiтiрген соң медицина мамандығы бойынша гинекология және педиатрия саласында қызмет еткен. Медицина тақырыбындағы еңбектерінен тыс, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» атты әлеуметтік, жалпыұлттық тақырыптарда мақалалар жариялайды. Осы мақалаларынан оның саяси ұстанымын, ұлтшыл бағытын, адами тұлғасын тануға болады.
Сонымен қатар халқымыздан шыққан тұңғыш геолог әйел-ғалым – Патшайым Тәжібаева. П.Тәжібаеваның геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған қазақ қызы. Ол 1920 жылы қазіргі Төле би ауданының Қарақия елді мекенінде дүниеге келген. Тәжібаева белгілі ғалым, академик Қаныш Сәтбаевпен бірге Қазақстанның пайдалы қазбаларын, жер қойнауындағы байлықтарын ел игілігіне жарату жолында еңбектенеді. «Қарағым, ауыр мамандықты қалаған екенсің, жер қазу, тас жинау тезек теруден ауыр» деген ұстазы Қаныш Сәтбаевтың сөзі оны қаймықтыра алмаса керек. Қиындықтан қашпайтынын жұмыс барысында көрсете біледі.
Наиля Базанова — Қазақстандық физиолог, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел академик. Наиля Оразғұлқызы ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының бастауында тұрды. Бұл сол кездегі Қазақстан үшін биология ғылымының жаңа саласы болатын. Оның еңбектері ғылымға жануарлар құрылымының көптеген ерекшеліктерін ашты. Ғылыммен шектеліп қалмай, Наиля қоғамдық жұмыстармен де айналысты. Ол Қазақ Бейбітшілік комитетінің төрағасы болды.
Жоғарыда айтылған тұлғалардың ізбасары ретінде Күнсұлу Дальтонқызын атап өтпеске болмас. К.Дальтонқызы Covid-19 қарсы отандық QazVac вакцинасын жасап шығарып, отандық медицинаға қомақты үлес қосқан ғалым. Сонымен қатар Күнсұлу Закарья әлемнің үздік ғалымдары қатарына еніп, Қазақстан ғылымының салмағын арттыра түсті. Күнсұлу Дальтонқызы Закария 2023 жылдың 12 сәуірінде Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалған еді.
Айта кетейік, 2015 жылдан бері 11 ақпан Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні ретінде атап өтіледі. Бұл мереке БҰҰ Бас Ассамблеясымен бекітілген.