01 Қаңтар, 2015

Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Нұрсұлтанның нұрлы жолы

8642 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
11Елбасының «Нұрлы Жол» атты жаңа экономикалық саясатқа бағдарланған Жолдауы төл тарихымызда «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деген атпен бүгінге жетіп отырған қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелері мен құқықтық нормалары іспеттес құнды құжат. Халқымыздың ертеңін ойлаған, болашағын болжаған хандарымыз бен билеріміз сол кездің өзінде-ақ еліміздің дәулеті мен сәулетін, ынтымағы мен қауіпсіздігін арттыру бағытымен жүріп, оны жалпақ қазақ даласына жариялап отырған. Қасым ханның, Есім ханның жолдары мен Тәуке ханның «Жеті жарғысы», міне, осындай ізгілікті мақсаттардан туындаған игілікті шаралар еді. Мүлік заңы, қылмыс заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңын тарау-тарау­ымен талдай отырып, күнделікті өмірге енгізген Қасым ханның ережелер жиынтығы халық арасында жоғары ілтипатпен «Қасым ханның қасқа жолы» атанып, ол ХVII ғасырда хандық құрған Есім ханның «ескі жолына» ұласты. Тарихтан білетініміздей, Есім хан Қасым ханның ғасырлар бойы сұрыпталып, орныққан осынау өміршең ержелерін өзгеріссіз пайдаланып, ел ішінде жаппай қолданды, әрі оны өз заманының қажеттілігіне орай жетілдіріп, жүйеледі. Сөйтіп, оны халық «Есім ханның ескі жолы» деп атап, ел ортасында әділ төрелік айтып, дау шешіп жүрген би-қазылардың осы ережені білуі міндетті саналды. Ал Тәуке ханның тұсында (1680-1708 ж.ж.) халқымыздың дана билері Тәуке хан басшылығымен бес тараудан тұратын Қасым хан, Есім хан ережелеріне қалмақтың жортуыл-шапқыншылығына байланысты тарихи-саяси жағдайдың аса шиеленіскен қиын кезеңінде тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» деп атады. Яғни, Тәуке хан кезінде қосылған екі тарау – жесір дауы мен құн дауы еді. Халқымыздың басына түскен сол бір зұлматты заманда шапқыншылық, кісі өлтіру көп болғандықтан, құн дауы өз алдына бөлектеніп, қылмыс заңына айналған. С.МолдабековБүгінде ата-бабаларымыз армандап кеткен Тәуелсіздік туы көкте желбіреген біздің кең-байтақ Қазақстанымызда сол хандарымыз бен билеріміздің жолдары мен жарғы-жосындарын қазіргі дәуір талабына сай әр­түрлі заманауи заңдар мен жүйе­лі жоспарлар, сан алуан бағдар­ламалар алмастырған. Солардың барлығы бүгінде еліміздің өркендеп-өсуіне, алға қойған мақсат-мұраттарымызға жетуімізге қызмет етуде. Бұл ретте басқасын былай қойғанның өзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барша қазақстандықтарға жыл сайынғы стратегиялық Жолдауларын айтсақ та жеткілікті. Стратегия – күннен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмір, тұрмыс-тіршілігін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Ал біз­дің еліміздің осындай бағдарла­малары – баянды, жоспарлары – жүйелі, жолдары – айқын. Соның арқасында егемендік алған жиырма жылдан сәл астам уақыт ішінде елімізде ғажайып істер атқарылды. Күн өткен сайын мемлекетімізде алға қарай қарыштап дамудың өзіндік ерекше үрдісі қалыптасып, әрбір қазақстандықтың жүрегінде Отан­ға деген шексіз мақтаныш, үлкен сенім орнықты. Аз ғана мерзімде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде әлемнің алпауыт елдерін мойын­датқан Қазақстанымыздың эконо­микалық жүрек дүрсілі жаһан елдері басшылары мен саясат­керлері назарын еріксіз өзіне аударды. Баршамызға белгілі – 2007 жылдары әлемдік дағдарыстың басталған кезеңінде, яғни көпте­ген елдердің тоз-тозы шығып, тұралаған тұсында біздің Елбасы абдырамады, саспады, керісінше халқын сабырға шақырды және тек шақырып ғана қойған жоқ, сол дағдарыстан Қазақстанымызды іс-әрекетімен, салиқалы саясаты­мен алып шықты. Енді, міне, бү­гінде әлем таныған Қазақстан ынтымағы жарасқан, көк байрағы көк күмбезімен таласқан, экономикасы артып, бақ-береке қарас­қан, асудан асуға адаспай асқан еңсесі ерен егемен елге айналып отыр. Бірақ, бұған тоқмейілсіп, місе тұтып отырған біз жоқ! Біз шын мәнінде іргетасы мығым, экономикасы дамыған, өркениетті, әлеуеті жоғары, мызғымас Мәң­гілік Елге айналуымыз керек. Бұл жөнінде Президентіміз өткен жылғы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты өзінің халыққа Жолдауында жан-жақты тереңнен толғап, зерделеп айтқан еді десек те, биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар Жол» Жолдауында Мәңгілік Ел идеясын тағы да нақтылай түсті. «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Страте­гиясының ғана емес, ХХІ ға­сырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!» дей келе Нұрсұлтан Әбішұлы Мәңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатқанын, осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыздың «Түркі жұртының мұ­раты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырғанын, біздің жалпы­ұлттық идеямызды өміршең ететін – елдің бірлігі екенін, бірлік болған жерде тірлік болатынын тағы бір шегеледі. Президентіміз биылғы нұрлы Жолдауында ел дамуының барлық саласына жеке-жеке тоқталып, оның ішінде, әсіресе, ұлтаралық келі­сім мен тұрақтылық, әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстар қатерімен күрес, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, жағдай жасау, халықтың әлеуметтік және тұрмыс-тіршілік ахуалын көтеру, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу, білім мен денсаулық және ауылшаруашылық саласын жақсарту, отандық банк саласын тұрақтандыру, қайтарымсыз несиелерді мемлекет есебінен өтеу, жалға берілетін қолжетімді тұрғын үй құрылыстарын салу, барша қазақстандықтарды ауыз­біршілікке үндеу, мемле­кетіміздің болашағы жолында аянбай ең­бек ету сияқты қадау-қадау мә­селелердің шешіміне нақты ба­ғыт-бағдарлар берді. Және осы мақсаттарға жету жолында Ұлт­тық қордан миллиардтаған теңге бөлінетінін де айтты. Елбасы ел игілігі үшін қара­жатты аяп отырған жоқ. Тек бөлінер осынау ауқымды қар­жылар талан-таражға ұшы­рамай, тиімді, мақсатты жұмсалса екен деген тілек бар. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбішұлының өзі Жолдауда: «Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баян­дап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жау­ап­кершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс» дегені көңілге медеу. «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында Елба­сы көліктік-логистикалық жә­не индустриялық, сондай-ақ энер­гетикалық, әлеуметтік инфра­құрылымдарды дамытуға, сонымен қатар, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық инфра­құрылымдарын жаңғыртуға, тұр­ғын үй инфрақұрылымын ны­ғайтуға, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жал­ғастыруға баса назар аударды. Және күн тәртібіндегі осынау мәселелердің қордаланған тұстарын шешу жолдарына тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау, табиғи газ тапшылығы сезіліп отырған «Екібастұз – Се­мей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары кернеулі желілер салу, жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қарау, мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын шешу мен жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, шағын және орта бизнесті экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру сияқты аса маңызды мәселелер бар. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы алда үлкен де жауапты жұмыстардың күтіп тұрғанын, толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміздің, барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіс екенімізді, бір-бірімізге тағатты болуымыз керектігін, бұлардың Қазақ­станның болашағына кілттер екенін, этносаралық келісімнің өміршеңдік оттегісі екенін баса айтты. Осы орайда Елбасымыз тұрақтылық пен келісім сипатына нақты анықтама бере келе: «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол – отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бей­бітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік» деді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауда келер жылдың ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы екенін, яғни еліміздің 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылды­ғын, сондай-ақ, Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығын салтанатпен атап өте­тініне тоқталды. Бұл мереке­лердің ел мерейін ұлықтау мен ұрпақ жадына сіңіруде ерекше мәнге ие боларында дау жоқ. Біздің жалпыұлттық идеямызға айналған Мәңгілік Елге жету жолындағы осындай әрбір мерекелеріміз бен берекелеріміз, жетістіктеріміз бен алған асуларымыз барша қазақстандықты шаттыққа бөлейді, мерейін үстем етіп, болашаққа деген сенімін арттыра түседі. Және біздің Тәуел­сіз мемлекетімізді адастырмай Мәңгілік Елге жеткізетін – тек қа­на нұрлы жолдар екенін әрдайым есімізге салып тұрады. Сарқытбек МОЛДАБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қаржы полициясы академиясының бастығы.