01 Қаңтар, 2015

Айтулы тұлғалар, атаулы даталар

4478 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Абай-1Абай – дана, Абай – дара  қазақта Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев», деп бағалаған ұлттың ұлысы, жұртының қарауылы болып «Қалың елім, қазағым!», «Қазақ та адам баласы ғой» деп бірде ашынып, бірде басылып халқына сөз арнап, тілеуін тілеген дара данамыздың дүниеге келгеніне биыл 170 жыл толғалы отыр. Әр дәуірде өмірге келген халық­тың кемел адамы ұлтының сүйеніші, сүйеуі болғанына арғы-бергі тарихты қарап отырсаң көз жеткізесің.  Абай да қазақ үшін сон­дай теңдессіз айтулы тұлға. Алдағы айларда 70 жылдығы аталып өткелі жатқан Ұлы Отан соғысынан қалжырап шыққан халық данышпан ақынның 100 жылдығын атап өтіп, сергіп, серпілгені мәлім. Одан кейін тәу етер Тәуелсіздігімізге ие болып, ту көтерген тұста тағы да Абай дананың 150 жылдығын тарихымызда тұңғыш рет ЮНЕСКО көлемінде тойлап, мәртебеміз биіктеп еді. Енді, міне, жаңа ғасырдың табалдырығынан батыл аттап, еліміздің қадамын нығайтқан тұста ақынның 170 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұл тағы да «...Жүрегімізге қонымды Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып жаңа өріс алып тұр», деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, «Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиянақтағандай, ұлы ақын қазіргідей аласапыран дәуірде ұлы рухымен қазақтың мәртебесін және бір биіктен танытары анық. НургисаСаз әлемінің саңлағы «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады», деп тамсанған В.Радловтың сөзі қазақ халқының талантын танытса керек. Өткен ғасырдағы сондай дара таланттардың шоқтықтысы, тек иісі қазаққа ғана тән перзент емес, тұтас түркі жұртына мақтаныш болған композитор, дирижер, домбырашы, КСРО және Қазақ КСР-інің халық әртісі, тәуелсіз еліміздің Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев сәуір айында 90 жасқа толады. Туа біткен дарын екенін қазақтың ойшыл ақыны Қадыр Мырза Әлі «Жүрек – менің пайғамбарым, Лұқпаным. Содан менің биіктерге шыққаным, Ұқпағаным көп бойымда, Нұр аға! Қайталанбас құбылыссың – Ұққаным!» деп тап басып айтқандай, Нұрғиса Тілендиевтің саз әлеміндегі, дирижерлік ерекше дарынындағы, ұстаздық қабілетіндегі ұстанымдары – бәрі де оның ұлылығын көрсетеді. «Баянауыл вальсі», «Аралдағы жеңешем», «Куә бол», «Құстар қайтып барады», «Құстар қайтып келеді», «Алатау», «Сөнбейді әже шырағың», «Сарыжайлау», тағы басқа әндерінің тыңдаушылар үшін әрқашан жөні бөлек. Сонымен қатар, қоңыр домбыраны бебеулете шерткенде туған «Ата толғауы», «Әлқиссасы», «Махамбеті», бас­қа да күйлері, атақты «Қыз Жібек» фильміне жазған музыкасы кімнің де болса, жүрегін тебірентпей қоймайды. Ол өзінің бір сұхбатында «Өнер, білім ғана өрісімізді ашады. Қарнымыздың бір күнгі ашқанына шыдауға болады. Ал бір күндік рухани аштық болашағымызды бір жылға кері шегереді. Тағы да Абайға жүгінемін: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қып артық білуге.» Оқыған, тоқыған кісі ғана өлмейді. Менің соған көзім жетеді» деп өзінің өмір бойы білім қуғанын айтқан екен. Білім мен талантты ұштастырған Нұрғиса Тілендиев туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің келер ұрпаққа мәңгілік мирас болып қалар ең асыл байлығымыз  мәдени мұрамыз. Сондықтан да қолда барда алтынның қадірін білуіміз керек... Сондай бітімі де, болмысы да бөлек, қазақ айтатын сегіз қырлы ұлдарымыздың бірі, еңіске салса төске озған тұлғаларымыздың бірі, бір ғана емес, бірегейі – Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев» дейді. Елбасы бағалаған 90-ға толатын ұлы дарын иесіне  берген жоғарыдағы бағадан артық не айтуға болады. Евней БукетовҒалым, қаламгер Қазақ жұртының талантты ұлдарының бірі ғана емес, бірегейі – химик-металлург, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ебіней Бөкетов алдағы наурыз айында 90 жасқа толады. Ол қарапайым ассистенттен академик дәрежесіне көтерілген ғалым, қоғам қайраткері, оқырмандарына көптеген көркем дүниелер ұсынған қаламгер. Ұзақ жыл Қарағанды химия-металлургия институтының директоры, Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған. Мамандығы бойынша ондаған монографиялар жазып, мыңдаған шәкіртке білім беріп, жүздеген ізбасар әзірлеген ғұлама ғалымның өнегелі өмірі кімге де болса үлгі боларлық. Химия-металлургия мамандығы бойынша өндіріс саласына өзіндік ғылыми ізденістерімен келелі үлес қоса жүріп, ұлт руханиятына да айтарлықтай олжа салғанын көзі ашық қауым білсе керек. Әсіресе, көркем публицистикасы, көркем дүниелері, айтулы аудармалары сан-сала. Көркем прозамен қатар, поэзиядан Сергей Есениннің «Анна Снегина», Владимир Маяковскийдің «Қандала», «Керемет» секілді шығармаларын аударып, жариялауы сөзімізге дәлел. Сондай-ақ, Э.Золяның «Әңгімелері мен мақалаларын», И.Вазовтың «Тепкіде» романдарын, тағы да басқа әлем әдебиетінің озық үлгілерін тәржімалап, қазақ жұртына ұсынуы – оның сан қырлы, бір сырлы дарын иесі екенін көрсетері хақ. Осындай тұғыры мықты тұлғаны, ұлт мақтанышы деуге әбден болады. ермұқан бекмахановШындықтың шырақшысы Ұлт тарихының ақиқатын жазуда орны ерекше Алаш арысы Ермұқан Бекмаханов екені белгілі. Оның биыл туғанына 100 жыл толады. Белгілі оқымысты, жұртымыздан шыққан тұңғыш ғылым докторы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болатын. Ол ұлтымыздың тарихын алғаш рет жасандылыққа ұрынбай, шындыққа сүйеніп жазу идеясын ұсынған еді. Мұнымен қатар, ата тарихты мектептен бастап ұрпақтың санасына сіңіру керектігін ескеріп, мұғалімдерге әдістемелік оқулық шығару мәселесін қолға алғаны бар. Кейін академик А.Панкратовамен бірге бір томдық «Қазақ ССР-інің тарихын» жазу өз шешімін тапты. Оған көптеген белгілі ғалымдар, арасында қазақтың нағыз зиялылары: М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, тағы басқалар қатысқаны мәлім. Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясын жазып, онда Кенесары көтерілісінің ақиқатын алға тартты. Бірақ сұрқия заманның сұрқылтайлары оның бұл еңбектерінен «жат пиғылдар» тауып, тағдыр тәлкегіне салды. Тіпті, сондайлардың кесірінен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ лагеріне айдалды. Әйтсе де, аққа Құдай жақ болып, ұлт тарихын тұңғыш жүйелеген атақты ғалым кейін ақталды. Тәуелсіздігімізді алған соң, шаң басып жатқан Бекмаханов еңбектері қайта жариялануына жол ашылды. Қазір ғалымның ұлт тарихына қосқан үлесі жан-жақты айтылып, кітаптарын кейінгі ұрпақ оқып, арғы-бергі халқымыздың қилы кезеңдерімен, гүлденген сәттерімен, аумалы-төкпелі уақыттармен терең танысу үстінде. Осындай айтулы ғалымның, шындық шырақшысының 100 жылдығы ел көлемінде аталып өтіледі деген сенімдеміз. Малик Габдуллин-1Майдангер, қайраткер Қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы «Ерсіз ел болмас» деген екен. Сондай елдің ері, ерен тұлғасы, Кеңес Одағының Батыры, академик, профессор, ұлт зиялысы Мәлік Ғабдуллин биылғы күзде – 100 жасқа толады. Кішілігі мен кісілігі, адамдығы мен азаматтығы бөлекше жаралған майдангер, қайраткер Мәлік Ғабдуллиннің бойындағы асыл қасиеті, әсіресе, биязы мінезі кімге де болса үлгі боларлық еді. Ол өткен ғасырдың отызыншы жылдары бұрынғы ҚазПИ-дің, қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі болатын. Жастайынан қазақ фольклорын жан-жақты біліп қана қоймай, терең зерттеуге ден қойған тұста, сұрапыл соғыс басталып, майданға аттанады. Генерал И.Панфилов бастаған даңқты 28 гвардия дивизиясы құрамында соғысқа бастан-аяқ қатысады. Мәскеу іргесіндегі қанды шайқаста қаһармандық көрсетіп батыр атанады. Бейбіт өмірде Мәлік Ғабдуллин ғылымға ден қойып, өзі бастаған қазақ фольклорын зерттеп, зерделейді. Көптеген монографиялар мен оқулықтар жазады. Түлеп ұшқан ҚазПИ-дің ректоры қызметін атқарып, екі рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Көрікті Көкшетаудың баурайында өмірге келген ұлт зиялысы жүздеген емес, мыңдаған ұрпақтың ұстазы болып, артына өшпес ұлағатымен із қалдырды. Майдандағы ерлігімен, бейбіт күндегі адал еңбегі – оның атын әр кез биіктен көрсетіп келеді. Сондай арыс биыл 100 деген жастың биігінен өлмес мұрасы арқылы үн қатып, жұрт құрметіне бөленеді. Esenberlin_IlyasТың тақырыптарға түрен салған қаламгер Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Ілияс Есен­берлин – ұлт тарихын көр­кем әдебиетте алғаш сурет­теген қаламгер. Қайсар жазу­шы­ның «Көшпенділер» трилогияс­ы жарыққа шыққанда қылы­шы­нан қан тамған КСРО-ның мейманасы асып тұрған еді. Бірақ арғы-бергі дәуірлерден ха­бары мол, халқының өткеніне жетік ұлт зиялыларының шарапаты халқымыздың бүкіл бітім-болмысын, яғни батырлығы мен батылдығын, тар кезеңде жол тауып кететін ақылдылығын, шешендігін, шеберлігін баян­даған трилогияның жарық көруіне мүмкіндік жасады. Бұл дүние ұйқылы-ояу жұрттың ой-санасына сәуле түсірді. Қызыл идеология басшы­ла­ры­ның халықты алдап-арбауын қаламгер «Көшпенділерде» астарлап «Ханның алдауы – халықтың соры болатынын» еске салып отырды. Бұл алдаудың ақыры ұзаққа бармайтынын, түптің түбінде құлдырап құри­тынын арғы заманда деп қойып астармен аңғартып отырды. Шіруі жеткенде КСРО ома­қаса құлап, елдігімізге қол жет­кізген соң, көркем дүние делі­ніп келген «Көшпенділер» кейіп­кер­лері ұлтымыздың ұлылары болып салтанатты түрде сап түзеді. Жалпы, шығар­машылығын ақындықтан бастаған, туғанына 100 жыл толып отырған Ілияс Есенберлин қазақ жұртының арғы-бергі дәуірін, яғни Алтын Ордадан бастап кешегі кеңес заманын да жан-жақты суреттеген. Оған «Айқас», «Қатерлі өткелден» бастап «Аққу құстың қуанышы» атты соңғы романына дейінгі кесек-кесек дүниелер дәлел болады.