Өткен жыл дүниежүзі экономикасы үшін айтарлықтай болды. Өйткені, 2008-2009 жылдарда басталған дағдарыс тұманының әлі сейіліп, толық ашылмағаны баршаға аян, ал оның тек экономикаға ғана емес, әлемдік геосаясатқа да өз ықпалын тигізетіні анық. Біз тәрізді сыртқа шикізат шығаратын елдер үшін биылғы жылдың екінші жартысында орын алған мұнай бағасындағы тербелістің де мәні бар. Жалпы, жылды қорытындылай келгенде, жаһандық экономиканың бір немесе бір жарым есеге төмендеу ықтималдығы айтылуда.
Мұндай жағдай әлемдегі азуын айға білеген алпауыттар– Қытай, АҚШ, ЕО елдерінде де бар. Экономикасының негізін шикізат құрайтын елдер мұнай-газ, түсті металл, т.б, әлемдік нарықтағы баға бәсіне тәуелді. Және ол баға шығарылатын өнімнің сапасына, шығарушы елдің әлеуетіне, өнімнің мөлшеріне қатысты емес, нарықтағы алпауыт ойыншылардың тауарларға деген сұранысына, кейде геосаясатқа да байланысты жүргізіліп келеді.
Біздің экономикамыз осы уақытқа дейін 6 пайызға дейін өсіп келді. Биылғы жылды 4,3-4,2 пайыз көлеміндегі өсіммен аяқтайтын түріміз бар. Алдымызға кеуделі мақсаттар қойған біз сияқты елге өсу жылдамдығының 5-5,5 пайыз болуы қайткенде де керек. Сондықтан да алдағы жылы ұмтылатын межеміз осы көрсеткішке жетіп жығылып жатсақ, ұтарымыз мол. Келер жылдың басынан бастап, Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысына толыққанды кіріседі. Бұл қадам тек экономикамызға тигізетін әсерімен ғана емес, жалпы алғанда, тарихымызда қатталатын айтулы дүние екенін ұғыну маңызды.
Сонау қадым заманның өзінде сауда-саттық арқылы елдер бір-бірімен байланысып жатса, қазіргі уақытта оның ауқымы да, сипаты да ұлғая түскен. Өйткені, жеке ел ғаламдасқан мына дүниеде экономикасын қорғап та шыға алмайды, өсіп, өркендеп дамып та кете алмайды, сол себептен де, түрлі одақтардың, сауда альянстарының, басқа да қауымдастықтардың болуы заңдылық. Ол – өмір мен заман талабы. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақ дер уақытында құрылып тұр және оның аясына ұмтылып жатқан мемлекеттер де баршылық.
Біз мұндай одақтастықтан зиян шекпейміз, қайта келешекте пайдаға шығатын боламыз. Ықпалдаса қимылдағанның тиімділігін сезінгенде қазіргі күні алып-қашпа пікір айтушылардың өздерінің-ақ көздері жететініне сенімдімін. Жалпы алғанда, қоштасып отырған жылды бюджетте қаралған деңгейде, кірісі мен шығысын толықтай, шамалы ғана түзетулермен аяқтағалы отырмыз. 9 айдың қорытындысымен қарасақ, бюджетке түсетін түсімдер артығымен орындалып тұр, алтын-валюта қорымыз өсіп жатыр, ұлттық қордағы қаражат еселеніп, 105 млрд. доллардан асып кетті. Сондықтан да, кәрі құрлықтың өзінде Грекия, Испания тәрізді елдер белдерін қынай буып жатқанда, біздің шүкіршілік айтатын жөніміз көп.
Жаңа жыл табалдырығын, әрине, жақсы үмітпен аттап отырмыз. Дүниежүзілік сарапшылық орталықтардың сараптамаларына жүгінсек, олардың кейбіреуі дағдарыстың әлі де 1-2 жылға созылуы мүмкін, сондықтан алда қиыншылықтар орын алуы әбден ықтимал деп есептейді. Ал енді бір сарапшылар, мұнайдың бағасы келер жылы көтеріледі, оның ірі-ірі факторлары бар, егер ол әрі қарай төмендей беретін болса, мұнай шығаратын елдердің барлығы белшелерінен шығынға батады, сондықтан жылдың екінші жартысында мұнай бағасы көтеріледі, қалай болғанда да, келер жыл ең бір белгісіз жылдың бірі, дейді.
Сондықтан осындай белгісіздеу жыл алдымызда тұрғанда оған еш қамсыз отыра алмаймыз. Ол қам – Елбасының қазан айындағы Жолдауы. Оны еліміздің экономикасы үшін өте маңызы бар тарихи Жолдау деп есептеймін. Мұнда Ұлттық қордан 9 млрд. доллар бөлініп, экономикаға қолдау көрсетілетіні айтылды. Біздің еліміз үшін инфрақұрылымдарды дамыту мен жолдар салудың қаншалықты мәні барлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Егер Қазақстан картасына қарасақ, онда барлық жолдардың оңтүстіктен солтүстікке қарай, Мәскеумен жалғау үшін салынып келгенін көреміз. Бұл – кеңестік саясаттың салдары, ал ел ішінде көлденең түскен, шығыс пен орталықты, батысты бір-біріне жалғайтын жолдар мүлде аз.
Ал жол жоқ кезде экономиканың өсіп, жетіліп, дамуы неғайбыл дүние. Тасымал жүзеге аспай, тауар құны арзанға түспеген кезде өнім өндірушілердің де, оны тұтынушылардың да адымын аша алмайтыны анық. Мысалы, Астанадан Ақтауға баратын жол Арқалықтың, тарихи Торғайдың үстімен Арал арқылы түбекке жетеді. Торғайдың перзенті ретінде өз басым осы жол үшін қатты қуаныштымын. Жердің шалғайлығынан, көлік қатынасының қиындығынан әбден жапа шеккен халық кіндік кесіп, кір жуған туған жерлерінен, мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып егін егетін, тарихына көз салсаң төбе құйқаңды шымырлатар небір шежіре қатталған елден көшіп кетті. Бос қалған далаға қарап, жаның бір ауырса, қалаға келіп, үйсіз-күйсіз жүргендерді көргенде тағы жүрегің сыздайды.
Ал шындығына келгенде, Торғай мен Жезқазған өңірі қазақ жұртының дәл кіндігінде жатыр. Осындай мәселелерді шешудің бірі – жолдар салу. Қазірдің өзінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолының бойында қаншама елді мекендер пайда болды. Жол деген – тіршілік, жергілікті жерлерге дем беретін, олардың дамуына жол ашатын аса маңызды ағзаның бойына қан жүгіртетін күретамыр. Соның арқасында қосымша қаншама жұмыс орындары ашылады. Цифрдың тілімен айтсақ, Жолдау көлемінде экономикаға 32 млрд. доллардай инвестиция келеді, оның 15-20 пайызы бюджеттен болса, қалғанын дүниежүзілік банктер, кредиттік институттар бермекші. Олар қазіргі күннің өзінде 120-130 шамасында нысандарды қаржыландыруға құлшынып отыр.
Әрине, бұл мәселеден біздің отандық банк жүйелері де қалыс қалмауы тиіс. Қазақстанның Даму банкі де осы тұрғыда жұмыстар жүргізуде. Осындай көлемді қаражаттың арқасында қаржыны жол тәрізді маңызды салаларға бағыттаумен біз келер жылдың толып жатқан белгісіздігінен ештеңемізді жоғалтпай шығатын боламыз. Егер тәуелсіз ел атанғаннан бергі тарихымызды ой елегінен өткізсек, мемлекеттік тұрғыда алдын ала осындай қам жасауымыз бізді кездескен талай қиындықтардан алып шыққан. Сондықтан да өзіміз жобалап отырған 5 пайыздың көлеміндегі өсіммен шығамыз деуге үлкен үміт бар.
Біздің халқымыз Ресей рублінің бағасы төмендеген сайын қорқа түседі. Ол мәселенің де өзінің шешуі бар. Былтырғы күзде біз мультивалюталық қоржынымызды жұмысқа қостық. Ондағы Ресей рублінің көлемі 10-ақ пайыз, қалған 70 пайызын доллар, 20 пайызын еуро құрайды. Ал қазіргі күні АҚШ доллары өсіп келе жатыр, неге десеңіз, оларда «жұмсарту мөлшері» деген саясат болған еді. Ол биылғы қыркүйек айында тоқтатылды, осыған байланысты АҚШ-тың алдағы жылдан бастап қаржысыздандыру пайызы өсуі әбден мүмкін.
Олай болса, Американың экономикасы инвесторлар үшін ең тиімді, ең қызғылықты экономикаға айналады. Ол – доллар қуатының артуы деген сөз. Сондықтан да біз мултивалюталық қоржындағы 10 пайызға бола алаңдамауымызға болады. Егер де мұнайдың бағасы 60-тан төмендеп, тіпті, 40 долларға түскен күнде де Ұлттық банктің бірінші жартыжылдықта валютаның бағамын басқа бір дәлізге шығарып, орналастыратын мүмкіндігі бар. Сондықтан қандай бір қауіп экономикамыздың басына төнбейді деп ойлаймын. Халықтың табысы да биылғы жылдан кемімейді.
Алдағы жылды еліміз үшін жақсы жылдардың бірі болады деп үміттенемін.
Ғалым Байназаров,
экономист-банкир, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты директорының кеңесшісі.