01 Қаңтар, 2015

Сөз сойыл

435 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
image_561012132143386354138Әзіл-оспақ, сын-сын сықақ Шенді шекпенділерге тілек Жаңа жылдан бастап Бірінші тілек тілеңіз – Тойымсыз топас болмасқа, Шенділерменен ұстасып Жуадайын солмасқа. Екінші тілек тілеңіз – Құлқыны терең жемқордың Ізіне еріп азбасқа. Үшінші тілек тілеңіз – Тамыр-таныс жағалап, Көкеңізді ағалап Көкке қолды созбасқа. Төртінші тілек тілеңіз – Төрге би боп ұмтылып Табаныңнан тозбасқа. Бесінші тілек тілеңіз – Белді буып өтірік Сағыздай істі созбасқа. Алтыншы тілек тілеңіз – Алмаң-далмаң мінезбен Арам ақша алмасқа. Жетінші тілек тілеңіз – Жер-көктегі бағаны Шарықтатып қоймасқа. Сегізінші тілек тілеңіз – Серілердей той қуып, Атанбасқа «ой, қасқа!» Тоғызыншы тілек тілеңіз – Тойған жерде тоба ғып, Әдептен әрі озбасқа. Келген жаңа жылдан Орындалса осылар – Ой, керемет, керемет! Сіз туралы сөз басқа. Үміт ӨТЕГЕНҚЫЗЫ. АЛМАТЫ. Сол үшін Қарлығаштың құз басындағы ұясына ирелең деген жылан жақындап қалады. Қарлығаш үш баласына біреуін ғана өзімен алып ұша алатынын көз жасын көлдетіп айтып жеткізеді. Бірінші балапаны: – Шеше, мені құтқарсаң, өзіңді өмір бойы жақсы көріп өтемін, – дейді. – Әй, қайдам, – деп шешесі басын шайқайды. – Мені алып ұшсаң, кезі келсе мұндай ажалдан өзіңді де құтқарамын, – дейді екіншісі. Шешесі оған да сенімсіздікпен бас шайқайды. Сонда үшінші балапаны шешесіне тіке қарай алмай имене: – Шеше, мен тірі болсам, үлкейгенде өзімнің балапандарымды құтқарамын, – дегенде, шешесі: – Әй, бәрекелді, шынын айтқан балам аман болсын, – деп оны арқалап ала жөнелген екен. Жаңа жылда, бұл тосты – шынын айтқан ұрпақ үшін алып қоялық. *** Саяжайың болмай-ақ қойсын – нөл деп есептейік. Мәшине де бұйырмасын – бұған да нөл белгісін қойдық. Тиын-тебенге де нөл соқтық. Ал денсаулыққа нөл қоя алмаймыз, оған жетер байлық жоқ. Яғни, денсаулық ең бірінші болғандықтан, денсаулыққа – бір деген таңбаны бадырайтып жазамыз… Айтарым, жаңа жылда бір таңбасы ана нөлдерді соңынан шұбыртып отбасыларыңа береке әкеле берсін. *** Үш қалталы мықты шағын кемемен сапарға шығады. Оның екеуі еңгезердей толық та, біреуінің қабырғасы ырсиған арық болса керек. Теңізде аяқасты дауыл тұрып, құтырған толқын бұларды жабайы аралдан бір-ақ шығарады. Қысқасы, бұларды аралдағы жабайылар ұстап алып, ана екі семізді жалыны лаулаған қазанға атып ұрады да, шілтиген арықты басы ауған жаққа қоя беріпті. Осы тосты, аса семірмей, салық атаулыны түгелімен төлеп жүргендер үшін алайық! Дәстүр солай болған соң... Жаңа жылдың елең-ала­ңында қоңырау шылдырлап, барып есік ашып едім – аула сыпырушы екен, екі беті албырап: – Жаңа жылыңыз құт-берекелі болып, қуанышыңыз көп болсын! – деп ол өзінің жаңажылдық ақ тілегі жазыл­ған әсем ашық хатты ұстата берді. – Рахмет, сізге де соны ті­леймін! – деп, есікті жаба бер­мекші едім, анау әлденені мег­зегендей боп жөткірініп қойды. – Кешіріңіз, – деп, өзімнің жөнсіздігіме қысылып, қо­мақты тиын-тебенді қолына тықпалаған боп жатырмын. «Өзі бір тәуір адам, – деп ойладым ізінше. – Мені құттықтай қояйын деп ертелетіп оян­ғанын көрмеймісің». Сәлден соң тағы да қо­ңырау соғылсын… Бұл осында сүт әкеп жүретін әйел болушы еді, сол екен. – Жаңа жылда жақсы­лық­тарға кенеліңіз! – деді ол екпіндей сөйлеп. Сөйтті де сыртына сүт құятын бөтел­кенің суретін салып арнайы басып шығарылған ашық хат тапсырды. Риза болғаным сондай, оған да ептеген тиын-тебен ұсындым. Сосын су тартушы жетті де, ол да қолымды қысып тұрып жаңа жылмен құттықтады. Мен ризашылығымды бұған да ақшалай білдірдім. Содан кешке дейін толас болған жоқ: арнайы безен­дірілген телеграммасын ұстап хат тасушы келді, үйдің мұржасын тазалаушы да, электр жөндеуші де, тағы­сын тағылар келіп ниет біл­діріп жатты... Ақыры қарасам, қалтамда болымсыз ғана ұсақ қалған екен... Ал жалақының ауылы әлі алыс – оған аттай бір ай бар. Әлдекімдерге жүзімді салып қарыз сұрағым келмеді. «Иә, дәстүр дейтін жақсы нәрсе ғой, бірақ өстіп жанға бататыны бар» дедім іштей. Кенет басыма бір ойдың сап ете түскені. Біршама қобалжып тұрдым да ақыры тәуекелге бардым... Кезінде орманшы болған атам марқұмның оқалы киімін киіп едім, тұп-тура маған құйып қойғандай екен. Әрі-бері айнаға қарасам, тіпті тамаша. Иығыма атамның ескі мылтығын іліп төмен түстім де, бірінші есікке барып қоңырауын бастым. – Сау-сәлеметсіздер ме, – дедім салған жерден салдырлай сөйлеп. – Жаңа жылда бақытты болыңыз деген ниетпен орманшы келіп тұр! – Ниетіңізге рахмет, ор­маншы мырза, – деп үйдің бикесі иығымдағы мылтықтан көзін алмастан қолыма бірнәрсе берген болды... Мен алғысымды жаудырып, берген ала қағазды қалтама ­бастым... Содан соң көшеге шы­ғып, есіктен есік қоймай қыдырыстап кете бардым ғой. Қайтесің, дәстүр солай болған соң... Р.ПРИЗМУС. Аударған Орынбасар Әлжік. САУАЛЫНА ҚАРАЙ ЖАУАБЫ Жыл басындағы сұрақ: – Үйреніп қалған ауыз, ара-тұра «қызмет бабымен» жұмыс кезінде жұтып қоятынымыз бар. «Ақаңды» айтып тұрмын да. Бірақ не жыным бар екенін қайдам, «жарты» үремке жұтсам болды тау қопарып, тас бұзғандай-ақ екі бетім шиқандай болып қызарып шыға келеді. Көрген жұрт атаулы: «Аттан, аттан, мынау ішкен бет қой!» деп айқайлап жіберетіндей көрінеді. Құдай-ау, осындай да бет бола ма? Ал енді қасымда отыратын Қисық бір бөтелкені бір өзі тастап алса да беті бүлк ет­­­­пейді-ау, бүлк етпейді, өзі де былқ етпейді, содан да оған ешкім де мыңқ етпейді, сазарып отыра береді. Қандай рахат, қандай ғажап, қандай «бақыт­ты» бет. Осындай беттерден айналып кетпейсің бе? Менің білейін дегенім, жарты үремкеге бола менің бетім неге қызарып шыға келеді, ал «анау» бір бөтелкені жұтып алса да беті неге бүлк етпейді? Әлде мен бұдан былай жұтуды қойсам ба екен? Жауап: – Бетіңнен айналып кетейін сол. Жарты үремке ішкенге бола бетім қызарып кетеді деп қапаланба. Қайта оған қуан. Сенің бетің жарты үремке болса да жұмыс кезінде ішкенің үшін «ұялғаннан» қызарып тұр ғой. Қандай «тәрбиелі», қандай ұятты бет! Ал, «анауың» барып тұрған бетсіз екен. Құдай-ау, бір бөтелке арақты бір өзі жұмыс кезінде қалай дәті барып ішеді? Еще беті бүлк етпейді. Вот, бетсіз, вот, нахал! Әй, бірақ қазір мұндай бетсіздер қаптап кетті ғой. Бұрын «Түйені түгімен, арбаны жүгімен жұтады» деуші еді. Қазір түйең де, арбаң да қалды ғой. Тұтастай совхозды, кәсіпорынды «жұтып жіберіп» түк көрмегендей беті бүлк етпей отырғандар қаншама! Сен бұдан былай жұтуды қойсам ба екен деген сөзіңді қой. Онда сенің де бетің қызармайды. Ал, сенің бетің қызармаса қоғамымыздан беті қызаратын, «бірдеңеден» ұялатын бір адам таба алмай масқара болармыз. Құдай үшін жарты үремке болса да жұта тұр. Сұрақ: – Сізге – өтірік, маған – шын, алпысқа толған жасымда теңізден емес, Тобылдан жалт-жұлт еткен алтын балық ұстап алдым. – Босат, үш тілегіңді орындаймын, – деді балық. Содан бірінші тілегіме «Мерседес» міндім, екінші тілегіме ханның сарайындай үш қабатты коттеджге ие болдым. Енді соңғы тілегім қалды. Соған не сұрарымды білмей басым әбден әңкі-тәңкі болды. Атағы жер жарған ақын болсам деп те армандаймын, иісі бұрқыраған жас тоқал алсам деп те қиялдаймын. Сіздер қалай ойлайсыздар, осы екеуінің қайсысын таңдасам екен? Жауап: – Алпыс жасыңызда теңізден емес, мына өзіміздің Тобылдан алтын балық ұстап, айды аспаннан шығарғаныңызға қатты қайран қалып, шексіз қуанып отырмыз. «Ештен де кеш жақсы» дегендей, алпысыңызда бағыңыз ашылған екен. «Мерседесіңіз» де, коттеджіңіз де құтты болсын! Екеуі де мерейіңізді өсіріп, сән-салтанатыңызды асырып, көңіліңізді көкке өрлететін дүниелер ғой. Ал мынау үшінші тілегіңіз – «атағы жер жарған ақын болсам» деген арманыңызға «қарап», өзіңізді қияли емес пе екен деп қатты алаңдап отырғанымызды жасыра алмаймыз. Кешіріңіз, тіпті, ақылыңыздың бүтіндігіне күмәндана бастағандаймыз. Әйтпесе, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» дейтін мына заманда есі дұрыс адам ақын болуды армандай ма? Әлде алжиын дедіңіз бе? Жаныңызды «жұлып жеп» жүріп жазған өлеңдеріңіздің құны көк тиын­ға бағаланбайтын мынау ақша қуған қоғамда ақындықтан не пайда? Оу, «көке», құрғақ қиялды қойып, ақылға келіңіз. Ақындықты қайтесіз, сіздің жасыңызда есі дұрыс қазақ исі бұрқыраған жас тоқал алған. Давай, мына келген жылдың алғашқы күні алтын балықтан «мөлдіреген» тоқал сұра! Дәмер ӘБІШ. ҚОСТАНАЙ. Шырша жанындағы жымиыс Жаңа жыл қарсаңында Аяз ата болып киініп алған екі актердің бірі екіншісіне өтініш білдіреді: – Мүмкіндігің болса біздің үйге барып, бала-шағамды мерекелерімен құттықтап шығасың ба? – Неге мен?! Өзің бармайсың ба? – Түсінесің бе, мен қызметім үшін көп ақша сұраймын. *** Екі орманшының әйелі әңгімелесіп тұр: – Менің күйеуім маған арнаған сыйлығын дәстүр бойынша шыршаның астына тығып қойыпты. – Ол қандай сыйлық екен? – Алдымен қалың орманның ішінен сол шыршаны тауып алу керек. *** Жаңа жылды жатақханада қарсы алған екі қыздың әңгімесінен: – Кеше менің бөлмеме Аяз атаның өзі келді ғой. – Сыйлыққа қарық болған шығарсың? – Өзі бір жақсы жігіт екен... *** Пықыптың сілтегені сонша, жаңа жылды қарсы алғаны еміс-еміс есінде. Есін жиып көзі тұмандана төңірегіне көз салып еді, бір аулада теңкиіп жатыр. Сығырайып қарап еді, жанында күйбеңдеп бір әйел аула сыпырып жүр екен, оған: – Қарағым, маған үйіме қарай жөн сілтеп жібере аласыз ба? – деп еді: – Сілтегенде қандай! – деп қалды. – Менің қайда тұратынымды қайдан білесіз? Әлде сізбен бұрын танысып па едім? – Доғар, есалаң! Әйеліңді танымай қара басты ма! Қораз бен тауық Жылдың таң азанында Қоқиланған қоразың «Ку-ка-ре-ку», – деп шақырды. – Таң атты, тұрыңдар, Бет-қолды жуыңдар, Жұмысқа барыңдар, Табыс табыңдар, – деп тауықтарға ақырды. – Бірақ онысын, Шыбын шаққандай көрмеді, Мекиендерің «қыт-қыттап» Тұруға ыңғай бермеді. – Әй сендерге айтып тұрмын, Тілді аласыңдар ма, жоқ па? – Болды осы жерде тоқта! Сен бізге қоқилана берме, Дайын әне суымыз да, жем де. Бұрынғыдай дала кезіп қажеті жоқ, Қарын тоқ. – Дұрыс-дұрыс, – деп Басқалары да қолдады. – Бізге ақырушы болма, Таң атты деп мазаны ап Шақырушы болма. Сенің заманың өтті, Енді келмеске кетті. – Жә-жә жетер енді, Өздеріңе қараңдаршы... Барлықтарың домаланып барасыңдар, Бұл түрлеріңмен Қалай тұқым табасыңдар. Жұмыртқаны басуды да қойдыңдар, Балапан шығармай, Оны да жойдыңдар. – О, пәтшағар Бізде нең бар, Одан да өзіңді жөнде. Оншақты қатын алып Ортамызда сайран салып, Таң атпай тұрғызушы ең Жұмыртқаны таптырып, Оны бастырып, Шөжелерді бақтырып, Зыр жүгіртіп, жүргізуші ең. Енді оған көне қоймаймыз, Сенің көк тиынға қажетің жоқ, Өзіміз ақ, Ойнап-күліп тойлаймыз. – Ал, сонда бала тәрбиесі ше? – «Бала белде, бай жолда», Гәп болып па сол да, Болды, аузыңды жап, Бар, жолыңды тап. * * * Нала болып Қораз Өз жөніне кетті, Келген жаңа жылда Семірген семіз тауықтарБез имени-2 Көп ұзамай-ақ етке өтті. Бақытжан СОВЕТҰЛЫ. ТАРАЗ. Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.