Құқық • 17 Сәуір, 2024

Ана мен баланы қорғау – ел жауапкершілігі

279 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қос заңға қол қойды.

Ана мен баланы қорғау – ел жауапкершілігі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өзгерістер мен толықтырулар негізінен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтармен байланысты құқық бұзушылықтар, қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатайтуға бағытталған.

Мұндай қатаң шаралар қабылдауға кейінгі кезеңде қоғамда жиі тіркелген түрлі келеңсіздік, тіпті жан түршігерлік оқиғалар түрткі болды. Отанымыздың бастау бұлағы сынды отбасылардағы қауға тиген өрттей өршіп тұрған ұрыс-керіс, дау-жанжал, әйел-аналарды аяусыз ұрып-соғу, кемсіту, қорлау, оны көріп-біліп өскен балалардың аянышты ахуалы арнадан асып, асқынып кетті, қоғамда төзбеушілік жағдай туғызды. Бүкіл жан біткенді ашындырған, халық болып айыптаған күлбілтелі тақырыпқа айналды. Көзі қарақты көпшілік, есті-басты азаматтар, зиялы қауым өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында, түрлі пікірталас алаңдарында ашына айтып, ашық талқыға салды. Соның бәрі тоғыса ке­ліп, отбасылық, тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты заң­дар­ды қа­тайтуға, кінәлілерді жаза­лау­ды күшейтуге бастамашы болды.

Бұл бүкілхалықтық маңызды мәселе­ні әрдайым жіті назарында ұстаған Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің дәстүрлі Жолдауларында әйел құқығына, бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхба­тында: «Мен Заң және Тәртіп қағи­датын нығайтуды жақтаймын, отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лық үшін жазаны қатаңдатуды қолдай­мын. Басты міндетіміз – әйелдер мен ба­лалар құқығын қорғау» деп, қоғам­дағы әйелдердің гендерлік теңдігі құқық­тық, саяси және экономикалық мүмкін­діктермен өлшенетінін қадап айтты.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тінше, Қазақстанда 10 260 057 әйел тұрады. Бір өкініштісі, басым көп­шілігінің қауіпсіздігі қалыпты сақтал­маған, құқығы жеткілікті қорғалмаған. Кез келген қорлыққа төзуге бар көн­біс әйелдер тіпті өз беттерінше түр­лі ұйым құрып, өз-өздерін қорғау­ға мәжбүр болған да жағдайлар ұшыра­сады. Көп жағдайда отбасы, ошақ қасындағы зорлық-зомбылыққа алдымен ұшырайтын әйелдердің даусы құзырлы билікке уақытында жетпейтінін осы жайттан да айқын көруге болады. Жыл сайын ел бойынша жүздеген әйел күйеуі немесе басқа туысқандарынан зорлық, қорлық көріп, отбасынан қашып, көлденең көмек пен басқа бас­пана іздеп кетіп жатады. Мұндай отбасыда тәрбиеленіп жатқан балалардың дәрменсіздігі, қамқорсыздығы өзінен-өзі түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, әйел құқығы, бала қауіпсіздігіне қатысты мәсе­лелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен заң жобасы айналысқа шыққалы бері барша қоғам, көпшілік қауым бұл маңызды мәселені қызу талқылады. Әйел теңдігі орныққанын, қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу­шілік ахуалын қалыптастыру қажеттігін ашып айтты, жеріне жеткізіп жазды.

Құқық қорғау органдарының мәліме­тінше, кейінгі 5 жылда тұрмыстағы зор­лық-зомбылықтың, денсаулыққа қаса­қана ауыр зақым келтірудің дерек­тері 2 есе өскен. Ал орташа зақым кел­тіру 6 есе артқан. Ресми деректерден шығатын қорытынды – елімізде ақыл­сыз еркектің әйелінің бет-аузын кө­гер­тіп қоюы былай тұрып, қолын, ая­ғын сындыруы «қалыпты» көрініске ай­нал­ған. Тіпті әйелге көрсетілген қы­сым­нан бөлек, бала-шағасымен қосып саба­ған да жағдайлар жиілеп кеткен. Құзырлы органдар әйелге қатысты зор­лық-зомбылықтың орын алуына көп жағ­дай­да үйдегі ер-азаматтың ішімдікке салынуы, жұмыссыздығы, маскүнемдік әрі құмар ойынға тәуелділігі әсер ететінін айтады. Тегінде, санамалай берсе, отбасы проблемасы жетіп артылады. Енді, міне, соның бәріне тәртіптік үлгіде тосқауыл қоятын, құқықтық негізде реттейтін жаңа заң тармақтары қабылданып отыр. Бұл заңды бүкіл қоғам айрықша ықыласпен қабыл алды. Жаңа заң бүкіл тыныс-тір­шіліктің алтын ұясы – отбасы, отауларды көлеңкелі көріністерден арылтуға, отбасы институтын жоғары, заманауи талаптар деңгейінде дамы­туға, нығайтуға бағытталған салиқалы, салмақты құжат болады деп сенім артады, үміт етеді.

Жаңа заң бойынша тұр­мыстық жанжал шығар­ғандар ендігі жерде заң­мен жазаланады. Әйелдерге немесе бала­ларға дене жарақатын келтіргендер қыл­мыстық жазаға тартылады. Жағдай қайталанса, сот жәбірлеушіге қатысты шараны күшейтеді.

Заң жобасының тағы бір бағыты – бала қауіпсіздігі. Енді педофильдер мен бала өмірін қиғандар өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балаларды орналастыратын арнайы мекемелерді мемлекеттік орган өкілдері ескертусіз тексеруге мүмкіндік алады.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобасының Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру аясында депутаттар бастамасымен әзірленгенін атап өтті. «Заңнамалық түзетулер 5 бағытты қамтиды. Бірінші­сі – зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеуді көздейтін норма. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылады. Дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айып­пұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұ­мыс­тарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға негіз болады», деді Ж.Сүлейменова.

Адам құқықтары жөніндегі халық­аралық құқық бойынша тәуелсіз кеңесші Татьяна Чернобильдің пікірінше, әйел­дердің қоғамдағы, отбасы мен мемле­кеттік институттардағы орны айрықша. Отбасындағы қазақ әйелінің бейнесі, сөздің тура мағынасында – «асыраушы». Ол – ана және үй шаруасындағы әйел. Қазіргі таңда отбасының қалыпты өмір сүруі әйелге байланысты, ал алда-жалда ерлі-зайыптылар ажырасып жатса, қоғам бұл үшін де әйелді кінәлайды. Олар отбасын сақтай алмағанын, ер-азаматты лайықты бағаламағанын айтады. «Заңда барлығын қорғауға кепілдік берілді. Мысалы, жыныстық зорлық-зомбылық мәселелерінде әйелдер қорғансыз. Заң бойынша мұны ұсақ бұзақылық ретінде қарастыруды ұсынатындар бар. Іс жүзінде әйел қылмыскерді жазалап, өзін қорғай алмайды. Жаңа заң бұл мәселені жан-жақты, толық қамтығанымен де құнды», дейді Т.Чернобиль.

Қазақстанның стра­тегиялық зерттеу­лер институтының же­текші сарапшысы Гүл­мира Тоқанова мәлім еткендей: «Отбасыда, көшеде, қоғамдық көлікте немесе интернетте жасалған зорлық-зомбылық пен агрессиядан әйелдер мен ба­лалардың құқығын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған заңдарға қол қойылды. Енгізілген жаңа норма­лар бірнеше әлеуметтік маңызды міндетті орындауға тиіс. Бұл ретте, қылмыстың алдын алу, жазаның бұлтартпастығы және зардап шеккендерге қолдау көрсету инфрақұрылымын күшейту жақсы еске­рілген. Мәселен, енді ұрып-соғу қыл­мыстық құқық бұзу әрекеті ретінде сипат­талады. Кінәліге айыппұл салынады немесе қамауға алынады. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін де қамаққа алу жазасы қарастырылған, яғни әкімшілік жаза емес, қылмыстық жауапкершілік болады».

Оның пайымдауынша, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбы­лық пен қатыгездік қылмыстар бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін жоққа шығаратын тармақ – өте маңызды түзету.

«Осы және басқа да заңнамалық жаңа­лықтар жеке тұлғаларға қарсы қыл­мыстардың алдын алуға, азаматтардың құқығын қорғауға арналған. Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың келесі қадамы заң талаптарын тиісті деңгейде жүзеге асыруға қатысты. Осыған байланысты құқық қорғау орган­дарының жұмысына қоғам тарапынан ерекше назар аударылады. Сонымен қатар құқықтық бақылау жүйесіне қоғам­дық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдері және жанашыр аза­мат­тар тартылған. Бұл түзетулер азамат­тық қоғам, сарапшылар және Үкімет арасындағы ұзақ талқылаулар мен сын­дарлы өзара іс-қимылдың нәтижесі болға­ны кездейсоқ емес», деді сарапшы.

Айтары жоқ, барлық қоғамдық тал­қылау мен пікірталас, сондай-ақ Пре­зиденттің тұрмыстағы зорлық-зом­былық пен балаларға қатысты зор­лық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы тапсырмасы маңызды әлеуметтік мәселеге берілген нақтылы жауап болды. Қабылданып отырған заңдар қоғамда дұрыс қарым-қатынасты нығайтуға ба­ғыт­талған. Сондай-ақ алғаш рет заң­намалық деңгейде әйелдер мен балалар­дың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарын құру үшін отбасы мәселелері бойынша 111 бай­ланыс орталығының жұмыс істеуі­не құқықтық негіз жасалып отыр. Про­це­ссуалдық кодекс бойынша тұрмыс­тық зорлық-зомбылық құрбанын дә­лел­­деу ауыртпалығы ендігі жерде жә­бір­ленушінің өзіне жүктеледі. Бұ­ған дейін бұл істі сот-медициналық сараптамаға жіберетін полицейлер атқарып келсе, енді құрбан болғанын жәбірленушінің өзі дәлелдеуі керек. Сондықтан егер әйел зорлық-зомбылыққа ұшыраса, алдымен сотқа шағымдануға тиіс. Содан кейін барып, сот-медициналық сараптамаға жіберетін құқық қорғау органдарының қызметіне жүгінген дұрыс.

Көптен күткен заңның қабылдануы қоғамның қаншалықты пісіп-жетілгенін, алдағы уақытта қандай да болсын зор­лық-зомбылыққа төзбейтінін, мұндай мазмұндағы кез келген оқиғаны қабыл­дамайтынын айқын көрсетті. Енді көп болып осы заңның бұлжымай орында­луына, отбасыдағы бірлік-берекенің, ырыс-ынтымақтың нығаюына бір кісі­дей білек сыбанып, атсалысуымыз ке­рек. «Отан отбасынан басталады». Қар­­ға тамырлы халқымыз қашанда отба­сы­лық құндылықтарды жоғары қой­ған. Ер-азамат – отбасының тірегі, қор­ғау­­шысы, басты тұлғасы, әйел-ана – шаңырақ­тың шырайы, берекесі, ал балалар, өске­лең ұрпақ – өміріміздің жалғасы, тір­шілі­гіміздің тірегі. Сол тұрғыда ардақ­ты асыл аналарымыздың жүздері жарқын болуы, балаларымыздың алаңсыз өмір сүруі баршамызға ортақ сын, жауапкер­шілік екенін дәйім жадымызда ұстасақ екен.