Қоғам • 17 Сәуір, 2024

«Тест тапсырған сыңай танытқан». 60 мың азамат жүргізуші куәлігін заңсыз алған

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүргізілген тексеру нәтижесін бөлісті. Мамандар 3 жыл ішінде 60 мың азамат заңсыз жүргізуші куәлігін алғанын, 3 мың көлік жалған құжатпен тіркелгенін анықтады, деп жазады Egemen.kz

«Тест тапсырған сыңай танытқан». 60 мың азамат жүргізуші куәлігін заңсыз алған

Фото: Ашық дереккөз

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде бюджетке түсетін табыс 10,6 млрд теңгеден 91,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

ХҚКО-ның бірнеше маманы 2011 жылдан бері жаңармаған жүйе арқылы заң шеңберінен тыс әрекеттерін жүзеге асырып келген. 

Олар жүйеге жалған дерек енгізіп, жалған құжат тапсыруға жағдай туғызып, жемқорлыққа жол берген.

«Компьютерлерге қашықтан қол жеткізу арқылы тұлғаларды ауыстыру және емтихан нәтижелері арқылы жүргізуші куәліктерін беру процесінде елеулі жемқорлық тәуекелдері анықталды. Мәселен, 2022 жылы 9,4 мың автокөлікті тіркегені үшін 10,6 млрд теңге жиналды, 2023 жылы заңдастыруды ескере отырып, 10,2 мың автокөлікті тіркеген кезде 91,3 млрд теңге түсті. Аталған тәуекелдерді жою нәтижесінде өткен жылы бюджетке түскен түсім 9 есе ұлғайды», делінген Антикор хабарламасында.

Сондай-ақ агенттік тексеру нәтижесінде заңсыз жүргізуші куәлігін алу жағдайларын азайту мақсатында жүйені автоматтандыруды жүзеге асырған. Қоғамдық бақылау үшін бейнетіркеу енгізілді. Емтихандарды қайта тапсыру рәсімдері де реттелді. Оны қайта тапсыру саны екі ретке шектеліп, ал өте алмаған жағдайда 3 айдан кейін немесе тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда 6 айдан кейін тест тапсырады.

Айта кетейік, 2023 жылғы желтоқсанда ХҚКО қызметкерлерін жемқорлық субъектілеріне жатқызуға қатысты заңнамаға маңызды түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер 2025 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді.

«Өтінімдерді ресімдеу және қарау кезінде деректерді түзету мүмкіндігі алынып тасталды. Енді тек әкімшілік полиция комитеті өзгеріс енгізе алады. Өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілді.  Бұл үшін тек ЖСН енгізу қажет, ал қалған деректер басқа ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылады. Бұл ретте жүйенің өзі екінші деңгейдегі банктердің түбіртектерін, міндетті төлемдерін және айыппұлдарын төлеуді тексереді», деп түсіндірді агенттіктің баспасөз қызметі.