Су тасқыны • 16 Сәуір, 2024

Әр азамат, әр отбасы – мемлекет қамқорлығында

54 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапарында Қызылжар ауданын, Петропавл қаласының төңірегін, Сергеевка су қоймасын тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді.

Әр азамат, әр отбасы – мемлекет қамқорлығында

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетов Мемлекет басшысына Сол­түстік Қазақстан облысының Қызыл­­­­жар, Есіл, Шал ақын аудан­­­­дары мен Петропавл қала­­­­сын­­дағы су тасқыны жағ­да­­йын баянда­ды. Өңір әкімі­нің ай­­туы­н­ша, алты ауданда төтен­ше жағ­дай жария­ланған. Қазір­гі таңда 2 мың­нан астам тұр­ғын үйді су басқан, 10 345 адам эвакуа­цияланған.

Су тасқынына қарсы шара­ларғ­а 5 270 адам және 906 техни­ка жұмылдырылған. Халық­тың тұрмыс-тіршілігіне қажет­ті ин­фрақұрылымдарды қал­пы­на кел­тіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның су басқан аумағын тік­ұ­шақ­пен аралап көргеннен ке­йін қарғын су салдарынан эвакуа­цияланған аудандардың халқы­мен кездесті.

Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шы­ғындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабыл­дайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен бар­лық тұрғынға бірреттік көмек бе­ріліп жатыр және комиссия мү­лік шығындарын есептеген­нен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі.

Мемлекет басшысы әрбір азамат назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Деген­мен бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Су­дың беті қайтып келеді. Жақын ара­дағы 10 күнде өте қауіпті бола­ды. Бірақ біз еліміз бойын­ша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зар­дап шеккен азаматтардың барлығ­ына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ми

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

– Мен бюджет қаржысын үнем­деу мақсатында ірі халық­ара­­лық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқар­та­мыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бар­­лық мемлекеттік органға су тас­қы­ны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты.

– Бізде мұндай апаттарды ал­­дын ала ескерту жүйесі жетіс­пей­ді. Қажетті мамандар да тапшы. Қа­зір гидротехник кадрларды даяр­лау туралы шұғыл шешім қа­был­данды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жұмыс сапары кезінде Петропавл су торабының жұмысымен де танысты. Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режімде толтырылып, іске қосы­луын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді.

Солтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов­тің айтуынша, өңірдегі су тасқы­ны­на Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын су­­дың келуі себеп болған. Әсіресе биыл­ғы сең жүру кезеңінде мұз­дар­дың кептелісі салдарынан су дең­г­ейі күрт көтеріліп, сел жүрді. Бұл инф­рақұрылымның істен шығуы­на және Есіл өзенін жаға­лай орналас­қан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды. Сон­дай-ақ ол су тасқынына қарсы іс-шараларға 2 500 ерікті белсен­ді қатысып жат­қанын атап өтті. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді.

Мемлекет басшысына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскер­­лерінің қолбасшысы Ержан Ыбы­­раев Солтүстік Қазақстан об­лы­­сындағы төтенше жағдайдың зар­дап­тарын жою үшін қорғаныс ве­домс­твосының 700 әскери қыз­­мет­шісі мен 33 техникасы жұмыл­дырылғанын баяндады. Оның айтуынша, әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтыру, бөгеттер салу, Петропавл қала­сының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді ме­кен­деріне жақын маңдағы жаға­лауларды нығайту жұмыстарына бағытталған. Су тасқынына қарсы күрес шаралары басталғаннан бері әскерилер жергілікті атқару­шы органдарымен бірлесіп, бөгет­тер салу, оларды нығайту жұмыс­тарын атқарған. Бұл бөгеттердің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалыптасқан жағдайды нақты уақыт режімінде қадағалауға мүмкіндік беретін жылжымалы басқару пункті жабдықталғаны жөнінде мәлімет берілді. Ол үшін әр 2,5 сағат сайын жергілікті жердің 2D форматты картасы арқылы ақпарат беруге қабілетті ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылады. Сондай-ақ тәулік бойы ұша алатын әрі су тасқынына қатысты жағдайдың өзгеруіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін термовизиялық камерасы бар дрон қолданылады.

«ҚазСуШар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин Пре­зидентке Сергеевка су қой­масы 2022 жылы көпфак­торлы тек­серістен өткенін және оның тех­никалық жағда­йы қанағат­та­нар­лық деп бағаланға­нын мәлім­деді. Бүгін­де өңірдегі екі су қоймасы да штат­тық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жатқан құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтен­ше жағдай кезінде өңір тұрғын­дары­ның жоғары деңгейде ұйым­шылдық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғыс айтты.

Солтүстік Қазақстан облысы бо­йынша Қазақстан халқы Ас­самб­леясы төрағасының қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких Президентке облыстағы әр ауданда гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашылғаны жөнінде мәлімет берді.

«Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова еріктілердің жедел әре­кет ету штабы құрылғаны ту­ра­лы айтты. Штаб 2 500-ден ас­там волонтерді үйретеді және олар­дың жұмысын үйлестіреді.

«Севказэнерго» акционер­лік қоғамының бас директоры Анатолий Казановский аталған кәсіпорынның акционерлері 100 миллион теңге бөлгенін, трансформаторлар орнату және электр желілерін тарту жұмыстарын жүргізгенін айтты.

«Қызылжар жолдары» ЖШС директоры Асхат Жолдаспаев компанияның су тасқынына қарсы шараларға белсенді атсалысып жатқанын жеткізді. Осы ретте аталған мекеме бөгеттер салу және нығайту үшін арнаулы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар бөліп отыр.