«Қазақстан жыл өткен сайын жаңарып, ай өткен сайын абаттануда». Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске қосылып, соның нәтижесінде жүздеген жаңа өндіріс орындарының ашылуын көре отырып, осылай деп шаттануымызға болады. Дәл қазіргі уақытта Қазақстанның қарышты дамуы алыптың адымын көз алдыға елестеткендей. Біз, міне, жаңа бесжылдықтың бетін ашып отырмыз. Бұл – біздің индустрияландыру бағытындағы екінші бесжылдығымыз.
Бірінші бесжылдықтың жемісті нәтижелері бәріміздің көз алдымызда өтті. 770-тен астам кәсіпорын іске қосылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алға қойған мақсаттарына сәйкес Қазақстанда бұрын өндірілмеген мүлдем жаңа 400-ге тарта өнім түрі игерілді. Өңдеуші сектор бұрынғыға қарағанда қарқынды дамыды. Осының нәтижесінде, шикізат өндірудің ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайып, оның орнын өңделген жаңа өнімдер басты.
Иә, бірінші бесжылдық ел экономикасын дамытуға қуатты серпін берді. Бұл істе Мемлекет басшысының елімізді көркейту бағытында ұстаған саясатына сәйкес шетелдік инвестициялар Қазақстанға молынан келді. Қазақстан тәуелсіздігінің барлық кезеңдерін қоса есептегенде ел экономикасына құйылған шетелдік инвестициялардың 70 пайызына дерлігі бірінші бесжылдықтың үлесіне тиді. Соның нәтижесінде жұмысшылары жоғары білікті, еңбекақысы лайықты, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды.
Жалпы, бүгінгі күндері еліміздің өнеркәсіптік секторында жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллион адамнан асып отыр екен. Бұл – үлкен көрсеткіш, елімізде кем дегенде 4-5 миллион адам нақ осы өнеркәсіптік сектор аясында өмір сүріп жатыр деген сөз. Оның үстіне, өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі бірінші бесжылдықтың өзінде ғана 60 пайызға артып, әрбір жұмысшы орташа есеппен алғанда жылына 20 мың доллардың өнімін өндіріп отырған. Міне, осылардың барлығы біздің елімізге жаңа индустрияландырудың бірінші бесжылдығы берген нәтижелер болып табылады.
Енді, міне, 2015 жылдың қаңтар айының алғашқы ақ таңынан бастап, екінші бесжылдықтың бетін ашып отырмыз. Жалпылай айтсақ, бұл бесжылдықтың бүкіл адамзат қауымы үшін оңай болмайтын түрі бар. Өңірлер мен өңірлердің, үлкен елдердің арасында түрлі кикілжіңдер орын алып, саяси ойындар алға шықты. Бұл жалпы экономиканың тұрақты дамуына салқынын тигізуде. Сол саясат салқынымен экономикалық санкциялар дейтін бәле шықты. Сөйтіп, адамзат қауымының алдыңғы легіндегі мемлекеттер жалпыадамзаттық дамудың аяғына тұсау салуда. Мұндай келеңсіздіктің ешкімге абырой әпермейтіндігін біздің Елбасымыз жиі айтып жүр.
Осы оқиғаға орай, экономика саласындағы қазіргі қалыптасып келе жатқан күрделі жағдайларға байланысты әлемде алғашқы болып шаралар қабылдаған елдердің бірі – біздің Қазақстан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауында көрсетілген шаралар соның бір айқын дәлелі. «Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады», деді Елбасы бұл жайында.
Жолдауда көрсетілген шараларды жүзеге асыру үшін еліміздің Ұлттық қорынан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард доллардың қаражаты бөлінетіндігі белгілі болды. Сондықтан индустрияландыру бағдарламасында көрсетілген жобалар одан әрі жалғастырылатын болады. Яғни, уақыт қанша күрделі десек те, Қазақстанның өзі алға қойған экономикалық мақсаттардан бас тартпайтындығы белгілі болып отыр.
Экономикалық жобаларды жүзеге асыруда ендігі кезекте көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту бағытына ерекше назар аударылмақ. Осыған сәйкес, Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау, Алматы – Өскемен, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда, Атырау – Астрахань автокөлік жолдарын салу жеделдетіледі. Мұның өзі көліктік-логистикалық салада жаңа инфрақұрылымдық қаңқаны қалыптастырып, Астана мен макроөңірлер арасындағы байланысты нығайтады.
Сондай-ақ, еліміздің шығысында логистикалық хаб, батысында теңіз инфрақұрылымдарын құру жұмыстары жалғастырылады.
Екіншіден, индустриялық инфрақұрылымдар бұрынғысынша дамытыла беретін болады. Осы мақсатта құрылыс материалдары өндірісіне мән беріліп, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсету ісі жақсарады.
Үшіншіден, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту ісіне екпін беріледі. Бұлардың ішінде Екібастұз – Семей – Өскемен, Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы бағыттарында жоғары кернеулі желілер салынатын болады. Бұл еліміздегі электрстансаларының барлық өңірлерді теңестірілген энергиямен қамтуына мүмкіндік береді.
Елбасы Жолдауына сәйкес тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән берілмек. Осы мәселені жүзеге асыру үшін мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынатын болады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсынудың нәтижесінде бұл үйлердің бағасы арзан болады деген үміт бар. Әрине, мұндай үйлерді салу үшін мемлекеттің үлкен қамқорлығы қажет екендігі түсінікті. Осыны ескере келе Елбасы 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңгеге ұлғайту жөнінде тапсырма берді.
Оның үстіне, мектептер, ауруханалар, емханалар, балалар бақшасын салу секілді әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар одан әрі жалғастырылмақ.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің нысандарын заман талабына сай салып шығу, көрмені лайықты өткізу – жаңа басталған бесжылдықтың асқаралы белестерінің бірі екендігі белгілі. Бұл – нағыз инновациялық жоба, Тәуелсіз Қазақстанымыздың экономика саласындағы жетістіктерін әлемдік қоғамдастыққа әйгілейтін және әлемдік қоғамдастықтың жасыл экономика бойынша алдыңғы қатарлы жетістіктерін елімізге тартатын үлкен құрал. Жобаның осындай маңызды жақтарына сәйкес Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген болатын.
Жалпы, Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыру бағытындағы инфрақұрылымдарды дамыту ісіне қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет танытып отыр. Мұндағы жобаларды жүзеге асыру ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың екінші бесжылдығына сәйкес келмек. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайтын болады.
Сонымен, күрделі уақыт кезеңінің өзінде Қазақстанның бұрынғыдай алға баса беруіне мемлекет тарапынан барлық шаралар қарастырылған. Іске сәт, дейік, ендеше!
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».