01 Қаңтар, 2015

Жаңа бесжылдық – жаңа көкжиектер

697 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Индустриализация«Қазақстан жыл өткен сайын жаңарып, ай өткен сайын абаттануда». Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске қосылып, соның нәтижесінде жүздеген жаңа өндіріс орындарының ашылуын көре отырып, осылай деп шаттануымызға болады. Дәл қазіргі уақытта Қазақстанның қарышты дамуы алыптың адымын көз алдыға елестеткендей. Біз, міне, жаңа бесжылдықтың бетін ашып отырмыз. Бұл – біздің индустрияландыру бағытындағы екінші бесжылдығымыз. Бірінші бесжылдықтың же­міс­ті нәтижелері бәріміздің көз алдымызда өтті. 770-тен астам кәсіпорын іске қосылды. Индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасының алға қойған мақсаттарына сәйкес Қазақстанда бұрын өндірілмеген мүлдем жаңа 400-ге тарта өнім түрі игерілді. Өңдеуші сектор бұрынғыға қара­ғанда қарқынды дамыды. Осы­ның нәтижесінде, шикізат өн­ді­рудің ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 па­йызға азайып, оның орнын өң­делген жаңа өнімдер басты. Иә, бірінші бесжылдық ел экономикасын дамытуға қуатты серпін берді. Бұл істе Мемлекет басшысының елімізді көркейту бағытында ұстаған саясатына сәйкес шетелдік инвестициялар Қазақстанға молынан келді. Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің барлық кезең­дерін қоса есептегенде ел эко­номикасына құйылған шетелдік инвестициялардың 70 пайызына дерлігі бірінші бесжылдықтың үлесіне тиді. Соның нәтижесінде жұмысшылары жоғары білікті, еңбекақысы лайықты, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Жалпы, бүгінгі күндері еліміздің өнеркәсіптік секторында жұмыс істейтін қазақстандықтардың жал­пы саны 1 миллион адамнан асып отыр екен. Бұл – үлкен көрсеткіш, елімізде кем дегенде 4-5 миллион адам нақ осы өнеркәсіптік сектор аясында өмір сүріп жатыр деген сөз. Оның үстіне, өңдеуші өнер­кәсіптегі еңбек өнімділігі бірінші бесжылдықтың өзінде ғана 60 пайызға артып, әрбір жұмысшы орташа есеппен алғанда жылына 20 мың доллардың өнімін өндіріп отырған. Міне, осылардың бар­­лығы біздің елімізге жаңа и­н­дус­трияландырудың бірінші бес­жылдығы берген нәтижелер болып табылады. Енді, міне, 2015 жылдың қаңтар айының алғашқы ақ таңынан бастап, екінші бесжылдықтың бетін ашып отырмыз. Жалпылай айтсақ, бұл бесжылдықтың бүкіл адамзат қауымы үшін оңай бол­майтын түрі бар. Өңірлер мен өңірлердің, үлкен елдердің ара­сында түрлі кикілжіңдер орын алып, саяси ойындар алға шықты. Бұл жалпы экономиканың тұрақты дамуына салқынын тигізуде. Сол саясат салқынымен экономикалық санкциялар дейтін бәле шықты. Сөйтіп, адамзат қауымының ал­дыңғы легіндегі мемлекеттер жал­­пы­адамзаттық дамудың ая­ғы­на тұсау салуда. Мұндай келең­сіз­діктің ешкімге абырой әпер­мейтіндігін біздің Елбасымыз жиі айтып жүр. _VNB6267 Осы оқиғаға орай, экономика саласындағы қазіргі қалыптасып келе жатқан күрделі жағдайларға бай­ланысты әлемде алғашқы бо­лып шаралар қабылдаған ел­дер­дің бірі – біздің Қазақстан. Мем­­лекет басшысы Нұрсұлтан На­з­ар­баевтың «Нұрлы Жол – бол­а­шаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауында көрсетілген шаралар соның бір айқын дәлелі. «Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды  сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жал­ғастыруға бағытталады», деді Елбасы бұл жайында. Жолдауда көрсетілген шара­лар­ды жүзеге асыру үшін елі­міз­дің Ұлттық қорынан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезең­ге жыл сайын қосымша 3 мил­лиард доллардың қаражаты бө­лі­нетін­дігі белгілі болды. Сон­дық­тан индустрияландыру бағ­дар­лама­сында көрсетілген жобалар одан әрі жалғастырылатын болады. Яғни, уақыт қанша күрделі десек те, Қ­азақстанның өзі алға қойған эко­но­микалық мақсаттардан бас тарт­пайтындығы белгілі болып отыр. Экономикалық жобаларды жү­зеге асыруда ендігі кезекте кө­ліктік-логистикалық инфрақұ­ры­лымдарды дамыту бағытына ерекше назар аударылмақ. Осы­ған сәйкес, Батыс Қытай – Ба­тыс Еуропа, Астана – Ал­маты, Астана – Өскемен, Ас­тана – Ақтөбе – Атырау, Ал­маты – Өскемен, Қарағанды – Жез­қазған – Қызылорда, Атырау – Астрахань автокөлік жолдарын салу жеделдетіледі. Мұның өзі көліктік-логистикалық салада жаңа инфрақұрылымдық қаң­қаны қалыптастырып, Астана мен макроөңірлер арасындағы байланысты нығайтады. Сондай-ақ, еліміздің шығы­сын­да логистикалық хаб, батысында теңіз инфрақұрылымдарын құру жұмыстары жалғастырылады. Екіншіден, индустриялық инф­р­ақұрылымдар бұрынғысынша дамытыла беретін болады. Осы мақсатта құрылыс материалдары өндірісіне мән беріліп, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсету ісі жақсарады. Үшіншіден, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту ісі­не екпін беріледі. Бұлардың ішінде Екібастұз – Семей – Өс­­ке­­мен, Семей – Ақтоғай – Тал­­­ды­­қорған – Алматы ба­ғыт­­­та­рында жоғары кернеулі желіл­ер салынатын болады. Бұл еліміздегі электрстансаларының бар­лық өңірлерді теңестірілген энер­гиямен қамтуына мүмкіндік береді. Елбасы Жолдауына сәйкес тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән берілмек. Осы мәселені жүзеге асыру үшін мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынатын болады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсынудың нәтижесінде бұл үйлердің бағасы арзан болады деген үміт бар. Әрине, мұндай үйлерді салу үшін мемлекеттің үлкен қамқорлығы қажет екендігі түсінікті. Осыны ескере келе Елбасы 2015-2016 жылдар ішін­де жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қо­сымша 180 миллиард теңгеге ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Оның үстіне, мектептер, ауру­ха­налар, емханалар, балалар бақ­шасын салу секілді әлеуметтік ба­ғыттағы бағдарламалар одан әрі жалғастырылмақ. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің нысандарын заман талабына сай салып шығу, көр­мені лайықты өткізу – жаңа басталған бесжылдықтың асқа­ралы белестерінің бірі екен­дігі белгілі. Бұл – нағыз инно­ва­циялық жоба, Тәуелсіз Қазақ­станы­мыздың экономика сала­сын­дағы жетістіктерін әлемдік қоғамдастыққа әйгілейтін және әлемдік қоғамдастықтың жасыл экономика бойынша алдыңғы қатарлы жетістіктерін елімізге тартатын үлкен құрал. Жобаның осындай маңызды жақтарына сәйкес Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген болатын. Жалпы, Қазақстанның Жаңа Эко­номикалық Саясатын жүзеге асыру бағытындағы инфрақұ­рылымдарды дамыту ісіне қатысу­ға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет танытып отыр. Мұн­дағы жобаларды жүзеге асыру ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың екінші бесжылдығына сәйкес келмек. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайтын болады. Сонымен, күрделі уақыт кезеңі­нің өзінде Қазақстанның бұрынғыдай алға баса беруіне мемлекет тарапынан барлық шара­лар қарастырылған. Іске сәт, дейік, ендеше! Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20