Таным • 19 Сәуір, 2024

Жан жұпары

81 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үндінің Садхгуру деген данышпаны бар. Адамдар ағылып келіп ақыл сұрайды екен одан. Қарияның нақылдары әлеуметтік желіде де миллиондаған қаралымға жеткен. Кеше соның бірін көзім шалып қалды.

Жан жұпары

«Адам зәузаты үйренгіш келеді ғой. Оның теріс әсері де жоқ емес. Соның себебінен кей кісілер өз бойынан, яки киімінен шығып тұрған жағымсыз иіске де үйреніп алады. Оны өзі сезбегенімен, айналасы тыжырынады. Жан тазалығы да сондай нәрсе. Кеудеңдегі жаныңды пенделіктің батпағынан үнемі аршып отырмасаң, біттім дей бер. Сондықтан әрбір ақыл иесі өзі үшін жасап жатқан қарекетінің тұтас қоғамға әсер ететінін білуі керек һәм соған сай жауапкершілік те болуға тиіс», дейді ол.

Құдай-ау, Садхурудың сөзінің артында Шәкәрімнің даналығы сығалап тұр ғой:

«Еріншек таза жүре алмас,

Кір-қоңын жуа алмас.

Қарекет жоқ, ғылым жоқ,

Өз бойынан ұялмас».

Иә, үндінің де, қазақтың да ақсақалы бір дүниені айтып тұр. Себебі ақиқат деген күн емес пе? Ол тек әртүрлі терезеден түсе береді. Мәселе онда емес, мәселе – хакімдердің айтқан хикметінде. Рас, Абай айтпақшы, біздің бойымыз да «инедейін таза емес, аршып алып тастайтын апандағы саз емес». Алайда сүрткен сайын жез құман да жылтырамай ма? Тән моншасында сүйегімізді қыздырғандай, жан моншасында дәл солай жүрегімізді қыздырсақ қой...