Өндіріс • 19 Сәуір, 2024

Тегеурінді техника – табыс кепілі

110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Kazrost Engineering» жеке компаниясы – өңірге өте маңызды өзгеріс әкелген кәсіпорын. Бұрынғы «Вектор» комбайн зауыты» серіктестігінің өндірістік алаңын жаңғыртып, техниканың модельдік қатарын көбейтуді қолға алған кәсіпорын ауыл шаруашылығының ахуалына оң ықпалын тигізіп келеді.

Тегеурінді техника – табыс кепілі

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ел ырысының молаюы тегеурінді техникаға тіке­лей тәуелді. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

«Ауыл шаруашылығы­ның дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестиция тапшы­лығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқты­рады. Сондықтан ауыл шаруа­шылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет.

Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейлі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деген еді.

мит

«Kazrost Engineering» жеке компаниясы 11 мың шаршы метр алаңда «VECTOR 410 KZ» және «ACROS 550 KZ» астық жинай­тын комбайндар шығарады. Әлем­нің бес еліндегі 11 өндірістік алаң­ға орналасқан 13 кәсіпорын жұ­мыс істеп тұр. Соның ішінде Көк­ше­тау­дағы өндіріс орны да бар.

2021 жылдан бастап «YTO» бренді тракторларының конвейер­лік өндірісі жолға қойылыпты. Жеке компания – «Ростсельмаш» брендінің ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірушісі.

Біз қызу жұмыс қайнаған өн­ді­рістік цехтарды аралап жүр­міз. Қай тарапқа қарасаң да, ұқып­ты қолдың табы анық бай­қала­ды. Машықты қалыппен шалт қимылдап жүрген жұмыс­шы­­лардың жүзінен өз ісіне деген ри­зашылық реңі көрініп-ақ тұр. Орташа еңбекақы көлемі – 308 мың теңге. Облыс орталығы тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс. Қазір мұнда 175 адам жұ­мыс істейді. Кәсіпорын ауыл ша­руа­­шы­лығындағы ахуалды жақ­сарту­ға септесумен бірге осынша отбасын асырап отыр деген сөз. Елге тигізген игілігінің бір парасы осы.    

– Бізге адал еңбегімізбен отбасымызды асырайтын жұмыс орны болса болғаны, – дейді өндірістік цехтың басшысы Ербол Шәкенов. – Өндірісте істейтін жергілікті ұлт өкілдері көбейіп келеді. Біз­дің тәжірибелі жұмысшылар жас­тарды үйретіп, пысытып, қатары­мызға қосып отыр. Ертеңгі болашақ осылардың қолында. 

Міне, металл кесу цехы. Қажет­ті металл күні бұрын өлше­ніп, дәлме-дәл екшеліп, компьютерге бағдарламасы енгізілгеннен кейін оп-оңай ойылып алынады. Жұмыстың бәрі бір ырғақпен, мүлтіксіз атқарылып жатыр. Таза, ыңғайлы жұмыс киімін киген жұмысшылардың бейса­уат адамдарда тіпті де шаруасы жоқтай. Дәнекерлеу аппараттары орналасқан цехта да жұмыс қарбалас. Құрастыру барысындағы қажет­ті бөлшектерді бір-біріне дәне­керлеп, комбайнның жатка­лары­на қажетті металл қиын­­ды­ла­рын қиыстырып әлек. Ком­прессорлар мен өндірістік үдеріске қажетті жабдықтардың бәрі осы заманғы. Одан әрі тораптар мен адаптерлерді бояу және құрас­тыру цехы орналасыпты. Көз салып көрмек болып едік, бояуға енгізілген техникалар сыртынан ауа өтпейтіндей мұқият жабылып, тұмшаланады екен. Кесімді уақыты жетпей ашуға болмайды.

Құрастыру цехында он шақты жұмысшы қызу іске кіріскен. Бір айта кетерлігі, комбайндар мен трак­торларға қажетті бөлшек­тер­­дің 30 пайызы осы жерде дайын­да­лады. Ақыл таразысына салып без­бендесеңіз, әзірге жаман көрсет­кіш емес. Күн өткен сайын кеңіп, дами берсе, астық комбайндары мен трак­торларға қажетті тетіктер­дің дені өзімізде өндірілсе деп армандайсың.

Жеке компанияның өндіріс­тік қуаты туралы да айта кетелік. Жылы­на бес модификациялы 700 ас­тық комбайнын шығарады. Бес түрлі 760 жатка дайындалады. Одан өзге де ауыл шаруашылығы құрыл­­ғылары толып жатыр. Екі түрлі трак­тордың 500 данасы өнді­ріледі. Алдағы жоспарлары да кісі қызығарлық. Биылдан бастап №3 цехтың құрылысын жүргізбек. Міне, сол кезде өндіріс көлемі арта түседі. Өндірісті жаңғырту үшін токарлік-фрезарлік станок, сырлап кептіретін камералар, көлемі үлкен қосалқы құрылғылар­ды құрастыру орталығы іске қосылмақ.   

чсм

Жеке компанияның өнім­дері яки астық комбайндары мен трак­торлары астықты өлкеде жақ­сы таныс. Өздері де алғашқы тәжі­рибеден өткізеді. Диқандар да жақсы бағасын беріп отыр.

– Жаңаның аты жаңа, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов. – Күні кешеге дейін кеңес заманынан қалған ескі техниканы пайдаландық. Әрине, қаржының жетімсіздігінен. Шынтуайтында ел ырысын молайту үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасын мейлінше нығайту керек. Бұл орайда Прези­дент қойып отырған талап өте орынды. Мәселен, жерге еккен дән танаптың ылғалы кеппей тұрып көктеуі үшін көктемгі егіс науқанын уақытында аяқтау қажет. Агротехникалық талаптарды сақтай отырып, белгіленген мерзімде егін себуді аяқтауға қуатты техника қажет екені белгілі. Күзгі егін орағында да дәл осы көрініс қайталанады. Солтүстікте егін пісіп болмай күздің қара жауыны жауып кететін уақыт жиі. Міне, сол кезде бір қолыңды екі ете алмай жанталасып жатқанда жаңа заманғы техниканың, әсіресе астық комбайндарының қажеттілігі көзге көрініп тұрады.

– Астық комбайндарының іші қан­дай жайлы, – дейді механиза­тор Есен Серіков, – Құдды шетел­дік ав­токөліктің ішінде келе жатқан­дай­­сың. Бункерге жиналған астық­тың ылғалдылығы, тазалығы, жи­нал­­ған дәннің жалпы салмағы қол­­мен қойғандай көрсетіліп тұ­ра­ды. Гектар берекесін де біліп оты­ра­сың. Жұмысқа ыңғайлы әрі төзімді. 

Ауыл шаруашылығының ахуалын жақсарту үшін материалдық-техникалық базаны жаңғыртқан ләзім. Биыл Ақмола өңірінде көк­темгі дала жұмысына 15 мыңнан астам әрқилы маркадағы трактор шығарылмақ. Диқандар пайдаланатын техниканың бес пайызы ғана жаңартылған. Өткен жылы жалпы құны 70 млрд теңгені құрайтын қара­жатқа екі мыңға жуық техни­ка алынған екен. Тұтас саланы түбе­гейлі жаңғырту талабын ескерсек, әрине, бұл көрсеткіш те олқы соғып жатқандығы шындық. Ал­дағы жылы бұл көрсеткіш 6 па­йызға жетпек. Осы жылдың алғаш­қы екі айында 4 млрд теңгеге 137 жаңа техника алыныпты. Бұл тарап­тағы жұмыстың қарқынды ат­қа­рылмай отырғанының өзіндік себе­бі бар. Өткен жылы өнім сапасыз бол­ғандықтан, ауыл шаруа­шы­­­л­ы­­ғы құрылымдары табыссыз қалды.

Мемлекет тарапынан қолдау да айта қаларлықтай. Субси­дия ретінде өңірдегі ауыл шаруашы­лығы құрылымдарына 45,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Күні бүгінге дейін осы қаражаттың 31 млрд теңгеге жуығы шаруаның қолына тиген. Қалған қаражат мүмкіндігінше ай сайын беріліп отырмақ.

Компания жұмысын жолға қойғаннан бері 1 946 астық комбайнын, 1 799 жатка, 994 трактор, ат­жалдан астық жинайтын 1200 құ­рылғы шығарыпты. Алдағы уақыт­та комбайн мен трактор кабина­ларын дайындайтын цех іске қосылмақ.

– Нарық заңы тым қатал, – дейді директордың орынбасары Виталий Кун. – Заман ағымына ілесіп отыру шарт. Қазір ауыл шаруашылығы құры­лымдарына ұсынып жатқан техни­каларымыз көптің көңілінен шы­ғып тұр. Дегенмен уақыт көші алға жылжыған сайын бұл тарап­тағы іс те күрделене түседі емес пе?

Виталий Валентиновичтің айтуына қарағанда, кәсіпорынға жұ­мысшы кадрлар қажет екен. Ын­тасы бар ықыласты жас болса, өз­дері үйретіп алмақ. Қазір облыс ор­та­­лығындағы кәсіптік-техни­ка­­лық кол­ледждермен іскерлік бай­ланыс ор­натып, дуаль­ді оқыту жүйе­­сін жол­ға қоймақ. Ел ертеңін ой­лаған кә­сіп­орын басшыларының ниеті оң.

Астықты өңірдегі ырыстың молаюына өзіндік үлес қосып жатқан жеке компанияның жетістіктері өз алдына бір төбе. Әрқилы сынақ көрмелерде топ жарған мәртебелі шағы мол. Ең бастысы, елдің игілігі үшін ілкімді іс атқарылып жатыр. Сол тараптан қарағанда ортақ шаруаның оңғарылуына қосқан сыбағасы салмақты.

 

Ақмола облысы