Оқиға • 19 Сәуір, 2024

Жықаңның көз жасы

3222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шіліңгір шілде. Күн төбеңді тесердей шақырайып тұр. Үй ір­гесін көлеңкелеп, кітап оқып отырған едім. Бір кезде «Әй» деген қарлыққан дауыс шықты. Жалт қарасам, Жылқыбай ағам. Ашулы. Түрі өрт сөндіргендей.

Жықаңның көз жасы

– Шешең қайда?

Сарайдың алдында Қарашаш әжемен ұршық иіріп отырған апамды көрсетіп: «Әне», дедім. Ол болса, сатпақ-сатпақ шалбарының ышқырын байлаған кендір жіпті ышқына тартып:

– Ей, үкіметтің баласы (мені солай айтатын) осы сен қашан әкім боласың, – деді  қабағын түйіп.

Әкім болу менің қолымда тұрғандай:

 – Мен қайдан білемін, – деп иығымды көтердім. Жауабыма көңілі толмады ма:

 – Ии-и, сен осы не білесің, – деп қолын сілтеп, сарайға қарай  қозғалды.

 Ауыл адамдары оны «Жықаң» деп айтушы еді. Өзінің аздаған әпен­ділігі бар. Бірақ ешкімге жаман­­дығы жоқ. Адал. Кейде біз сол әпен­ділігін келекелеп күлеміз. Алайда үлкендер оны байқап қалса, бірден тыйып тас­тайды. Ол үйге келсе, апам да оны құдасындай күтеді. Бар дәм­дісін қояды. Жықаң кеткеннен кейін күрсініп: «Әке-шешесі қан­дай еді. Қазаны оттан түспеген, дастар­қаны мол көшелі кісілер болатын. Солардың еркелетіп өсірген жалғызы ғой. Қазір ешкімі болмай, тарығып жүр», деп аяйтын.

Жықаңның іс-әрекетін сыртынан қызықтап, ойым сан-саққа бөлініп тұрғанда, Қарашаш
әжем:

– Құдай тағала, аман-саусың ба, әй, қара ұл? – деді ұршығын қайыра бір айналдырып.

Амандық-саулық жоқ Жықаң:

– Құдай бар ма өзі, – деп дүңк етті.

– Тәйт әрі! Жаратқан иеге тілің тимесін, өй қағынды неме, – деп Қарашаш әже бәйек болды.

– Құдай бар болса, мені көрмей ме? – деді.

 – Құдай бар. Сенің осы аман жүргеніңнің өзі Жаратқанның  арқа­сы, – деп сөзін үстемелете жөнелді.

– Қайдам, бар болса, менің осы жүрісім не? – деп Жықаң еңкілдеп жылап жіберді. Бұлай болады деп күткен жоқпыз. Оған Қарашаш әже екеуміз аң-таң қарап қалдық. Апам ғана басу айтып, жұбатты. Міне, содан бері біраз жыл өтті. Қазір арамызда  Қарашаш әже де, Жылқыбай ағам да жоқ. Бірақ Жықаң сол кезде неге жылады деп әлі күнге дейін ойланамын. Әлде күйкі тіршілік нәзік жанын жегідей жеп қойды ма екен?