Су тасқыны • 20 Сәуір, 2024

Тіршілік қалыпқа түсе бастады

148 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ағыны қатты Жайық әлі де алаңдатып отыр. Ал басқа өңірлердегі өзен-су айдындарының деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Маман­дар сөзіне қарағанда, осы аптада терек басына шыққан теріскейдегі судың да беті қайтып қалды.

Тіршілік қалыпқа түсе бастады

Аймақтағы ахуал

Су тасқыны қауіпті өңірлерде апат­тық-құтқару, тасқынның алдын алу жұмыс­тары жалғасып жатыр. Осындай іс-шаралар нәтижесінде 19 715 адам өз үйіне оралды. Дейтұрғанмен қауіп­тің беті қайтпаған өңірлерде бүгінде әлі 9 мыңға жуық адам эвакуациялық бекетте жатыр. ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың мәліметінше, 8 914 адам, оның ішінде 4 019 бала эвакуациялау бекетте орналасқан.

ТЖМ мамандарының сөзінше, 4 370 тұрғын үй мен 2 737 аула­дан судың бағыты бұрылған. 10,5 млн текше метрден астам су шығарылды, 3,4 млн қап, 1,4 млн-нан аса тонна инертті материал төселіп, бөгеттер салынды. Қазіргі жағдай бойынша Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 989 жеке тұрғын үй, 1 091 аула су астында қалған.

«ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтері су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұр­ғындарына психологиялық және ақпараттық көмек көрсету ма­қ­сатында тәулік бойы кезек­ші­лікте тұр. 60 автожол суда қалды. Су шайған автожол 63-ке жетті, оның ішінде 10 көпір бар. 44 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды, оларға қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары жеткізіліп жатыр», делінген ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Олардың мәліметінше, апат­тық-құтқару және су тасқы­ны­на қарсы жұмыстарға азаматтық қор­­ғау қызметтерінен 44 137 адам, 4 642 техника, 858 су сорғызу құралы, 341 жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұ­мылдырылып, волонтерлер де белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиеваның айтуынша, зардап шеккен өңірлерге 4 529-дан аса тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

 

Азық-түлік жеткілікті

Өткен аптада әлеуметтік маңы­зы бар тауарлардың баға индексі 99,9%-ға тең болды. Яғни бағалар 0,1%-ға төмендеді. Айдың басынан бері баға индексі 99,8%-ды құрап отыр. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде азық-түлік тауарларының баға индексі БҚО және Қостанай өңірлерінде тұрақты тұр. Ақмола облысында кейінгі үш аптада баға 0,4%-ға төмендесе, СҚО-да 0,2%-ға төмендеді. Алайда Ақтөбе облысында ғана үш аптада баға 0,2%-ға қымбаттаған. Мұның жай-жапсарына Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков тоқ­талып өтті.

«Кейінгі аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі су тасқынының кезеңімен байланысты емес. Зардап шеккен өңірлерде азық-түлік тауар­ла­рының тапшылығы және олардың баға­лары мәселесі – министр­ліктің ерекше бақы­лауында. Ми­нистрлік су тасқыны бар өңір­лердегі жергілікті атқарушы органдармен, атап айтқанда, СҚО, БҚО, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстарында аумақтық департаменттердің жұмысын өзара үйлестіріп жатыр», деді ол.

Әкімдіктер мен жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бірлесіп, азық-түліктің жеткілікті санының болуына сау­да нысандарына көшпелі мониторинг жүргізілмек. Су басқан аудандардағы кәсіпкерлерге тауар­ бағасын көтеру  бойынша сауалнама жүргізіліп жатыр. Кор­по­рациялар көкөніс қой­ма­лары да бақылауда. Өйткені су тасқыны болған өңір­лерде барлық 130 сауда нысанына зақым келген.

 

«Ең бастысы – азаматтардың амандығы»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан болған төтенше жағ­дайға байланысты жолдаған Үндеуінде: «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қал­пына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы», деген еді. Бұл сөз әуелі күллі тілеулес халықтың көкірегінде көктеп тұр­ған сөз еді. «Ел іші – алтын кеніш» дегендей, ел бар да селге кеткен дүние-мүліктің орны толар. Ал күллі дүние-мүлкіңді берсең де сатып ала алмайтын – адам жаны. Жағдай қаншалықты ауыр болса да, адам шығыны болмаған жерде басқа ауырлықты өткеру қиынға соға қоймас. Бұл ретте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев бірқатар мәліметті алға тартты.

«Жалпы республика бойынша көктемгі су тасқыны барысында 5 өлім фактісі тіркелді. Атырау облысында – 4 және Ақтөбе облысында – 1 факт. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар жоқ. Бұл жерде барлық жағдай қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан болған. Бірі өз бетінше өзенді жүзіп өтуге тырысқан, бірі су тасқынынан кейін, яғни эвакуация­дан соң қауіпті аймаққа оралуға әрекеттенген. Барлық факті бо­йынша тексеру басталып, тергеу жүргізіліп жатыр», деді спикер.

Министрліктің ресми өкілі еліміздегі су тасқыны салдарын жою шараларына да тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда тәртіп сақшылары апаттық-құтқару жұмыстарымен қатар, дамбы салып, қауіп туралы ескерту жүргізу және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялаумен айналысып жатыр.

«Полиция саласының 828 техникасы жұмылдырылды. Су басқан өңірлерде патрульдеу және кезекшілік бар. Тәртіп сақ­шылары жергілікті тұрғын­дар­дың ешқайсысы су басу қаупі бар аймақта қалып кетпеуі үшін елді мекендерде жаппай рейд жүр­гізіп жатыр. Қараусыз қалған мү­лікті күзету үшін полиция су тас­қынынан зардап шеккен 59 елді мекенді қорғауға алды. Қазір ішкі істер органдарының күзетінде қараусыз қалған 11 мың тұрғын үй мен басқа да нысандар бар. Ұрлық-қар­лыққа жол берілмеді», деді Ш.Алекешев.

ІІМ халықты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, уәкілетті органдардың заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмысына түсініс­тік­пен қарауға, оларға қол ұшын созуға шақырады.

 

Мамырда жауын-шашын мол

Мамыр айында ауа температурасы республиканың көп бөлігінде қалыпты деңгейден 1-2° жоғары болады деп болжанып отыр. Мәселен, мамыр айында мезгіл жазға ауады. Осыған орай, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлованың дерегінше, бұл айда жауын-шашын мол болатын көрінеді. Оның айтуынша, ауа райының тұрақсыз сипаты байқалады: найзағай ойнап, да­уыл­­ды жел тұрады, бұршақ жауады.

«Айдың басым бөлігінде жо­ғары температуралық фоны бар күн­дер көп болады. Елдің солтүстік бөлігінде күндіз ауа +35°C, оңтүстік аймақтарда +40°C дейін жылынады. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда, сондай-ақ оңтүстік-шығыс таулы аймақ­та­рында салқын толқын­дардан ауа температурасы 5-тен +15°C-қа дейін төмендейді. Батыста және оңтүстік өңірлерде +5-тен +26°C-қа дейін жылы болады», деді А.Исмағұлова.