Қала көшелерін бойлап келе жатсаң орыс тілінде жазылған “Корей асханасы”, “Ұйғыр асханасы”, “Әзірбайжан асханасы” немесе “Грузин асханасы” деген жазулар қарыс қадам аттаған сайын алдыңнан шығады. Ал “Қазақ асханасы” деген жазуы бар бірде-бір тамақ ішетін орынды таппайсың. Қазақтың елінде, қазақтың жеріндегі қазіргі жағдай осы. Оң жақ, сол жақ, аспан-жердің бәрінде “Beelіn”, “Kceel”, “Gold”, “Vіp” дейсің бе, толып жатқан өзге тілдегі қаріптері мен берілген қызылды-жасылды жарнамалар. Қазақ тіліндегі жарнамалар орысшасымен бірге берілетіндіктен аудармасы дөрекі, көңілге қонымсыздау болып келеді. Бұл тіпті үйреншікті көрініске айналып кеткен. Әсіресе тілге бай ауылдан келген қазақтар бұларды оқып, күледі де бұрылып жүре береді. Өркениетке үйретемін деген қаланың жағдайы осы. Ал көңілің аңсап дегендей, әйтеуір қандай да бір қажеттілікпен қазақ асханасын іздеп табу мүмкін емес. Кейінгі кезде мұсылман қауымы “Халял” деген жазуы бар ас ішетін орындар ашып қойыпты. Қазақша айтқанда “Адал ас” дегені ғой. Бірақ олар негізінен той, мереке күндеріне, салтанатты қонақтарға, ауыз ашар, қатымдарға ғана арналған. Қомақты қаражат түсетіндіктен олар осындай атаулы күндері ғана жұмыс істеуді жөн көреді. Ал ішінде қымызы мен шұбаты сапырылған, қазы-қарта, жал-жаяға толы қазақы дастарханы жайылған, қып-қызыл бауырсағы тіл үйірер, құрт көже, қатық көжесі бар қазақ асханасы ешқайда жоқ. Алматының көшелерін аралап жүрсең түрік ағайындар латын әліпбиімен өздерінің кафе, ресторандарын жазып ашып қойғанын байқайсың. Жарнамасының тілі қазақша болғанымен қаріптері латынша. “Нағыз түрік асханасының дәмін сезін”, “Донерді, баклаваны тек бізден жеңіз” деп еліктіреді. Қазақ негізінде “жеңіз” демей, ең алдымен “дәм татыңыз, дәм ауыз тиіңіз” деп сыпайы түрде асқа шақырады. Донер демекші, ол кәдімгі шелпектің бір түрі. Ал біз жұма сайын пісіретін жеті шелпегімізді, ыстық бауырсақтарымызды өз мәнінде насихаттау былай тұрсын, дұрыстап пісіре алмайтын дәрежеге жеткенбіз. Дүкендерде ішіне он бауырсақ салынған жылтыр дорбаны 150-200 теңгеге сатып аласың. Сапасы нашар. Әу баста қазақтар шелпек пен бауырсақты сиырдың, не ешкінің тоң майына салып, дәмін келтіріп пісірген ғой. Кейінірек заман талабына сай тоң майға күнбағыс майы да қосылатын болды. Бұл да тамаша еді. Өзімізді өзіміз сыйламасақ өзгелер бізді қайтпек. Қазақстанның қай қаласын алып қарасаң да, дүкендері, асханалары барлығының төбесінде екі тілде орысша-қазақша немесе орысша ағылшынша жазылған жазулар. Ресейдің Барнаул қаласынан Семейге қыдырып келген Надежда Барышева деген әже былай дейді. “Мәссаған, Қазақстанға келдім бе десем, шетелге келгендей болдым. “Қонақ үй” дегеннің жанында ағылшынша “Hotel” деп жазып қойыпты”. Ұлттық мүдде дегенге енжар қарайтындығымызды осыдан-ақ байқауға болады. Өткен ғасырларда қазақ тілі экономиканың, саясаттың, ауызекі әңгімелесудің, яғни барлық талапқа жауап бере алатын бай, байырғы, көне тіл болған екен. Мәселен, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич 1843-1846 жылдары қазақ жеріне сапар шегеді. Ол туралы “Күнделіктер мен хаттар” кітабында көрсетілген. 1846 жылғы мамыр айының 8-17-лері аралығында Семей қаласына тоқтап, ағасына былай деп хат жазады.
“... Қазақ тілі барлық жерде қолданыста. Тіпті орыс халқының әйел заты қазақ тілінде біздің ханымдар французша сөйлегендей бірқыдыру тамаша сөйлейді. ... Бұл жердегі көпестер Ирбит пен Нижний Новгородтан әкелінген Ресейлік тауарларға Қытайдың шекаралас жатқан Чугучак пен Құлжа қалаларынан әкелінген жібек бұлдар, шәй, фарфор, басқа да ұсақ-түйектерді, ал Ташкент пен Қоқан және Бұхардан халаттар, кілем, мақтадан жасалған түрлі бұйымдар мен күріш, кептірілген жемістерді айырбастап сатып алып жатады. Ал қазақ даласынан жылқы мен қой, сиыр, түлкі сияқты өзге де жан-жануарлардың терісін, басылған құрым киіз және тағы басқаларын алады”. Янушкевич әлемдік деңгейде мойындалған тұлға. Тоғыз жолдың торабына жататын Семейде бұл күндері де шағын және орта бизнес ерекше қуат алып, ауыл шаруашылығы дамып келеді. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі көпестері қазақша сөйлемейді. Сондықтан ол жақта да әзірше қазақ асханасы ашылуы екіталай. Ал, қазақ тағамының сұлтаны қымызды көпшілік орын көк базардан ғана таба аласың. Базарға ол-пұлын алуға барғандар сауда қатарында тұрған адамнан жарытып қымыз іше алмасы анық. Ал қазақ елінің ордасы Астанада қымызхана деген жоққа тән, есесіне бильярд, түнгі клуб дегендер керемет көбейіп кеткен. Бұны біреулер Астана маңайында ірі жылқы шаруашылығы жоқ, ал Шығыстан, Оңтүстік, Батыстан жеткізілетін қымыздар алыс болғандықтан ашып, бұзылып кетеді деп түсіндіреді. Десе де осындай пікір айтушылар Ақмола облысы Бурабай ауданындағы “Қымызнай” кешенінің барлығын ескермейтіндей. “Қымызнайлықтар” елорда тұрғындарына жыл басынан бері 80 мың литрдей қымыз бен шұбат жөнеліп отыр. Бұл меже өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 4 есеге көп екен. Кешен тәулігіне 80-ге тарта сауда орындары және емдеу мекемелеріне бір жарым мың литр қымыз бен 250 литр шұбат жөнелтіп үлгереді. Кешен жетекшісі Ғалымжан Әбдіхалықовтың айтуынша, олардың қарамағында 658 жылқы, 78 түйе, 223 қой мен 139 бас ешкі бар көрінеді. Және жыл сайын мал басы өсіп келеді. Қазіргі меже бойынша бұл Қазақстандағы іргелі шаруашылық болғанымен, сонау өткен ХІХ ғасырға дейінгі қазақтың дәулеттілерінің малы есебімен алғанда шап-шағын дүние. Өйткені ол кездері ең бай дәулетті адамдарда бір ғана жылқының басы мыңнан асқанын тарихтан оқып біліп немесе үлкен көнекөз қариялардан естіп жүрміз. Айтпағымыз осы “Қымызнай” кешені сияқты ұлттық мүддені жоғары ұстайтын, мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, мал өнімдерін өндіру, өңдеумен айналысатындарға мемлекет тарапынан күшті қолдау, көмек қажет. Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе, бұл шаруашылықтың қазақы әрі ұғымға сай “Қымызнай” аталуының өзі неге тұрады?! Әйтпесе өз жерімізде жүріп, өзгенің асына көз тігіп, өзге елдің атауларына сүзіле қарауға етіміз үйреніп кеткендей. Тіпті Қазақстандағы ірі бір холдингтің басшысы, өзі қазақ жігіті мынадай пікір айтады. “Қазақтың ұлттық тағамдары қазы-қартасы, жал-жаясы, қымыз-шұбаты еуропалықтарды тамсандыруы мүмкін. Сөз жоқ, қазақ қымызымен мақтана алады. Қымызын “астың дәрумені” деп есептейді. Бірақ “біз қымызымызбен немесе қазы-қарта, жал-жая арқылы әлемдік рынокта атымызды шығарып, пайда түсіреміз” деу күлкілі естіледі. Өзге ел озық технологияларымен танылып жатқанда, біз “саба толы қымызымызбен қазақты танытамыз” деу ақымақтық. Қазақтың ұлттық тағамдарын шетелдіктер бір күн жер, екінші күні жер, үшінші күні әртүрлі тағам жеуге үйренген олар амалсыз бас тартады”. Міне, осылайша үй ішінен отау тігіп, қаймана қазақты алты бақан алауыз қылып отырғандар кімнің мүддесін көздеп отыр, бұл жағы беймәлім.
Қазақ Үкіметі қымыз, шұбат өнеркәсібі туралы нақты бір заңдар, қаулылар қабылдауы тиіс. Бұған уақыт жетті. Қымыз әлдеқашан әлемде танылып, брендке айналған. Патент алынуы керек. Мәселе, қымызбен, шұбатпен шетелдіктерді ауқаттандыру емес, шетелге танылу емес, маңыздысы, осы арқылы халқымыздың ұлттық мүддесін жоғарылату, денсаулығын жақсарту, саламаттылықты насихаттау. Осыдан оншақты жыл бұрын бұғы шаруашылығымен айналысатын Саха елі “Саха Республикасындағы қымыз өнеркәсібі туралы” арнайы заң қабылдап, қымызды әлеуметтік маңызды өнім деп белгілеп қойыпты. Тіпті бұл елде бие байлауға ешбір жағдай жоқ, ауа райы суық болғандықтан бұғылар ғана бағылады десек те, қымызды мемлекет тарапынан осынша бағалауларының өзі неге тұрады?! Ал, Франция мен Германия қымыз өнеркәсібін жандандыруда дес берер емес. Сыраларын насихаттап, әбден уланған Германия денсаулық үшін аса маңызды қымызды өндіруді жолға қойып отыр. Осыдан біраз жыл бұрын Көкшетау өңіріндегі жылқы шаруашылығында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған бір неміс азаматы өз елі Германияға қайтқан соң қазақтарша бие байлап, немістің ірі қаласы Мюнхенге әлі күнге дейін қымыз жеткізіп беріп жүр. Бұны қазақ елшісі Ерік Асанбаев қонақ боп барған кезде көрген екен. Ал Германияның “Эквимед” компаниясы қазақстандық профессор Кеңесхан Дүйсенбаевтың технологиясы бойынша биенің саумалынан жаңа туған сәбилер үшін ана сүтінің орнына беруге болатын арнайы тағам әзірлеуді жолға қойыпты. Ертедегі батырлар жырында айтылатындай, бие сүтін ішіп, бие сүтіне шомылып, ауруынан құлан-таза айығыпты деген жолдардың жаны бар-ау, сірә.
Қазір елімізде индустриялық-инновациялық жедел дамудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, ондағы басым жеті бағыттың бірі – агроөнеркәсіп кешенін, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын дамыту болып отыр. Ал ауыл шаруашылығының басты өнімі – қымыз. Демек, қымыз өнеркәсібінің серпілуіне бір мүмкіндік бар шығар деген үміт туындайды. Осыдан біраз бұрын басылым беттерінде “Самұрық-Қазына” қоры қымызды алдымен Жапонияға, сосын Еуропа елдеріне экспортқа шығаруға ниеттенуде деп жазылды. Бұл үшін, әрине, алдымен жылқы шаруашылығы мен бие сүтін өңдейтін кәсіпорындарды жолға қою қажет. Еліміздегі шаруа қожалықтарының әрқайсысында бар-жоғы жүзден асар-аспас жылқы ғана, ал саусақпен санарлық шағын зауыттарға қолдау көрсетілмей биікке көтеріле алмасымыз анық. Несін айтасыз, қымызханалар жоқ болғанмен қаланың әр көшесі, әр бұрышында қаптаған сыраханалар менмұндалап тұр. Ал өнімдері әрине шетелдікі. Шетелдіктер денсаулыққа зиян, ағзаны улайтын сыраларын саудалаудан, экспортқа шығарудан ұялмайды, ал біз таза қымызымызды әлемге танытудан бүгежектеп қысылатын сияқтымыз. Өзімізге өзіміз сенбейміз. Қымыздан кейін қазақ асханасының сәнін келтіретін шұбат. Қазақстанның барлық жерінде қарапайым халық, кәсіпкерлер, ғалымдар шұбатты өндіруді, өңдеуді өз беттерінше жүргізуде. Мәселен, Атырау университеті мен “Ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру” жобасының үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен өткен “Ұлттық шұбат, “Софмайя” сусынын дайындау технологиясын жасақтау және енгізу” деген семинарда шұбаттың шипасы туралы әңгіме қозғалды. Қарын сөліне көмек беріп, тамақты еркін қорытуға мүмкіндік туғызатын, ішек қызметін жақсартатын шұбат — дәрумен жетіспеушілік, өкпе аурулары, қан аздық, сондай-ақ, құрамында көп мөлшерде инсулин болатындықтан да сусамыр ауруының алдын алатын қуатқа ие. Шұбатта ағзадағы зат алмасуға қажетті фосфор, кальций, магний тұздары да жетерлік. Жаңа технология бойынша “Софмайя” сусыны бұл шұбатқа қызылша сөлін қосу арқылы әзірленеді. Қызылша да денсаулыққа өте пайдалы. Бұл технологияның иелері София Сағындықова, Майя Хажетдинқызы. “Софмайя” шұбатының ерекшелігі асты тезірек қорытып, иммунитетті көтеруге ықпал ететіндігінде екен. Қызылорда облысында, Батыс Қазақстанда қымыз бен шұбат өндіру жақсы жолға қойылса, шымкенттік ғалымдар шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістері бойынша инновациялық патентке ие болғандығын білеміз. Табиғи шұбаттың таблеткасын және ұнтақ түрін жасауды жолға қойған мамандар түйе сүтінен жасалған йогурт, балқаймақ және шалаптарды экспортқа шығаруды да көздеген болатын. Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жолдауында атап көрсетілгендей, азық-түлік өнімдерін өңдеу, ішкі тұтынымға, қала берді, экспортқа шығару негізгі талаптардың бірі. Қымыз бен шұбат қазірде қазақтың жеңсік асына айналды. Екінің бірі ауыз тие алмайды. Баяғыдай жаз келсе өтетін, қымыздың қырық түрін бәсекеге шығаратын “Қымызмұрындық” тойы да қазір ұмыт болған.
Кейде көшеде сусап келе жатып қазекемнің бал қымызын, айраны мен шұбатын еске аласың...
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.