Қоғам • 23 Сәуір, 2024

Су тасқыны: Қанша үй су астында қалды?

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов еліміздің батысында Ресейдің Ириклинск су қоймасынан Жайық өзеніне судың ағуына байланысты жағдай күрделене түскенін, солтүстікте су көтеріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Су тасқыны: Қанша үй су астында қалды?

фото: www.gov.kz

«Бүгінде 5 мыңнан астам тұрғын үй, 16 мыңнан астам саяжай мен 1 мың аула аумағы, 91 ғимарат су астында қалып отыр. 10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Қазір Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында ТЖ режимі алынды», деді ол.

Су тасқынын жою жұмыстары басталғаннан бері шамамен 11,6 миллион текше метр еріген су сорылып, 5 миллионнан астам қап төселді.

«Құтқару және шұғыл жұмыстар кезінде жаңа әдістер мен тәсілдер алғаш рет енгізілді. Мысалы, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында понтон көпірлерін орнату, қысқа мерзімде су бұру арналарын салу. Бұл көлік байланысын қамтамасыз етуге және су басу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Зардап шеккендерді эвакуациялау және орналастыру бойынша барлық мәселелер сол жерде жедел шешіледі. Құтқарушылар босанған әйелдерді құтқарған жағдайлар болды, олардың барлығы ауруханаларға аман-есен жеткізілді», деді Бауыржан Сыздықов.

Иелері тастап кеткен жануарлар да қиындықта қалған жоқ.

«Кейбір азаматтар үйлерінен кеткісі келмеді, келіссөз жүргізіп, оларды көндіру үшін көп уақыт қажет болды, бірақ эвакуациялау кезінде мүгедектер, қарт адамдар мен әйелдерге басымдық берілді. Жалпы, су тасқыны аймақтарынан барлығы 119 мыңнан астам адам эвакуацияланды, олардың 44 мыңнан астамы балалар болды, бүгінде суды жоюға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 су көлігі және 13 тікұшақ жұмылдырылды», деп атап өтті Сыздықов.

Оның айтуынша, бүгінде әкімдіктер материалдық шығынды санап, тұрғындарға өтемақы төлеп жатыр. Су қоймаларына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр.