Инфографика • 24 Сәуір, 2024

Шаруалар мәселесі қалай шешіледі?

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында 5,1 млн гектар алқапқа тұқым себу жоспарланып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, дәнді дақылдар жылдағыдан аз себіліп, есесіне майлы дақыл, қарақұмық, картоп алқабының көлемі біршама ұлғаяды. Бағасы тұрақты, табысы берекелі болып келетін майлы дақыл түрлерін көбейте беру көзделген.

Шаруалар мәселесі қалай шешіледі?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Өткен жылы күз бойы то­лас­тамаған жаң­быр­дың салдарынан са­­ба­ғынан ажырамай жатып өніп кеткен бидайын барын­ша жинап, кептіріп алған шаруа­шылықтардың біразы қазір себерге тұқым таппай отыр. Сапасыз өнім тұқымға жарамайды. Сон­дықтан әсіресе, шағын шаруа қо­жалықтарының дені тұқым сатып алу үшін былтырдан қалған қары­зының үстіне қарыз жамап алып жатыр.

Биылғы көктемгі егіс жұмыс­тарына 514,2 мың тонна тұқым қажет екен. Таяуда облыс әкім­дігінде өткен жиында аудан әкім­дері тұқым толық көлемде да­йындалды деп есеп берген. Алай­да біраз шаруашылықтан тұ­қым тапшылығы мәселесінің қа­жетті мөлшерде шешілмей жат­қаны туралы шағым түсіп жатқан көрінеді. Осыған байланыс­ты облыс басшылығы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне тұқым­ның бар-жоғын тағы бір рет пы­сық­тауды тапсырды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамбетовтің айтуынша, өңірде 498,5 мың тонна тұқым немесе қажетті тұқымның 97 пайызы бар. Жетпей тұрғаны – 18,8 мың тонна. Мәселен, Аманкелді ауданына – 3 385 тонна, Жітіқара ауда­нына – 9 474 тонна, Арқалық қаласына 5 920 тонна тұқым қажет. Кейбір аудандарда майлы тұқым жоқ.

Минералды тыңайтқыштарды сатып алу жұмысы да алға бас­пай тұр. Биыл алқаптарға 256 мың тонна тыңайтқыш себу мін­дет­телген еді, бүгінде облыс ша­руа­шылықтары соның тек 2 жарым мың тоннасын ғана сатып алған. Облыс әкімі аудан басшылары мен ірі шаруашылықтарға бұл мәсе­леге немқұрайды қарамау керегін айтты.

«Көктемгі дала жұмыстарының басталуына аз қалды. Негізгі мә­селе – шаруаларды тұқыммен қам­тамасыз ету. Облыста тұқым жеткілікті. Элеваторларда жатыр. Оны біз түгел пайдалануымыз керек. Бірақ өткен жылғы жаңбырдың салдарынан қиыншылық көріп отырған шаруашылықтар бар. Оны көріп отырмыз. Сондықтан аудан әкімдері көктемгі егіс басталмас бұрын осы мәселені дереу шешуге тиіс. Былтыр күзгі науқанда қиыншылықтарға қарамастан, майлы дақыл түсімі өте жоғары болды. Биыл майлы дақылды 14%-ға артық себеміз. Сондықтан аудандар майлы дақылдар тұқы­мын дайындауға тиіс. Мине­рал­дық тыңайтқыштарды қол­данған жөн. Өйткені топырақ құрамындағы қарашірік азайып кетті. Минералдық тыңайтқышсыз оны қалпына келтіру мүмкін емес. Жерді аялап, баптасаң ғана жеміс береді. Өкінішке қарай, шаруашылықтардың көбі бұған дұрыс көңіл бөлмейді. Аудан әкімдіктеріне ауылшаруашылық тауарын өндірушілерімен бірге осы мәселені айрықша назарда ұстауды тапсырамын», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Десек те, былтыр алған несие­сін жаба алмай қалған шағын ша­руашылықтардың дені алда­ғы көктемгі науқанда елеулі қиын­дыққа тап болғалы тұр. Олардың «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Азық-түлік корпорациясына» берешегі 7 млрд теңгеге жуықтаған. «Азық-түлік корпорациясы» жер­гілікті филиалының директоры Алмат Шаяхметовтің айтуынша, 2023 жылы 98 шаруашылық 7,2 млрд теңгеге қаржыландырылған. Соның 47-сі борышын өтеген, алайда қаржылық мүмкіндігі жоқ 51 шаруашылыққа 2,9 млрд теңге пролонгация берілген.

«Олардың борышты өтеу мерзімі 2024 жылдың 1 қазанына дейін ұзартылды. Яғни олар өткен жылғы қарыздарын 1 қазанға дейін қайтарып беруі керек. Қазір мұндай шаруашылықтармен қосымша келісімшарт жасасып жатырмыз. Пролонгацияда 3 пайыздық төлем қарастырылған, бұл – банк комиссиясы. Борыш мерзімін ұзарту туралы өтініштердің дені негізінен өткен жылғы жаңбырдың салдарынан сапасыз өнім алған Амангелді, Жангелдин, Науырзым, Жітіқара, Қамысты аудандарынан түсіп жатыр», дейді Алмат Шаяхметов.

Диқандардың көбі былтыр өнімінің жартысын жинай алмай қалғандықтан, биылғы науқанның бірсыпыра шаруашылыққа қиын тиер түрі бар. Жинағандардың өзі 4-ші, 5-ші сұрыпты сапасыз өнім алған. Оны тоннасына 30 мың, әрі кеткенде 40 мың теңгеге сата алды.

«Өткен жылдардағы қуаң­шы­лықтың, 2023 жылғы 2-3 айлық күзгі жаңбырдың салдарынан көптеген шаруашылық шығынға батып отыр. Өйткені былтыр бидай бағасы өнімнің өзіндік құнынан екі-екі жарым есе төмен болды. Олар табыс таппақ тұрмақ, өздері шығарған шығынды да қай­тара алмады», дейді аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінген шаруа­шылық басшысы.

Биыл өңірде көктемгі егіс нау­қанына 21,9 мың трактор, 1,3 мың егістік кешені, 21,8 мың сепкіш жұмылдырылмақ. Қазіргі таңда техниканың 93 пайызы дайын тұр. Мемлекет Қостанай облысының шаруашылықтары үшін 1 литрі 250 теңгеден аспайтын 79,6 мың тонна дизель отынын бөліп отыр.

 

Қостанай облысы