Олимпиада • 26 Сәуір, 2024

Париж Олимпиадасы: меже – 80 жолдама

281 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің спортшылары тәуел­сіздіктен бері жазғы Олимпия ойындарына осымен сегізінші мәрте ат байлайды. Батыс Еуропаның баурайында, Парижде өтетін доданың да дүбірі таяп келеді. Бұған жолдама үлес­тірер лицензиялық сайыстар да сиреп жатыр. Бүгінге дейін спортшыларымыздың ен­шісінде бірнеше спорт түрінен олжалаған 43 жолдама бар. Ендігі қайратымыз қандай болмақ? Олимпиада басталғанға дейін де лицензия берілетін іріктеу додалары өтеді. Демек, әлі де жолдама санын еселеудің мүмкіндігі туады.

Париж Олимпиадасы: меже – 80 жолдама

Бабың қалай, балуан?

Күрес түрлері (еркін, грек-рим және әйел­дер күресі) бойынша әзірге ен­шімізде 7 жолдама ғана бар. Грек-рим күре­сінен 4 жолдама тиді. Балуандар енді мамыр айында Түркияда өтетін соңғы ірік­теу додасында грек-рим күресінен үш жолдама еншілеуге тиіс. Еркін күрестен алты жолдаманың әзірге үшеуі ғана бар. Әйелдер күресінен балуан қыздарға әлі бірде-бір жолдама бұйырған жоқ. Алда тек соңғы іріктеу додасы. Бұған дейін олимпиада жолдамасы былай тұр­сын, төртжылдық додасынан медаль олжа­лаған қыздарымыздың қайрат-күші ке­мігендей сезіледі. Дегенмен Ыстанбұлда өтетін соңғы іріктеуде бұрымдылар барын салатынына сенім мол.

Дзюдо күресінен олимпиада жолдамасы балуандардың әлемдік рейтингтегі әлеуетіне қарай берілетіні белгілі. Яғни Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингінде үздік 17 саңлақтың қатарына енген балуан Парижде олимпиада медалі үшін таласқа түседі. Әлем­дік рейтингте 1-17-орындарды ие­ленген балуандарға лицензия тиеді. Дзюдо күресінен ерлер арасында бес жолдама бұйыруға тиіс. 60 кг салмақта Нұрқанат Серікбаевтың да, Мағжан Шамшадиннің де мүмкіндігі бар. Ғаламдық рейтингте Нұрқанат 14-орында, Мағжан 24-сатыда тұр. 3-5 мамыр аралығына Тәжікстанның Душанбе қаласында өтетін Grand Slam турнирінде 60 кг салмақта екеуі де белдесуге түседі. Қай қайсысы да чемпион атанса – 1000 ұпай, күміс жүлде алса – 700 ұпай, қолаға қолы жетсе, 500 ұпай еншілейді. Одан кейін 10-12 мамыр күндері Астанада «Qazaqstan Barysy Grand Slam» маңызды додасы түңлігін түреді. Міне, қос балуанға да осы екі айтулы сайыста жүлде алып қана қоймай, ұпайын түгендеу маңызды. 66 килограмда Ғұсман Қырғызбаевтың жолдама иелену мүмкіндігі жоғары. Үздік 17 балуанның (Ғұсман рейтингте 23-орында) қатарынан көрінуі үшін алдағы додаларда медаль олжалауы керек. 73 кг салмақта Данияр Шамшаевтың да жолдамадан үміті зор. Ол 17-сатыда келеді. 81 килограмда Абылайхан Жұба­назар Парижге баруы мүмкін, әзірге рей­тингте 14-сатыда тұр. 90 кг салмақта балуандардың деңгейі мақтанарлық емес. Тәжірибелі деген Дидар Хамза 42-орында тұр. Ұзақ үзілістен кейін спортқа қайта оралған Дидардың ұпайы тым төмен. Ол үздік 17 балуанның ортасына енуі үшін кемінде рейтингтік турнирдің бірінде чемпион атануға тиіс. 100 килограмға дейінгі салмақта Нұрлыхан Шархан – әзірге әлемдік рейтингте 24-орында. Оның да жолдама олжалауына мүмкіндігі мол, тек ендігі рейтингтік турнирде сүрінбеуі қажет. 100 килограмнан ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев 35-орында, Ғалымжан Қырықбай 36-сатыда тұр. Париж татамиіндегі алыптар белдесуінен қазақ балуанын көруіміз екіталай.

Қыздар арасында әлем чемпиона­тының жүлдегері талантты балуан Әби­ба Әбужақынова (48 кг) – Парижде белдесіп қана қоймай, медаль олжалайды деп сенім артатын спортшының бірі. Әлемдік рейтингте 3-орында тұр. Бұған дейін қыздарымыз Халықаралық дзюдо федерациясының рейтингінде үздік үштікке енген емес. Қыздар арасында 78 килограмнан жоғары салмақта Кәмила Берліқаш 17-орында келеді.

Балуандардың әлемдік рейтингтегі әлеуетіне қарап, дзюдодан ерлер мен қыздар құрамасы 13 жолдаманың тек жетеуіне иелік еткенін қанағат тұтатын секілдіміз. Ғайыптан тайып, балуандар барын салып, Душанбеде, Астанада өтетін Grand Slam турнирінде топ жарса, лицензия саны артуы бек мүмкін. Осы жолғы олимпиадада дзюдодан жолдама алған 372 балуан (ерлер 186, әйелдер 186) 14 салмақтың медальдар жиынтығын бөліске салады.

 

Ескекшілердің есебі түгел

Ескекшілеріміз олимпиада жолдамасын олжалады. Азия құрлығы бойынша берілген жалғыз жолдаманы спортшыларымыз «судан сүзді».

Токио қаласында каноэ мен байдаркада есуден Азия құрлығы бойынша лицензиялық іріктеу турнирі өтті. Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы екі адамдық каноэмен 500 метрге жарысуда мәреге бірінші жетіп, чемпион атанды. Осылайша, бұл қашықтықта берілетін Париж олимпиадасының жолдамасын иеленді. Ал байдарка мен каноэде есуден Сергей Токарницкий мен Бекарыс Рахматулла қара үзіп келді. 500 метрге жа­рысуда құрлықтың жалғыз жолдамасын осы жұп олжалады. Ескекшілер үшінші жолдаманы да жұптық сайыс­та еншіледі. Қыздар арасында Мария Бровкова мен Руфина Ысқақова Парижге бару мүмкіндігіне ие болды. Жазда Франция өтетін төртжылдық додасында 500 метрге каноэмен есуде осы арулардың жолынан жүлде күтеміз енді.

Сергей Емельянов – бұған дейін де олимпиада дуына қатысқан сыралғы спортшы. 2021 жылы Токио төрінде 1000 метр қашықтықта додаға түскенімен, жүлдеге іліге алмады. Сергей Емельянов бұл жолы Парижге тек жер шалып, ел көру үшін бармайтынын айтты.

«Лицензиялық тартыс өте жоғары деңгейде өтті. Командалас серігім Тимур Хайдаров екеуміз жоспар бойынша күшімізді сарқып алмай, дұрыс қадам жасадық. Жапония, Иран, Өзбекстан командаларынан лайықты қарсылық болатынын алдын ала білдік. Тіпті іріктеу кезеңінде Өзбекстан ескекшілері 400 метрге дейін ауыздық тістесіп қатар жүріп отырды да, тек көмбеге 100 метр қалғанда ғана бізден кейіндеп қала берді. Ал финалдық сында біз қарқынға қарқын қосып, жылдамдықты үдеттік. Ауа райының жайсыздығы кедергі келтірсе де, 500 метр қашықтықты межелі уақытта жүзіп өткенімізге қуаныштымыз. Ли­цензия тек чемпион атанған жұпқа берілетіндіктен, ешқандай қателікке бой алдырмадық. Жетістігімізге көңіліміз толады», дейді С.Емельянов.

Токио төріндегі құрлық додасында Сергей 1000 метрге жекелей сында да додаға түсті. Ескек есу спортынан медаль олжалайды деп сенім артқан спортшы алыс қашықтықтан гөрі қысқа қашықтықта додаға кірген әлдеқайда тиімді екенін айтады. Токио олимпиадасынан кейін қысқа қашықтықта сайысқа түсуді құп көрген С.Емельянов Парижде барын салатынын жеткізді.

Ескек есу спорты елімізде кенже да­­мыған сала саналады. «Қайық» федерация­сы 2010 жылы құрылып, ескек­шілердің бас ұйымына айналды. Әзірге Олимпия ойындарында олжа алмағанымен, ескекшілер Азия ойындарында судан «алтын медаль» сүзіп, жеңістен тау тұрғызып келеді. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарында ескекшілер 5 алтын 3 күміс, 2 қола медальмен оралды. Инчхонға аттанарда құрама бапкерлеріне жүктелген міндет 3 алтын еді. Бірақ ескекшілеріміз жос­парды еселей орындап, толайым табысқа жетті. 2018 жылы Индонезияның Жакарта қаласында өткен жазғы Азия ойындарында да ескекшілеріміз алтынсыз қайтқан жоқ. Тіпті былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында да С.Емельянов пен Т.Хайдаров каноэда ескек есуден алтын медаль иеленді. Жалпы, Азия ойындарының тарихында ескекшілеріміздің қанжы­ғамызға бөктерген медалінің саны өзге спорт түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда басым. Жетпей тұрғаны – олимпиаданың медалі. Азия құрлы­ғындағы қарсыластарын шаң қаптырған ескекшілеріміз Парижде де жеңіс тұғырына көтеріледі деп сенеміз.

Ескек есу додасынан еншімізге кезекті жолдаманы Владислав Яковлев байлады. Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында академиялық есуден лицензиялық іріктеу турнирінде жерлесіміз қара үзіп келді. 2000 метр қашықтыққа сайыста негізгі қарсылас саналған Индонезия мен Үндістан спортшыларын шаң қаптырды.

 

Төккен тердің өтеуі – жолдама

Ел қоржынына Париж олимпиа­дасының кезекті жолдамасы спорттық гимнастика сайысында түсті. Гимнаст Нариман Құрбанов әлемдік іріктеу аламанынан олжалы оралып, төрт жылдық додасына қатысу мүмкіндігін иеленді.

с

Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қатар астанасы Дохада спорттық гимнастикадан әлем кубогінің шешуші кезеңі мәресіне жетті. Турнир қорытындысы бойынша төрткүл дүниенің таңдаулы гимнастары арасында Нариман Құр­бановтың да шеберлігі жоғары баға­ланды. Дүние жүзінің гимнасшылары арасында алдыңғы лекте тұрған жер­лесімізге әлем кубогінде жоғары нәтиже көрсетіп, рейтингтегі биігінен төмен­демеу жүктелген еді. Ол өзіне артылған сенімді ақтай білді.

Әлем кубогінің кезеңдерінде жоғары ұпай жинаған гимнастар ғана олимпиада жолдамасын иеленді. Ат снарядындағы жаттығуда Нариманның басты қарсыласы тайпейлік Ли Чи Кай болды. Егер Дохада Кай чемпион атанғанда отандасымызға жолдама бұйырмайтын еді. Бағымызға орай тайпейлік спортшының көрсеткіші жоғары бағаланған жоқ.

см

Ақпан айында әлем кубогінің кезеңінде (Германия) топ жарған Нари­ман одан кейін Антальядағы әлемдік додада күміс медаль иеленді. Нари­манның орындап жүрген комбинациясы қиындығы жағынан әлемде екін­ші жаттығу саналады. Ол әлем кубо­гінің кезеңдерінде осы комбинациясын орындады. Антальяда тіпті бір қол­мен айналу жаттығуын жасады. Мұны әлемде тек таңдаулы гимнас­тар ғана асқан тәуекелмен орындайды. Дохадағы әлем кубогінің қорытынды кезеңін 4-орынмен аяқтаған Нариман жалпы есепте 70 ұпаймен екінші сатыға жайғасты. Әлем кубогінің кезеңдерінде иорданиялық Ахмад Әбу Әл Суд жеңіс тұғырынан көрінді. Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Ким шәкірті Нариман Құрбанов Дохадағы додада сынға түскенде қателік жібергенін айтты. «Бастысы, жолдама олжаладық. Алдағы уақытта қателікті түзеп, әдістерді орындау кезіндегі кемшілікті бүтіндейміз», деді құрама жетекшісі.

Осылайша, еліміздің гимнасшылары олимпиаданың екі жолдамасын иеленді. Былтыр Милад Карими көпсайыстан лицензия олжалаған еді. Парижде гимнас­тикадан осы оғландардан жүлде күтеміз. Қатарда өткен әлем кубогінің кезеңінде еркін бағдарламада Милад Каримидің алдына ешкім түсе алған жоқ. Ол елге алтын медальмен оралса, Дмитрий Патанин де еркін бағдарлама сайысында қола жүлдеге қол жеткізді. Каримидің жазғы Олимпия ойындарына екінші мәрте жолы түскелі тұр. Ол 2021 жылы Токио төрінде де төртжылдық сайысында бақ сынап, 8-орынды місе тұтқан еді.

Доха қаласында өткен лицензиялық іріктеу додасында Мария Дмитриенко стенд атудан жолдама иеленді. «Трап» бағдар­ламасында мергендігімен дара­ланған жерлесіміз Парижде бақ сынайды енді. Стенд атудан Дохадағы мергендер додасы 29 сәуірде мәресіне жетеді.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Олимпия ойындарына 25 спорт түрінен 80 жолдама олжалау мақсат екенін айтады. 2021 жылы Токио Олимпиадасынан тек сегіз қола медаль алып қайтқан спортшыларға қоғам тарапынан аз сын айтылып жүрген жоқ. Былтыр Қытайда өткен жазғы Азия ойын­дарында жалпы есепте ондыққа ене алмағаны үшін де министрлік мақтау естімеді. Биыл қалай болар екен?