Айбын • 30 Сәуір, 2024

«Ана жүрегі» – сарбаз қамқоршысы

139 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүниеде ананың перзентіне деген махаббатынан құдіретті күш жоқ. Мейлі бұғанасы бекімеген жас бала болсын, қару асынып ел тыныштығын күзеткен айбарлы жауынгер болсын, ана жүрегінде ол сәби қалпында қала бермек. Бауыр еті баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр әзіз жандар Отан алдындағы борышын өтеп жүр­ген ұрпағының тағдырына алаң­дап түн ұйқысын төрт бөледі. Осы орайда ана мен бала арасына дәнекер болуды мақсат тұтқан «Ана жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғам­дық бірлестігінің орны ерекше. Біз қоғамдық бірлестіктің Абай облысы бойынша өкілі Айнұр ТАТЕРОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

«Ана жүрегі» – сарбаз қамқоршысы

– Айнұр ханым, әңгімемізді өзіңіз қызмет ететін аналар комитетінің жұмысы туралы бастасақ.

– «Ана жүрегі» комитеті – сарбаздарға анасындай қамқорлық көрсетуді мақсат тұтқан ұйым. Комитет 2019 жылдан бері Қорғаныс министрлігі, еліміздегі әскери бөлімдермен тығыз қарым-қатынас жасап, балаларымыздың әскер­дегі жағдайына қатысты өзекті мәселе­лерді көтеріп келеді. Мақсатымыз – сол мәселелердің оң шешілуіне атсалысу. Жетістігіміз де жоқ емес. Соның бірі де бірегейі деп ұйым төрағасы Лилия Хайруллинаның бастамасымен сар­баздарға несиелік демалыстың берілуін айтар едім.

– Бұдан өзге, әскери бөлімдерді аралау кезінде қандай мәселеге басты назар аударасыздар?

– Қоғамдық ұйым өкілі ретінде өз басым сарбаздардың тамақтануы мен жатын орнына ерекше ден қоямын. Сондай-ақ теориялық және тәжірибелік сабақтар өтетін сыныптарды аралауға тырысамыз. Азық-түлікті сақтау тәрті­бін, олардың жарамдылық мерзі­мін бақылап, медициналық пункттер­ге міндетті түрде бас сұғамыз. Медици­налық персоналдың жұмысымен танысып, мерзімді қызметтегі әскери қызмет­шілердің дәрігерлік көмекке жүгіну жур­налындағы жазбаларын мұқият қада­ғалаймыз.

Жалпы, аналар комитеті әр сарбаздың тағдырына өз баласындай алаңдайды. Өйткені әрбір ана балаларының әскери борышын қалай, қандай жағдай­да орындайтынына баса мән береді. Сон­дықтан біз әскери бөлімдермен мүм­кіндігінше тығыз жұмыс істеуге тыры­самыз. Сарбаздардың әскери өмірін, жағдайларын әлеуметтік желілер арқы­лы көрсетіп отырамыз. Жүргізіліп жат­қан жұмыстар аясында аналар комитеті мерзімді әскери қызметшілер мен ата-аналар арасында байланыс орнатып, әскери ортадағы туындаған мәселелерді уақтылы шешу бойынша сан түрлі шараларды қабылдап келеді.

– Сіздің өз балаңыз да әскер қата­рында ма?

– Иә, ұлым Ұлттық ұлан сапында мер­зім­ді әскери қызметін атқарып жүр. Қара­ғанды қаласындағы 6506 әскери бөлім­нің қатардағы жауынгері түзеу меке­месін күзетеді. Шыны керек, осы қыз­метке кіріскенімнің себепкері де – жал­ғыз балам. Кейінгі уақытта әскерде болып жатқан оқыс оқиғалардан жаным түр­шігіп, тыныш жата алмадым. Тіпті баламды әскерге жібермеудің амалдарын да қарастырдым. Алайда ұлым тумысынан тік мінезді еді. Қарсылығыма қарамастан: «Анашым, мен өз еркім­мен әскерге барамын, ол – менің азамат­тық борышым» деп талап қойды. Баламның бойындағы патриоттық сезімнің ұшқынын көргеніме қуандым. Содан кейін ойымды өзгертіп, баламды әскерге жібердім. Дегенмен ана жүрегі алаңдаулы. Содан бір күні әлеуметтік желі арқылы «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті бар екенін естіп, оның төрағасы Лилия Хайруллинамен таныс­тым. Қоғам белсендісі мені де осы комитетте бірге еңбек етуге шақырып, Абай облысы бойынша өкілі ретінде іске кірістім.

– Қоғамдық бірлестік өкілі болу сізге не береді?

– Комитет төрағасы мені қызметке алмай тұрып, ерікті ретінде жұмыс істейтінімді тәптіштеп түсіндірді. Яғни мен қоғамдық бірлестіктен бес тиын да жалақы алмаймын. Сондықтан мен оған тек негізгі қызметімнен қолым босағанда ғана бұл жұмысқа білек түре кірісетінімді жеткіздім. Осылайша ортақ шешімге келген соң, Абай өңірі бойынша сарбаздардың анасы атандым. Айына он бес әскери бөлімге бір емес, бірнеше рет барып қайтамын. Құр қол бармай, тәтті тағамдар мен шағын сыйлықтар апарамын. Анамын ғой, сондықтан әрбір сарбазды өз баламдай қабылдаймын.

– Олар да сіздің келуіңізді сағына күтетін шығар?

– Таяуда Аягөз қаласындағы әскери бөлімге барып қайттым. Сапар барысында әскери бөлімнің инфрақұрылымын тексеріп, асханадан бастап, сарбаздардың жатын жайына дейін тексеріс жүргіздім. Бұдан кейін әскери бөлім басшылығына тек сарбаздардың қатысуымен өтетін кездесу ұйымдастырып беруін сұрадым. Оларды еркін әңгімеге шақырып, өзекті мәселелерін тыңдадым. Одан қалса көңілдерін көтеру мақсатында түрлі ойын­дар ұйымдастырдым. Сарбаздардың өтініштерін тыңдап, өзіммен бірге алып келген тәтті тағамдарды үлестірдім.

Іс-шарамыз соңына жеткенде бір сарбаз «Сізді құшақтасам бола ма?» дейді. Сұрастырып көрсек, әскери бөлім табалдырығын енді аттап, ант қабылдауға дайындалып жүрген сарбаз екен. «Сіздің сөйлеу мәнеріңіз бен кескін-келбетіңіз анамнан аумайды екен, сізді құшақтауға рұқсат етіңізші» дейді құлағыма сыбырлап. Бірден Қарағанды қаласында азаматтық борышын өткеріп жүрген ұлым есіме түсті. «Келе ғой» деп Ақтау қаласынан шақыртылған әлгі сарбазды бауырыма бастым.

Күндердің күні тағы да сол әскери бөлімді бақылап қайтпақ болдым. Алдым­нан күтіп алған жарқын жүзді әскери бөлім басшылығы «Аягөздегі ұлыңызды көруге келдіңіз бе?» дейді қалжыңдап. Мен кеткен соң әлгі сарбазға «сарбаздар анасының баласы» деп ат қойған екен. Ол кезде әлі де әскери тәртіпке бейімделмеген жас жігіт соңғы рет барғанда нағыз жауынгерге айналған. Кешегі мөлдіреген көздері жасындай жарқырап, болмысынан қайсарлықтың рухы асқақтап тұрғандай көрінді.

– Соңғы рет қай әскери бөлімге бардыңыз?

– Ұлыстың ұлы күніне орай Ұлттық ұланның Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде болдым. Мерейлі мере­ке барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшы­лығының сарбаздарына ұлттық тағам­дар үлестіріп, наурызкөжеден дәм татқыз­дым. Сондай-ақ ұлттық ойындарды жаңғыртып, Отан қорғаушылар арасында асық ату, арқан тартыстан сайыс­тар ұйымдастырдық. Әріптестерім мен жайында «жалғыз ұлың бір төбе, мың сарбазың бір төбе» деп қалжыңдап отырады. Ана махаббатынан асқан ғаламат һәм тылсым күш жоқ. Оның пейілі дархан, шұғыласы шексіз. Сондықтан ақ адал сезімге толы сарбаздар анасының жүрегінде мың сарбазға орын бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»