Талбесік • 03 Мамыр, 2024

Ел байлығы еселеніп келеді

121 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ежелден тамылжыған таби­ғатымен аты шыққан өңірдегі басты байлықтың бірі сыңсыған ну орман екені даусыз. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген жұ­мақ жердің табиғаты жыл өткен сайын түрленіп, жасарып, жақсарып келеді.

Ел байлығы еселеніп келеді

Көкшенің көркіне айналатын көшеттер

Өңірдегі орман қорының жалпы ауданы 1,1 млн гектарды құрайды. Оның үштен бірінде тал-терек, қайың-қа­рағай, өзге де ағаш түрлері қаулап өсіп тұр. Ендігі міндет – барын бағалай біліп, бұрынғы байлықтың ажарына сызат түсірмей, молайта түсу. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығының 13 коммуналдық мемлекеттік мекемесі әр жыл сайын көшет отырғызуды қолға алып келеді. Бұл орайда ауыз толтырып айтатын та­быс та аз емес. Мәселен, 2020 жылы Мем­лекет басшысының бес жыл ішінде орман қорын молайту үшін екі миллиард­тан аса көшет отырғызуға қатысты тапсырмасын орындауға өңірдегі тиісті мекемелер жан-жақты ойластырылған жоспар түзіп, белсене жұмыс істеді. Ойға алған жоспар 123,6 пайыз орындалып, барлығы 12,07 млн дана көшет отырғызылды. 2021 жылы 1 370 гектар алқапқа көшет отырғызу жоспарланса, ойға алған шаруа 141 пайыз жүзеге асырылды. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл таратып айта кететін болсақ, 7,6 млн түп көшет отырғызылды. Сәтімен сабақталған іс 2022 жылы да жалғасын тапты. Бұл жылы 2845,8 гектарға көшет отырғызу межеленсе, алға қойған міндет 100 пайыз орындалды. Міне, осылайша Көкшенің көркіне айналған орман қоры жыл өткен сайын молайып, қыраттар мен қырқалар балауса ағаш­тармен толықтырылып, бұрынғы сәулет айшықталып, ежелгі дәулет мелтектей молайып келе жатқанын көз көріп жүр.

Биыл да орман іші қызу еңбекке толы. Басқармаға бағынышты орман шаруа­шылығы мекемелері 2 229 гектар алқапқа 13,5 млн дана көшет отырғызуды жос­парлап отыр. Көктем туғалы тұс-тұстағы жұмыс ширатыла түсуде. Дәл қазір өңірдің өңін келтіруге 7 млн-нан аса көшет дайындалған. Бұл орайда қажетті материал тапшылығын шешу үшін облыстық бюджеттен 325 млн теңге қаражат бөлініп, 6 млн түптен аса әр­түрлі ағаш көшеті сатып алынбақ. Тағы бір айта кетерлігі, әр жыл сайын басқармаға бағынышты мекемелерге орман мәдени жұмыстарын ілкімді жүзеге асыру үшін мыңнан аса уақытша жұмыс орны ашылады.

Көшет отырғызу ісінде тұқымбақ­тардың қосып отырған үлесі аз емес. Тақырыпты сәл ғана тарқатып айта ке­тетін болсақ, орман ша­руашылығы меке­ме­лерінде жалпы ауданы 175 гектарды құрайтын 13 орман тұқымбағы бар. Олардың ішінде Ақкөл, Кіші Түк­ті, Маралды тәрізді базистік тұқым­бақтарды бөле-жара айта кетуге болады. Аумағы үлкен іске 10 уақытша орман тұқымбақтары септігін тигізіп жатыр. Жыл сайын осы тұқымбақтарда 10 млн-нан аса көшет өсіріледі. Бүгінгі шаруа өз алдына ертеңгі істің барысында назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл тарапта да айта кетерлік жетістік бар. Мәселен, ал­дағы жылдары көшет отырғызу үшін қажетті материалдардың көлемін көбей­ту осы бастан назарға алынып отыр. Ол үшін уақытша тұқымбақтардың бүгінгі аумағын мейлінше ұлғайтуды мақсат тұтқан. Ендігі бір мәселе, көшеттің көлемін кеңейтумен бірге ондағы ағаш түрлерінің, Көкше топырағын жерсініп, өсіп кететін материалдарды молайту мақсатында әрі сапалық сипаттамаларын жақсарту үшін Ресейдің Түмен облысындағы «Ахмечет» тұқымбағынан тез өсетін және сәндік тұқым түрлерін сатып алмақ. Әрі бір тиімдісі алынған көшеттер аналық материал болып саналады. Қазірдің өзінде ағаш түрлері молайып келеді. Тәлімбақтарда ағаштың жүзден аса түрі бар.

Орман қорын молайтудағы мәнді бір мәселе осы тұқымбаққа келіп тіреледі. Өндірістік қажеттілікке байланысты құны 60 млн теңге тұратын, жалпы ауданы 86 гектарды қамтитын екі жаңа тұ­рақты орман тұқымбағын салу үшін жо­балық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жаңа тұқымбақтың 61 гектары – Зеренді ауданында, 25 гектары Атбасар ауданында орналаспақ. Бюджеттік өтінім жолданды. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен болашақ тұқымбақтарды қоршау жұмыстары жүргізілді.

Жыл сайын орман шаруашылығы мекемелері тұқым жинау жұмыстарын ыждағатты жүргізіп жатыр. Конустарды өңдеп, қарағай тұқымын алатын 7 кеп­тіргіш бар. Жиналған тұқымдар орман шаруашылығы мекемелерінің тәлім­бақтарына себіледі. Тұтастай алған­да облыстық табиғи ресурстар және та­биғатты реттеу басқармасының мекеме­лерінде Көкше ормандарының көлемін кеңейту оң сипатқа ие екенін айта кетуге әбден болады.

Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын ны­ғайту маңызға ие. Бұл тарапта атқа­ры­лып жатқан жұмыс ауқымды. Сөзі­мізді тірілту үшін нақты деректерге жү­гінейік. 2021–2023 жылдар аралығында мемлекеттік орман ша­руа­шылығы меке­меле­рінің материалдық-те­хникалық базасын ны­ғайтуға облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Осы қаражатқа қажетті техникалар алын­ды. 2021 жылы жалпы көлемі 290 млн тең­гені құрайтын 23 бірлік техника сатып алынды. Оның 20-сы трактор болса, үшеуі – тіркеме. Техникамен бірге 25 дана өрт сөндіру рюкзактары да алынып, өртке қарсы күрес қуаты арта түсті. 2022 жылы 300 млн теңгеге 22 бірлік тех­ника алынды. Бұл жолы «Фермер» автокөлігі, патрульдік автокөліктер, тіркеме және аспалы жабдықтар алынып, материалдық-техникалық база толық­тырыла түсті. «Ермак» жоғары қысымды өртке қарсы қондырғылар мен «Суқұйғыш» тіркеме кешені – таптырмайтын дүниелер. Сондай-ақ соқа, тырна, кескіштер де жаңартылды.

2023 жылы 470 млн теңгеге 103 бірлік техника алынды. Оның ішінде өрт сөндіру, патрульдік автокөліктер мен 600 дана арнайы жазғы және қысқы киім-кешек те бар. 2021–2022 жылдар аралығында облыстық бюджет есебінен 13 орман шаруашылығы мекемесінің әрқайсысына бір-бір данада пилотсыз ұшу аппараты сатылып алынды. Биыл облыс әкімдігі 200 млн теңгеге 9 шағын орман патрульдік кешенінің техникасын сатып алуға қаражат бөліп отыр. Міне, осылайша жарақтанған орман шаруашылығы мекемелері уақыт өткен сайын материалдық-техникалық базасын жақсартып, қауқарын арттырып келеді.

 

Тілсіз жауды тізгіндеуге әзір

Әрине, қауіп қайдан дерің бар ма? Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта дала өрті жиі орын алатыны ешкімге жасырын емес. Себебі де қа­рапайым. Өкпек жолаушының сөндірмей тастаған темекісінің тұқылы немесе қау шөптің үстіне түскен бармақ басындай әйнек өртке себепші болуы әбден ықтимал. Ал төнген қауіп жылдар бойы зор еңбектің күшімен жайқалып өскен тамаша табиғатқа орасан зор зиян шектіруі мүмкін. Сондықтан басқарма орман өрттерінің алдын алу үшін 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Орман өртіне қарсы күрес жөнінде өрістетілген барша жұмысты ілкімді ұйымдастыру үшін комиссия құрылған. Осы жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының оқу орталығында өртке қарсы қызмет саласындағы бі­ліктілікті жетілдіру мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінің 54 қызметкері оқудан өтті. Өрт қаупі күшейген маусымнан бастап халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жер­гілікті ақпарат құралдарында ма­те­риалдар жарияланады. Орман ша­руашы­лығының коммуналдық мем­ле­кеттік мекемелерінің жауапты қыз­меткерл­ерінің кезекшілік кестесі бекітілді. Қауіпті кезеңде 130 тонна жанар-жағармай қоры әзірленді.

Орман өрттерінің алдын алу үшін қау шөптерді күйдіріп, қатерді сейілту межеленіп отыр. Жалпы ұзындығы 13 574 шақырымдық минералды жолақтарды талапқа сай ету көзделген. Таяуда облыс­тық орман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман шаруашылығы мекемелерінің қауіпті кезеңге дайындығын тексеріп, бағасын берген. Нақтырақ айтатын болсақ, мүмкін болған он балдың сегізі берілген.

Енді бірауыз сөз – заңсыз ағаш кесу жайында. Төл табиғаттың тағдыры алаң­датып, көздің қарашығындай күзет­кенімен сумаң қаққан суыққол тыйылмай тұр. Орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері жыл басынан бері 1 494 рейд жүргізген. 2023 жылы заңсыз ағаш кесудің 9 оқиғасы анықталыпты. Кел­тірілген залал – 438,520 мың теңге тө­ңірегінде. Кесілген ағаш – 38,48 текше метр. Заң бұзғандардан 200 мың теңгеден аса қаражат өндіріліп алынған.

Қорыта айтқанда, бар жұмыс то­лайы­м атқарылса, орманымыздың ойсы­рамайтынына сенім мол.

 

Ақмола облысы