Халық • 03 Мамыр, 2024

Құтты қоныс

123 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Суы нәрлі, шөбі шүйгін, ауасы тұнық Ақбастау ауылын тұрғындар киелі мекен санайды. Мұның сан түрлі сыры бар. Бақ-береке, ырыс-құт қонақтаған ауылда бүгінде мың жарымнан астам түрлі этнос өкілдері тұрады. Олардың басым бөлігі – күрдтер.

Құтты қоныс

Қуғын-сүргін жыл­дар­дың азабын өзге ұлттар да аз көрмеген. Ата жұр­тынан ауып, күшпен көші­рілген күрдтердің біразы Еңбек­ші қазақ ауданының төңіре­гіне табан тіреген. Солар­дың қата­рын­да Надыровтар әулеті де бар.

Бала жастан қиындықтың қамытын киіп, тағдырдың ащы дәмін татқан Азиз Байлярұлының есінде қалғаны қазақ халқының кең пейілі мен мол мейірімі еді. Әкесі «саяси тұтқын» ретінде сталиндік режімнің құрбанына айналса, анасы қайтыс болып, өзі 10 жасында балалар үйіне орналасады. Кәмелеттік жасқа толған соң Азиз Надыров Түрген педагогикалық училищесін үздік тәмамдап, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физкультура факультетіне оқу­ға түсіп, жоғары білімді маман атанады. Студент шағында спорттық ойындарға қатысып, рес­публикалық, еуропалық чем­пионаттардың жеңімпазы атан­ған Надыров отбасын құрып, Жаңашар ауылында мұғалімдік еңбек жолын бастаған. Қазақы ауылға тастай батып, судай сіңіп, ағарту саласының дамуына қал-қадірінше атсалысады. Ауыл жұр­тын ынтымаққа ұйытып, жақ­сы­лыққа ұмтылдырады. Осын­дай белсенділігінің арқа­сында 1963 жылы күрдтердің құтты қо­ны­сы­на айналған Ақбастау орта мектебіне директор болып бекиді.

Бұл ауылда қазақ, күрд, орыс, неміс, ұйғыр, украин бар, саусақ жетпес бірнеше этнос өкілі тату-тәтті тіршілік етіп жатыр. Ұлттар достығының дәнекері бола білген Азиз Надыров 8 бала өсіріп, тәрбиелеген. Тұңғышы Рашид Надыров Ішкі істер министрлігі саласында қызмет етсе, екінші ұлы Надо Надыров әке жолын жалғастырды, ал кіші ұлы Джамшит Азизұлы кәсіп­керлікті дамытып отыр.

Жалпы, Надыровтар отбасында мұғалім мамандығын мең­гергендері аз емес. Қыздары Гүлнар, Санам мен Синам Нады­ро­валардың есімдері Еңбек­ші қазақ ауданында құрметпен аталады. Бүгінде бұл отбасының жапырағы жайқалып, 60-қа жуық ұрпағы әр салада жемісті еңбек етіп жүр.

Ақбастау ауылы тұрғын­да­рының арқасүйер ақыл-кеңес­ші­сіне айналған ақсақал 80-нен асқан жасында дүние салды. Ха­лықтар достығын нығайтуға, білім сапасын көтеруге еселі еңбек сіңірген Азиз Надыровтың ағарту саласындағы еңбегі еске­ру­сіз қалмай, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атанды. Еліміз­дегі этносаралық бір­лік пен қоғам­дық келісімді дамыту ісіндегі қажырлы еңбегі баға­ла­нып, бірқатар марапатқа ие болды. Өнегелі өмірінде Еңбекші қазақ ауда­ны мәслихаты, мен Алматы облысы мәслихатының депутаты болып та игілікті істің басы-қасында қалтқысыз қызмет етке­ні ел есінде. Жақсылық пен жана­шыр­лықтың, қайырым мен мейірім­нің дәнін еккен әке ісін жалғастырушы ұрпақтарының бірі – Надо Нады­ров­тың да осы күні ел бірлігі мен ын­тымағын арт­тыруға қосып жүр­ген үлесі ора­сан зор.

Бірнеше жылдан бері Ақбас­тау орта мектебінің дирек­торы әрі күрд этномәдени орталығына жетек­шілік жасайтын Надо Надыров жас өскінге сапалы білім, саналы тәрбие беруді шебер ұштастырып келеді. Білікті басшы жалпыға бірдей білім беру аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан талантты балаларды жан-жақты қолдауға, ұжымдағы ұстаздарға моральдық, материалдық демеу көрсетуді алдың­ғы орынға қойған.

«Қиын заманда пана болған қазақ халқының пейіліне риза­шы­лы­ғымызды білдіре отырып, ынтымақ-бірлігімізді нығай­туға, мемлекеттік тілді мең­геріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге күрд халқының өкілдері де айрықша атсалысып келеді. Бауырдай біте қайнасып кеткен екі ұлттың салт-дәстүрлері ұқсас», деген Надо Надыров басты міндет – жас­тарды жалпыадамзаттық құн­ды­лық­тарға, отандық патриотизмге, білімге баулып, еңбек­қор­лық пен жауап­кер­ші­лікке тәрбиелеу екенін алға тартты.

«Әр кез «Күшіміз – бірлікте» екенін естен шығармай, бәріміз бірге еліміздің игілігі үшін аянбай жұмыс істеуге тиіспіз», дейді Ақбастау орта мектебінің директоры Н.Надыров.

Құтты қонысқа айналған Ақбастау ауылында тұратын күрд­тер­дің арасында ұзақ жаса­ған­дар мен көпбалалы отбасылар да көптеп саналады. Атап айтсақ, 92 жастағы қария Ало Алиев, 89 жастағы Разия Алиева, 87 жасқа келген Гүлизар Сар­дарова сынды ақсамайлы қария­лар мен көпбалалы Қыдыр Асанов, Теймур Калаев, Юсуп Исаевтардың тыныс-тіршіліктері өзгелерге үлгі-өнеге.

«Ауылымыздың суы дертке шипа, қасиетті саналады. Сон­дық­тан Ақбастау деп аталған. Бастау суын тегін пайдаланамыз. Қаладан келіп, емдік үшін алып кететіндер де бар. Таза су ішкен тұрғындардың да ниеті түзу, ынтымағы берік», дейді мектеп директорының орынбасары Маржан Мырзағұлова.

Күрд халқының би өнерін көр­сетіп жүрген мектептегі «Бахар» халық би ансамблінің жеткен жетіс­тігі аз емес. Синам Мамедова жетекшілік ететін ансамбль құра­мындағы өнерлі өрендер «Кочари» биін нақышына келтіре орын­дап, талай байқауда топ жар­ған.

Ал 1998 жылы Азиз Надыров­тың ұйытқы болуымен құрылған күрд этномәдени орталығы қоғам­­­дық келісімді нығайтуға, ұлттық салт-дәстүрді дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Этномәдени орта­лықта 20 шақты адам жұмыс істейді. Олардың күрд халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеудегі орны айрықша. Ширек ғасырдан астам уақыттағы жүйелі жұмыс жеміссіз емес. Биыл этномәдени орта­лықтың ұжы­мы «Кел, шыр­қайық!» жобасына қатысып, бас жүлдегер атан­ған­да­рын мақтан етеді.

Ынтымақ ұясындай Ақбастау ауылының көпұлтты тұрғындары «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет»  көрсетудің үлгісіне айналған.

 

Алматы облысы