Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Еліміз жаһанды жайлаған түрлі сын-қатерге қарамастан, стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайды. Аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйеде жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
Бұл туралы елордада өткен сессияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңінен тоқталып, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп тапсырды. Бұған қоса жастарды идеологиялық тәрбиелеу, этносаралық коммуникациялар алаңдарын құру, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру, этномедиация және волонтерлік қозғалысты дамыту туралы міндеттер жүктелді.
Өңірлік Ассамблея сессиясында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ҚХА-ның қоғамдағы трансформациясын айрықша атап өтті және су тасқыны кезінде уақтылы көмек көрсетуді ұйымдастыра білген Ассамблеяның рөлі мен орасан зор тәжірибесін жоғары бағалады. ҚХА-ның мүшелері, волонтерлері қиын-қыстау күндері Петропавл, Орал қалаларында көмек көрсетті. Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға және жеткізуге қатысқандардың барлығына халықтың алғысы зор.
Сондай-ақ А.Байханов Екібастұз қаласының, Павлодар, Железин, Успен аудандарындағы этномәдени бірлестіктерінің, Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің, жастар қанатының, ғылыми-сараптамалық топтың белсенді қызметін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары лауазымындағы жемісті жұмысы үшін «Буковина» румын-молдова мәдени қоғамы» ҚБ төрағасы Аурика Дякқа алғысын білдірді. Бұған қоса «Достық үйінің» қызметін әлеуметтік және азаматтық бастамалардың қайнар көзі – «комьюнити-орталық» ретінде қайта форматтауды ұсынды. Этноскверді жаңғырту және орналастыру бойынша жаңа идеялар дайындау, аймақтағы мектептер үшін әдістемелік орталық ұйымдастыру, сондай-ақ Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің жұмыс нысанын қайта қарау ұсынылды.
Жиында сөз алғандар ҚХА-ның Әділетті Қазақстан құрудағы рөлін арттыру жайында ой бөлісті. Облыстық Ассамблеяның сарапшылар қауымдастығы бүгінгі таңдағы міндеттерді түсінуде біртұтас бола білгендігі атап өтілді.
Облыстық финн-угор этномәдени орталығының төрағасы, Ассамблеядағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Николашина Президенттің жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беруге қатысты оралымды ойларына тоқталды.
«Аналар – қоғамның негізі. Қазіргі таңда Павлодар облысы аумағында 500-ден астам әйелді біріктіріп отырған 146 Аналар кеңесі жұмыс істейді. «Әйел-ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қазақ даналығы бар. Бұл нақыл біздің кеңестеріміздің күнделікті ұранына айналған. Ұйымдарымыз құрылған сәттен ерекше балалармен, өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдермен жұмыс істей бастадық, волонтерлік қозғалыс пайда болды. Павлодар гарнизонындағы әскери бөлімдерді қамқорлығымызға алдық. Мемлекеттік тілді меңгеруге көптің қызығушылығын арттыру мақсатында «Тәлім Тime» жобасы іске асып, 8 айдың ішінде 8 балабақша мен 250-ден астам бүлдіршін қамтылды. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Отбасы – тәрбие іргетасы» жобалары мен түрлі фестивальдер жас ұрпақты қазақ халқының рухында тәрбиелеуге жол ашты.
Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталды. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Аналар кеңесі халықтың есірткі индустриясына «нөлдік төзімділігін» қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіп отыр. Бұл бағыттағы істеріміз алдағы уақытта еселене түседі», деді ол.
«Ассамблея жастары» Республикалық жастар бірлестігінің белсендісі, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті студенттік ассамблеясының төрағасы Данил Дюба «ҚХА Волонтерум Хабы» деп аталатын жастардың көшпелі лагерін ұйымдастыруды ұсынды. Жоба өңірлік Ассамблеядағы волонтерлер қозғалысының жаңа тұжырымына әзірлеуге негіз болады.
Сессия соңында рухани бірлікті, достықты және ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға белсенді үлес қосқаны үшін ҚХА ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Павлодар облысы