Тағзым • 14 Мамыр, 2024

Балмағамбет мұрасы қашан бағаланады?

131 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын да атап өттік. Соның аясында бірнеше академиялық жинақтар мен энциклопедиялар жарық көрді. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып, академик туралы фильм де көрерменге жол тартты. Сондай іс-шаралардың айшықты оқиғасы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының Қаныш Сәтбаевқа берген батасы еді. Оны арнайы белгі-тасқа қашап, салтанатты ашылуын жасадық. «...Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев адамның жорғасы. Тірі болса бақты, талайлы болатұғын жігіт. Өлі Мұсаға Құдай рахмет қылсын, тірі Қаныштың өміріне құдай береке берсін!» дейді жарықтық. Рас-ау, бата дарымаса азамат ерге бақ қайда? Бірақ академик ғалымға бата берген әулие – жалғыз Мәшекең емес. Заманында күллі Ұлытау жұрты іліміне бас қойып, қол тапсырған, Қаныштың өзі рухани ұстаз тұтып, батихасына бет сипаған Балмағамбет Балқыбайұлын неге ескермей жүрміз?

Балмағамбет мұрасы қашан бағаланады?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Балмағамбет Балқыбайұлы – 1891 жылы Ұлытау облысында туып өскен дін ғұламасы, ақын. Халық арасында «Сармолда» атымен кең танылған. Оның әдеби мұрасы Мәшһүр-Жүсіп, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Ғұмар Қа­раш, Шәді Жәңгірұлы секілді шайыр­лардың шығармашылығымен өзектес. Адам­дарды тура жолға шақырып, жүрек таза­лығын сақтауды насихат еткен. Жү­сіп Бала­сағұнның «жуанмәрттік», Қожа Ахмет Ясауидің «һәл» ілімі, Абайдың «толық адамы» мен Шәкәрімнің «ар ғылымы» Балмағамбет шығармашылығында анық көрінеді.

«Ғапілет көрпе жамылып,

Қиыны жоқ жатардың.

Бірінен өтпей мәз болдық,

Толып жатқан қатердің.

Ғапыл болмай достарым,

Азығын сайла сапардың», 

деген шумақтарынан ақынның халқына деген пәруана пейілі мен пәруаза кеуілін танимыз. Ол жалғандыққа бой ұрмай, ақиқатқа ұмтылу керектігін жан-тәнімен ескертеді. Алланың жасырған хикметін, сырттан емес іштен іздеу керектігін түсіндіреді. Енді ақынның өлең мазмұнын қоя тұрып, фор­малық ерекшелігіне назар аударайықшы. Байқағанымыздай, Балмағамбеттің тілі арабизмге ұшырамаған. Ол шығармашылығын халқына түсінікті, қарапайым тілде жеткізуді мұрат тұтады. Бұл жөнінде ол өзінің рухани ұстазы Абаймен толық үндеседі.

«Қазақша өлең жазған Абай ақын,

Сары алтын сарп етті еңбек хақын.

Ғалым бол, надан болма деп зарлады,

Деген жоқ мынау алыс, анау жақын»,

деген өлеңінен Балмағамбеттің хакімге деген асқан құрметін, шәкірттік ілтипатын байқауға болады. Өлеңнің соңғы тармағына назар аударсаңыз, Балмағамбет Абайдың өлең сөздегі артық сөзге бармайтын дәлдігін жоғары бағалап отыр. Ілгерідегі ақындар секілді «жоқтан қармап, көр-жерді өлең қы­луға» ол да қарсы екенін астармен жет­кізеді. «Балмағамбет ақын шариғат жайын, дін және пайғамбарлар тарихын жырлаған шығармаларында да бұрынғы сүрлеумен кетпей, соны соқпақ тапқан. Бұл тақырыпта жырлаған алдыңғы ақындар, тіпті өзі үлгі тұтқан Шәді де шағатайшылыққа бой ұрса, Балмағамбет оны қазақ тілінің қай­мағы бұзылмаған қасиетімен өрнектейді. Мұны да ақынның саналы түрде жасаған шығармашылық әрекеті деуіміз керек. Қазақ тілінің тазалығын сақтауға арнайы көңіл бөлген Абай көзқарасынан, баспасөз бет­терінде осыны мәселе етіп көтерген Алаш зиялыларының еңбектерінен оның жақсы хабардар болғаны күмәнсіз. Сол себепті және жазғандарының өз тұстастарына барынша түсінікті болуын ойлаған ақын мұндай мәселелерде ескішілдікті қолайлы деп санамаған», дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Болат Қорғанбек.

Ақын қоғамдағы құбылыстарға да өзінің үнін қосып отырған. Азаматтық позициясын ашық көрсеткен. Айталық «1933 жылғы зар» деп аталатын өлеңінде аштық кезіндегі қазақ халқының аянышты жағдайын ашық суреттеген:

«Сиыр, қой, былай тұрсын кеже де жоқ,

Қаз, тауық, былай тұрсын шөже де жоқ.

Сары қымыз, қара саба, қайран халқым,

Ашыған күбісінде көже де жоқ».

Балмағамбет Балқыбайұлының Қаныш­пен байланысына келсек, ол туралы жазушы Медеу Сәрсеке 1988 жылы шыққан «Қаныш Сәтбаев» кітабында баян етеді. Онда Жезді кентінде өткен кен барлаушылар ұжымының мәжілісінде Балмағамбеттің Қанышқа домбырамен өлең арнағаны туралы жазылып, өлең үзіндісінің мәтіні беріледі. Сондағы Балмағамбеттің Қаныш Сәтбаевқа берген батасы мынау:

«Ұлытаудай ұлы жұрттан,

Алатауға аттанған.

Жезқазғанның асылын,

Армансыз-ақ ақтарған,

Қаныш едің зор тұлға.

Ен даланың сырласы,

Жеті қат жердің мұңдасы,

Халқым туған ер тұлға!

Елін сүйіп, еңбегін арнаған,

Кендерін ашып, іздеуден тынбаған,

Өнері озған ғаламат.

Ей, Қаныш, арыстандай азамат!

Ғұмырлы болып, тұғырда тұру –

Біздерден саған аманат!»

Иә, қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны болуға тиіс Балмағамбет Балқыбайұлы – осындай жарқын тұлға. Екі ғасырдың дидарын көзбен көріп, замана жайын толғаған ақын мұрасы ешқашан ұмытылмау керек. Уақытында ақын шығармаларының екі томдық жинағы жарыққа шыққанымен, оқыр­ман қолына кең таралмады. Бұл мәселе Бал­мағамбеттің туып-өскен жері Ұлытау об­лысының аса маңызды міндеті деп білеміз. Бір топырақтан нәр алған ғибраты мол ақынның өлеңдерін баспаға беріп, оларды кітап­ханаларға орналастыру жергілікті бас­шылықтың қолынан әбден келеді. Болат Қорған­бек секілді Балмағамбет мұрасын халықаралық басылым беттерінде насихат­тап жүрген ғалымдар саны – ілуде біреу. Солардың басын қосып, оның әдеби мұрасын зерделейтін ғылыми конференция жасай алсақ, ақын алдындағы және ұрпақ алдын­дағы аманатты орындаған болар едік.