14 Қаңтар, 2015

Бойын жасырған тұлпардай еді Бейсекең

854 рет
көрсетілді
45 мин
оқу үшін
Мырзатай-Жолдасбеков-цв(Мемлекетшіл үлкен тұлға Мырзатай Жолдасбековпен сыр-сұхбат) Сол қиын кездерде, әдебиет тарихы Бұқар жыраудан бас­талады, одан арғы кезеңдегінің бәрі халықтың аңызы, қиялы, фольклоры деген теория мықтап орныққан кезде, халықтың тарихына, әдебиетіне шырылдап араша түскен бірден-бір ғалым ұстазымыз Бейсембай Кенжебаев болатын.

(М.Жолдасбеков «Асылдарым», Астана, «Күлтегін», 2012).

Автор: Мырзеке, өткендегі бір әңгімемізде: «Жалпы, менің көңілімнің төрінде жүретін кісім, қолымнан жетелеп жүріп, үлкен өмірдің есігін аштырған, биік шыңына шығарған ғазиз ұстазым – Бейсембай Кенжебаев. Мен саған ол кісі туралы кейінірек жеке бір әңгімелеп берермін», – деген едіңіз. Әрі биыл Бейсекеңнің туғанына 110 жыл толып отыр. Бүгін сізден сол кісі туралы айтып беруді өтінгелі отырмын. Мырзатай: Жалпы, қазақ әдебиетінің тарихын тереңнен қопарып зерттеуде, зерделеуде, жүйелеуде, бүгінгідей ғылыми деңгейге жеткізіп қалыптастыруда Бейсенбай Кенжебаевтың атқарған қызметі, сіңірген еңбегі баға жетпестей орасан зор. Ол өзінің бүкіл өмірін осыған арнады. Бейсекең туралы айтар алдында әуелі сол кездегі біраз жайларға, қоғамдағы жалпы ахуалға тоқталып өтпей болмайды. Мен университетті 1960-шы жылы бітірдім. Соның алдында Жазушылар одағының пленумында сөйлеген сөзімнен кейін ұлы ұстазымыз Мұхтар Әуезов университет ректоры Тимур Байбосынұлы Дарханбаевқа «Бесінші курсты бітіретін Жолдасбековті университетте алып қалса дұрыс болар еді» деп звондағанын, сөйтіп өзім білім алған нұрлы шаңырақта ассис­тент деген қызметте қалғанымды осының алдындағы әңгімеде айтқанмын. Маған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген курсты берді. Ол кезде ҚазМУ респуб­­­ликамыздың маңдайына біткен жалғыз университет еді. Онда сабақ беру – оқуды жаңа бітірген маған көрсетілген үлкен сенім болатын. Оңай жұмыс емес еді. Бұрын лекция оқып көрмеген басым, барлық ынта-жігерімді, жанымды салдым. Әрине, Мұхаң сенім артып отырғаннан кейін, өзімнің бір топ ұстаздарым үміт етіп отырғаннан кейін. Оның ішінде Мәскен Сармұрзина апайым, Есмағамбет Ысмайылов ағам бар, Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаев және тағы басқа ұстаздарым бар. Намысқа тырысып, күні-түні табандап отырып лекцияға дайын­далатын едім. Сөйтіп, аспирантураға түскенге дейін, алғашқы төрт жыл бойы қазақ халқының ауыз әдебиеті курсынан сабақ бердім. Бұл бір байтақ, керемет, әдебиетіміздің үлкен саласы ғой. Ол кезде мектептерде қазақ эпостарынан «Қамбар батырды» ғана оқытатын. Қалғанының бәрі бай-бағылан, анау-мынау делінетін. «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Алпамысты» оқытпайтын. Мен қопарып тұрып бәрін пайдаланып, студенттерге солар туралы, қазақ халқының ауыз әдебиетінің шетсіз, шексіз байлығы туралы кеңінен айтып беретінмін. Осы күні Қуаныш Сұлтанов айтады: «Сырттай оқыдық, сессияға келгенде сұрайтынбыз, кімнің лекциясы қызықты өтеді деп, бәрі Жолдасбеков деген аспирант бар деп Мырзекеңді атайтын. Сол лекцияны жібермейміз, қалғандарына бара бермейтінбіз», – деп. Бейсенбай Кенжебаев

Ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев пен Рымғали Нұрғалиев.

Автор: Сіз университетте оқытушы болып қалған кезде кафедраны Мәскен Сармұрзина апайымыз басқарды емес пе? Мырзатай: Иә. Ол бір бақытты кез еді ғой. Кафедра мәжілісінің төрінде асқар таудай болып маңдайы жарқырап Мұхтар Әуезов отыратын. Одан төменіректе Е.Ысмаилов, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Х.Сүйіншәлиев, З.Қабдолов сияқты ағалар отырады. Беріректе Т.Кәкішев қосылды. Мен есік жаққа жайғасамын. Кафедра меңгерушісі Мәскен Сармұрзина апайымыз мәжілісті бастайтын. Ол кісі табиғатынан жайдары, жарқын, мейірбан еді, қазақ қыздарының ішіндегі ажарлысы еді. Алланың сүйкімді құлы секілді, аққудың көгілдіріндей болып мөлдіреп қарайтын. Қараған көз тоймайтын. Мұхаң жап-жас Мәскен апайды «Кафедраның әжесі» деп еркелетіп отыратын. Онысы әбден жарасатын. Кейінірек Мәскен апай Қазақтың қыздар педагогикалық институтына ректор болып ауысты да, оның орнына, кафедра меңгерушілігіне Бейсенбай Кенжебаев ағамыз тағайындалды. Осы жерде енді мынаны да айта кетуге тиіспін. Әр заманның өзіне қызмет ететін идеологиясы, саясаты болады. Біз – жалаулатқан, ұрандатқан коммунистік жалаң идеологияның ықпалында тәрбиеленіп өскен ұрпақпыз. Ол халықтың өз тарихын, өзі жасаған асыл мұраларын өзіне жат қылған заман еді. Бір халықты бірнеше тапқа жіктеудің салдарынан біз ата тарихымызды, байтақ эпостарымызды, ұлы қайраткерлерімізді білмей өстік. Оқытпады. Мұның өзі баланы ана сүтінен ажыратқан зұлымдықпен бара-бар болатын. Қолына қалам ұстағанның бәрінің аузына алдымен Алладан бұрын Маркс, Ленин түсетін. Ленинді ауызға алмасақ намазымыз қаза болғандай болатын. Онсыз ғылым жасалады деп ойламайтынбыз. Соның салдарынан жалған сөз, жасанды тарих етек алды, коммунистік идеология­мен, лениндік саясатпен әбден уландық. Мыңдаған жылдар қалыптасатын халық тарихын, халық мәдениетінің тарихын бір жылда, бір ғасырда пайда болдыра салатын теріс болжам етек алды. Аса көрнекті саналатын, қазақ әдебиеті тарихын зерттеу­ге өлшеусіз үлес қосқан академик Қажым Жұмалиев ағамыздың: «Қазақ әдебиетінің тарихы ХVІІІ ғасырдан, сол кезде өмір сүрген Бұқар жыраудан басталады» дейтін жаңсақ тұжырымы сол коммунистік сананың салқынымен қалыптасқан еді. Әйтпесе тұтас халықтың тарихы, оның әдебиетінің тарихы бір мезгілде туыпты дегенді ешбір тарих растамайды да, мойындамайды да. Өкініші, Қажым Жұмалиевтің бұл концепциясы оқулық арқылы мектеп оқушыларының зердесіне құйылып, санасына сіңіп жатты. Талай жылдар қалыптасып қалған бұл тұжырымды бұзу оңай болған жоқ. Әдебиетіміздің шын тарихы үшін күрестің басында профессор Бейсенбай Кенжебаев тұрды. Өзі ұяң, момын, бас көтеріп кісіге қарсы сөз айтпайтын, биязы Бейсекеңнің мұзды мұхитты бұзуға, санаға сіңіп кеткен қағиданы өзгертуге сол заманның өзінде қайыспай қарсы шыққан батырлығына, қайсарлығына әлі күнге дейін тәнтімін. Университет ол уақытта бұрынғы Панфилов пенен Киров көшелерінің бұрышындағы бір кезде Орталық партия комитетінің үйі болған ғимаратта еді. Кафедрамыз соның бірінші қабатында. Өткенде, бір барғанымда сол корпус­та болған едім, бәрі де өзгеріп кетіпті. Кафедраны таппадым. Әдетте, жұмыс аяғында Бейсекең менен: «Шықпайсың ба?» деп сұрайтын. Сол кезде жанына еріп, үйіне дейін шығарып салатынмын. Көп әңгіме айтатын. Сондай күндердің бірінде маған: – Мырзатай, біздің ежелгі әдебиетіміздің тарихын зерттеуге әлі күнге дейін батылымыз бармай жатыр. Әйтпесе, қазақ әдебиетінің тарихы ХVІІІ ғасырдағы Бұқар жыраудан басталады деген сөз ақылға сыймайды ғой, – деді. Ондай пікірлерін шет жағалап бұрын да айтатын. – Ойбай-ау, тарих деген мәселен, сол халықпен бірге туады ғой. Бірге қалыптасады. Бірге дамиды. Бұқар жырау­дың ар жағында ақын болған жоқ па? Оның ар жағында әдебиет болған жоқ па? Біздің сан-салалы адам таңғалатындай эпостарды тудырғандардың өзі ақын, жырау емес пе, – деген ойларын ортаға салды Бейсекең. Азғантай уақыттың ішінде, ол кезде машина жоқ, Панфиловпен көтерілдік, Калининге түстік, сөйттік те Фурмановтан өтіп, Төлебаев көшесінің бойындағы орындыққа келіп отырдық. – Мен осыны қатты ойланып жүрмін. Әділетсіздік қой бұл. Сен де осыларды ойланып, материалдарды қарап көрші. Бізбен бір тектес дейтін халықтар, татарлар, өзбектер әдебиетін ілгеріден бастайды. Осыған бара алмай, тартыншақтап жүрген біз ғана. Өз мұрамызға, өз тарихымызға өзіміз ие бола алмай жүрген халықпыз, – деп Бейсекең осы жолы ашыла, ашына, ақтарыла сөйледі. Оның алдында да кейде «жүр» деп ертіп алатын, бірақ бұл тақырыпқа бұлай тереңдеп бармайтын. Кейде басынан өткен қиындықтарды айтатын. Қудаланғаны, содан Мәскеуге кеткені, онда «Жоғарғы Кеңестің ведомстволары» дейтін болады екен, сонда аудармашы болғаны, жалақысы жетпей, жағдай қиындап, кітапханасынан кітап сатып күн көргені, Меңжамал жеңгейдің, өзі татар қызы ғой, бір ағайындарының қол ұшын беріп тұрғаны жайлы бұрындары айтқан еді. Ұстазымның осы жолғы әңгімесі маған қатты әсер етті. Қатты ойланып қалдым. Расында да біз ұлтпыз ғой, кез келген ұлттың пайда болу, қалыптасу дәуірлері болады. Бұл үрдіс ұзақ уақыт жүреді. Көркем ойсыз, әдебиетсіз халық болмайды. Оның ең алғашқы үлгілері – ауыз әдебиеті. Ғажайып дүниелер туады, оның нақты авторлары болады. Бара-бара ол авторларының есімдері ұмытылып, әлгілер халықтың мұрасына айналады. Осылай ойланып жүргенімде, бір күні кафедра мәжілісі болды. Ол кезде кафедра мәжілістері жоғары деңгейде өтетін. Өзекті мәселелер талқыланатын. Кафедра мүшелері өрелі ой айта алатын кісілер еді. Мәселен, Мұхамеджан Қаратаев, Есма­ғамбет Ысмайылов. Өздері зерттеп жүрген салаға келгенде, негізгі сөз, тиянақты сөз соларда болатын. Соған жұрт тоқтайтын. Кеңес әдебиеті, соның ішінде социалистік реализм дейтін үлкен мәселе ғой, ол жөнінде Мұхамеджан Қаратаев­тың аузына қарайтынбыз. Бертінгі әдебиет жөнінде дуалы сөзді Темірғали Нұртазин ағамыз айтатын. Өте білімді кісі бола­тын. Бірақ жарқылдап ашылып сөйлей бермейтін. Өзінің пікірі бар, оны айта алатын, ойын жеткізе алатын кісі еді. Сосын, мынау бергі дәуірдегі әдебиет тарихы, ақындар туралы Есмағамбет Ысмайыловтың, әдебиет теориясынан Зейнолла Қабдоловтың, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттен Бей­сенбай Кенжебаев ағамыздың аузына қарайтынбыз. СССР халықтары әдебиеті пәнінен студенттерге Мәскен Сармұрзина апай сабақ берді. Оны орыс бөлімдеріне де оқып жүрді ол кісі. Орысшасы жақсы еді. Әдебиетті оқыту методикасынан Белгібай Шалабаев ағамыз сабақ берді. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінен Ханғали Сүйіншәлиев ағамыз лекция оқыды. Осылардың барлығының түгел дерлік ғылыми атақ-дәрежесі бар болатын. Сол күнгі кафедра мәжілісінде кафедрамыздың меңгерушісі Бейсекең әдебиет тарихы деген мәселені барынша терең қойды. Ол кісінің сөздері тура баяндама сияқты болып шықты. Шамасы, көптен дайындалып жүрсе керек, мәселені жан-жақты қамтып, кеңінен дәлелдеді. жолдасбеов 001 - копия

Әбділда Тәжібаев, Кенен Әзірбаев және Мырзатай Жолдасбеков.

– Қазақ әдебиеті кафедрасы, осы айтылғандарға қалай қарайсыздар? – деп, Мұхаңа (Қаратаев), Есағаңа, Темағаңа қарады. Мұхтар Әуезов бұл кезде қайтыс болып кеткен еді. Бірақ бұрынырақта қазақ әдебиетінің тарихы жөнінде кафедрада бір әңгіме болғанда, ол кісі: «Бейсенбай, біз де осыны үнемі айтып жүрміз ғой, сенің осы мәселені түбегейлі көтергенің өте дұрыс болар еді. Түбінде осымен айналысуың керек» дегені есімде. Бейсекең Мұхаңның сондағы айтқан сөздерінен қуат алды ма, ол сөздерді өзіне аманат көрді ме, осы жолғы кафедра мәжілісінде қазақ әдебиетінің ежелгі тарихы мәселесін үлкен әңгіме етіп көтерді: «Біз енді қазақ әдебиеті тарихын күн тәртібіне қойып, терең зерттеуге кірісуіміз керек. Бұл мәселені енді соза берудің еш жөні жоқ. Халықтың тарихына да, әдебиетіміздің түп-төркініне де қиянат болады. Қазақ тарихын зерттеген тарихшыларымыз қазақ халқы ХVІІІ ғасырда пайда болды деп отырған жоқ қой. Олар арыдан келе жатқан тарихты айтып отыр. Онысы өте дұрыс. Сондықтан халықтың ұлттық, азаматтық тарихы – сол ұлттың әдебиетінің де тарихы. Әдебиет тарихы азаматтық тарихпен тығыз байланысты болады. Ол – тұтас, бөлінбейді, бөлуге болмайды. Сондықтан қазақ әдебиетінің тарихы ХVІІІ ғасырдан басталады деген тұжырымдама дұрыс емес. Біз – университетпіз. Барлық жоғары оқу орындарының әдебиет кафедраларының ішінде біздер көшбасшы болуға тиіспіз. Сондықтан халқымыздың тарихы болсын, әдебиетіміздің тарихы болсын, осыларға байланысты мәселелерді біздер күн тәртібіне батыл қоюымыз керек. Осыны сіздермен келісіп алайын деп едім. Біз қазір қазақ әдебиеті тарихын қалай жүйелеп жүрміз? Қазақ халқының ауыз әдебиеті, ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, қазақ совет әдебиеті деп жүрміз. Ал оның ар жағындағы халық қайда, оның әдебиеті қайда? Халқымыз не бітірген, не істеген? Біз қазір бүкіл әлемге белгілі болып жүрген және өзіміздің топырағымызда туған ғалымдардың, ақындардың еңбегіне неге ие болмаймыз, – дей келіп, Ақмолла туралы айтты. – Ақмолланы өздеріңіз білесіздер, әкесі қазақ, шешесі башқұрт. 1831 жылы туған. Өгей әкесінің қолында тәрбиеленіп, Орынбор, Троицк маңындағы татар мектеп-медреселерінде оқыған. Үнемі қазақ ауылдарында молда болып, бала оқытқан. Оның өлеңдерінде қазақ, татар, башқұрт сөздері аралас жүреді. «Қазаққа өлең жаздым ашық қылып» деп айтатын Ақмолла көп өлеңдерін өзінің қазақ халқына арнаған. Ақмоллаға қазір татар да, башқұрт та, барлығы ие болып жүр. Тек біз ғана ол жөнінде ауыз ашпаймыз. Ал ол бәрінен де бізге жақын ғой. Сол сияқты әдебиетіміздің одан бұрынғы, ертедегі терең тамырлары да қозғаусыз жатыр. Бұдан былай қазақ әдебиеті кафедрасы осы күрделі үлкен мәселемен, әдебиетіміздің айтылмай, ашылмай келе жатқан терең тамырларымен шындап айналысуы керек деп ойлаймын, – деп Бейсекең тереңнен толғанып, тебірене сөйлеп, үлкен тарихи сөз айтты. – Сосын, алпысыншы жылдан бері мына Мырзатай бізде істейді. Өздеріңе де белгілі, лекциясы жастардың аузында жүр, – деп сөзін жалғай түсті. (Лекцияларым шынында да қызық өтетін. Бізде оқып жүрген студенттердің басқа жерде оқып жүрген кейбір әдебиетке қызығатын достары бар ғой, солар да келіп тыңдайтын. Тура Мұхаңның лекциясына келгені сияқты. Оны өзім де байқайтынмын. Балаларды түгендегенде, бөтен балалар да отыратын. Іштей оны жек көрмейтінмін. Тыңдайын деп кеп тұр ғой, бірдеңе білгісі келетін бала ғой деп.) Содан Бейсекең айтып-айтып келіп, былай деді: – Қазақ әдебиетінің тарихы – кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселені зерттеуді бастасақ. Биыл аспирантураға орын аламыз ғой, сол орынға мына Мырзатайды ұсынсақ деп отырмын. Және бірден оған тақырыпты ежелгі дәуір әдебиетінен бекітіп берсек. Сіздер не дейсіздер? – деді. Мен аң-таң болдым. Бұл қалай болар екен деп ішімнен әбден қобалжып, қиналдым. Сол кезде Есмағамбет ағаймен де араласып жүретінмін. Ол кісі бұл ұсынысты бірден қолдап: «Мырзатайдың қолынан келеді» – деді. Жарықтықтар, бұрынғы заманда әбден жалтақ боп, қорқып та қалған ғой, бір-біріне дем бергендей, «қазір баяғы заман емес қой, қорқатын не бар» десіп қояды. – Оның үстіне бұл жас, батыл. Айтам деген ойын айта алады. Бейсеке, мен мұны қолдаймын. Бастау керек. Қажекеңдікі бос сөз, ол айта береді. Олары құлаққа кірмейді, – деді қайран Есағаң. Мұхаң (Қаратаев) түнеріп, біраз ауыр ойланып отырды да: «Мүмкін осы мәселені шынында да біздің қазақ әдебиеті кафедрасы бастауы, қолға алуы керек шығар», – деді. Бейсекеңнің сөздерін сөйтіп әуелі Есағаң, Мұхаң, артынан бәрі қолдады. – Ендеше, қарсы болмасаңыздар осы шешімді қаулыға жазып қояйық, – деді Бейсекең. Сол кезде кафедрамыздың лаборанты Дәмеш еді. Ол – Қалихан Ысқақовтың әйелі. Ақкөңіл, елпілдек. Қолма-қол күле салады, қолма-қол жылай салады. Ұшып-қонып жүретін. Бірдеңені естіп қалса, жұртқа айтуға әуес, «ой-баай...» деп бетін шымшып, бәрін жария қылып жүретін еді. Сол Дәмеш сондағы айтылған сөздерді қаулыға жазды. Ол архивте сақталса, мен ойлаймын, іздеп көрген адамға табылуға тиіс. Бұл, шамамен, оқу жылы аяқталайын деп тұрған 1964 жылдың жазы еді. Оқу жылы аяқталарда келесі жылғы кафедра штаты бекітілетін, аспирантураға орын берілетін, бәрі белгілі болатын. Сөйтіп, мен аспирантураға ұсынылдым да, емтихан тапсырып, өттім. Өткеніме Бейсекең қомпаңдап, қуанып, «жақсы болды, енді көресің, бұл өте игілікті тақырып» деп, маған ежелгі дәуір әдебиеті жөніндегі тақырыпты берді. 1964 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап осылайша мен аспирантураға көштім. Содан қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеуге кірістім. Бейсекеңнің тапсырмасымен Түрік қағанаты дәуірінен бергі (VІІІ ғасыр) әдебиетті қарастыратын болдық. Бұрын түрен түспеген, ту-у сонау тарих тереңінде, шыңырауда жатқан әдебиет. Тарихымызда әлі ешкім ауызға алмаған. Ол кезде оларды ешкім әлі сөз қылмаған. Өте ертеде туған, еміс-еміс естіп жүрген, аттары ескі аңыздарда айтылатын қайраткерлер, ақындар, асыл мұралар. Олардың қазақ әдебиетіне қатысы бар деген ой бұрын санамызға келмеген, өңіміз түгілі үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген мәселелер. Сондай тыңға, тарих тереңіне мені апарып салды да жіберді Бейсекең. Алғашқыда біразға дейін ойланып, толғанып жүрдім. Зерттеудің қиындығы өз алдына, әрі бұл тақырыпта мені қорғатпас деген күдігім басым болды. Бір жолы соны айттым да. «Пәлен ақынның өмірі мен творчествосы» деп қорғай салсам қайтеді. Отбасым, бала-шағам бар, ғылым кандидаты болып күнімді көруім керек қой» дедім Бейсекеңе. Ол кісі жаман уайымдап, жүні жығылып, пәсейіп қалды. «Мырзатай, бұл тақырыптың келешегі өте зор. Сен қазір солай ойлап отырсың ғой. Ал түптің түбінде бұл өте баянды болады. Әдебиетіміздің тарихы күні кешегі ХVІІІ ғасырдан емес, ертедегі түп-тамырымыз болып табылатын Түрік қағанаты кезінен басталатынын дәлелдейтін беташар үлкен мақала жазып, қазақ әдебиетінің хрестоматиялық оқулық кітабын шығарамыз. Оған сен барсың, Мұхтар Мағауин бар, Ханғали Сүйіншәлиев бар, мен бармын, бәріміз бірігіп атсалысамыз. Хрестоматиясын, бағдарламасын әуелі осылай бір жариялап алсақ, оқулығын жазуға жол ашылады. Одан соң ол қиын болмайды. Оқулықты біз жазармыз, мүмкін басқалар жазар, ол екінші кезектегі әңгіме» деп, көңілінің терең түкпіріндегі сырларын, ойларын осы жолы ортаға салды. Шынымды айтсам, бір жағы Бейсекеңе жаным ашығандығынан, әрі ол кісінің маған қаншалықты сенім артып жүргенін анық сезінгендіктен, ұсынысына амалсыз көндім. Бұрынғыдай емес, ол кісімен енді жиі кездесетін болдым. Әдетте ғылым докторларын, профессорларды «аспиранттарына жетекшілік етті» деп жатады ғой. Солай дегенмен, ешкімді жетектеп жүрген адамды мен көргенім жоқ. Бір жақсы жері – Бейсекең маған ылғи бағыт беретін, мен соны тереңдеп зерттеуге, әрі қарай алып кетуге тырысатын едім. Бейсекең менімен көп жұмыс істеді. Ылғи әңгіме айтумен болды. Мәселен, VІІІ ғасыр әдебиеті деген сөз алғашқыда маған тосын, ешқандай айғақ, дерегі жоқ, біртүрлі жат болып естілді. Осыны Бейсекеңе айтқанымда: – Неге айғағы жоқ дейсің, айғағы бар, ол – Орхон ескерткіштері, содан бастауымыз керек, – деді. – Бұл ешкім дау тудыра алмайтын, күмәндануға ешқандай жол бермейтін мұралар. Соны зерттеп, байқап қарашы, ішінде қазақтың рулары жүр. Ал қазақ рулары қатысқан жерде, оны, сөз жоқ, қазақтың мұрасы деп есептеуіміз керек. – Орхон ескерткіштерінің мәтіні осы күнгі тілімізге аударылмаған. – Сен аударасың. – Ол жазбалардың біздерге, қазақ халқына қатысы бары дәлелденбеген. – Өзің дәлелдейсің, – деді Бейсекең. – Содан кейін, соған жалғастырып, одан сәл берідегі Қорқытты қарауымыз керек. «Оғызнаманы» қарау керек. Сен Оғызнама туралы Әлкеймен сөйлесші. Мен келісіп қояйын. Саған көп бағыт береді, – деді. – Содан кейін «Мұхаббатнама». Оның қазақ­қа қатысы бар екеніне ешқандай күмән жоқ. Сосын Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі», Махмұт Қашқаридің әйгілі «Диуани лұғат-ат-түрк» сөздігі. Сосын бертін­деп жақындап келесің де, мынау ақын­дарға жетесің. Олар Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани және басқа­лары. Олардың бәрі, сөз жоқ, біздің әдебиеті­мізге ортақ, – деп, менің жүретін жол-жобам­ның нобайын айқындап көрсетіп берді. Автор: Мырзеке, осы сізбен әңгіме­лесуге келер алдында мен энциклопедияны қарап, Бейсекең туралы деректерді білдім. Ол кісі қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауылының тумасы екен. Жиырма бір жасында, 1925 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетін, одан кейін әр жылдарда арнайы аудармашылар курсын, М.Горький атындағы әдебиет институтының екі курс­ын, 1942 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріпті. Әр кезде «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» және басқа газеттерде жауапты қызметтер атқарыпты. Одан соң қайтадан Мәскеуге кетіп қалып, бірнеше жыл сонда тұрыпты. Қайтып келіп, Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болған. Университетте сабақ берген. Менің таңғалатыным, сонда, әртүр­лі қыз­меттерде жүріп, жаңағы өзіңіз айт­қан те­рең та­рихтың, терең білімнің барлы­ғын қай уақытта, қалайша біліп алды екен? Мырзатай: Бұл кісі қай қызметте жүрсе де әдебиет тарихымен үздіксіз айналысқан, соны зерттеген, шындап соның соңына түскен, көп ізденген, көп еңбектенген, көп білетін, көптеген мақалалар жазған адам еді ғой. Ол жылдарда Бейсекеңнің ақ жүрегінен аршылып, төгіліп жазған ойларының бәрі кесіліп, қайшымен қиылып, күзеліп, жүнін жұлған тауықтай болып жарияланатын. Сүзгіден өткізіліп, мағынасы жо­йылып, халыққа түсініксіз күйде жететін. Бірақ Бейсекең бәрібір мойымаған. Ол кісінің қудаланбаған заманы жоқ. Қазақ мәдениетінің, қазақ әдебиетінің жарқ етіп жанып түскен жарық жұлдызы Сұлтан­махмұт Торайғыровтың мұрасын зерттеймін, Сұлтанмахмұт қазақтың ұлы ойшылы, ақыны екенін дәлелдеймін деп жапа шеккен кездерін білетінбіз. Бейсекең­нің ол күресі текке кетпеді, ақыры баян­ды болды. Баспада бас редактор болып тұрғанында жоғары орындағылар «шыға­рылмасын» деп тоқтатып тастаған Әуезовтің «Абай» романын 1942 жылы жауапкершілікті мойнына алып шығарып жіберіп, басы дауға қалғаны бар. Сол үшін арыз беріп, жұмысынан кеткен. «Абай» романын халық романы деп алғаш мақала жазған да Бейсекең. Сондай бір қиын жылдарда Мәскеуге барып, жаңағы өзің айтқаныңдай, бірнеше жыл сонда тұруға да мәжбүр болған. Бір әңгімесінде айтатын, «Мен Мәскеуде болған жылдарда көп қиналдым, бірақ үлкен олжам, кітапханалары мен архивтерін көп ақтардым» деп. Сосын, жеңгей татар бол­ған соң, сол жердегі татарлармен көп аралас­қан. Ғалымдарымен. Татарларда әдебиет тарихы тереңірек зерттеліп, жақсы дамыған ғой. Бейсекең бір күні маған «Татар әдебиеті» деген оқулықты берді. Ұстаздарымыздың бір кереметі, өзіміз олай істей алғанымыз жоқ, үйіне сол кездерде Мәскеуден, Ленинградтан, Татарстаннан ғалымдар келіп тұратын еді. Сонда Есмағамбет ағай, Бейсенбай ағай мені де шақырып алатын. Есмағамбет ағаның үйінде академик В.М.Жирмунскиймен бірнеше рет болдым. Бейсекеңдікінде Мәскеуде тұратын, есімі Одаққа белгілі татар ғалымы Әмір Нәджіппен кездесіп жүрдік. Бойы Бейсекең сияқты кішкентай, шашы селдір, жоғары қайыратын, шашы тік тұратын кісі еді. Сол Әмір Нәджіп келгенде Бейсекең мені шақыратын. Бір күні Бейсекең: «Әмір, мынау Мырзатай – менің шәкіртім, университетті үздік бітірді. Кафедра бірауыздан қолдап, аспирантураға алдық. Сен зерттеп жүрген қыпшақ дәуірін де қамтиды бұл», – дегенді айтты. Ол кісі әкелген біраз кітаптары бар екен, «ендеше мен мына кітапты Мырзатайға берейін» деп, солардың ішінен «Огузско-кыпчакский литературный язык» деген кітабын маған берген еді. Бейсекең келісіп қойдым деген уақытта, бір күні Әлкей ағаға да бардым. Ол кісі маған ұзақ әңгіме айтты. – Мен мына археологиямен айналысып кеттім, әлек болып. Біз қазір көбіне тарихпен шұғылданып жатырмыз. Бейсенбаймен пікірлесіп тұрамын. Жалтақтайтын ештеңе жоқ. Түбі, бәрібір, осылай болып шығады. Бұл тақырыпқа алаңсыз баруың керек, – деді. Бейсекең де айтып қойған-ау деймін, сен де нығыздай түсші, осы күмәнданып жүр-ау деп. Ол кісімен ең алғашқы әңгімемізден есімде қалғаны: «Сөздің қысқасы, «Оғызнама» аңқып тұрған даланың жыры. Қазақтың жыры» деген сөздері. Ұстаздарым осылай ойымды бекіте түсті. Әлкей Марғұлан өте ұлы адам еді ғой. Білімі терең. Оқығаны көп. «Ал, сен, әлгі, Заинчковскийды оқымадың ба? Заинчковский айтқандай» деп әдебиет тарихынан мен білмейтін тосын әңгімелерді бастап кетеді. Сондайда артым қыпылдап отырады. Оқымағам, білмеймін. Оқымадым деп айта алмаймын. Оқыдым дейін десем, пікірімді қосуым керек қой. Үндемеймін. Ол кісі көбіне мені біледі деп ойлайтын болса керек. Өзі білгенінің бәрін жұрт та біледі деп ойлай ма. Әлде мені әдейі қамшылап жетелей ме. Осылайша, Әлкей ағам мені қуалай берді. «Анау, әлгі, Бартольдтың айтып отырғаны дұрыс» дейді. Бір кезде «Анау Бернштам бұл туралы дұрыс айтып отырған жоқ» дейді. Ойбай, бұлардың бәрі менің оқымаған авторларым ғой. Содан есім шығып, кітапханаға жүгіремін. Келесі барғанымда дайын болып барайын деп кітапханадан шықпаймын. Бұл – ол кісінің әдісі ме, әлде, мені университет бітіргеннен кейін бәрін оқыған деп ойлай ма, ол арасын анықтай алмадым. Менімен әрдайым өзі білетін деңгейде сөйлеседі. Сөйтіп мені жетелей берді, қуалай берді. Мен ол кісімен өмірінің соңғы кезіне дейін араласып тұрдым. Бір күні маған: «Сен енді осыларды жаз» деді. Бәлкім, мені бұл тақырыпта қорғатпай ма деген қауіп менде де, Бейсекеңде де жоқ емес-ті. Әлекең маған: «Қорықпа, мұның өзі түптің-түбінде үлкен абыройға жеткізетін тақырып. Бұл тақырыпты бүгін біз көтермесек, басқа кім көтереді» деп жігерлендіріп, қолдап, ойымды бекіте түсті. Ежелгі әдебиет ескерткіштерінің қазақ әдебиетіне қатысы туралы мәселенің ғылыми маңызы өте жоғары екенін айтып, менің зерттеуіме де, өзіме де ерекше ықыласпен қарады, көп көмектесті. Менің жұмысыма Бейсекеңнің өзіндей жанашыр болды, азды-көпті жетіс­тіктеріме де Бейсекеңше сүйініп отырды. Мен ол кезде Әлекеңмен жиі пікірлесіп, үйіне келіп тұратынмын. Ол кісіні кейде қыдыруға алып шығатынмын. Екі аяғы талтаңдап шығатын. Ақ плащын киеді. Өте баяу жүретін. Бара-бара жүрісін үдетеді. Өзі Карл Маркс пен Калинин көшелерінің бұрышында тұрды. Әуелі опера театрына қарай шығатынбыз. Соның алдындағы скверді айналады. Бір күні бергі Фурманов жағындағы сквердегі ұзынша орындықта екі кісі отыр екен. Ағайынды әнші Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер. Екеуі ұшып тұрып, «Ассалаумағалейкум, Әлеке!» деп амандасты. «Ә, сендер, екеуің де Абдуллинсіңдер ғой, ия... Екеуің де ән саласыңдар ғой... Жақсы ендеше, дұрыс...» деп әрі жүріп кете берді. Уақ-түйекке мән бермейтін, ылғи ой үстінде жүретін кісі еді. Ол кісіні жұрттың бәрі танитын. Көшеде көрген қазақтың бәрі қоғадай жапырылып қолын алып жататын. Аспирантураның бір жақсы жері алаңсыз зерттеумен айналысасың. Бірақ «мұғалім жетпей жатыр» деп, сабақтан менің қолымды үздірмеді. Осылай жарты ставкада сабақ беріп жүрдім, оған стипендияма қосымша ақша аламын. Басқа аспиранттармен де хал-жай сұрасамыз ғой. Олар айтатын, «Мырзатай, сені кафедраң ерекше қадірлейді екен, бізге ондай мүмкіндік бермейді. Біз де сабақ бергіміз, ақша тапқымыз келеді» дейтін. Ол кезде аспирантураның бір жақсы жері, тақырыбың бойынша материал жинау­ға жан-жаққа іссапарға жібереді. Мен Мәс­кеуде бірінші жылы үш ай, екінші жылы бес ай болып келдім. Ленин кітапханасында, сирек қолжазбалар қорында, микрофильм­дер залында болып, бәрін ақтардым, ескі әдебиетке қатыстының бәрін қарадым. Тереңдеп Бартольдты оқыдым. Ол кісі шығыс тарихын мұқият зерттеген, терең жазған адам ғой. Сол кісінің үлгісі бойынша еңбек­тенгім келді, бірақ реті келмеді. Мәселен, белгілі бір тарихи кезеңге байланысты оқыған лекцияларын жылда кітап етіп жария­лап отырған. «Лекции, читанные в Санкт-Петербургском университете» деп жазған кітап­тары көп. Мен оның барлық лекциясын көрдім, оқыдым. Конспект жасап алған едім. Оның бәрінің кейініректе көшіп-қонып жүргенімізде қайда қалғанын білмеймін. Мұхаңның лекцияларын жазған дәптерімнен де сол жылдарда айырылып қалдым. Автор: Сол алпысыншы жылдарда Бейсекең ҚазГУ-де кафедра басқара жүріп, әдебиетіміздің тарихын өзі ғана зерттеумен, ғылыми еңбектер, мақалалар жазумен шектелмей, талантты шәкірттер тәрбиеледі, оларды да айналасына топтастырып, осы іске жұмылдыра білді. Сөйтіп, ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында қазақ әдебиетінің ерте дәуірден бергі тарихын зерттеушілердің жаңа мектебі қалыптасты деген пікір бар. Сол мектептің бір өкілі өзіңізсіз. Қалған өкілдерін де атай кетпейсіз бе? Мырзатай: Бейсекең ол жылдарда әуелі мені өзіне аспирант етіп алып, қазақ әдебиетінің ең көне дәуіріне салды. Менен кейін тағы да өзі жетекші болып, аспирантураға Мұхтар Мағауинды алды. Оған Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетті, жыраулар поэзиясын берді. Мұхтар тез бітірді де, менен бұрын қорғады. Одан кейін Рымғали Нұрғалиды алды. Бізден көш кейін Алма Қыраубаеваны алды. Сосын Құлбек Ергөбекті алды. Құлбек ол кісінің өзінің баласындай болып, қолында тұрды. Біз бәріміз Бейсекеңнің балағынан шыққандармыз деуші едік. Рымғали да маған әрдайым «бір шалдың баласымыз ғой» деуші еді. Кейінгілері бізден жастау ғой, мені, Мұхтар мен Рымғали үшеуімізді жұрт «кішкентай шалдың балалары» дейтұғын. Автор: Мырзеке, сіз Күлтегін, Тоныкөк жырларын аударуға қашан кірістіңіз? Қай уақытта аударып бітіріп, хрестоматияға енгізгенге дейін қайда жарияладыңыз? Мырзатай: 1964 жылы аспирантураға түстім. Оқу мерзімі үш жыл ғой. Соның екі жылын түгел Орхон ескерткіштерін – Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жырларын аударуға, жаңашалауға жұмсадым. Аудару машақаты аз болған жоқ. Жиырма нұсқасын жасадым. Сол көне мұраларды игеру, ол дәуірді тану, ескі жазуларды меңгеру оңайға түспеді. Екі жылда шашым ағарды, жүйкем де тозды, көз де талды. Бірақ ақыры ол еңбегім жемісті болды. Автор: Сөйтіп, Бейсекеңнің Күлтегін мәтіндерін өзің аударасың деп алдыңызға қойған бірінші міндетті орындадыңыз? Мырзатай: Иә. Аударманың алғашқы нұсқаларынан үзінділерді сол кездерде «Бі­лім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарына, бірнеше газеттерге жарияладым. Бертінде, «Орхон ескерткіштерінің толық атласын» жазғанда, елу жылдай бұрын аударған сол мұраларды қайта қарап шықтым. Пәлендей өзгеріс енгізе алмадым. Өзгертетіндей де ештеңе таппадым. Қайта аударатындай уәж таппадым. Менен кейін ол ескерткіштерді ешкім аударған да жоқ. Менің аудармама осы күнге дейін ешқандай сын да болған жоқ. Мен жаңашалаған «Күлтегін» де, «Білге қаған» да, «Тоныкөк» те бүгінде оқулықтарға кіріп, ұлтымыздың асыл қазынасына, халық шығармасына айналып кетті. Автор: Орхон ескерткіштерінің, өзіңіз аударған жоғарыдағы жырлардың қазақ халқына, әдебиетіне тікелей қатысы бар екенін «өзің дәлелдейсің» деп Бейсекең алдыңызға қойған екінші міндетті қалай орындадыңыз? Мырзатай: Мен диссертациямда, одан кейінгі еңбектерімде де бұл ескерткіштердің түркітілдес халықтарға ортақ, бірақ олар, ең алдымен қазақ халқының мұрасы екендігін ешқандай күмән-күдік қалдырмайтындай етіп, алты тармақпен дәлелдедім. Олар менің диссертациямда, еңбектерімде бар. Білcем деген талапкер солардан қарауына болады. Бейсекең менің ізденістерімнің мұндай жемістеріне менің өзімнен кем қуанған жоқ. Сөйтіп, көп оқып, жанымды салып, тынбай еңбектенудің арқасында сол дәуір жөніндегі әжептеуір маман болып шықтым. Ерте дәуір әдебиеті төңіре­гінде әлдеқандай мәселе туындаса, бәрі менен сұрайтын. Бұл тақырыпты ол кезде менен басқа түбегейлі зерттеп жүрген ешкім болған жоқ. Сол уақытта жазған мақалаларым газет-журналдарға шыға бас­тады. Жамбыл облыстық газеті диссертациямды бөліп-бөліп түгел көшіріп бас­ты. Диссер­тациямның тақырыбы әуелде «Ежелгі дәуір әдебиеті» деп аталды да, кейін «Көне түркі әдеби ескерткіштері және олар­дың қазақ әдебиетіне қатысы» деп өзгерді. Автор: Сол кездегі ҚазМУ-дегі Бейсе­­кең басқарған қазақ әдебиеті кафедрасының әдебиетіміздің шын тарихын айқындап, негіздеп, оқулықтарға енгізу жолындағы күресінің жеңіл болмағанын білеміз. Енді осы туралы айтыңызшы. Мырзатай: Қазақ әдебиетінің тарихы бертіндегі, Қажым Жұмалиев айтып жүрген ХVІІІ ғасырда ғана қалыптасқан жоқ, ол Бұқар жыраудан ғана басталмайды, әдебиет халықтың өзімен бірге туады, бірге қалыптасады, бірге дамиды, өсіп-өркендейді дейтін тұжырымды ұстазымыз Бейсенбай Кенжебаев әртүрлі әдеби ортада, әрқалай жиындарда, ғылыми конференция­ларда шаршамай, талмай, жалтақтамай айтып жүрді. Осынысы үшін талай таяқ та жеді, неше түрлі сөз де естіді. Бірақ әділдік үшін, әдебиетіміздің ақиқат тарихы үшін аянбай күресті. Осы жерде мынадай жай да еске түседі. Алпысыншы жылдардың ортасында сол кездегі педагогика институтында (бүгінгі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетте) өткен конференцияда әдебиет тарихы мәселесі талқыланды. Бейсекең осы жолы да өзінің бұрыннан айтып жүрген пікірлерін жүйелеп, көптің талқысына салды. Біз Мұхтар Мағауин екеуміз ол кезде Бейсекеңнің аспирантымыз. Бейсекеңді қолдап, біз де сөйледік. Біздің де сөзіміз уәжді, дәлелді болды ғой деймін, көпшілік ықыласпен тыңдап, қолдап, қошаметтеп отырды. Жап-жас аспиранттардың атақты академиктің тұжырымына ашық қарсы шыққаны батыңқырап кетті ме, мен мінбеде сөйлеп тұрғанымда президиумдағы Қажым Жұмалиев ағамыздың: – Бейсенбай, тарт үргізбей мына күшік­­­теріңді! – деп айқай салғаны әлі есімде. Қажекең адуынды кісі еді ғой, біздің ұяң ұстазымыз басын сипалап отыра берді. Автор: Қажым ол кезде академик, Бейсекең қатардағы профессор ғой? Мырзатай: Иә. Конференцияларда, әртүрлі жиындарда Қажым Жұмалиев президиумда, төрде, Бейсекең көппен бірге залда отыратын. Қажекеңнің алдында «Казбек» папиросы тұрады. Мақтаны алады да папиросына фильтр жасайды. Сөйтіп, шылымын тартып отыратын шалқайып. «А-а, ол Бейсенбайшылаған нәрсе ғой» деп ылғи Бейсекеңді мұқатып сөйлейтін. Автор: Мырзеке, сіздер оқыған Бейсе­кеңнен, кезінде, өздеріңізден кейінгі толқын – біздер де оқыған едік. Бейсекең шағындау денелі, шаштарын жаңа, алдындағы өзіңіз айтқан татар ғалымы, досы Әмір Нәджіп сияқты қысқа, тік етіп қоятын, ешкімге, ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін, лекцияларын үнемі бір сарынмен, бір мақаммен оқитын адам еді. Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сияқты ұстаздарымыздан студенттер сақтаныңқырап, ығыңқырап жүретін. Ал Бейсекең ешкімге зияны жоқ, жұрттың бәріне жағымды, жақсы кісі еді. Мырзатай: Бейсекең көп білетін, бірақ солардың бәрін шешіліп, ақтарып айта бермейтін. Лекция оқығанда тақырып шеңберінен шығып кетпейтін. Сонда да ден қойып тыңдаған адамдарға лекциялары өте мазмұнды болатын. Өзім байқаған тағы бір қасиетін айтайын. Мен білетін белгілі деген кісілердің біреуі басқаларды қолдай отырып, олармен ынтымақтаса бермейтін. Ал Бейсекең елдің бәрімен ынтымақтас секілді көрінгенімен, олардың айтқан пікірлеріне ере бермейтін. Көп сөйлемейтін, мақтанбайтын, кісіні еңбегінің маңызы мен мәніне қарап баға­лайтын. Көзге мақтамайтын, ешкіммен бет жыр­тысып, ұрсысып та жатпайтын. Иі жұмсақ болғанымен, дәті қатты еді. Өз ұстаны­мынан, өз бағытынан қайтпайтын. Үндемей жүріп-ақ үйдей іс бітіретін. Бейсе­­­кеңнің осы қасиетін мен керемет жақсы көрдім. Кісіліктің келісті түрі деп бағаладым. Сонымен, жаңағы, алдындағы айтқанымдай, талай талқылаулардан кейін, сол алпысыншы жылдардың ортасында Бейсенбай Кенжебаевтың тұжырымы бірте-бірте елдің санасына сіңіп, әдеби орта қазақ әдебиетінің тарихы әріден басталады дейтін пікірге илана бастады. Дәл сол кезде мен бұрынғы КазГУ, бүгінгі әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде тұңғыш рет «Ежелгі әдебиет» деп аталатын курсты негіздеп, Жоғары оқу министрлігіне оның бағдарламасын бекіттіріп, лекция оқи бас­тадым. Бейсекең идеясының алғашқы жеңі­сі еді бұл. Түптеп келгенде бұл қазақ әдебие­ті та­рихының да даусыз жеңісі болатын. Автор: Мырзеке, сіз бағдарламаны жаздыңыз, жасадыңыз. Енді ол университетте қай жылдан бастап пән ретінде оқытыла бастады? Мырзатай: 1969 жылдан бастап алды­­­мен КазГУ-де, одан соң Қазақстандағы бар­­лық жоғары оқу орындарында оқыты­ла бас­тады. Жер-жерде кадрлар сол бағдар­ла­­ма­мен дайындала бастады. Әліге дейін солай. Бейсекең мені бұрынырақта аспиран­тураға алып, көне дәуір әдебиетін зерттеуге салған кезінде айтқан, хрестоматия шығару туралы идеясы да жүзеге асты. КазГУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасы Бейсекеңнің басшылығымен мың тоғыз жүз алпыс жетінші жылы «Ертедегі әдебиет нұсқалары» деп аталатын, ежелгі дәуір әдебиетіне арналған тұңғыш оқулық-хрестоматия әзірлеп, баспаға ұсынды. Оның авторлары – Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Қабиболла Сыдиқов. Әдебиетіміздің ежелгі дәуірін мен жаздым, кіріспесін жазыстым. Алайда, бұл кітаптың да жолы бірден ашылып кете қоймад