Сұхбат • 16 Мамыр, 2024

Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын: Айналамнан биіктік пен ірілікті іздеймін

367 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

«Неге екенін білмеймін... анам мен Фариза апай туралы өлең жаза алмадым. Фариза апай жайында керемет мақала да жазғым келді. Бірақ жаза алмадым». Ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл ТҰРЖАНМЕН сұхбат кезінде осы сөздері еріксіз елең еткізді. «Неге?» деп қайтара сұраған жоқпыз. Себебі осы сөздерді айтқаннан кейін ақын өзі де бір сәт үнсіз қалды. Мүмкін кейіпкеріміздің «Ұлы ақындық деген де ұлы жұмбақ, ешкім әлі шешуін таба алмаған» дегені осы болар. «Өмірдің күнделікті алдыңа қоятын сұрағы әртүрлі. Сол сұрақтарға түрлі мінез көрсетуге тура келеді. Әр сұраққа түрліше жауап қайтаратын кездері болады», деген ұстаз сұхбат барысында «Қоғамда, отбасында өз орнын таба алмаған, қолдау көрмеген әйел баланы да дұрыс тәрбиелей алмайды», деген ойын да ашық білдірді.

Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын: Айналамнан биіктік пен ірілікті іздеймін

– Көпшілік сізді ақын ретінде жақсы таниды. Жиын-басқосуларда «ақын Оңайгүл Тұржан» деп таныстырады. Бірақ сіздің еңбек жолыңыздың көп бөлігі журналистикамен байланысты. Бірталай жыл «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет еттіңіз. «Тұмар» журналын шығаруға бір кісідей атсалыстыңыз. Қазір де болашақ журналистерді даярлау ісінің бел ортасында жүрсіз. Сізге қайсысы жақын? Ақындық па, журналистік пе?

– Жаратушы иеміз әр пендесін жарық дүниеге жібергенде бір-бір миссия арқалатып жіберетін болса керек. Ал біздің маңдайымызға жазылғаны өлең жазу болар. Қай салада жүрсең де, бойыңа дарытқаннан кейін бәрібір жазғың келеді. Барлық шаруаң үйлесіп тұрса да, төрт құбылаң түгел болса да, егер өлең жазбасаң, көңілің алаң болып тұрады. Өлең жазбасаң, ауы­расың. Ол бір бас ауырып, балтыр сыздау емес, жан дүниең ауырады.

Ал жазудың реті қандай? Өлең аяқ асты келеді. Арнайы отыр­ғанмен ол жазылмайды. Өзі келгенде төгіліп түседі әрі тез жазылады. Әрине, құйыла кетеді деу қиын. Бірақ негізгі өзегі түседі. Сол кезде еш қиналмайсың, уақытым кетті-ау демейсің. Рахат бір сезімге бөленесің. Бірақ журналист болуға да талант керек. Өйткені кез келген ғылым мен ақындықтың түп тамыры бір. Ұлы математиктердің өміріне көз салсаңыз, жас кезінде дені жасырып болса да өлең жазған. Көбі ғылымды өлең жазудан бастаған.

Байқағаным поэзия да, математика да – өзінше бір әлем. Математика түрлі амал – қосу, азайту, көбейту арқылы қорытынды, түйін шығарады. Өлеңде де солай. Жазасың, сосын бір тұжырымға келесің. Ұйқас қуған өлеңдер де көп. Техникасы мықты поэзиялар да бар. Бірақ оқып шыққанда саудырап ішінен ешнәрсе таба аламай қаласың. Нағыз өлеңге тұжырым тән. Сол түйін-тұжырымды айту үшін басың қатып жүреді. Соны жеткізудің амалын іздейсің. Ғылым мен ақындықтың арғы түбі бір деп отырғаным сондықтан.

Ленинград мемлекеттік универ­си­тетінің ректоры болған профессор Александр Александровтың «Геометрия – бұл гуманитарлық ғылым» деген сөзін алғаш оқығанда бұл қалай деп ойға қалған едім. Оның «Математика – күллі ғылым­ның патшасы» деген де сөзі бар. Осы сөздің жанына мен «Егер математика бүкіл ғылымның пат­шасы болса, поэзия – күллі ғылым­ның құдайы» деп жазып қойдым. Өйткені сен математиксің бе, қарапайым құрылысшысының ба, сәулетшісің бе – бәрінің түп не­гізінде ғажап нәрсені тудыруға, әсемдікке ұмтылдыратын ой тереңдігіндегі иірімдер жатыр. Ал бұл – поэзияға тән құбылыс.

Журналистика да – терең ғы­лым. Егер журналистикаға, осы саладағы ғылымға қызықпасам, бұл салада жұмыс істей алмас едім. Әлі есімде, 2003 жылы Ма­хам­бет Өтеміс­ұлының 200 жыл­дығына орай «Егемен Қазақстан» газеті байқау жария­лады. Бай­қауға қатысу үшін емес, Махам­бет поэзия­сына деген қызығу­шылығыммен бар ниетім, ерекше бір ықыласпен мақала жазуға отырдым.

Газеттің үш санына жария­лан­ған 20 беттік мақаламды сол кезде әдебиет кафедрасының меңгерушісі болған академик Рымғали аға Нұр­ғали оқып шығыпты. Кейін мені ша­қырып алды да: «Сен қыз мы­­нандай мүмкіндігің бар екенін неге айтпағансың? Әрі қа­рай жаза бер. Кандидаттық жұ­мыс жазасың. Тақырыбың «Махам­беттің поэтикасы» болады. Мына үш мақалаңның өзімен сен көп жа­ңа­лық ашып тастағансың», деді. Шы­нымды айтсам, мақала жазғанда бір жаңалық ашайын деген ойым болған жоқ. Тақырыпқа қызыққаным соншалық, барымды салып жазғаным ғана есімде. Кейде сол мақаланы қалай жазып шыққанымды өзім де түсінбеймін.

– Демек сіздің журналис­ти­ка­дағы ізденімпаздығыңыз ғы­лым­ға жол ашты деуге болады ғой?

– Рас, ғылымға деген қызығу­шы­лығым журналистикада жүр­ген жылдарымнан басталды. Қара­ғандыда «Орталық Қазақстан» газе­тінде жұмыс істеп жүргенде 1987 жылы Сыраш Битенов деген кісі Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, редакцияға алып келді. Бұл – дін тақырыбы партиялық газетке мүлде жарияланбайтын кез. Нұрмахан Оразбек деген редакторымыз «кейбір ойқы-шойқы тұстарын түзетіп, газетке жария­лаймыз», деді. Осы аударманы оқып, өңдеп жүргенде ақыр аяғы өзім Ясауидің хикметтерін зерттеп кеттім. Ясауи хикметтері туралы Сыраш ағадан сұхбат алдым.

Мырзатай аға Жолдасбеков ректор болып тұрғанда шақырып алып қоғаммен байланыс, яғни PR мамандығы ашылып жатқанын айтты. «Осы саланы зерттеп, дамыту қажет. Сен осы пәнді зерттеуді қолға ал, осыған мамандан, оған қабілетің жетеді», деді. PR-ды зерттеп бастағанда көзім жеткені бұл да бір керемет ғылымның саласы екен. Кейін осы пән бойын­ша Ыстанбұл университетінің профессоры Айдемир Окаймен бірігіп «PR теориясы мен практикасы» деген оқулық жаздық. Кейін «Имиджелогия» деген тағы бір оқулықтың авторы атандым. Өйткені бұл мамандық бойынша қазақ тілінде оқулық болған жоқ. Қазір студенттер қоғаммен байланыс пәнінде осы екі оқулықты негізге алады.

Шыны керек, ғылымға қызы­ғу­шылығым әу бастан бойымда бар еді. Бірақ өлең жазу жағы басым тұр. Сол себепті журналистика – менің бір қанатым. Бірақ поэзия бәрібір бәрінен жоғары тұрады. Өйткені ол – ойымнан, бойымнан кетпейтін бір тылсым күш.

– 80-жылдары айтыс ұйымдас­тыру ісіне де атсалысқан екенсіз. Осы жайында кеңірек айтып бер­сеңіз.

– Жұбайым Қарағанды өңірі­нен болғандықтан, өмірімнің біраз бөлігі осы аймақта өтті. Ол кезде облыста орыстар көп тұратын, қала да орыстанып кеткен. 1984 жылы Алматыда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай республикалық айтыс өтетін болды. Оған аймақ атынан жіберетін бірде-бір айтыскер табылмады. Ол кезде Мәдениет басқармасына қарасты облыстық ғылыми орталықта методист болып жұмыс істеймін. Орта­лық директоры Клара Қар­ғабаева деген кісі бір күні келіп «Рес­пуб­ликалық айтыс болайын деп жатыр, додаға өңірдің атынан бір ақынды жіберуіміз керек. Ай­тысқа сен барасың, сенен басқа еш­кім жоқ», деді. «Мен айтыскер емес­пін», деп ат-тонымды ала қаштым. Облыстық Мәдениет басқарма­сының басшысы Мақат Рымжанов өте керемет ұлт жанашыры еді. Мақат аға «Сенің қарамағыңдағы ана ақынжанды қыз барсын», депті. Содан амал жоқ, айтатын өлеңімді алдын ала жазып алып, айтысқа қатысқаным бар (күлді).

Айтысқа барып келгеннен кейін «Өнер сайысын орысы қалың облыста неге жаңғыртпасқа?» деген ой келді. Ұсынысымды Клара Қар­ғабаеваға айтып едім, бірден келісті. Содан айтыс өткіздік. Сөз қадірін түсінеді-ау деген ақын­дарды, тіпті журналистерді де қатыстырдық. Бар мақсатымыз тұм­шаланып қал­ған қазақ өнерін дәріптеу ар­қылы халықты ояту, әбден басы­лып қалған ел еңсесін тіктеп, санасын серпілту еді. Сол жылы об­лысқа идеологиялық хатшы болып Қуаныш Сұлтанов келді. Ағаға арқа сүйеп, батылданып 1-2 рет айтыс ұйымдастырдық. Шыны керек, бастапқыда Қарағанды хал­қы ай­тысқа селк етпейтін болар, көрер­мен жиналмайтын шығар деген күдігіміз басым болды. Бірақ опыр-то­пыр жиналған жұрт Кеншілер сарайына сыймай, дәлізде тұрып айтысты тамашалағанда халықтың шынайы өнерге әбден шөлдегенін түсіндік.

Ол кезде қызымыз да кішкен­тай. Қалада балабақша тұрмақ бір­де-бір қазақ тобы жоқ. Қалың орыстың арасында балам да орыс­танып кете ме деген қорқыныш болды. «Ор­талық Қазақстан» газетінің сол кез­­дегі бас редакторы Тілеухан Жүсі­­повке «Қазақ балабақшасын ашу туралы мәсе­ле көтерсек қалай болады?» деген ойымды айт­тым. Ре­дак­торым бірден қолдау білдірді. Осы мәселе туралы мақала жаздым. Балабақша ашу үшін қазақ тобына баласын жібергісі келе­тін ата-ана іздедік. Таныс-тамыр, ағайын-туыс, достарға қозғау салып, газетке хабарландыру бер­гіздік. Әйтеуір айқай-сүргінмен жарты жылда он баланы әрең жинап, «Аленький цветочек» деген орыс балабақшасының жанынан шағын топ ашқыздық. Қызымыз сол топқа барды. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыра бердік. Үгіт-насихат тетігін қостық. Он баланы сахнаға шығарып, жұртты шақырып, қазақ­ша концерт көрсетіп, ата-аналар­дың қызығушылығын оятуға тырыс­тық. Тура бір жылдан кейін «Бала­пан» деген өз алдына бөлек қазақ­ша балабақша ашылды. Айтыс ұйымдастырудың арты осылай балабақша ашуға ұласқаны бар.

– Қаламгер Тұрсын Жұртбай­дың «Оңай­­гүлдің қартай­май­ты­ны­­ның бір құпиясы бар. Ол – күй­мен ұйықтап, күймен оянады» деген сөзі бар екен. Ал Роза Мұ­қанова жұбайыңыз Рым­хан аға қайтыс болғанда «Тө­гілте тартқан күй шерінде тұнып тұратын, шертілген сыр, ай­тылған мұң күймен жаратылды, күймен бірге кетті», деп­ті. Күй мен жыр егіз ұғым ба? Күй­ші мен ақынды не байланыстырады?

– Жұбайым Рымхан күйші, мен ақын болғаннан бір-бірімізбен табыстық деуге келе қоймас. Тағдырдың қосуы ғой. Екеуміз де өнердің адамы болғандықтан түсіністік болды. Ол ешқашан маған «мен келдім, шай бер, жазғаныңды таста» деген емес. Керісінше егер жазу жазып отырсам, кедергі келтірмеу үшін есікті жауып қоятын. Ол шертпе күйдің шебері еді. Ал мен – батыстың қызымын. Бастапқыда шертпе күйлерді онша түсінбейтінмін, қабылдай алмадым. Өйткені батыстың күйі де, әні де тез, шапшаң, ширақ, төгіліп тұрады. Біздің жақтың адамдары сөйлегенде де екпіндеп, тез-тез сөйлейді. Сырт көзге бұйырып сөйлеп тұрғандай интонация да байқалады. Бұл – табиғатымыздан қалыптасқан, генімізде орныққан ерекшелік.

Бірақ жұбайымның орын­дауын­да мені баурап алған екі күй бар. Олар – Төлеген Момбековтің «Сал­танаты» мен Әбікен Қасенов­тің «Қоңыры». Осы қос күйді естігенде басқа бір тылсым әлемге тап болғандай күй кешемін. Күйдің құдіреті бәрібір адамды оятпай қоймайды екен. Күйдің қасиеті мен ақындық екеумізді одан сайын жақындата түскені рас. Меніңше, күйшілік, ақындық, жазушылық – бәрінің түбі бір, тек жеткізу формасы әртүрлі. Бірі – күй, екіншісі – өлең, үшіншісі проза, драматургиямен жеткізеді.

Рымхан күй тартқан кезде әр пернені қалай дәл басу керек, дыбысты тұншықтырмай қалай шығару керек, соған өте қатты мән беретін. «Кейде бір дыбыс бір күйді ұстап тұрады», дейтін. Әсіресе «Салтанатты» орындағанда әр дыбыстың дұрыс шығуына ерекше мән қоятын еді. Оған бір дыбыстың мың түрлі құбылғанының ішінен біреуін тауып алу өте маңызды болды. Бүкіл күйдің өн бойында әр дыбыс дәл түскен кезде ғана күй шығады. Рымхан да өлең жазды. Ол өлеңді арғы жағын қопарып, тереңінен түсінетін. Бірде өлеңдерімді оқып отырып: «Осы сен адамсың ба?» деді. Мен «Бұл не деген сөзің?» дедім түсінбей. «Жоооқ, мынаны сен өзің ойлап шығардың ба, әлде біреу айтты ма?» деп таңырқап сұрағаны бар еді. Мен ашуланып қалдым да: «Не, мен біреуді көшіріп отыр дегенің бе?» дедім. Ол: «Жоқ, саған таңғалып отырғаным ғой», деді.

– Өлеңдеріңіздің дені туған жер, ауыл туралы. Тіпті бір сөзіңізде «Ауылдың оты суыса, ел іші түгел суиды» дейсіз...

– Өмірімнің 40 жылы қалада өтіп жатыр. Бірақ қала туралы өлең жазғаным есімде жоқ. Өйткені көзімді ашқаннан көргеніміз – дала, тау-тас, киіз үй, мал, ешкі, қой жылқы, түйе, өскен ортамыз – адыраспан, жусан, алабота, жантақ, темір тікен, ажырық, шырмауық, ебелек. Естіген даусымыз – ызың­даған жел, түйенің боздағаны, қойдың маңырағаны, жылқының кісінегені, тұяқтың дүбірі, ботаның жүгіргені, құлынның шапқаны, ит-құстың даусы. Көргеніміз – жылан, кесіртке, тышқан, қоңыз, қара құрт, өрмекші. Біз осындай ортада өстік, ес жидық. Ал генетиктер адам бүкіл өміріне қажетті ақпараттың 50 пайызын 4 жасқа келгенше жинақтап болады дейді. Біз естіп, көріп-білгеннің барлығын таза кезінде санамызға құйып ал­дық, оның барлығы сүйегімізге сі­ңіп кеткен. Ал сүйекке сіңгенді қан­ша уақыт өтсе де, қаланың у-шуы жуып-шайып кете алмайды екен.

Туған топыраққа жиі барамын. Біздің жақтың таулары қызық. Әдетте таулар сілемденіп, ұзын-сонар болып жатса, Маңғыстаудың таулары бөлек-бөлек, анандай жерден саған одырайып-одырайып қарап тұрады. Сырттан қарағанда әр жерде түс көріп отырған әулиелер сияқты. Кей таулардан қорқасың, кейбіріне қызығып қарайсың. Біз осындай таулардың ортасында өстік. Есімізді жиған кезден танығанымыз осы. Содан да болуы керек өлең жазғанда қаламның ұшына алдымен сол көріністер келеді. Барлық оқиғаны, жағдайды сол арқылы көресің, ауылға әкеп тірейсің. Өлеңдерімнің денінде ауылдың суреті жүретіні – әр жыр табиғи туады. Сол себепті табиғатыңда не бар, сол өлең болып шығады. Оны жасанды жолмен жасай алмайсың.

– 25 жыл жанында жүрген ақын Фариза туралы сұрамай кете алмаймыз. «Поэзия падишасы» атанған ақын туралы айтқанда ойыңызға алдымен не оралады?

– «Тұмар» журналында жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні бір автор Мырзатай Жолдасбеков пен Қойшығара Салғариннің тарихи еңбектері туралы «мынаның бәрі өтірік, әр жерден көшірілген» деген сыңайда мақала алып келді. Әлгіні Фариза апайға алып бардым. Ол кісі мақаланы оқып шықты да, жыртып-жыртып, лақтырып жіберді. Сосын маған қарап: «Мына журналдың бетіне ешқашан біреуді жамандап жазбайсың және ондайды шығармайсың. Бұл – бір. Екінші, өзің де біреумен ерегесіп, айтысып, газет-журналдың бетін былғаушы болма. Елдің алдына шығып, бір-бірімен ерегесіп, керіскен адамдардың ешқайсысы ешқашан абырой тапқан емес, таппайды да. Ондай жерде «анау жеңді, мынау жеңілді» деген әңгіме де болмайды. Екеуі де – жеңілген адам. Есіңде болсын, сенен жоғары тұрған адам сенімен ешқашан айтыспайды. Ал сенімен ерегескісі келген адам – ол сенен төмен тұрғанын іштей білетін адам. Ондайлар әдетте сені де сол төменге түсіру үшін айтысады. Ондайлармен сөз таластырсаң, біріншіден, соның деңгейіне түсесің. Екіншіден, ешқашан сен сол деңгейден көтерілмейсің. Өйткені халық сені соның «биігінде» ғана көреді де отырады. Менің сыртымнан да талай сөз айтылды. Соның біреуіне жауап қайтарған жоқпын. Әбіш ағаңның сыртынан не айтылмады? Кісі өлтіретін сөздер айтылды. Сонда Әбіш солардың біреуіне бірдеңе деді ме? Жоқ! Есесіне Әбіш өз деңгейінде қалды. Егер сол кезде солармен айтысып кетсе, не болар еді?», деді. Ақынның осы сөздері санамда мәңгі қалып қойды.

– Астанада ақын Ақұштап Бақты­герееваның «Менің Фари­зам» атты естелік кітабының таныстырылымы өтті. Осы іс-шараға сіз спикер ретінде қатыстыңыз. Ақынның өмірінен сыр шертетін туындының кей тұстарымен келіспейтініңізді сол жерде ашық айттыңыз...

– Себебі бұл кітапта Фариза ақынды сыйлайтын, көзкөрген адамдар да, оқырман да, оның ішінде мен де келіспейтін жерлер бар. Өтірік сөздер де бар. Мысалы, «Тұмар» журналына да Маруся көмек беріп тұрды» дейді. Маруся Маралқызы керемет жан еді. Фариза апайдың сіңлісі әрі досы болды. Сондай-ақ ол – Ақұштап Бақтыгерееваның туған қайын сіңлісі. Бірақ ол кісі «Тұмарға» ешқандай қаржы берген емес. Бұл – жаңсақ сөз. Мұны журналдың бар шаруасын жасап жүрген мен жақсы білемін. Кей тұстарында Фариза ақынның бойына сыймайтын, «сөйтті» деп басқа бір адамның айтқаны да дерек ретінде келтірілген. Фаризаға деген өкпесі шығар. Туындының таныстырылымында мен соларды айттым.

Әдебиет теориясына салып айтсақ, естелік кітап кейіпкердің оқырман бұрын білмеген қырларын аша түседі. Екінші жағынан, автордың менталитеттік қасиетін, деңгейін, ішкі мәдениетін, кейіпкеріне деген адалдығын, өмірге деген көзқарасын көрсетеді. Егер кейіпкеріңе адал болсаң, адалдығың көрініп тұрады, керісінше болса, сол керісіншесі көзге ұрады. Оқырманды алдай алмайсың. Не айтылса да, өлгендер өзін-өзі ақтап, сөз таластыра алмайды. Альберт Эйнштейннің «Ұлы тұлға өмірден өтіп кеткеннен кейін, ол туралы жақсы сөз жазылса да, жаман сөз жазылса да, тіпті өсек айтылса да, ол сол тұлғаны одан сайын асқақтата береді» деген сөзі бар. Рас, кітапта Фариза ақынға жоғары баға да берілген. Шындықты бетке айтатын қайсар­лығын, сол үшін де оқырман оны жақсы көргендігін, қыздардан шыққан ұлы ақын екендігіне де, тек шығармашылықта емес, саяси өмірге араласқан еңбегіне де лайықты баға берілген.

Фариза – жұмбақ адам. Ұлы жұмбақ. Ол туралы аңыз әлі де айтылады. Бірақ ешқайсысы Фариза Оңғарсынованың ақын деген атына қылдай кері әсерін тигізе алмайды. Керісінше, аңыз адам ретіндегі деңгейін өсіре түседі.

– Сіздің шығарма­шы­лы­ғыңызда киіктер тақырыбы жиі көрінетін сияқты. «Киіктер» деген өлеңіңізде «Далаға сыймаған мың киік, бір ауыз өлеңге сыйып тұр», тағы бір өлеңіңіздегі «Қара жермен жарысқан киіктерге, Құйындар жалт қарады тоқтай қалып» деген жолдар әсерлі. 

– Жалпы, мен киіктер туралы жиі жазады екенмін. Осы айдың 18-19 жұлдызында «Қаламқас» атты пьесам бойынша Түркістан театрында спектакль қойылады. Ондағы басты кейіпкердің бірі де – киіктер. Киік дегенде көз алды­мыз­ға дала елестейді. Далаға, кеңдікке, табиғи тазалыққа деген ішкі бол­мы­сымыздың құштарлығынан болар.

– Әбіш ағаның батасын ал­дыңыз, ірілігін көрдіңіз, Фариза ақынның биіктігін де бір кісідей білесіз. Қазіргі зиялы қауымның ортасында сіз де жүрсіз. Осындай ортаға барғанда нені таппайсыз? Не жетіспейді?

– Рас, ол кісілердің орны үңірейіп тұр. Бұрын бізге қалқан, үлгі, өнеге болып жүрген аға-әпкелеріміздің көбі ақырындап кетіп жатыр. Олар барда өзімізді еркін сезінетін едік. Үлкен бір жиын, басқосуларға келгенде таудай болып төрде отырушы еді. Қазір жан-жағыма қарасам, ақырындап сол төрге біз де жақындап қалыппыз. Төрге шыққанда да бәрібір біртүрлі қоңылтақсып, жетімсіреп отырасың. Ұлы адамдар өмірден кеткен кезде рухани қоғам да біраз уақытқа дейін дағдарысқа ұшырап қалады екен. Жұрт оны дабыра қылып айтпауы да мүмкін. Бірақ іштей осының бәрін қатты сезінесің. Шүкір, мүлде жоқ емес, бар ғой. Төлен аға Әбдік, Әкім аға Тарази бар. Бірақ ол кісілер денсаулықтарына байланысты көп жиында төбе көрсете бермейді. Әбіштей асқар таулардың, Фаризадай ақындардың көзін көріп, энергиясын сезінгендіктен болар, қазір бір жетімсіреу бар.

Бір жағынан өзімізге түскен жауапкершілікті де өн-бойыңмен сезіне бастайды екенсің. Сол аға буынның орнын баса аламыз ба, жоқ па деген қорқыныш та бар. Олардай бола алмайтыныңды түсінгенде өз-өзіңді қоярға жер таппай кетесің. «Келіңіз, жоғары шығыңыз» дегенде төрге өз-өзімді сүйреп зорға шығамын. Қазір сондай жиындарға барғанда биіктікті, ірілікті іздеймін. Кейде жұтаңдық та байқалып қалады.

– Сізді қазір не мазалайды? Қарапайым адам, ақын, әйел ретінде қандай сұраққа жауап таба алмай жүрсіз?

– Біз – кітап оқып өскен ұр­пақ­пыз. Кейінгі 30 жыл бойы антикітап дәуірін бастан кештік. Бұл кезде біз оқырманнан айырылып қалдық, жырға әуес жұрт жоғалып кетті. Осы кезде қаламгерлер де өз-өздерін жоғалта бастады. Алма ағашының жемісі оның өзіне керек емес. Дәл сол сияқты арқырап ағып жатқан өзенге де өз суы қажет емес. Оның бәрі халыққа керек. Қаламгер жазған дүние де өзіне емес, оқырманға керек. Ал оқырман қажет етпесе, ол – үлкен қасірет. Онда қурап қалған алма ағашы секілді қаламгерлік шеберлік те кері кете бастайды. Рухани жұтаңдықтан біз қалай қорғана аламыз? Біз кітап оқымай қорғансыз қалдық. Кітаптың орнын жағымсыз шабуылдар, мардымсыз ақпараттар басты. Аға буынның туындылары, ақыл-кеңесі біздің қорғанымыз болатын. Олардың артында мол дүние – кітаптары қалды. Келер ұрпаққа біз сол кітаптарды оқыта аламыз ба? Ұғындыра аламыз ба? Қазіргі уақыттың басты сұрағы – осы.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»