Туризм • 17 Мамыр, 2024

Бойында Бурабайдың бір кешен бар

181 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Экономиканың күретамыры саналатын саланың бірі – ішкі туризм. Жазғы демалыс маусымы таяған сайын еліміздің көрікті аймағын аралап, шырышы бұзылмаған табиғаттың тамашасын көруге асыққандар шоғыры қалыңдай түсетіні белгілі. Бұл ретте туризмнің өркен жаюына еліміздегі емдеу-сауықтыру орындарының да тигізер пайдасы зор.

Бойында Бурабайдың бір кешен бар

Президент Іс басқармасы медицина­лық орталығына қарайтын «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені айтпағымызға дәлел. Өткен  жылды қорытындылап, биылғы жоспар талқыланған жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев демалыс аумақтарының саны екі еселеніп, жетекші 20 орталықтың тізімі түзілгенін айтқан еді. Өркендетуге басымдық берілетін 20 туристік орынның ішінде «Щучье-Бурабай» курорттық аймағы да бар. Ішкі туризмге серпін үстеу мақсатында тиісті министрлік келешекте жергілікті атқарушы органдармен тізе қосып инфрақұрылымды дамыту бойынша жол картасын да әзірледі.

«Щучье-Бурабай» курорттық аймағы­ның ыстық нүктесі саналатын «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне келушілер сырқатына дауа алып қана қоймай, тұмса табиғаттың тамашасын қызықтап, туризм кластерінің кереметіне қанығады. Сауықтыру кешенінің басшылығы шипажай дегенде көпшілік көбіне тек ем алатын орталық деп ойлайтын түсінік қалыптасқанын айтады. Келушілердің денсаулығын нығайту негізгі міндеті саналатын шипажайда бүгінде туризмді өрістетуге де бірнеше бағыт бойынша ауқымды жұмыс жүзеге асырылып отыр.

«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені­не тиесілі аймақта жаяу жүргіншілер сүр­леуі бар. Қалың жыныс қарағайдың өзегін бойлай созылған сүрлемнің ерекшелігі де, жаңалығы да мол. Әр тұстағы аялдама орындықтарының маңында тақтайша бекітіліп, QR-код ілінген. Демалушылар смартфонына жүктеп алып сауықтыру кешенінің тарихы, жаңалықтарын оқып қана қоймай, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырының аудио нұсқасын да тыңдай алады. «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеннің басқарушы директоры Аян Ақмырзин келген қонақтар та­биғат аясында сейіл құра жүріп те әде­биетіміздің жауһарларымен танысатынын айтады.

– «Qazaq nomad» жобасы бойынша бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүзеге асырылып келеді. Ата-бабаларымыздың жауынгерлік өнерін дәріптеу мақсатында садақ ату орталығы жұмыс істейді. Арнайы мамандарымыз демалушылардың бос уақытында адырнасын аңыратып, сұр жебесін көбені көздей атып, мергендікке бау­лиды. Ұлттық ойынымыз асық ату да – балаларын ертіп келген ата-аналар үшін таптырмас ермек. Жасыратыны жоқ, қаланы қойып, ауылдың баласы қа­зір асыққа онша жуи қоймайды. Тіпті, асық ойынының қандай түрлері бар, қа­лай аталатынынан көпшілігі бейхабар. Төл ойынымыздың тарихынан хабардар етіп, асық ойынының түрлерін үйрететін жаттықтырушылар жұмыс істейді, – дейді А.Ақмырзин.

Сондай-ақ жетекші маман ем алушы­лар­ға жылдың төрт мезгілінде де қымыз үздіксіз берілетінін атап өтті.

– «Ақмарал» марал шаруашылығымен бірге біздің кешенге жақын маңдағы Қымызай деген ауыл тұрғындарымен де се­ріктесіп қызмет етеміз. Шипажайға ке­луші қонақтарды жыл он екі ай қымызбен қамтамасыз ету – осы ауыл тұрғындарының еншісіндегі шаруа. «Qazaq nomad» жобасы аясында асхана мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары қосылған. Мұның бар­лығы да – этнотуризмді дәріптеу ба­ғытында қолға алынған шаруа, – дейді Аян Ерденұлы.

Емдеу-сауықтыру кешеніне келген қонақтарға емдік шараның ішінде марал пантасы да ұсынылады. «Щучье-Бурабай» курорттық аймағында тек осы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде ғана марал пантасы бар.

– Президент Іс басқармасының ме­дициналық орталығына қарайтын «Оқ­жетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде емдік шаралардың бірнеше түрі қам­тылады. Жыл сайын 10 мыңнан аса тұ­тынушыға медициналық көмек, емдеу-сауықтыру қызметін ұсынамыз. Биыл құрылғанына 60 жыл толатын сауықтыру кешені еліміздің туризм өрісін дамытуға да толайым үлес қосып келеді. Мерекелік күндерде, маусымдық демалыс кезінде кешенімізге ем-дом алуға ғана емес, Бурабай баурайындағы керемет табиғатты тамашалауға келетін жандардың да қа­та­ры артып отыр. Бұл ішкі туризмнің де тамырына қан жүгіріп, іс ілгері басып келе жатқанын айқындай түседі. Бу­рабай көлін бөктерлей қалың қарағай арасына салынған жаяу жүргіншілер соқпағымен сейілдеген туристер өлкенің бойтұмары саналатын Оқжетпес шыңын дәл түбінен тамашалап, айдынның ор­тасындағы Жұмбақтасты пароммен тама­шалап қайтады. Медициналық қызмет түрлері бойынша ем қондыру шараларын жоғары білімді, білікті мамандар жүргізеді. Негізінен мұнда тірек-қимыл аппараты, жүрек қан-тамыр сырқатына шалдыққандардың денсаулығын нығайту­ға басымдық беріледі. Алда жаз мезгілі. Бурабайдағы табиғаттың аясында тынығу арқылы да ішкі туризмнің дамуына әркім үлесін қосатынын баса айтқымыз келеді, – деді А.Ақмырзин.

Жазушы Қуандық Түменбай «Оқжет­пес» емдеу-сауықтыру кешенінің қызметін жыл сайын игілігіне айналдырғанын айтты.

– Биыл төртінші мәрте табаным тиіп отыр. Мұнда бізді баурайтыны – әсем табиғаты. Шырышы бұзылмаған бал­қарағайдың арасында таза ауадағы сейілдің өзі – демалыс. Жан-дүниеңе тыныштық, ойыңа оңаша сәтті іздесең, тау бөктерлеп жүргеннің өзі – керемет, – дейді қаламгер.

Астана қаласынан келген Бақытгүл Мұратова да емдеу-сауықтыру кешенінің қызмет көрсетуінен сырт табиғат аясын­дағы серуен де жанға дауа екенін алға тартады.

– Бабаларымыздың бізге мұра болып жеткен түрлі аңыз, дастанның тарихына да қанықтық. Кітаптан оқыған, естіген Оқжетпес туралы, Жұмбақтас жайында, үш жүздің басы бірігіп, Абылайды ақ киізге салып хан көтерген алаң және түрлі тарихи шешімдер қабылданған хан тағы ескерткіші туралы толымды мә­лімет алдық. Жетекші гид мамандар жол бас­тап, осындай жауһарларды таныстырады. Биыл алғаш рет келдім, ендігі сапарымда немерелерді де әкелемін. Асық ойнап, садақ атып табиғат аясында серуендегеннің өзі қандай! «Қолда барда алтынның да қадірі жоқ» деген, елімізде мұндай табиғаты көркем көрікті шұрайлы қоныс өте көп. Бірақ бағалай біліп, игілігін көру жағы кемшін соғатыны жасырын емес. Туризмді дамытамыз десек, осындай кешендерді салу ісін де қолға алған тиімді, – дейді зейнеткер.

Сондай-ақ жоғары санатты дәрігер терапевт осынау көрікті мекеннің емдік қасиетіне тоқталды.

– Ем-шаралардың бірі жоғары қы­сымды су ағыны арқылы массаж жасалатын шар­ко душының пайдасы мол. Одан соң панталы бу саунасын қа­былдағысы келетін тұ­тынушыны бал­қа­рағайдан жасалған бөшке ішіндегі марал пантасының сығынды сөлі мен буда ұстайды. Озеркитті бастырма емін жүр­гізу арқылы тамырларды кеңейтіп, қан айналымын жақсартады, зат алмасу үдерісі жақсарып, қабыну жойылады. Ши­па­жайдағы терапиялық емнің тиімді әрі ке­ңінен қолданылатыны – балшықпен емдеу. Балпаш сор көлінің табанындағы хи­миялық, биологиялық құрамы жоғары емдік қасиеті мол балшық зат алмасу үде­рісін қалпына кел­тіріп, тері ауруы, буын сыр­қырауын жақ­сартып, жүйке жүйесінің жұ­мысын қалыпқа кел­тіреді, – деді емдеу-са­уық­тыру бөлімінің меңгерушісі Любовь Ко­ноплева.

Шипажайда инновациялық жоба ретінде нафталан емі қолданылып келеді. Әзербайжаннан әкелген мұнай өнімі арқылы шипасы даритын нафталанмен емдеу ісі елімізде алғаш болып «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде жүзеге асырылып отыр.