Оқу орнының тарлығына қарамастан 2-3 сынып әкімдік табалдырығын тоздырса, Мәдениет үйіндегі «сыныптардың» жағдайы тіптен сорақы. Дәлізді ескі шкаф, сынық сөрелермен бөліп, қолдан сынып кабинеттерін құрастырып қойған. Ешқандай талап туралы сөз қозғауға келмейтін «кабинеттерде» жоғары сынып оқушылары бір партаға үш оқушыдан отырады. Техникалық базаны былай қойғанда тақтаның әрең ілініп тұрғанын байқау қиын емес. Тақта мен партаның арасы бір аттам жерде мұғалім артық қимыл-қозғалыссыз сабақ өтеді. Ол аздай арақашықтығы 8 шақырымдық Туғанбай ауылындағы мектепке «шапқылайды». Осылайша, 9 айда табаннан тозған мұғалімдер мен оқушылар биылғы оқу жылын тарыдай шашырап жүріп тәмамдауға таяды.
Мәселенің мәнісін №12 орта мектептің директоры Ержан Нүсіпжаннан сұраған едік.
«Жалпы, Нұра ауылындағы Бәйдібек, Дулат, Нұра-1, Нұра-2 деп аталатын шағын аудандардан 300 оқушы мектепке тасымалданып оқытылатын. Мектебіміздің күрделі жөндеуге жабылуына байланысты осы оқу жылында барлығын қосқанда 800 оқушыны Туғанбайдағы №30 орта мектепке 5 автобуспен алып барып, алып қайтады. Жоғары сыныптардағы 334 оқушы ауылдағы Мәдениет үйі мен ауылдық әкімдіктің ғимаратында санитарлық норма сақталмаған тар бөлмелерде қысылып-қымтырылып оқиды. Техникалық база контейнерде жиналып тұр. Оны қосуға да, сақтауға да мүмкіндік жоқ. Мәдениет үйінің камерасы балалардың қауіпсіздігін бақыламайды. Сол себепті, бала қауіпсіздігіне де алаңдаймыз», дейді мектеп директоры Ержан Қуатұлы.
Бор мен тақтаның ғана көмегімен сабақ өтетін мектеп мұғалімдері көрнекілікті қағазға шығарып келіп, пайдалануға машықталған. Ал денешынықтыру, химия мен физика пәндері туралы айту артық.
Мектеп бітіретін түлектер де арысы Алматы қаласы, берісі Өтеген кенті, Байсерке ауылы мен жаңа атауға ие Алатау қаласына қатынап, тестке дайындалудан шаршағандарын жасырмайды. Биыл 11-сыныпты 27 оқушы бітіреді. Ал мектептің күрделі жөндеуге жабылуына байланысты 0-сыныптар мүлдем ашылмаған.
«Мектептің жабылуына байланысты 60-қа таяу жоғары сыныптағы үлгерімі жақсы оқушыларды ата-аналары қаладағы мектептерге тасымалдап оқытып жатыр. Оған ауыл тұрғындарының бәрінің мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан білім сапасына да кері әсер етеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар балаларын алысқа тасымалдай алмайды. Орын жоқтығынан қосымша сабақ өткізілмейді. Жоспар бойынша мамыр айының 24-і күні мектепті қабылдап алуымыз керек болған. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін құрылыстың жарты жұмысы да аяқталған жоқ. Алдағы 3 жарым айда қалай аяқталатыны белгісіз. Мына қарқынмен жаңа оқу жылында көшіп-қонып бастамасақ болғаны», – дейді мектеп басшысы.
Білім сапасымен қоса, жолдың қауіпсіздігі де ұстаздар мен ата-аналарды алаңдатып, сары уайымға салып келеді. Балалардың тәртібі мен тәрбие сағатына, спорт пен өнерге баулуға да жыл бойы мүмкіндік болмаған. Қыстан дірдектеп шыққандарын да ұмытпақ емес.
Тоғыз ай тарыдай шашырап оқу жылын аяқтаған ұстаздар мен оқушылардың, ата-аналардың жалғыз-ақ тілегі бар. Ол – өздері сарыла күтіп жүрген мектептің құрылысы сапалы аяқталып, жаңа оқу жылын жайлы мектепте бастау. Алайда мамыр айында күрделі жөндеу аяқталуы тиіс мектепте жұмыс сылбыр, тіптен құрылыстың жартысына жуықтамағаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Оны жұмысшылар еңбекақыларының уақтылы берілмеуімен байланыстырады.
«Қыстай ішкі жұмыстарды аяқтауға болар еді, оған мердігер компания жұмысшылардың еңбекақысын бермеді. 50 адамнан осы күні он шақтысы ғана қалды. Соның салдарынан жұмыс өнбей отыр», дейді бригадир Серік Смағұлов.
Біз орын алған мәселеге байланысты мектеп құрылысына жауапты мердігер «SHEBERBUILD» ЖШС-ның жоба жетекшісі Марат Қожамқұловпен хабарласқан едік. Ол осы уақытта үш қабатты нысанның бірнеше блогінде қабырға мен төбесінің ішкі әрлеу жұмысы, сыртқы қасбеті жасалып жатқанын, сонымен қатар электрмонтаждау, ішкі қабырғаларды қалау және сылау, әктеу жұмыстары жандана түскенін айтты. Нысанның сыртқы абаттандыру жұмысы қарқын алып, мектеп айналасындағы қоқыстар түгел тазартылып жатқанын хабарлады.
«Мамырдың 13-інен бастап жұмысшылар саны 50-60-қа жетіп, нысанды бір ай мерзімге кешіктіріп, яғни маусымның аяғына дейін тапсырып беруге тырысамыз», – деді Марат Қожамқұлов.
Тоғыз ай бойы тұралап, белгіленген мерзімінен кешігіп жатқан бұл жобаға 1 млрд 10 млн теңге бөлінген.
Жылға жуықтаса да еңбекақысын ала алмаған жұмысшылардың зарына «Amanat» партиялық бақылау комиссиясы құлақ түріп, жалақы бойынша 25 млн теңге қарызды қайтаруға көмектескені туралы облыстық «Amanat» партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Талғар ауданы Нұра ауылындағы мектеп құрылысымен айналысқан 12 құрылысшы бес ай бойы жалақыларын ала алмай келген. Олар жалақыларының кешіккеніне қарамастан, ешбір үзіліссіз жұмыс кестесіне сай еңбек еткен. Алайда басшыларымен болған келіссөз ешқандай нәтиже бермегеннен кейін құрылысшылар «Amanat» партиясынан көмек сұраған.
«Партиядан көмек сұрамас бұрын, бұл адамдар бірнеше рет өз басшылығымен тікелей сөйлесуге тырысқан. Алайда олар уақытты созып, жұмысшылармен кездесуден қашқан. Осылайша, бас-аяғы 12 адам бізден көмек сұрады. Біз құрылыс алаңын қарап шықтық, компания директорына хабарластық, содан кейін жалақы бойынша барлық қарыз өтелді. Нәтижесінде, жұмысшыларға берілген еңбекақының жалпы сомасы 25 млн теңгені құрады», дейді «Amanat»-тың облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Тимур Нүкебаев.
Пария өкілдері нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Қазіргі уақытта мектеп құрылысы жалғасып, құрылысшылар ішкі әрлеу жұмысына кіріскен.
«Менің қызым 4-сыныпта, Туғанбай ауылына барып оқиды. Мектебіміздің күрделі жөндеу жұмысы өткен жылдың 16 мамырында басталып, биыл осы уақытта аяқталуға тиіс еді. Бекітілген мерзім бітті. Жұмыс өте баяу жүргізілуде. Мына түрімен қыркүйектің 1-іне дайын болады дегенге сене алмаймыз. Біздің балалар қашанғы басқа ауылға барып оқиды? Онда сабақ үш ауысымда оқытылады. Балаларымыздың білім сапасы мен жолдағы қауіпсіздігіне кім жауап береді?», деп налиды бастауыш сынып оқушысының анасы Мадина Абайқызы.
Осылайша, қыруар қаржыға жасалып жатқан мектеп құрылысының уақтылы аяқталып, жаңа оқу жылына сақадай сай болуы ауыл тұрғындарының басты арманына айналып отыр.
Алматы облысы