Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
«Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек», деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы республиканың өңірлерінде нақты Шымкент қаласында қалай жүзеге асып жатқаны туралы сөз қозғасақ.
Әуелі жағымды жаңалықтан бастайық.
Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен OASIS экожүйесін құрған жергілікті ІТ компаниясының басшысы Нұрсұлтан Оспановпен кездесті. Бұл ІТ саласы бойынша бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді әріптестік байланыстың орнай бастағанын көрсететін маңызды оқиға десе болады. Осындай келісімдер арқылы барлық қызмет үдерісін цифрландыру нәтижесіз қалмайтыны белгілі. Мәселен, аталған компания бағытының бірі – құрылыс саласында ІТ технология көп жұмысты жеңілдету. Айталық бұрын қағаз қаламмен отырып жасалатын жобалар автоматиканың көмегімен жылдам орындалатын болды. Ол уақытты, ресурсты үнемдеуге септігін тигізері хақ. Екіншіден, цифрлық жүйе құрылыс алаңынан бастап бақылауды күшейтеді, ашықтықты, мөлдірлікті қамтамасыз етіп, жауапты тұлғалардың заңбұзушылыққа баруына жол бергізбейді. Бұл әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде ауадай қажет дүние. Ең бастысы, жұмыстың жылдам жүруі қажетті ақпарат, мәліметтерге тез қол жеткізіп еңбек өнімділігін арттыра түседі.
Өз кезегінде атқарушы билік жаңа OASIS экожүйесінің мүмкіндіктерін ерекше бағалап отыр. Компания негізін қалаушы Н.Оспановтың айтуынша бизнес пен билік арасындағы B2G түріндегі әріптестік байланыстың орнауы құрылыс саласындағы инновациялық бастамаларға даңғыл жол ашады. Өйткені OASIS экожүйесі адам қолмен істейтін жұмыстарды автоматтандырып, істің тазалығында, шынайылығында ешқандай күдік-күмән қалдырмайды.
«Бүгінгі таңда цифрландыру ісі адамзаттың күнделікті тіршілігінде маңызды орын ала бастады. Соның үшін мемлекеттік мекемелер де ІТ технология көмегімен басқарушылық әдісті жеңілдететін жолдарды іздеуге көшті. Соның ішінде құрылыс индустриясындағы цифрлық жүйе қағазбастылықтан арылып, сыбайлас жемқорлықты құртуға үлкен көмегін тигізе алады. Президент бастамасына орай ІТ технологиясы дамыған мемлекет құруға әрі әділетті қоғам қалыптастыруға бағыт алған бүгінгі кезеңде цифрлық жүйеге жаппай өту ең басты өмірлік қажеттілік болып отыр», деді кәсіпкер Н.Оспанов.
Осы орайда қала әкімдігі биылдан қалмай құрылыс саласын цифрландыруға көшіруге ниет байлаған. Бұл OASIS-тің барлық ІТ жүйесін біріктіріп, қазығы қағылып, қабырғасы қаланғанға дейінгі бүкіл құрылыс жұмыстарының барысын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы жергілікті әкімдік құрылыс жұмыстарының әрбір кезеңін жіті бақылауды мықтап қолға алады. Сондай-ақ автоматты жүйе құрылыстың сапалы салынуына кепілдік беріп, бюджет қаражатының жымқырылуына тосқауыл болады.
Бұдан бөлек қызмет түрлерін цифрландыру ісі бойынша биылғы үш айда қалалық әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, шалғай елді мекендер мен шағын аудандардағы интернет сапасын мониторингтеу барысында 50 аумақта олқылық анықталған. Аталған кемшілікті жою мақсатында мобильді операторлар сол аумақтардың біразына антенна-мачталық құрылғылар мен базалық стансалар орнатты. Соның нәтижесінде интернет сапасы жақсара түсті.
Мобильді интернеттен бөлек жеке инвесторлар шалғайда жатқан 20 елді мекенге талшықты оптика желісін тартып, 210 мыңға жуық қала тұрғыны жоғары жылдамдықты оптикалық интернет желісіне қосты. Биыл тағы да 20 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіледі. Осы мақсатқа орай жеке инвесторлармен тиісті меморандум түзілген. Соның аясында жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстар толық аяқталатын болады.
Қала мектептеріндегі интернет жылдамдығын 150 мб/сек дейін жоғарылату міндеті қойылған десек, бүгінде мегаполис аумағындағы 147 мектепте интернет жылдамдығы 150 мб/сек дейін көтерілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірінде «ІТ Hub»-тар ашылу керек-ті. Осы ретте жуық арада шаһарда «Shymkent IT Hub» технологиялық паркі іске қосылады. Бұл үшін қазіргі таңда ғимарат қарастырылып, технопаркті материалды техникалық базамен жасақтауға тиісті қаражат жеке инвестор немесе жергілікті бюджет есебінен бөлінетін болады. Сондай-ақ «Astana IT HUB» технопаркі қалалық әкімдікпен алдағы уақытта арнайы меморандум жасасып, жергілікті технопарктің ашылуына көмегін тигізбек.
Сонымен бірге биыл санаториялық-курорттық жолдама беру қызметі автоматты жүйеге ауысты. Бұл бастама қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мен цифрландыру басқармалары арасындағы арнайы ынтымақтастық келісімшартының негізінде жүзеге асты. Ендігі жерде зейнеткерлер шипажайларда емделу үшін онлайн кезекке тұрып, кезек реттілігін де өздері бақылай алады.
Бұдан бөлек биыл әкімдікке қарасты 5 басқармадан 13 қызметті автоматтандыру бойынша ұсыныс хат келіп түскен. Аталған ұсыныстарды талдау, техникалық мүмкіндіктерін қарастыру жағы шешілу үстінде. Мұнымен қоса жергілікті атқарушы органдардың барлық функциясын тоқтаусыз автоматтандыру мақсатында Астана қаласы әкімдігінің мол тәжірибесін пайдалану көзделіп отыр.
ШЫМКЕНТ