14 Қаңтар, 2015

Ауыл шетіндегі үй

2332 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
i_081Жазушы Герольд Бельгердің балалық шағы туралы толғаныс «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, Бұдан артық рахат табылмайды», – деп басталатын ақиық ақын Мұқағалидың өлең жолдары үнемі есімде жүреді. Еріксіз ауылым есіме түседі. Не жетсін, шіркін, туған ауылға! Оқумен, қызмет бабымен елден жырақ жүрсек те, ауылға деген сағыныш, ел адамдарына деген ыстық ықылас тоқтар емес. Шал ақын ауданына қарасты Ыбыраев атындағы ауыл кезінде еңселі, бірлігі мен тірлігі, шаруашылығы мен мәдени өмірі жарасып жататын елді мекендердің бірі болатын. Ел тұрғындары бір-біріне ықыласты көңілмен шаруаларына көмектесіп, әйелдер бірінің сауынын бірі сауып, бірінің баласын бірі бағып, аралас-құралас болып жататын. Есіл бойынан бірлесе шөп шабысып, қысқа қарай отындарын жарысып, тасысып, бір қазанның ішінде қайнап жататын еді. Қазір байқап отырсам, сол қайталанбас жарастықты жасаушылар елдің маңдайалды, айтулы азаматтары екен. Менің айтпағым ел ішінде ауыл тұр­ғындарының құрметіне бөлене білген Бельгерлер отбасы жайында. Олардың қандай жағдаймен біздің елге келгенін есейе келе түсіндік. Әйтпесе, біздің түсінігімізде елдің байырғы тұрғындарының бірі есебінде болатын. Менің нағашы атам Ерғали Бельгерлермен бір көшенің бойында тұрды. Үй арасында екі-үш қана үй бар, сондықтан олардың өмірімен бала күнімнен жете таныс болып өстім. Үй иесі Карл Фридрихович Бельгер ауылда көп жылдар бойы фельдшерлік қызмет істеді. Ауыл адамдарына деген шынайы ықыласы қандай еді?! Біреу-міреу ауырып қалса, күн демей, түн демей қолындағы қобдишасымен жетіп келетін. Мынандай бір оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Төртінші сыныпта оқып жүрмін. Қыс кезі. Кешке қарай оқудан қайтқанда, ауыл ортасында тұрған үлкен дөңнен сырғанайтын әдетіміз бар. Әдеттегідей сол дөңде бір сағаттай сырғанап ойнадық. Бір кезде қатты сусадым да, жерден қар алып жедім. Сол күні түнде дене қызуым көтеріліп, қатты ауырдым. Әке-шешемнің әлек-шәлегі шықты. Түн ішінде көрші Қазан ағамызды оятып, оны Карл Фридриховичке жұмсады. Сағат түнгі үш шамасы ғой деймін, ақпанның қара суығына қарамастан, Карл Фридрихович жетіп келді. Қолында қобдишасы бар. Дене қызуын түсіретін дәрі беріп, ауызғы үйде, пештің қасында, мені алдына алып, орындықта екі сағаттай отырды. Кейін шешем: «Қызуың түскеннен кейін, сені төсекке апарып, жатқызып кетті», – деп айтып отыратын. Сол секілді ең кіші сіңлімді бала күнінде бетінен ит қапқаны бар. Бет-аузы көнектей болып ісіп кеткенде: «Ойпырым-ай, кескін-келбеті бұзылатын болды-ау!» – деп қатты уайымға түскенбіз. Әсіресе, әкем: «Петропавлға апарам» – деп әлектенді. Карл Фридрихович әкемді сабасына түсіріп, өзінің-ақ емдеп жазатынына сендірді. Дәл солай болды да. Кейін сіңлімнің жоғарғы ернінің үстінде болар-болмас із ғана қалды. Осылайша, ол өзінің дәрігерлік шеберлігімен елді тәнті ететін. Өз ісіне адал Карл Фридрихович үлкенге де, кішіге де осындай шынайы ықыласпен қарайтын еді. Әкемнің денсаулық күзетшісі де сол кісі болатын. Оның жағдайын күн ара өзі келіп, тексеріп кететін. Жаяу жүріп, ауыл адамдарын сырқаттан емдеуге жалықпайтын. Қатты ауырғандарды аудан орталығына апару үшін, машина табылмаса, трактормен өзі алып кете беретін. Тіпті болмаса, қыстың күндері өзінің атын жегіп, тұлыпқа орап, шанаға отырғызып алып баратын. Сөйтіп, ауылдың көп адамдарын ажал тырнағынан арашалап қалған адам еді. Сондықтан біздің түсінігімізде «дәрігер» деген ұғымды «Белгір» деп түсіндік. Оның фамилия екенін кейін келе білдік. Карл Фридрихович – елдегі бірнеше баланың кіндік атасы. Ол кезде әйел біткеннің бәрі үйде босанады ғой. Өз қолымен кіндігін кескен балалары бүгінгі күні ата-әже болып отыр. Соның бірі менің бала күннен бірге өскен досым – Күлбара. Оны елде жұрттың бәрі «Белгірдің қызы» деп атайды. Карл Фридрихович мектептегі барлық оқушыларға ерекше зер салатын. Оларға жалғыз өзі екпе жасай беретін. Ауыл радиосынан тұмау, өкпе аурулары жайында, жаз айында суға байқап түсу жайлы ескертулер жасап жиі сөйлеп тұратын. Білімінің қандай дәрежеде екенін білмеймін, бірақ анау-мынау дәрігерден артық, тәжірибесі мол маман ретінде елдің ең қадірменді азаматтарының бірі болып есімізде қалды. Карл Фридриховичтің скрипкада ойнайтын өнері бар еді. Кешке таман ол ауыл жастарын клубқа жинайды. Оның ішінде балалайка, мандалин, гармон, баян тартатын жастардың басын қосып, ел тұрғындарына әртүрлі мерекелерде концерт қоятын. Солардың ішінде: Сайдуов Әскер, Садықов Есен, Әбілмәжінов Ғазез, Журавлев Валентин сияқты жастар оның өнерге тартқан шәкірттері болатын. Ауылдағы достары, құрдастары: Досымбеков Қази, Оразтаев Бекім сияқты ағаларымызбен қатты әзілдесіп, жарастықтары келісіп жүруші еді. Ұялған кезде қып-қызыл болып күле беретін. Оның зайыбы Анна Давыдовна сондай байсалды, ақылды да байыпты ана болатын. Ауласында неше түрлі емдік қасиеті бар шөптер өсіреді. Таңқурай, қарақат секілді жидектердің өсетінін ауыл адамдары осы үйден көрді десем, қателеспеймін. Анна Давыдовна өте таза, ұқыпты алдынан алжапқышы бір түспейтін жан еді. Ауласы қандай таза. Үй маңайынан бір қоқыс көрмейсің. Қатты жауыннан кейін кейбір үйлердің сыртқы сылағы түсіп жатады, ал олардың үйлерінің сылағы әсте түсе қоймайтын. Аппақ болып тұрушы еді. Ауыл әйелдері : «Аннаның сылаған балшықтары қалай түспейді?» – деп аңыз қылатын. Әсіресе, жаз айларында дүкенге, мектепке немесе поштаға бара жатқанда, бала көңілмен бау-бақшаларына қызықтап қарап өтеміз. Өзімізде ондай болмағасын, соның бәрі таңсық болып көрінетін. Анна Давыдовна бізді байқап қалса, уыстап таңқурай бере бас­тайтын. Сол кезде жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын. Ол кісі ауыл әйелдерімен, көрші-қолаңдарымен өте жақсы араласатын. Той-томалақтарда өзінше жөн-жоралғысын жасап, қалыспай жататын. Әсіресе, Бельгерлер өздерімен көрші тұратын орны бөлек, біздер үшін қадірменді ұстаздар Есім Ысмағұлов пен Күлшара Қасымқызының отбасымен қоян-қолтық араласқанын ел күні бүгінге дейін аңыз қылып әңгімелейді. Ботагөз, Сәуле, Талғат сол үйдің балаларымен бауырдай болып кетті. Олар солардан орыс тілін үйренді. Олардың бау-бақшасында өз үйлеріндегідей жүргендерін көргенде, біздер қызыға қарап өтуші едік. Карл Фридрихович пен Анна Давы­дов­наның ұл-қыздары: Герольд (Гера), Эльма, Альма, Роза ауыл мектебінде оқыды. Үлкендері ауылдан оқуға ертерек кетті де, бізбен қатар өскен Розасы болды. Ауыл адамдары «Альманың» жіңішкелік белгісін алып тастап, «Алма» деп кетті. Роза менен екі сынып жоғары оқыды. Ол сабақты жақсы оқыды, мектепте белсенді оқушылардың қатарыңда болды. Көзі үлкен, әдемі болатын. Жирен түсті екі бұрым қылып өріп жүретін қалың, бұйра шашы ерекше көз тартатын еді де, өзіне керемет жарасатын. Иә, өмір бір орында тұрмайды. Кейін бәріміз де ауылдан оқуға кеттік. Каникулға келгенде де, ерлі-зайыпты Бельгерлер арқамыздан аялы алақандарымен қағып, пейілдерін танытып жатушы еді. Алматыда оқып жүрген кезім. Бір күні әкемнен хат келді. Ол хатында Бельгерлердің Ташкентке көшіп кеткенін жазыпты. Бір түрлі болып қалғаным есімде. Кейін білсем, ауылдан кеткенде, өздері де жылап, ауыл адамдары да жылап, қимастықпен шығарып салыпты. Біраз жылдардан соң, сол жақта ол кісілердің бақилық болғанын естідік. Өкініштісі, жап-жас Розасының өмірден ерте кеткендігі. Оны да елдегі бір ағамыздай болып кеткен Герольд Бельгердің «күнделігінен» оқып, қатты өкінгенім бар. Герольд Карлович Бельгер – танымал тұлға. Шығармашылығымен өз елімізге де, шетелге де аты шыққан бірегей азамат екені белгілі. Ауылда оны жұрттың бәрі «Гера» деп кеткен. Есімде бір қалғаны, студент кезінде елге келгенде, ауыл үйлерінің бәріне амандасып, кіріп шығатын. Әсіресе, менің нағашы атам Ерғали үйіне бірінші келуші еді. Алматыда оқу бітіргеннен кейін Гера Жамбыл облысы, Байқадам деген ауылға мұғалім болып барады. Міне қараңыз, дәл осы ауылда менің нағашы апам Гүлсім Қаленова тұрды. Сонда ол кісі ауыл адамдарына: « Гера – менің інім» деп таныстырады. Жездеміз Төлек оны «балдыз» деп атап кеткен. Апамыз Гүлсім әлі бар, жасы 90- ға жақын. Әлі күнге дейін Герамен қарым-қатынасын үзбей келеді. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Гера өзіміз оқыған Ленин орта мектебіне (бүгінгі Мәркен Ахметбеков атындағы мектеп) мұғалім болып келді. Дәл сол жылдары біз 5-сыныпқа бардық. Сынып жетекшіміз марқұм Қағида Базарбайқызы бастап келіп, бізге таныс­тырды. Ол бізге «Книга для чтениядан» сабақ берді. Гера оқытқан И.С. Тургеневтің «Муму» атты әңгімесін өмір бойы ұмытпаймын. Ұқыпты, мұнтаздай таза киінген, әдемі бұйра шашы өзіне сұлулық сыйлап тұратын жас ұстаздың түр-тұлғасына сүйсіне қарайтын едік. Тіл байлығы қандай! Сабақтың кейбір кезеңдерін орысша да, қазақша да түсіндіруге жалықпайтын. Артынан елден кетіп қалғанда да, кейбір жақсы көріп қалған оқушылар қайда кеткенін білмей, дал болып қалған еді. Әлі есімде, «Гера келіншек әкеліпті» деп, Карл Фридриховичтің үйіне ауыл әйелдерінің жүгіргені. Оның тұңғыш әрі жалғыз қызы дүниеге келгенде де, осындай жағдай қайталанған болатын. Алматыда тұрса да, Гера елге жаз айларында отбасымен келіп тұратын. Әсіресе, біраз уақытын біздің үйде әкеммен бірге өткізетін. Біздің үйде не көп, газет-журнал көп. Ескі жылдардағы журналдарды ақтарып оқып отыруға жалықпайтын. Ол әкеме хат жазып тұратын. Әр хаты «Құрметті Ғалым аға, жеңгем Зураш!» деп басталушы еді. Жазуы қандай маржандай! Хатында ауыл адамдарының хал-жағдайын, әкемнің денсаулығын, шығармашылығын сұрап, ел азаматтарына сәлем айтуды өтініп жататын. Оның елге деген, ел адамдарына деген ықыласын айтып жеткізу мүмкін емес. Ол ауыл адамдарының үрім-бұтағын, ағайын-туғанын өте жетік білді. Герольд Бельгердің «Ауыл шетіндегі ағаш үй» («Сосновый дом на краю аула») хикаятын қалың оқырман білуге тиіс. Оның прототиптері – менің әке-шешем. Олардың өмірбаянын бүге-шегесіне дейін білген соң, осындай шығарма туып тұр ғой. Әйтпесе, жазбаған болар еді. Мынандай бір оқиға тағы еске түседі. 1994 жылы Гера 60-қа толды. «Елге келіп, 60 жылдығын тойлайын деп жатыр» деген хабар тарады. Ауыл дүрлігіп, сол тойға дайындалып жатты. Менің шешем сол кезде қалада, бізде қонақта жатқан. Арасында Сергеевкадан келіп, балаларымызды бағысады. Бір күні жұмыстан келсем, шешем буынып-түйініп кетуге дайындалып отыр екен. – Не болып қалды? – деппін. – Ауылға Гера келейін деп жатыр. Шашу шашамын тойына, – деп кетті де қалды. Кейін марқұм шешем «Біз ауылда Гераның алдынан шығып, шашу шаштық. Біреуіміз құшақтап, бетінен сүйіп жаттық. Сол кезде облыс әкімі (В. Гартман) бір жағы қызығушылықпен, бір жағы таңғалып қарап тұрды» деп есіне алып отырушы еді... Герольд Карлович жуырда 80-ге толды. Оған «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» деген құрметті атақ берілгені бәріміздің де көңілімізге қонды. Ол кісі атақ-данқтан кенде емес, бірақ сол марапаттың ішіңдегі ең құрметтісі өзінің өскен топырағының өзіне деген ыстық ықыласы деп қабылдары хақ. Ол атақты естігенде, қуанышы қойнына сыймай, қуанғанын да газеттен оқып, біз де сүйсініп қалдық. Жазушы журналист Жарасбай Сүлейменовке берген сұхбатында айтқан даналық ойлары қандай! Денсаулығының дімкәстігіне қарамастан, қолынан қаламы түспей келеді. Әманда аман болсын, жасай берсін. Рая жеңгеміз екеуі ауылға келгенде, қандай жарасып жүруші еді. Сол жарастықтарынан айырмасын. Әңгімені ауылға деген сағынышпен бас­тап едім. Әрине, жиі болмаса да, ауылға барып тұрамыз. Көп нәрсе еске түседі. Өткен күндерге деген бір сағыныш бойды билейді. Міне, өзім өскен көшеде немереммен келе жатырмын. Таныс көше, таныс емес үйлер. Анадайдан Бельгердің үйін іздеп келемін. Баяғы шақырайған аппақ үй жоқ. Үй түп орнымен өзгеріпті. Маңайы да жалаңаштау. Қалың ағаштары да сирек тартыпты. Көз алдыма бұрынғы үй елестеді. «Алжапқышы жарқырап Анна апай шығып келе жатса ғой». Өтіп бара жатқан бір жас қыздан: – Мынау үйде кім тұрады? – деп сұрадым. – Мұнар деген жігіт тұрады, – деді. – Бұл үйде оның алдында кім тұрғанын білмейсің бе? – дедім. – Білмеймін, – деді де, кетуге ниет білдірді. Иә, қазір бәрі өзгерген. Өзгермейтіні – қайда жүрсең де, қайда болсаң да елге деген сөзбен жеткізіп болмайтын сағыныш пен махаббат. Бүгінгі күні біздің ауыл да өзгерген. Көбін танымайсың. Шіркін, қандай ел еді! Азаматтары қандай еді. Солардың арасында ел қадірлеген, елдің қадірмендісі болған Бельгерлер отбасының орны ерекше. Менен басқа да оларды білетін ел азаматтарының пікірі осындай екеніне шүбә келтірмеймін. Әлия МАЛДЫБАЕВА.      ПЕТРОПАВЛ.