14 Қаңтар, 2015

Жан жылуы

570 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«1967 жылы бес жасымда тар көшеде бір топ бала ойнап жүрген едік. Фуражкасының күнқағарын көзіне түсіріп алып, мотоциклімен заулап келіп қалған көрші ағайдың бетінің төменгі бөлігі менің жарық дүниеде көрген ең соңғы бейнем болды». Ақтаудағы массажшы Бауыржан Тәжіғұлов өзінің ауыр тағдыры жайлы осылай әңгімелеп берді. Қолы шипалы жігіт ағасы талай-талай емделушінің ыстық ықыласына ие. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ, оның үстіне аурудың жақсысы жоқ. Қай жер ауырса, шыбын жан шырқырап сол жерге барып тұрғандай күйге түсетінің бар. Базбіреулер «тұз жиналыпты» деп, қозғалған сайын аһлап-үхілеп әлекке қалатын остехондроз да жақсы нәрсе емес. Қан қысымын баяулатып, басты қақсатып, бел мен арқаны тұтастырып, тіпті омыртқаны майыстырып, сол арқылы қол мен аяқты «матап» тастайтын аурудан азап шегушілер аз емес. Қозғалыс аз, күні бойы орындықта отырғандықтан ғой, оның үстіне сән деп жеңіл-желпі киінетінімізді қайтерсің деп өздеріне өздері «диагнозды» қоя келетін ағайынның мұндай да алдымен барары – Бауыржан ағай. Өкініштісі – Бауыржан ағай зағип жан, бірінші топтағы мүгедек. Тағдыр оған тек бес жасқа дейін ғана нұрды көруді бұйыртқан, ыдыс-аяғы араласып, бір туған бауырдай болып кеткен көрші ағайдың үйінен қонақтарды аттандырып салып, «көңілді» күйінде көлік тізгініне отыруының соңы Бауыржанның өмірін тас-талқан етумен аяқталыпты. Өздері қашып құтылмаса, рөлдегі жанның бейқамдығын сезген балалар тым-тырақай қаша жөнеледі де, үлгермеген Бауыржан сарайдың сырт қабырғасына арқасымен жабысып тұра қалады. Рөлмен кеп көк желкеден қағып өткен ауыр соққыдан соң алдымен ауылда, сосын Атырауда емделген Бауыржанның екі жылы Алматыда ауруханада өтеді. Бір жыл төсекке таңылған бала дәрігерлер аяғынан тұрғызғанда тұру мен жүруді ұмытып қалған екен. «Жүр, жүр, аяғыңды бас» деген дәрігерге аңтарыла қарап ұғынбаған оған жүрудің не екендігін дәрігерлер түсіндіріп, үйретіпті. – Содан кейінгі өмірім Алматыда өтті. Зағиптар мектебінің табалдырығын аттадым. Кейін ержеткен соң мені емдеген дәрігерден қалай болды деп сұраймын ғой, «ертерек емделгенде бәрі тәуір болып кетер еді, амал не, кеш қалыпсың» деген еді. Менің тағдырым солай жазылған болар, зағиптарға арналған шахмат ойнап, саусақпен сипап отырып арнайы кітаптарды оқуға мәжбүр болдым. Оң көзім су қараңғы, ал сол көзім 30-40 сантиметр қашықтықтан әрі көре алмайды. Талай сүріндім, талай құладым, бірақ екінші рет сақтанып, өз-өзіңнен амалдап жүруге тура келеді, – дейді ол. Дәрігер болуды армандаған Бауыржан Тәжіғұлов 1981-1984 жылдары Кисловодскідегі дәрігерлік училищенің емдік массаж бөлімін қызыл дипломмен бітіреді. Одан әрі жоғары білім алуды қалағанмен, зағип жандар үшін арнайы оқу орнының болмауы салдарынан ол тек арман күйінде қалады. Еңбек жолын Алматының Қалқаманында бастап, Ақтауда жалғастырған Б.Тәжіғұлов қазір «Ча-Кур» емханасында еңбек етіп келеді. Арасында дәрігерлік колледжде студенттерге дәріс те берген. Оның айтуынша, массаж жасау жеңіл-желпі іс емес. Қазақстанда 1-2 айлық курстармен шектелгенмен, шетелдерде институттарда арнайы оқытылады екен, тіпті осы саладан профессор атанған шеберлер де бар көрінеді. – Инсульт алған адамдарды 3-4 ай ішінде тұрғызуға болады, ал бір жылдан соң қиындап кетеді. Менің өмірімде мұндай адамдар жиі кездесті және жүзден астам адам жер басып кетті. Менен ем алып, сауығып қуанғандарды көргенде көңілім өседі, қоғамға, адамдарға керек  екенімді сезінемін. Мұның өзі мен үшін үлкен бақыт, – деген Бауыржан аға массаж жасаудың қызығы мен қыр-сыры туралы әңгімелеп берді. «Білгеннің зияны жоқ» деп, жалғыз қызын массажға үйретіп жүр екен. Сабақты жақсы оқитын қызы Ақтаудағы белді мектеп- экономикалық лицейдің оқушысы. Зайыбының мамандығы мейірбике болғанмен, қазір Бауыржанның көмекшісі ретінде үйде – отағасының қағазын жазып, есеп-қисабын жүргізіп, баратын жеріне жеткізіп салып, алып кетіп жүреді. Б.Тәжіғұлов мүгедек немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды шеттетпей, қолдау көрсетуді мақсат еткен мемлекетке, өңірдегі Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына алғысын білдірді. Есігінің алдында топырлай күтіп отырған емделушілеріне оны таңертең арнайы инватакси жеткізіп, кеште үйге алып кетеді екен. Оның үстіне аталмыш басқарма жуырда түрлі кітаптарды тыңдау мүмкіндігін беретін магнитофон сыйлапты, отбасымен шипажайларға жолдама алып тұратын кездері де жоқ емес. «Шүкір, барды, тыныштықты бағалауымыз керек, сабырлылық, шыдамдылық қажет. Осы қасиеттер ғана адамды арманға жеткізеді», –  деп түйіндеді ол әңгімесін. Қаршадайынан қиындыққа душар болған Бауыржан аға бұл байламды текке айтып тұрған жоқ, оған көп нәрсені басынан өткен ауыр күндер  үйреткен. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.