Саясат • 22 Мамыр, 2024

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Әділетті әлем мен дүниежүзілік бірлік маңызды

94 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қазақстанның, сондай-ақ өзінің атынан Иран халқы мен оның басшылығына осы елдің Президенті мен Сыртқы істер министрінің қайғылы қазасына орай көңіл айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Әділетті әлем мен дүниежүзілік бірлік маңызды

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Қасым-Жомарт Тоқаев шет мем­лекеттердің Сыртқы істер министр­лері кеңесінің отырысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу жөніндегі ШЫҰ-ның маңызды форматтарының бірі екеніне тоқталды.

– Еліндегі ауыр жағдайға қарамастан Иранның, сондай-ақ алдағы уақытта қатарымызға қосылатын Беларусьтің өкілдері Астанадағы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне алғаш рет қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Сіздердің елдеріңіз «шанхай рухын» одан әрі күшейтуге және ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтас­тық­ты нығайтуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде біздің ұйымға Еуразия құрлығындағы он мемлекет мүше. Бұл елдерде жер шары халқының жартысына жуығы тұрады, сондай-ақ әлемдік ішкі жалпы өнімнің төрттен бірі және жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы осы мемлекеттерге тиесілі. Қазақстан ШЫҰ-ның төрағасы ретінде Ұйымның әлеуетін одан әрі арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамаларын қолдағаны және бірлескен табысты жұмысы үшін ұйымға мүше мемлекеттерге алғыс айтты. Президенттің пікірінше, ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық салалар бойынша ұйымдастырылған форумдарын қоса алғанда100-ден астам іс-шара өткен.

ыв

– Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің «Киелі орындары» жобасы аясында жүргізілген жұмыстар аяқталып келеді. Біздің бастамамызбен 2024 жыл ШЫҰ-да Экология жылы болып жарияланды. Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік және мәдениет салаларында қосымша бірқатар айтулы іс-шараға дайындық жұмыстарын жалғастырып келеді. Әрине, ШЫҰ-ның алдағы Астана саммитіне баса назар аударамыз. Елдеріміз үшін маңызды осы форумға толыққанды дайындық жүргізу мақсатында Сыртқы істер министрлері кеңесіне зор жауапкершілік жүктеледі. Маңызды құжаттар тізімін және шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осындай 20-дан астам құжат мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылды. Олардың тиімді іске асырылуы ШЫҰ аясындағы жан-жақты серіктестіктің нығаюына елеулі үлес қосарына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, жаһандық стратегиялық тұрақсыздық жағдайында кешенді тәсілдерді қолданудың, барлық тараптың мүддесін ескерудің және үнемі мәмілеге келу жолдарын іздеудің маңызы артып келеді. Мемлекет басшысы бүкіл адамзат үшін бейбіт және үйлесімді даму мұраттары мен құндылықтарын ұжым болып ілгерілететін уақыт келді деп санайды.

– Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын әзірлеуді ұсынды. Осы құжаттың, сондай-ақ алдағы саммит барысында ШЫҰ-ның Астана декларациясының қабылдануы, біздің көзқарасымыз бойынша әлемнің түрлі өңіріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге ықпал етеді. ШЫҰ-ны одан әрі реформалау ісіне ерекше мән беру қажет. Осы Ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді дайын­дауға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуы маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ны ынтымақтастықтың тиімді және көпжақты тетігіне айналдыру жөнінде теңгерімді ұсыныс жасады. Ал­дағы уақытта да осы бастамалар қолдау табады деп үміттенеміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның ортақ сын-қатер мен қауіптерді еңсеру ісіндегі әлеуетін арттыру жұмыстары дер кезінде қолға алынып отырғанын атап өтті. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «үш зұлым күшке» қарсы күрес Ұйым ынтымақтастығының тұрақты назарында болуға тиіс деп санайды.

– Қазақстан осы бағыттағы ықпал­дастықты ұдайы нығайтуға ниетті. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам саналады. Өз кезегінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы бойынша жұмыстың аяқталуы, терроризмді қаржыландыру арналарын бұғаттауды қоса алғанда, есірткі қаупіне қарсы күресу үшін өзара қабылданып жатқан шараларды күшейте түседі. Осы жетістіктердің барлығы – Ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісілген және нақты шаралардың айқын дәлелі. Бұл халықаралық қатынастардың жаһандық архитектурасындағы ұстанымды нығайту, ШЫҰ-ның әлемдегі беделі мен рөлін арттыру тұрғысынан да маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент киберқауіп­сіздік мәселелерін көтерді. Оның пікірін­ше, бұл жұмыста киберқауіптерді ерте аны­қтауға және ШЫҰ елдерінің ақпарат­тық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеуге баса мән берілуі керек.

– Ауғанстандағы жағдай жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл елде гума­нитарлық дағдарыстың алдын алу және ұзақмерзімді тұрақтылыққа жағдай жасау үшін күш біріктіру жұмыстарын жалғастырған жөн. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау – өте өзекті. Біз климаттың өзгеруі мәселесіне айрықша назар аударуымыз қажет. Алдын алу шара­ларын шұғыл қабылдамасақ, бұл мәсе­ле планетамыздағы жаһандық таби­ғат апаттарын асқындырып жіберуі мүм­кін. Ауа райының аса құбылмалы болуы әлемдегі басты проблемалардың бірі­не айналып келеді. Осыған байланысты ШЫҰ табиғат апаттарымен күресу ісін­дегі тәсілдерін жаңартуы қажет. Биыл көк­темде біздің еліміз климат өзгеріс­терінің кері әсерін анық сезінді. Осы мүм­кіндікті пайдалана отырып, Қазақстан­дағы алапат су тасқыны кезінде тілеулес­тік танытып, көмек көрсеткені үшін сіздер­дің елдеріңізге шынайы алғысымды біл­діргім келеді. Біз бұл қолдауды жо­ғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген атаумен өтетінін жеткізді.

– Шанхай ұйымының негізгі мақсат­тарының бірі – аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамта­масыз ету. Мұны аталған күн тәртібі анық көрсетеді. Осы орайда Сыртқы істер министрлері кеңесіне үлкен үміт артылады. Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астанадағы отырысын табысты өткізуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Президент ШЫҰ-ның Астана саммиті қарсаңында белсенді жұмыс атқарғаны үшін сыртқы саясат ведомстволарының басшыларына алғыс айтты.

– Бұл саммит әлемдік архитектоникада өте маңызды орын алатын ортақ ұйымымыздың тарихына жаңа парақ болып енеді деп үміттенеміз. Шын мәнінде, Шанхай ынтымақтастық ұйымына бүкіл әлем көз тігіп отыр. Біздің қызметімізге басқа державалар қызығушылық танытады. Ұйымға қатысты көптеген сұрақ қойылады. Мен 1996 жылы сәуірде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын құруға қатыстым. Ол кезде бұл ұйым Шанхай бестігі деп аталды. Сол уақыттан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымының рухы қалыптасты. Біз Азиядағы, Еуразия құрлығындағы, жалпы әлемдегі бей­біт­шілікті, қауіпсіздікті сақтау жолын­дағы ықпалдастығымыздың негізгі қағидаттарын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Бұл – өте дұрыс қадам, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуге Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И, Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дар, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Алейник, Үндістанның Сыртқы істер вице-министрі Рави Дамму, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Мехди Сафари, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев қатысты.