Аймақтар • 22 Мамыр, 2024

Қостанай облысында 208 отбасы баспаналы болды

57 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанай облысында табиғи апат салдарынан баспанасынан айрылған тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, 21 мамырда 74 отбасы облыс орталығында жаңа бой көтерген тұрғын үй кешеніне қоныстанды. Жаңа үйге облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, тұрғындарды құттықтап шықты.

Қостанай облысында 208 отбасы баспаналы болды

Баспаналы болғандар су тас­қынына дейін Қостанай, Алтынсарин аудандарында тұрып келген. Жалпы, бүгінге дейін арнайы комиссияның ұйғарымымен бас­панасы жөндеуге келмейді деп танылған 475 отбасының 208-і жаңа қонысқа көшті. Дені қаладан пәтер алды. Мысалы, Қоста­най­дағы сәулеті ерекше «Керемет» тұрғын үй кешенінде 60 отбасы тұрып жатыр. Соның бірі – Алтынсарин ауылының тұрғыны Анжелика Холодкова. Екі бала­ның анасы облыс орталығындағы сәулеті келіскен зәулім үйден екі бөлмелі пәтер алғанына сене алар емес.

«Әсіресе, балаларымның қуанышында шек жоқ. Үйімізді су басып қалғанда жергілікті билік өкілдері мемлекет көмектеседі деп жұбатқан. Бәлкім, төбесі ортасына түскен ескі үйімізді сүріп тас­тап, орнына жаңа үй тұрғызып берер деп үміттенгенбіз. Бірақ Қостанайдың төрінен мынадай кең пәтер аламыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Облыс басшылығына, мемлекет басындағы ел азаматтарына алғысымыз шексіз!» дейді А.Холодкова.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеше ғана «Кереметке» келіп қоныстанған Ынтықбаевтар отбасына бас сұқты. Әкімді әулеттің үлкендері қарсы алды.

ва

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендердің бәріне жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекет бар жағдайды жасап беріп жатқанын өздеріңіз де сезініп жатқан боларсыздар. Шығындарыңыз өтелді, әлеуметтік төлем алып жатырсыздар. Қазір су басқан үйлердің жөндеуге келетіндері қалпына келтіріліп, жаңа үйлер салынып жатыр. Президент келіп, сіздермен кездескенде «Зардап шеккен барлық азаматтарға тиісті көмек берілуі керек. Бірде-бір адам көмексіз қалмасын» деп қадап тапсырған еді. Алапат су тасқынынан кейін жалпы облыс бойынша 475 үй жарамсыз деп танылған. Бүгінге дейін 208 үй сатып алынды. Бұл 43,7%-ды құрайды. Бұл – жөндеуге келмейтін үйлердің дәл жартысы. Сондықтан біртіндеп халықты жаңа қонысқа орнықтырып жатырмыз. Осы аптада тағы бірнеше үйді сатып аламыз. Осылай тез арада, ары кетсе бір айдың ішінде жағдайсыз қалған отбасылардың дені жаңа үйлерге қоныстанады», деді аймақ басшысы.

Ынтықбаевтар отбасына бұйырғаны – үш бөлмелі пәтер. Бастапқыда ауылдан үй салдыртсақ деген жоспары болған екен, кейін ақылдаса келе қалаға көшкенді жөн көрген.

«Бастапқыда ауылды қимадық. Содан балалар қайта-қайта «Мама, мемлекет бәріне қаладан үй беріп жатыр ғой. Одан да қалаға көшейік, біз де бір үй алып қалайық. Ол жерде жедел жәрдем, аурухана, мектеп, балабақша қасымызда болады» дей берді. Содан көшсек, көшейік деген шешімге келдік. Жаңа қонысымыз өте ұнап отыр. Сапалы, өздеріңіз де көріп отырсыздар ғой, қандай әдемі үй екенін», дейді Қостанай қаласының тұрғыны Күлбағыш Ынтықбаева.

Қостанай ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың мүлік шығыны өтеліп, әлеуметтік көмек түрінде өтемақы берілді. Төлемдердің жалпы сомасы 191,3 млн теңге болады. Қазір қалпына келтіруге болатын үйлер жөндеуден өтіп жатыр, жөндеу жұмыстары осы жылдың 15 маусымына дейін аяқталуға тиіс.

Таяуда ғана «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен Қостанай, Амангелді және Жангелдин аудандарында 88 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мәселен, «BAZIS-A» компаниясы Арқалық қаласында 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл үйге Арқалық қаласының, Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындары қоныстанады.

Жалпы, Арқалық қаласының аума­ғын­дағы су басқан ауылдарда 87 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгінге дейін Арқалықта баспанасыз қалған отбасыларға арналған 65 пәтер сатып алынды. Техникалық сараптама қорытындысы бойынша, Екідің ауылында 38 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Соның бірі – Мөлдір Тілеуқабылованың баспанасы. Таяуда Үкімет қоры есебінен жаңа үйдегі үш бөлмелі пәтерге қоныс­тан­ған алты баланың анасы үйсіз-күйсіз қалғанда қатты күйзелгенін айтады.

«Көптің көмек-қолдауының арқа­­сын­да есімізді тез жиып алдық. Арқа­лық қаласынан балаларымның бола­шағы үшін жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алдым. Балаларым мектепте оқиды. Қай жағынан болса да, барлық көмекті алып жатырмыз. Азғантай малымыз суға кетіп еді. Оның өзін мемлекет қаржылай қайтарып берді», дейді көпбалалы ана.

Бүгінге дейін баспанасы жарамсыз деп танылған 87 отбасының 65-і Арқалықтан пәтер алды. Он жеті отбасы жаңа салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйге қоныстанбақ. Мұның сыртында қыстақтарда жаңа жеке үйлер тұрғызылады.

«Бес қыстақта құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Ол бес қыстақтың мердігері анықталып, салынатын орындары белгіленді. Жақын арада құрылыс жұмыстарын бастайды. Бұған қоса суға кеткен малдар бойынша төлемдер төленіп жатыр. Арқалықта дүние-мүлік шығыны да өтеліп жатыр. Осы күнге дейін 42 отбасының зақымданған тұрмыстық техникасы мен жиһаздары үшін тиісті төлем жасалды», дейді Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов.

Амангелді ауданының Амангелді, Амантоғай, Ағаштыкөл, Байғабыл, Есір және Қарасу ауылдарында да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып, баспана салына бастады. Бұл өңірге Әулиекөл ауданы мен Рудный қаласы бірлесіп, 27 үй салып береді. Оның 18-і Амангелдінің өз басында, қалғаны Есір, Ағаштыкөл, Қарасу, Байғабыл ауыл­дарында бой көтереді.

«Құрылыс басталып кетті. Жер әзірлеу жұ­мыс­тарының бәрі аяқталды. Төрт үйдің іргетасы дайын. Қалғандарына монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс материалдары жеткілікті. Бәрі уақтылы келіп тұр», дейді Амангелді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлан Қойшығұлов.

Жангелдин ауданына қарасты Тәуіш және Көлқамыс ауылдарында 41 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға 5 құрылыс компаниясы жұмылдырылған. Салынатын үйдің орны ауыл тұрғындарымен алдын ала келісілген. Жол шалғай болғандықтан, бұл өңірде тұрғызылатын бір үйдің құны шамамен 29,5 млн теңгеге барады. Әр үйдің ауданы – 80 шаршы метр. Мұның сыртында, зардап шеккен тұрғындар үшін Қостанай қаласының Қонай шағын ауданында да 15 үй салу жоспарланып отыр. Қазір 8 үйдің іргесі қаланып жатыр.

Жалпы, өңірде табиғи апат салдарынан жалғыз үйінен айрылғандарды баспанамен қамту мәселесі екі түрлі жолмен шешім тауып жатқанын айта кету керек. Қай жолды таңдайтынын тұрғындардың өздері шешеді. Кейбір тұрғындарға мемлекет ауылдан үй салып беріп, ал кейбір отбасылар өз қалауы бойынша қаладағы дайын пәтерлерге қоныстанып жатыр.

Залалды бағалау жөніндегі комиссия­ның мәліметінше, алапат тасқын кезінде су астында қалған 475 үй жөндеуге келмейді. Бүгінге дейін 208 тұрғын жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл зардап шеккендердің 43,7%-ын құрайды. Халық қоныстанып жатқан пәтерлердің бәрі тұрғындардың өз меншігіне өтеді.

Техникалық сараптаманың қорытын­ды­сына сәйкес, облыс бойынша су басқан 876 үйді қалпына келтіруге болады. Қазір жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ол алдағы маусымның 15-іне дейін аяқталуға тиіс.

 

Қостанай облысы