Өнім • 25 Мамыр, 2024

Жергілікті тауар импорттың тасасында қалып қоймай ма?

94 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта керекулік шаруалардың өтпей жатқан сүтін Солтүстік Қазақстан облысының ірі зауыты сатып ала бастауы мүмкін. Бұған сүт өңдейтін кәсіпорын басшылығының өзі ынталанып отыр. Дейтұрғанмен шикізаттың сапалысы ғана қабылданатыны ескертілді.

Жергілікті тауар импорттың тасасында қалып қоймай ма?

Фото: e-cis.info

Ресейлік сүт зауыттары мен шекаралас өңірлердегі арзан шикізат бүгінде жергілікті сүт шаруашылығына үлкен ауыртпалық түсіріп отырғаны мәлім. Дүкен сөрелерін көрші елдің сүт өнімдері жаулап барады. Бұған дейін павлодарлық зауыттар жергілікті шаруашылықтардан сүт сатып алуға лимит енгізуі мүмкін екенін, себебі Ресейдің шекаралас аумақтарынан отандық кәсіпорындарға арзан шикізат ұсынып отырғандар барын жазған едік. Бұл мәселеге бүгінде еліміздің тәуелсіз ұйымдары мен ірі сүт зауыттары назар аудара бастағаны байқалады.

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасына Петро­павл­дағы «Eurasian Milk» ЖШС зауытының өкілдері арнайы келіп, кездесу өткізді.

Республикалық ірі қара малдың сүтті және аралас тұқым­дары палатасы директорының орынбасары Берік Нығмашев қазір көрші мемлекеттерге өнімді Қазақстанға импорттау тиімді болып отырғанын жеткізді. Сондықтан еліміздің көптеген сүт зауытында өнім өткізуде қиындықтар туындайды. Бұл ауылшаруашылық тауар өндірушілерімізге теріс әсер етеді.

«Біз Павлодар облысына ұсыныспен келдік, себебі кейінгі кездері бізге көптеген зауыттан, тауарлы сүт фермаларынан сүт сатып алынбайтынынан хабардар болдық. Қазір үлкен мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді, ол бойынша 2,5 пайызбен қаржыландыру беріліп отыр. Бірақ біз ертең бұл бағдарлама дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін деп алаңдаймыз.  Сүтті ешкім сатып алмаса, ол кімге керек? Отандық тауар өндірушілер сүт өндіруге көп ақша жұмсайды, ал біз тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз», деді ол.

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов сүтті өткізу мәселесі алаңдатарлық екенін атап өтті. Жергілікті палата фермерлерге бұл тұрғыдан көмектесуде аянып қалмайтынына сендірді.

Петропавл қаласында орналасқан зауыт «Eurasian Milk» ЖШС бас директорының орынбасары Сергей Кузьменков компания тамақ өнімдерімен байланысты үлкен холдингке кіретінін айтты. Айтуынша, зауыт қазір өсіп, өндірісін кеңейту үстінде. Компания тәулігіне 120 тонна сүтті өңдейді, бұл көлемді екі-үш жыл ішінде одан әрі бірнеше есе арттыруға ниетті. Бұл ретте компания шикізатты ұнтақ күйінде қабылдамайтынын ескеру керек.

«Мен сүтті қазір және бірден сатып ала бастаймыз деп уәде бере алмаймын. Себебі әр фермада сүттің сапасы әртүрлі. Жеткізушілермен қарым-қатынас орнату бойынша белгілі бір ереже бар. Егер талқылауға ниет болса, біз фермаларға барып, өніммен таныса аламыз», деді ол.

Бұл жаңалық жергілікті фермерлерді қуантып отыр. Алайда көрші өңірдегі зауыттың шикізат қабылдау мүмкіндігі аса мол болмайтынын, әрі тек сапалы сүт қана алатынын ескерсек, облыс билігіне бұл мәселені түбегейлі шешуге ұмтылыс қажет-ақ.

 

Павлодар облысы