Энергетика • 28 Мамыр, 2024

Делдал азайып, тариф төмендеді

146 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында электр және жылу қуатын өндіретін де, халыққа, кәсіпорын-мекемелерге тарататын да – «Севказэнерго» АҚ және оның еншілес кәсіпорындары. Еншілес кәсіпорындардың барлығы бір акционерге сатылып, тегіс жекеге айналдырылған. Бас директоры – Анатолий Казановский.

Делдал азайып, тариф төмендеді

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

1998 жылы Солтүстік Қазақстанның энергия және жылу қуатын өндіру мен тарату саласы «Аксесс-Индастриаз» компаниясының басқаруына берілген. Бұл компания Екібастұз өңірінің көмір карьерлеріне иелік етіп алған атақты олигархтардың еншісінде екені белгілі. 2007 жылы олар атауын өзгертіп «Орталық-Азия жылу-энергетика компаниясы» АҚ деп аталған. «Севказэнерго» АҚ – осы бірлестіктің ең ірі компанияларының бірі. Өздерінің ақпаратына қарағанда, осы компанияның арқасында 580 мыңдай солтүстікқазақстандық электр қуатын алып және 206 мыңдай адам жылумен жабдықталып отыр.

2023 жылы облыс орталығына берілетін электр қуатының халықтан алатын тарифі 1 квт/сағатқа – 15 теңге 99 тиын, ал жылу қуаты 1 квт/сағатқа 15 теңге 39 тиын болып келді. Осының өзі компания орташа деп көрсететін 15 теңге 35 тиыннан артық.

Энергетика министрлігінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы №514 бұй­­рығына сәйкес «Севказэнерго» АҚ үшін бекітілген тарифтердің шекті мөлшері 18 теңге 61 тиыннан аспайтыны белгіленген. Осы бұйрыққа 2023 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрығымен енгізілген өзгерістерде министрлік 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тарифтердің көтерілуі 1 квт/сағатқа 2 теңгеден көп аспасын деп ескерткен. Алайда компаниялар ондай талапты сақтап отырған жоқ. Соның ішінде «Севказэнерго» АҚ өндіретін электр қуатының ең жоғарғы тарифі 2024 жылға 18 теңге 61 тиыннан аспауы керектігіне қарамай ақпан айынан бастап электр қуатын халық үшін 1 квт-сағатқа 19 теңге 20 тиынға арттырды. Осының өзі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментімен келісілді деп жарияланды.

Демек бұрынғы тарифті 3 теңге 85 тиынға көтерді. Бұл – халықтың тұр­мыс­та қолданатын тарифі, ал орташа алғанда тарифтің артуы 27 теңге 52 тиынға жеткен. Соның ішінде халықтың өндіріске қолданбай тек тұрмыста қолданатын энергиясының тарифі қосымша құн салығын қоса есептегенде – 19 теңге 20 тиын болса, тұрмыстық емес жағдайға, мысалы аула ішіндегі шағын өндірістер, соның ішінде сату үшін нан пісіретін пеш, автомобиль жөндеуге қолданылатын энергияның 1 квт-сағаты – 31 теңге 21 тиын. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын бар­лық заңды тұлғаға – 38 теңге 90 тиын. Ал әлеуметтік маңызы бар тауар өндіретін кәсіпорындар үшін тариф – 27 теңге 52 тиын. Сөйтіп, тұрғындарға арналған тариф 3 теңге 20 тиынға өссе, заңды тұлғаларға ол – 4 теңге 8 тиынға, бюджеттен қаржыландырылатын меке­ме-ұйымдарға – 4 теңге 97 тиынға, әлеуметтік тауарлар өндіретін кәсіп­орын­дарға 3 теңге 85 тиынға артып отыр.

Электр қуатын арттырудың себебін кәсіпорын басшылары бірнеше себептерге сілтейді.

«Біз «KEGOC» АҚ Ұлттық электр жүйе­сін пайдаланамыз. 65 пайыз электр қуатымыз солардың жүйесімен тарайды. Олардың тарифі өскендіктен біз де өсіруге мәжбүрміз. Сондай-ақ электр қуатын жеткізетін басқа да электр жүйелерінің тарифі өскендіктен біз де өсіреміз. Тарифтерді өсіруден бізге түсетін пайда 3 пайыз ғана. Бұл – азық-түлік, киім, бәрі қымбаттап жатқанда біздің қызметкерлеріміз бен жұмысшыларымыздың әлеуметтік жағ­дайын жақсар­туға жұмсалады», дейді «Петро­павл­энергиясату» ЖШС бас директоры Мағауия Сағындықов.

Ал жылу энергиясының тарифі 1 шаршы метрге 27 теңге 96 тиын болып 2018 жылдан бері өзгеріссіз тұр. Шығарылған барлық жылу қуатының 64 пайызын тұрғындар тұтынады. Жылу есептегіш құралдары жоқ тұрғындар саны барлық 77,2 мың тұтынушының 26%-ын немесе 20 мыңын ғана құрайды.

Көріп отырғанымыздай, солтүстікке электр энергиясын беретін компания тарифтерін Энергетика министрлігі бекіткен шектен біраз асырып жіберген. Бағаның күнде өзгеруіне көндіккен халық оны аңдай да алмай қалады. Осын­дай жағдайда «Севказэнергосбыт» (энергия сату) ЖШС Табиғи монопо­лия­­ларды реттеу комитетінің облыс­­тық департаментіне 1 квт/ сағат электр энергиясының тарифін бизнес қауым­дас­тығына 7,1 пайызға, яғни 27 теңге 87 тиыннан 25 теңге 88 тиынға дейін түсі­ретінін мәлімдеді. Бұл шешім 2024 жылғы 1 маусымнан күшіне енетін болады.

Электр қуатын өндіретін кәсіпорын­ға мұндай мырзалық Мем­лекет бас­шы­сының бағаны көте­ретін делдал құры­лымдарды қысқарту керек деген тапсырмасының аясында, Үкі­мет­­тің жасаған нақты істерінің арқа­сында бітіп отыр. Мұның реттелу жолы тұтынушылардың реттелме­ген электр қуатын жеткізуші ұйым­дар­дан электр қуатын кепілді түрде жеткізетін «Севказэнергосбыт» ЖШС-ға өтуінің арқасында іске асты. Рет­тел­меген ұйымдардың өзі делдал құ­ры­­­лымдар болатын. Сөйтіп, бұрын дел­­­далдардың ықпалында болған Петро­­павл қаласы, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Есіл, Жамбыл, Тимирязев аудандарының бизнес қауымдастықтары электр қуа­тын өндірушіден тура алып, төмен­детіл­ген тарифке қол жеткізді. Ал өндіру­ші өзінің тұтынушылар нарығын арт­тыр­ған соң тарифті төмендетуге қарсы бол­масы белгілі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы