Денсаулық • 28 Мамыр, 2024

Сақтану – халықты сауықтырумен тең

83 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мамырдың үшінші жексенбісі – дүниежүзілік ЖИТС (жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы) құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы апталық аясында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізді.

Сақтану – халықты сауықтырумен тең

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Ақпараттық жұмыстардың мақсаты – аурудың алдын алу мен онымен күресті күшейту. Алдын алу шарасының бірнеше түрі бар. Бұл – қатынасқа дейінгі профилактика. Мұнда адам жыныстық қатынасқа түсіп жүріп аурудан күдіктенсе, алдын ала препараттарды қабылдауға болады. Бұл препараттар АИТВ-ні (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырудың қауіптілігін бір­неше есеге төмендетеді. Тіпті препарат қабылдаған соң адам ауру жұқтырмайды. Аталған дәрі-дәрмекті орталықтан тегін алуға болады. Мұның бәрі – жыныстық қатынасқа түсердегі адамның өзін-өзі сақтандыру мақсатындағы әрекет. Сонымен бірге жыныстық қатынастан кейінгі профилактика бар. Егер адам серіктесінен күдіктенсе, 72 сағат немесе 3 күн ішінде орталыққа келіп препараттарды қабылдаса, ауруға шалдығу қаупі анағұрлым төмендейді. Мәселен, орталықта тіркеуде тұрған науқастың 1 миллиграмм қанында вирустың 50 копиясы болса, оның басқаларға ауру жұқтыру қаупі өте төмен болады. Егер керісінше 50-ден жоғары болса, жұқтыру қаупі де жоғарылайды. Осындай АИТВ-сі бар адаммен қатынаста болып, 72 сағат ішінде препаратты қабылдап үлгерсе, жұғу қаупі нөл пайызға дейін азаяды. Еліміздің барлық өңірінің ЖИТС орталықтарында бұл дәрі-дәрмектер бар. Кез келген азамат оларды тегін ала алады. АИТВ инфекциясына тексерілу шетел азаматтарына да тегін негізде жүргізіледі. Және абақтыда отырған шетелдіктер АИТВ-ға қарсы емді тегін алады», деді бас дәрігер орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Есіркепов.

Маманның айтуынша, бұрын Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның нұсқамасымен АИТВ мен ЖИТС бөліп қарастырылатын. Қазіргі таңда бұл инфекция бұлай екі бөлек аталмайды. Аурудың төртінші клиникалық сатысы АИТВ-нің терминалды сатысы деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның иммунитеті, қорғаныштық қабілеті ең төменгі деңгейге түсіп кетеді. Сол кезде туберкулез, онкологиялық ауру­лар секілді сыртқы кеселдерге қарсы тұра алмай қалады. Соның салдарынан осы аталған ауруларға шалдығуы, басқа да түрлі инфекцияларға қарсы тұра алмаудың кесірінен өліп кетуі мүмкін. Сондықтан АИТВ-нің терминалдық сатысы ЖИТС деп саналады. Ал қазіргі Денсаулық сақтау кодексінде бұл инфекция АИТВ, ЖИТС деп бөлінбеген. Мұның алдындағы кодексте ол бөліп қарастырылған еді.

Былтыр Шымкентте екі адам ЖИТС-тің терминалды сатысында қайтыс болған. Олар, өкінішке қарай, тиісті ем шарасын өте кеш қабылдаған. Себебі аурудың бар екенін білмей жүре берген. Сондықтан аурудың алдын алу үшін кез келген азамат қан сынамаларын тапсырып, өз денсаулығының жағдайын біліп отыруға тиіс. Ауруды асқындырып алудың себебі сол уақтылы тексерілмеудің салдарынан болады. ЖИТС-тің төртінші клиниалық сатысына жеткен науқасқа препараттар әсер ете қоймайды. Бұл инфекцияның бір қаупі адам өзін аурумын деп сезінбейді. Сап-сау болып жүре береді. Тіпті ауырған күннің өзінде басқа дерттен көреді. АИТВ-нің бар екені тек қан сынамасын тапсыру арқылы ғана білінеді. Дегенмен ЖИТС-тің төртінші клиникалық сатысында негізгі белгілер пайда бола бастайды. Ол жақасты, құлақасты, қолтық, шаптағы бездер-лимфатикалық түйіндерінің ұлғаюы, өте көп мөлшерде салмақ тастау, бір айдан аса уақыт іш өту, ауызда ойық жаралардың пайда болуы секілді белгілер. Алайда жоғарыда айтқанымыздай мұндай клиникалық белгілер туберкулез немесе онкологиялық ауруларда да байқала береді. Дәрігердің айтуынша, егер адам дер кезінде тексеріліп, ауру ерте сатысында анықталса, препараттарды қабылдау арқылы сау адам секілді ұзақ өмір сүре алады. Мәселен, 2005-2006 жылдары Шымкентте бір топ балалар ауруханада АИТВ жұқтырып алған еді. Қазір солардың алды 30 жасқа келіп, отбасын құрып, сап-сау ұрпақ өрбітіп отыр. Сондықтан маман бұл инфекциядан аса қауіптеніп, қорқа берудің қажеті жоқ екенін айтады. Бір ерекшелігі, АИТВ инфекциясында адам өмір бойы дәрі ішіп өтеді. Бұған да түңілудің қажеті жоқ. Себебі қант диабеті секілді дертке шалдыққан науқастар да өмір бақи дәрі ішеді. Орталықта тіркеуде тұрған АИТВ-сі бар адамдардың ең жасы үлкені қазір сексеннен асқан. Сол себепті антиретровирусты терапияны тұрақты қабылдап жүрген адам ұзақ жасай береді. Өкінішке қарай, бүгінге дейін АИТВ-ні толық емдейтін дәрі ойлап табылған жоқ. Оны жоюдың басты қиындығы – вирус сәт сайын мутацияға ұшырап, яғни пішін келбетін өзгертіп отырады. Ал қабылданатын препараттар, біріншіден, вирустың аз ғана енуіне, екіншіден, азғадағы вирустың көбеюіне тосқауыл болады. Дегенмен медицина бір орында тұрған жоқ. Бүгінгі таңда ғалымдар туберкулезді жеңгендей бұл инфекцияға да қарсы екпе ойлап табу жолында тер төгіп жатыр. Өз кезегінде маман адамдарға АИТВ-ні емдеу үшін түрлі тәуіп, бақсы-балгерлерге бармауға кеңес береді. Себебі халық емін жасаймын деп жүргенде босқа алтын уақытын жоғалтып алады. АИТВ шипасы – біреу ғана. Бұл – антиретровирусты препараттар қабылдау. Дәл осындай дәрі-дәрмек дүние жүзінің қандай елі болмасын, бірдей ішіледі.

Бүгінгі таңда орталықта 1 887 адам АИТВ бойынша диспансерлік есепте тіркеуде тұр. Қазақстан бойынша бұл сан 20 мыңнан асады. АИТВ-дан қорғану жолдарын білген адам бүкіл халықты осы инфекциядан сақтап қала алады. Сондықтан барлық азамат тиісті ақпаратпен қарулануы керек, дейді маман.

Апталық акциясына орай орталықта кезінде ауруханада АИТВ-ға ұшыраған бір келіншек сұхбат берді. АИТВ-мен өмір сүріп жатқан ол антиретровирус­ты препараттарды тұрақты ішіп жүру арқылы өмірге сап-сау ұл мен қыз әкелген. Қазір жағдайы жақсы, өзгелер секілді қалыпты күй кешіп жатқанын баяндады.

Жалпы, ЖИТС құрбандарын еске алу күні алғаш рет 1983 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында атап өтілді. Бірнеше жылдан кейін осы ауруға қарсы қозғалыстың символы пайда болды. Бүгінде дүние жүзінде қозғалыс белсенділері еске алу күніне орай киімдеріне қызыл лента тағып жүреді. Бұл іс-шараны ұйымдастыру әлемнің жүзге жуық елінде үрдіс алған.

 

ШЫМКЕНТ