Саясат • 29 Мамыр, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Euronews басылымының сайтында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады» тақырыбында авторлық мақаласы жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады

Фото: akorda.kz

Мақала еуропалық оқырманға – саясаткерлерге, саясаттанушыларға және ескі әлемнің қарапайым азаматтарына көбірек арналғаны байқалады. Бірақ Қазақстан азаматтары үшін де мағлұматы мол. Себебі, кез келген президенттің халықаралық аренадағы әрекеті ұлттық мүдделердің көрінісімен тоғысады. 

Материалдың кіріспесінде Президент көтерген мәселенің мәні көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаев  орта державалардың көпжақтылығы тақырыбына Астана халықаралық форумында, БҰҰ Бас Ассамблеясының трибунасында, «Бір белдеу – бір жол» форумында, Германияға ресми сапары кезінде де тоқталған еді. Өткен аптада Сингапурға ресми сапары аясында Қазақстан Президенті «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбында дәріс оқыды. Ол Euronews-тегі мақаламен де үндеседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сияқты елдер жаңа күшпен бірге алға қадам басып, жаһандық аренадағы жауапты менеджерлер ретінде әрекет етуі тиіс екенін жазды. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, соңғы уақытта әлем алауыздыққа толып барады. Алпауыт мемлекеттер де бірігу орнына тарыдай шашылып барады. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері иелік ететін вето құқығы көбінесе тығырыққа тіреліп, дағдарысты шешуге қауқарсыз. Ұжымдық әрекеттерге қарағанда біржақты көзқарасқа басымдық беріліп жатады. Осы тұста Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетаралық достыққа дем беруге шақырды. Бұл ретте Қазақстан сынды орта державалар көмектесе алады.

Президенттің пікірінше, қазір жүріп жатқан соғыстар оң шешілмей, бірнеше жылға созылып жатыр. Бұл тек соғысқа қатысушы елдерге ғана емес, тұтас геосаяси алаңға кесірін тигізіп жатқаны анық.

«Украинадағы қақтығыс дипломатиялық тығырыққа тірелді, Газа секторындағы қазіргі жағдай эпикалық гуманитарлық апат болып танылды, ал Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы шиеленіс соғысқа ұласып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық консенсусқа ықпал етуге арналған құрылымдар да тығырыққа тіреле бастады», дейді Мемлекет басшысы.

Осы тұста «орта державалардың «үлкен ойыншылардан» айырмашылығы неде?» деген сұрақ туындайды. Қазақстан көшбасшысы бұл сауалға да жауап берді. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын мына сілтеме арқылы оқуға болады.