Ол робот-қондырғының аты «Өзіме көмектесе алмаймын» деп аталады. Роботтың құрылымы – өте қызық. Ол – гидравликалық сұйықтықсыз жұмыс істей алмайды, былайша айтар болсақ, «өледі». Адамның жаны секілді. Оның бағдарламасы сұйықтықты ұстап тұруға тырысатындай жасалған. Ал сұйықтық оның жанынан құлдилап ағып кететіндей жүйеленген. Қанға ұқсайды. Роботтың миы сұйықтық таусылса, өзінің де істен шығатынын біледі, үздіксіз өзіне қайтарып отырады. Ең қорқыныштысы, бағдарламашылар роботқа бос уақытында көрермендер алдында «бақыт биін» билететін жүйе қосқан. Құлтемір 32 түрлі қимыл түрін жасай алды. Ойлап қараңызшы, робот өмір үшін күрестің арасында бақыт биін билеуге мәжбүр. Жер бетінде тіршілік етіп жүрген қаншама адамның бейнесі көз алдыңа келеді. Жанарымыз куә болған, жадымызда сақталған...
Жоба алғаш іске қосылған кезде робот бақытты болыпты. Билепті, көп уақытын көпшілікке арнапты. Өйткені сұйықтықты ұстап тұру оңай болды. Ал біраз жыл өткеннен кейін шаршап, көкейін «үмітсіздік» басты. Себебі өмірін сақтауға күші жетпей, әлі кете бастады. Тіпті билеуге уақыты жетпеді. Робот «ғұмырының соңғы күндерінде» өмірді сақтау мен қан кету арасындағы шексіз күрес цикліне түсті. Істен шығарында қаншама адам жанталасқа куә болды. 2019 жылы робот гидравликалық сұйықтықты тауысып, ұстай алмай, жұмыс істеуін тоқтатты. Әлем жылады. Әлеуметтік желі шулады. Бірақ ешкім ол роботтан өзін көрмеді.
Амал нешік, ол осындай тағдырға бағдарламаланған. Не істесе де, қанша тырысса да, өмірін сақтай алмады. Бірақ бағдарламашылар робот істен шыққанда, бар шындықты айтты. Егер ол өмірін сақтау үшін жанталасып, ритмді жиілетпегенінде, тыныштық қалпын сақтай алғанда, ұзақ уақыт өмір сүрер еді. Бақыт биін де біраз жыл билер еді. Ал біз ше? Біз не істер екенбіз?