Аймақтар • 31 Мамыр, 2024

Ономастика – елдік іс

187 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ономастикаға ыждағаттылықпен қарап, елдік мәселені назардан тыс қалдыруға болмайтыны белгілі. Өйткені шамасы келсе көкесінің атына көше, атасының атына ауыл атауын бергісі келетіндер аз емес. Мұндай мәселемен, әсіресе, министрлік жиі ұшырасады. Министрліктер үйіне елден қол жинап алып, ұсыныс жіберетіндер жетіп артылады.

Ономастика – елдік іс

Комиссия келісімі күшейеді

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ономастика саласын тәртіпке келтіру жөнінде айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес  арнайы Жол картасы әзірленді. Ономастика құжаттарына біршама өзгеріс енгізілді. Дегенмен тарихи тұлғалар тізімін толықтыру, елді мекендерге, көшелерге ат беру мәселесінде атқарылатын шаруа әлі де көп. «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында өткен «Өңірлік ономастика мәселелері» семинарындағы пысықталған бірқатар жұмыс атқарылса, онда ономастиканың оңалуына оң әсерін тигізеді.

Алқалы басқосудың модераторы болған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов жоғарыдағы маңызды мәселеге қатысты республикалық жұмыс тобы құрылғанын, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, біршама шараның қолға алынғанын жеткізді.

– Мәселен, облыстық ономастика комиссиясының кейбір функцияларын республикалық ономастика комиссиясының құзырына беру туралы жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта ауылдар мен елді мекендерге, көшелерге атау беру республикалық комиссия келісімімен жүзеге асырылатын болады. Жұмыс тобы мүшелері еліміздің белгілі институттары­ның ғалымдарымен бірлесіп, сондай-ақ орталық мемлекеттік архив мекемесімен қолданыстағы тарихи тұлғалардың тізімін, жер-су атауларын жаңадан пысықтайды. Жұмыс тобы мүшелерінің тарапынан қолданыстағы тарихи тұлғалар тізімін өзектен­діру барысында кеңес дәуірі кезіндегі тарихи есім­дер қайта қаралды. Жалпы алғанда, тізімде 697 тұлға есімі бар. Оның 463-і республикалық деңгейде, 234-і өңірлік деңгейде ұлықталатын тұлғалар, – деді Ербол Әліқұлов.

Модератор елді мекендер мен көшелерді қайта атау бойынша 2024–2028 жылдарға арналған Жол картасы әзірленгенін, ол мемлекеттік құжаттың Президент әкімшілігінің қарауында екенін жеткізді.

 

Өңірдегі атаулар әлі де өзгереді

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ономастика саласы бойынша аймақта атқарылған жұмыстарды қысқаша атап өтіп, вице-министрдің, семинарға қатысушылардың назарына ұсынысын жолдады.

– Бүгінгі күні ұлттық ономастика кеңістігін қалыптастыруға ел Президенті пәрменімен үлкен басымдық беріліп отыр. Облысымыздың топонимдері де басқа өңірлер секілді сан мыңдаған жылдар дәуірінің жемісі. 2000 жылдардың басынан бері ғылыми негізде жасалған жұмыстар баршы­лық. Арнайы этнотопонимикалық экспедициялар ұйымдастырылды. Этнографиялық деректер да­йындалды. Фольклорлық материалдар жинақталды. Қазына қарияларымыздың аузындағы естеліктер жазып алынды. Биыл «Жаңарған атаулар» деген атпен арнайы анықтамалық топтама жарыққа шығады. 2014 жылдан бері облыс аумағында 28 елді мекен, 851 құрамдас бөліктің 76 мекенінің аты ауыстырылды. Жылдар бойы мызғымай тұрған Октябрь ауданына ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі, Ленин көшесіне Абайдың, Кривогуз көшесіне Қасымның есімі берілді, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Аймақ басшысының орынбасары тарихи тұлғалар тізімінде Нұркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев, Петр Тераев, Амантай Дәулетбеков секілді Кеңес Одағының батырлары ғана барын, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қалған 30 Кеңес Одағының батыры енбей қалғанын жеткізді. Келер жылы Жеңістің 80 жылдығына орайластыра отырып, батырларды тұлғалардың тізіміне қосуды ұсынды. Сонымен қоса, биыл композитор, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, КСРО халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы. Бірақ бұл тұлға да тізімде жоқ. Осыны семинар қатысушыларының назарларына ұсынды.

Өңірде алдағы уақытта 2 елді мекен, 9 құрамдас бөліктің атауы өзгертіледі. Сонымен бірге Республикалық комиссияға Саран, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау ауданы бойынша 18 білім беру ұйымдарына қайта атау беру жөнінде ұсыныс хат жолданған. 9 мектептің тиісті құжаттары әзірленіп жатыр.

 

Жаңа жоба ономастиканы оңтайландырады

Семинар барысында «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасының таныстырылымы жасалды. Мұнда әр өңірдің топонимдері жинақталып, әр атаудың өткені мен қазіргі жағдайына ғылыми сараптама жасалып, аталу уәжі мен қағидаты, даму диахрониясы зерделеніп, сонымен қатар, елді мекен, жер-сулардың тарихи атауларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жоба нәтижелері ел топонимдерінің электронды 3D форматтағы картасына енеді.

– Биылғы жобаның мақсаттарының бірі ретінде зерттеу өңірлеріне тарихи-танымдық экспедициялар ұйымдастырылады. Дәл осы мерзімде Жетісу облысында экспедиция жүріп жатыр. Экспедиция құрамына «Ономастар одағының» мүшелері, географтар, тарихшылар кірді. Экспедиция барысында жер, елді мекендерді аралап, фотобейне материалдар түсіріліп, қорытындысы ретінде танымдық бей­нефильм және өңірлік суреттер арқылы анық­тамалық жасалады. Түсірілген фотобейне материалдар 3D карта базасына еніп, жалпы қолданымға ұсынылады. Ономастар одағының ғалымдары өз зерттеулерінде еліміздің географиялық нысандары фотосуреттерінің интернет желісінде өте аз немесе жоқ екенін байқап, мүмкіндігінше көп фотосурет жасауды мақсат қойдық. Сонымен бірге экспедиция барысында жасалатын танымдық бейнефильм сюжетіне жергілікті халықпен кездесіп, сұхбат алып, халықтық этимология, аңыз-әңгімелерді де енгіземіз. Бұл материалдардың ономастика аясынан кеңірек тіл мен тарихқа, этнография мен әдебиет саласына да қосары болады деп ойлаймыз, – деді «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Гүлнар Бекенова.

 

Жаңа атаулар карталарда да жаңғыртылады

Ерекше атап өту керек, «2GIS» және «Yandex maps» навигациялық құралдардағы ономастикалық атауларды нақтылау және біріздендіру мәселесі бо­йынша бірқатар жұмыс атқарылды. «2GIS», «Yandex» компанияларының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіліп, арнайы жұмыс тобы құрылды.

Геосервистердегі ономастикалық атауларды және географиялық объектілер атауларын заңды түрде бекітілген атауларымен нақтылау және біріздендіру мәселесі бойынша Agile әдістемесі шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірге акселерациялық топ құрылған.

– Ономастика жұмысының критерийлерін оңтайландыру және ономастикалық комиссия­мен топонимдердің қайталануын болдырмау мақсатында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне пайдаланушыға бірдей атауларды аймақ бөлінісінде сүзу (фильтр) және «ономаст» рөлін қосу арқылы тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аталған геосервистердегі ономастикалық және географиялық нысандар атау­ларын заңды түрде бекітілген атаулармен қолдану және көрсету министрліктің ұдайы бақылауында, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы Майгүл Әбдіғали.

 

Ақмола: тарихи атаулар қайтарылды

2020 жылы «Ақмола облысының топонимикасы» этнотарихи және топонимикалық зерттеу бағдарламасы» аясында Ақмола облысының топонимикалық кеңістігін тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев зерттеген. Ол көптеген монография, анықтама, мақала мен басқа да еңбектерді жарыққа шығарған. Олардың арасында «Ақмола өңірі топонимдері: тарихи қабаттары, табиғат әсері, тылсым сырлары», «Ақмола облысы жер-су атауларының құпиялары», «Ақмола облысы топонимдерінің атласы», «Ақмола облысы елді мекендерінің сипаттамасы» атты еңбектерін атауға болады. Сол еңбектің арқасында 80 елді мекеннің тарихи атауы табылған. Бұл туралы Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ономастика және тіл бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова «Ақмола облысындағы елді мекендердің байырғы тарихи атауларының зерттелуі туралы» атты баяндамасында айтты.

– Қазақстан мен Ресей қалаларындағы архив­тердегі ізденістің нәтижесінде табылған Ақмола облысының бірқатар елді мекеннің тарихи атауларына қатысты құжаттар мен карталарды жинақтап, «Ақмола облысының тарихи топонимдері» кітабын басып шығардық. Кітапта Ақмола облысының ономастикалық кеңістігі бойынша жаңа зер­ттеу нәтижелері ұсынылған. Басылымда облыстың әкімшілік-аумақтық бірліктерінің атаулары бо­йынша тарихи деректер келтірілген. Өңірдің ономастикалық атауларын зерттеуде негізгі дереккөз ретінде архив құжаттары, ескі топографиялық карталар басшылыққа алынды. Бұл құжаттардың арасында Қоныс аудару карталары, қоныстанушыларды тіркеу құжаттары, қонысқа орналастыру және есепке алу ведомостволары, Дала генерал губернаторының бұйрықтары мен қызметтік хат көшірмелері бар. Нәтижесінде, 125 елді мекеннің тарихи атауы табылды. Бүгінгі күні Ақмола облысы аумағында 30-дан артық елді мекенге тарихи атаулары қайтарылды, – деді Айгүл Дүзелбайқызы.

 

Павлодар: ұлылар есімін ұлықтайды

Павлодар облысында 2015 жылдан бері алғанда 773 көше, 44 елді мекеннің атауы өзгертіліпті. Былтырдың өзінде-ақ облыстық ономастика комиссиясының 2 отырысы өтіп, комиссияның қорытындысы негізінде 145 көше, 1 кент, 8 ауыл мен 6 округ қайта аталған.

– Жалпы алғанда, өңірлік елді мекендердің қазақ тіліндегі пайыздық көрсеткіші егемендіктің алғашқы кезеңімен салыстырғанда  толық 70 пайызға жетіп, тәуелсіздік алған жылдары 17 пайызды ғана құраған қазақша көше атаулары, қазіргі таңда 52 пайыздан асқан жайы бар. Бұған қоса, соңғы 10 жылдың ішінде  Павлодар облысындағы 60 білім беру және мәдениет нысандарына Республикалық ономастика комиссияның қорытындысы негізінде Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев,  Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Жылбек Ағаділов, Нағымбек Нұрмұхаммедов тәрізді тарихи тұлғалардың есімдері берілді, – деді өзінің баяндамасында Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.

 

Маңғыстау: жалғыз ауылдың атын ауыстырады

Маңғыстау облысында 1991–2024 жылдар аралығында идеологиялық тұрғыдан ескірген атау­ларды өзгерту және тарихи атауларды қайтару мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жалпы 486 атау өзгертілген (39 объект, 447 әкімшілік-аумақтық бірлік пен құрамдас бөлік).

Бір қызығы, Маңғыстау өңірі идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022–2025 жылдарға арналған жол картасына енгізілмеген екен. Өйткені өңірде атауы ескірген Баутино ауылы ғана бар. Бүгінде ол ауылдың атауын «Балықшы» деп қайта атау бағыты бойынша заңнама талаптарына сәйкес, жергілікті деңгейдегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Маңғыстау тарихын, көне мағлұматтарын, жер-су атауларын интернет ресурсы арқылы барша жұртқа паш ету мақсатында «Маңғыстау облысының топонимиясы» – mangystau.atay.kz сайтының қызметі жалғасады. Сайтта өңірдің 2000-ға жуық жер-су атаулары, 500-ден аса құдық пен 85 бұлақ көзі, 250-ден аса қорым қамтылып, оларға қатысты аңыз-әңгімелер жарияланған. Мәселелерге келетін болсақ, бүгінгі таңда өңір тұрғындарынан көптеген шағым түсіп отыр, оның ішінде, Президентке, Үкіметке жазылатын арыздардың басым бөлігі – кісі есімдерін ұлықтау жөнінде. Оларға нақты жауап берудің өзі қиындық туғызады. Осы ретте, «Тарихи тұлғалар тізімін» заңнамалық түрде нормативтік-құқықтық актімен бекітуді ұсынамын. Тағы бір ұсыныс – Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына өзгеріс енгізу керек. Атап айтқанда, тарихи жер атауы Тарих институтының ресми сараптамалық актісімен расталса және ономастика саласы бойынша тиісті штаттың бөлінуіне ықпал етуді ұсынамыз, – деді Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов.

 

Семинар түйіні

Ономастика саласының бағыт-бағдары айқын­далған алқалы басқосу соңында қатысушылар өзара пікір алмасты. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Шымкентбайұлына, аталған министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ономастика басқармасының басшысы Елерке Төреханға, «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы  Гүлнар Бекеноваға қатысушылар тарапынан біршама ұсыныс жасалды. Өз кезегінде вице-министр семинарда көтерілген мәселенің барлығын жазып алғанын, сәйкесінше, сол бойынша жұмысты жандандыра түсетінін жеткізді.

Ономастика оңтайланса, ұлттық мүдде ұлғаяды. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының бұл мәселеге арнайы тоқталғаны да – осы. «Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлға­лар­дың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімді іс жүзін­де реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерек­ше­лігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», деген еді Президент.

Семинардың септігі тиіп, талабын күшейткен комиссия жұмысы сапалы шығып, көшеге, елге, жерге атау бергенде ұлттық мүдде тұрғысынан баға берілсе мың мәрте игі болар еді. Сонда ғана ономастиканың ахуалы оңалады.

 

Қарағанды облысы