Солтүстік Қазақстан ПД баспасөз қызметкері Игорь Мерцалов осы оқиғаны баяндайтын көркем публицистикалық шығармасын бастап кеткен тәрізді. Ол апат кездерінде патрульдік кезекшілікте болған ПД қызметкерлерінің бастан кешкен оқиғаларын жазып алып, қазір баспасөзде таратып жатыр. Әсіресе Ойқала шағын ауданында кезекшілікте болған әріптестерінің көзбен көргенін жазып алыпты.
«Полицейлер бұл ауданда құрғақ жерде ғана емес, терең су басқан көшелерде де құқықтық тәртіпті қамтамасыз етті. Қазір қалыпты қызметке оралған тәртіп сақшылары қайыққа мініп, патрульдеуден алған әсерімен, тәжірибесімен бөлісті. Су тасқыны туралы құтқарушылардың, ауа райын болжаушылардың ақпаратына сүйенген Петропавл қаласы полиция басқармасының басшылығы суда жүзу құралдарын алдын ала дайындап, ескекпен есе білетін және моторлы қайық жүргізуде тәжірибесі бар қызметкерлерді іріктеді», дейді ол.
Солардың бірі, патрульдік полиция батальонының инспекторы Талғат Ауғалиев бастан кешкен оқиғасын былай еске алыпты: «Менің әкем тәжірибелі балықшы болды. Әкеммен бірге қайыққа мініп жүретінмін. Су үстінде өзімді қалай ұстауды бала кезімнен білемін. Алайда су басқан көшелерде жүзуге қатты ағыс кедергі келтірді. Әрі бұл өте қауіпті. 13 сәуір күні сағат 17.00 шамасында үлкен судың Ойқала ауданын әп-сәтте басқанын өз көзіммен көрдім. Бұл апатты ешқашан ұмытпаймын. Кейде тіпті түсіме кіреді. Барлық жедел қызметтер бұл уақытта адамдарды эвакуациялап жатты. Полицейлерге құтқарушылардың өзін де құтқаруға тура келді. Судың тез келіп қалғаны соншалық, олар автокөліктерімен кері бұрылып үлгермеген. Көлікті биік жерге шығарып, бізді көмекке шақыруға мәжбүр болған. Қатты ағысқа қарсы жүзе отырып, біз оларды қайықпен шығарып алдық. Кейін де мұндай сәттер көп болды. Құтқарушылар да полицейлерге көмекке келіп, бір-біріне көмектесті».
И.Мерцалов басқа да әріптестерінің бастан кешкен оқиғаларын жазып үлгеріпті. Соның ішінде Жақсылық Байбосынов та бар. «Мынадай алапат апатты бұрын көрмегендіктен басында қиын болды. Кейін үйреніп, ширақ қимылдадық. Қалып қойған ит пен мысықтарды да шығарып, үйлеріне өту үшін ТЖ қызметінен рұқсат алған адамдарды жеткізіп отырдық. Сондай-ақ су басқан ауданда бөгде адамдардың жүрмеуін қадағаладық. Кейбір күндері тәуліктеп кезекшілікте болдық, кейін 12 сағат сайын ауысып отырдық», деп еске алады ол.
Міне, бұл да – табиғат апатының қалдырған бір түйіні. Ал Петропавл қаласының әкімдігі, бұрын айтқанымыздай, «Солнечный-2» деген жаңа шағын аудан тұрғызып жатыр. Апырай, бұрын да «Солнечный» бар еді, мынаны екінші демей, жаңаша, мемлекеттік тілде атайық деген ұсынысымызды әкімдік әлі ескерген жоқ.
Жуырда қала әкімдігі жаңа салынып жатқан үйлерді зардап шеккендерге көрсетті. Тиянақты салынып жатқан үйлер қыздың жинаған жүгіндей. Аумағы – 80 шаршы метр, жер учаскесі – 10 сотық. Ауланың іші өрнектаспен әрленген, ал дуалдың биіктігі 2 метрге жетеді. Мұндай үйлерді тіпті бұрын 40 шаршы метр үйі болғандар да алуына болады. «Бақытсыздық болмаса, бақ келмес еді» деген орыс мақалындай, дұрыс үйге қол жеткізе алмай жүрген кейбіреулердің жолы болды. Солардың бірі Александр Корчига қуанышын жасыра алмады: «Мынау әдемі үйлер ғой. Маған өте ұнады. Жылытылатын еден төселіпті, кафель жарқырап тұр, төбесі биік. Үй көрнекті, жарық, жан-жағынан күн түседі, санузелдері ішінде. Демек мен ескі үйден жаңа үйге көшіп тұрмын, қуаныштымын», деді ол.
Міне, осындай үйлерді қоныс аударушыларға да салса ғой. Жылы жақтан келер ағайындарымыз қуанып қалар еді. Өкінішке қарай, оларға дегенде ашық-тесік бірдеңелерді қалап, қаншама ақшаны босқа шашып, сақылдаған сары аязда тұруға мүмкін қылмай, көбін қайта көшіп кетуге мәжбүр қылды.
Солтүстік Қазақстан облысы