Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
«Өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін»
Елдегі азық-түлік секторының салалық одақтар альянсы «Сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын дайындауды ұсынды. Парламентаризм институтының сарапшыларымен бірлесіп және Мәжілістің Агроөнеркәсіп Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің қолдауымен әзірленген жоба жергілікті нарықта отандық азық-түлік өнімдерін өткізуді, сондай-ақ сауда сөрелерінде импорттың кең таралуына байланысты отандық өндірушінің мүддесін қорғауға арналған заңнамалық актіге бірқатар түзету мен ұсынысты қамтиды.
Бүгінде салалық одақтардың, бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары қатысатын жұмыс тобында жаңа заң жобасын дайындау үшін тыңғылықты іс жүргізіліп жатыр. Алайда агроөнеркәсіп (АӨК) одағы өкілдерінің мемлекеттік құрылымдарға деген айтарлықтай өкпе-назы бар. Себебі олардың тарапынан отандық азық-түлік өндірушілерді толыққанды қолдауды және өндіріс пен сауда қатынастарының қалыптасқан тәжірибесінде маңызды тұстарды өзгертуге деген ниет пен пиғылды әлі көре алмай отыр екен.
Мысалы, заң жобасында ұсынылған 40 шақты тармақтың жартысына жуығы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан теріс қорытынды алған. Бұлай жалғаса берсе заң жобасында ұсынылған бастамаларды түгел қарап біткенше мәністі деген маңызды шараның ешбірі қалмайды деп налиды одақ альянсы. Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасы секілді бұл да мүлдем алынып тасталуы мүмкін деп алаңдайды.
«Қазір ұсыныстарды алдын ала талқылау жүріп жатыр. Мемлекеттік органдар тарапынан патриоттық заң жобасы қолдау табатынына сенгіміз келеді. Құзырлы министрлік өкілдері ұсынысымызға зейін қойып, ішкі нарықты импорттың үстемдігінен неліктен қорғай алмайтынына сылтау іздемей, осы мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға мұқият мән бергені өте маңызды. Өйткені бүгін бізге мемлекеттің реттеуші рөлі бұрынғыдан да қажет. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, импорттық өнімді әкелуге тәуелді болмайық десек, отандық өндірісті дамытып, оны барынша қолдау ләзім. Қазір импортты әкелуді кідірткен кезде елімізде бағаның күрт өсуі мен өнім тапшылығы орын алып жатыр. Ал бұған елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайту арқылы ғана жол бермеуге болады», деп түсіндірді Қазақстан құс өсірушілер одағының төрағасы Руслан Шарипов.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл біздің экономикамыздың сыртқы әлемнен жабылуының белгісі емес: ол ашық болып қалуға тиіс, бірақ ұлттық бизнестің мүдделерін ескере отырып», деп бұл бағытты анық белгілеп берген еді. Демек ұлттық өнім өндірушінің мүддесін ескеретін және отандық нарықты әділетсіз бәсекеден барлық ықтимал жолмен қорғайтын уақыт келді.
Ішкі нарықты реттейтін заң жобасы
Заң жобасы авторларының пікірінше, импорттаушылардың отандық өнім өндірушілерге қарағанда құқығы жоғары, мүмкіндігі көбірек болған бүгінгі әділетсіз жағдайға мемлекет міндетті түрде араласуға тиіс. Үкімет елдік мүддені алға шығарып, реттеуші нормаларды қабылдауы керек. Жаңа заңдағы түзетулер мен толықтырулар дәл соларға бағытталған. Себебі қазіргі уақытта отандық өнім өндіруші лайықты қорғалмаған. Соның салдарынан отандық азық-түлік өнімдерінің өндірісі төмендеп кетті. Әсіресе соңғы үш жылда өркениетті әлем тарапынан Ресейге салынған санкциялар мен сауда тыйымдарынан кейін оның қаңтарылып қалған тауары біздің елге ағылды. Одан кейінгі хал мәлім.
«Елдегі нарықты жаулап алу мақсатында көрші ел кәсіпорындары демпингке оңай барады. Нәтижесінде, отандық компаниялар табысынан айырылып, қаражатсыз қалады. Мысалы, сондай жағдайдың салдарынан сүт өндіру саласы шығынға ұшырап жатыр. Осыған ұқсас ахуал елдің барлық өңірінде кездеседі. Статистика деректері бойынша біз әлі де өзімізді сүтті терең өңдейтін жергілікті өнімдермен (мысалы, сары май, ірімшік, йогурт, балалар тағамы) толық көлемде қамтамасыз ете алмаймыз», деді Қазақстан сүт одағының директоры Владимир Кожевников.
Қайткенде шағын бизнеске шыр бітеді?
Мемлекеттің міндеті – елімізде отандық өнімді өткізу үшін басым жағдайларды қамтамасыз етіп, өндірісімізді барынша қолдау. Өнім өндірушілер үшін үлкен проблема – жабайы нарыққа бағынатын ірі сауда желілерімен өзара қарым-қатынастары. Өйткені ірі сауда желілері өнімді сатудың негізгі арнасы бола отырып, екеуара тиісті шарттарды белгілейді. Туралап айтқанда, отандық өнім өндірушілер ірі сауда желілерінің көмегіне, қолдауына мұқтаж. Ал олар көбіне сапасы нашар, бағасы арзан импортқа қарай асығады.
Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы Жібек Әжібаеваның айтуынша, отандық өнімді өткізу мәселесін кешенді түрде қарастыру қажет.
«Отандық өнімді қолдау стратегиясына сауда базарлары, жеке интернет-дүкендер және өндіруші, өңдеуші және көлік қызметтерімен бірыңғай логистикалық жүйеге біріктіруге болатын «үйдің жанындағы» дүкендер де қатысуға тиіс. Жергілікті базарлар, үйдің жанындағы шағын дүкендер жекелеген фермерлер шағын партиямен шығаратын отандық өнімдерді сатуға бағытталған», дейді ол.
Алайда соңғы жылдары елдің азық-түлік нарығында ерекше үстем жағдайға ие болып тұрған ірі сауда желілері оларды отандық нарықтан ығыстырып жатыр.
«Әрбір қалада қандай да бір сауда желісі басым болып келеді. Ал отандық өнім өндіруші оның шартына келіспесе, өз тауарын басқа еш жерге апара алмайды. Шын мәнінде, отандық өндірушілерді шағын дүкендер мен базарлар қолдайды. Өйткені олар өнімді кез келген уақытта әртүрлі партиямен қабылдай алады. Ал ірі сауда желілерінде тауар жеткізілімдері ретке келтірілген және қара басының пайдасы үшін бағасы төмен өнімді импорттаушыларға сенім артады. Базарлар мен шағын дүкендер маңызды, бірақ олар жалпы сатылымның 20-30%-ын ғана қамтамасыз ете алады. Ал негізгі азық-түлік саудасы үлкен супермаркеттер арқылы өтеді. Нарықты түгел дерлік басып алған сауда желілері ірі дүкендерден басқа шағын экспресс дүкендер ашады. Ол жерде де өз шарттарын таңып, ретробонустар мен басқа да үстемелер белгілейді. Нәтижесінде, отандық азық-түлік жеткізушілері арзан импортпен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Өнім өндірушілердің осы мәселесін Үкімет өте жақсы білуге тиіс. Сондай-ақ шағын кәсіпорындар сауда желілерінің монополизмінен зардап шегеді. Ауданға ірі супермаркет келгенде айналасындағы шағын бизнес тоқтайды», дейді Ж.Әжібаева.
Елімізде сауда желілерінің жалпыға бірдей монополиясы жоқ. Десек те барлық өңірде, әрбір қалада өзінің жергілікті сауда монополиясы бар екені анық. Бұл тұтас бір желі емес. Әртүрлі. Бірақ әрқайсысының саудасы ірі және орта қаланы қосқанда монополияланған. Монополист өз бақылауындағы сауда кәсіпорнында сауда еркіндігі мен әділдігін сөзсіз шектейді. Нәтижесінде, жергілікті нарықта бәсекелестік мүлде болмайды немесе өте әлсіз халде қалады. Осылайша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2021 жылғы қорытындысына сәйкес азық-түліктік тауар нарығы, «шоғырлану дәрежесі бойынша республиканың барлық 19 әкімшілік бірлігінде жоғары шоғырланған деп сипаттауға болады». Сондықтан мемлекетке ел азаматтары мен бизнес мүддесі үшін монополиялық сауда компанияларының қызметін реттеу өте маңызды болып отыр.
«Сауда мен өндірістің мүддесі түйіскен жағдайда мемлекет өндірушіні қолдауға тиіс. Өйткені сауда кез келген дағдарыс кезінде аман қала алады. Ал отандық өндірісті қолдап, оған егеменді ел экономикасының негізі бола отырып, аяққа тұруына, күшеюіне мүмкіндік беру керек. Сондықтан отандық өнім өндірушілер үшін сауда сөрелерінде неғұрлым тиімді орындарды ұсынуды, отандық өнімдердің сауда желілерінде лайықты ұсынылуын қамтамасыз етуді және жеткізілген тауар үшін уақтылы ақы төлеуді бақылауды жүзеге асыруды ұсынамыз. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайда өнім өндірушілер трейдерлердің шарттарын толығымен орындауға мәжбүр», дейді Р.Шарипов.
Үкімет үмітті үкілейді
Альянс сарапшыларының айтуына қарағанда, түзетулер мен толықтырулар жобасында сауда компанияларына тек үстеме бағаны қалдыруға, кез келген басқа қызметтерден – ретробонустардан, сыйақылардан, жоқ қызметтерден бас тартуға нұсқау беретін норма бекітілген. Мысалы, қазір сауда желілері жеткізушілерден ретробонус алады. Ол 24%-ға дейін жетеді. Іс жүзінде барлық акция немесе жеңілдіктер өндірушінің есебінен жүзеге асырылады. Әрине, бұл қосымша шығындар тұтынушыға жүктеледі немесе өндірушінің шығынына қосылады.
«Отандық тамақ өнеркәсібі тұтынушылар қажетінің басым бөлігін қамтамасыз етуге қабілетті. Мысалы, ет өңдеу саласының өндірістік қуаттылығы қазір тек жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Егер нарықта қолайлы жағдай болғанда отандық өнім өндірушілер етті бұдан әлдеқайда көп өндіре алар еді. Алайда ішкі нарық импортпен толыққан. Ол өздігінен, мемлекеттің ықпал ету аймағынан тыс орын алған. Өкінішке қарай, отандық өнімді қолдаудың нақты саясаты жоқ», дейді В.Кожевников.
Өнеркәсіптік одақ басшылары көрсетілген ұсыныстар заңнамалық деңгейде қабылданады деп үміттенеді. Нарық сапасыз импорттан қорғалып, нарықта азық-түлік өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін ынталандыру болғанда ғана дүкен сөрелерінде отандық өнім көбеймек. Әрине, бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігіне де, ішкі нарықтың тұрақтылығына да оң әсер етеді.