ЭтноАРТ «Мирас» лагеріне 5–10 сынып оқушылары қатыса алады. Мұнда 25 оқушыдан үш топ құрылған. Айта кетерлігі, жазғы лагерьде «Әжелер» мектебі де жұмыс істейді. Олар балаларға кесте тоқып, ұршықпен жіп иірудің әдістерін, сондай-ақ ұлттық тағам түрлерін қалай әзірленетінін бүге-шігесіне дейін көрсетеді.
«Біз ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан қолөнерді жеткіншектерге көрсетіп қана қоймай, қалай жасалатынын толық үйретеміз. Сондай-ақ әр бұйымның тарихын, қалай аталуын, жасалу жолдарын түсіндіреміз. Лагерь атауының «Мирас» деп аталуы да сол себепті. «Жастайынан үйретсең, тасқа ойған таңбадай, қартайғанда үйретсең, суға жазған жазудай» деген сөзді үнемі айтып жүремін. Бүгінде қала оқушылары ұлттық қолөнер бұйымдарын көп біле бермейді. Сондықтан бұл жобаның өзектілігі жоғары. Бұған дәлел – қазірдің өзінде лагерьге басқа аймақтардан қатысуға ниет білдіріп жатқан оқушылардың қарасы өте көп», дейді №78 мектеп-гимназия көркем еңбек пәнінің мұғалімі, идея авторы Ләззат Атыбай.
Маусымнан жұмысын бастаған этнолагерь шілденің соңына дейін төрт ауысым бойы жұмыс істейді. Ал әрбір ауысым екі аптадан болады. Айта кетейік, аталған этнолагерьге батыс аймақтың оқушылары да онлайн режімінде қатыса алады.