– Бас ғимарат алдындағы көпірмен көтеріліп келе жатырмын. Қарсы алдымнан Ақаң шықты. Уай, менің Ақселеу ағам кең еді ғой, шіркін. Жанына үнемі жақын тартып жүреді. Онысын мен де жақсы білемін. Сөйтіп, көпірдің қарсы бетінде найқалған нардай болып келе жатқан ағатайыма әдеттегі еркелік еркіндігіммен айқай салдым. «Ақа, қолыңызды көтеріңіз!». Ол ә дегенде абдырап қалды да, бұйрық берушінің мен екенін көріп күліп жіберді. «Ал, көтердім қолымды!» деді байыпты даусымен. Сом тұлғалы ағатайым осы сәтте кішкене бала секілді көңілденіп, пәрменімді екі етпей орындады. Мен одан сайын өршелене түсемін. «Тұрған жеріңде тұр, қозғалушы болма!». Ақселеу аға да байсалды қалпын бұзбай қаздиып тұр. Ересек кісілердің балаша әрекеті қызық болып көрінген шығар, елдің бәрі «Енді қайтер екен?» деп бізге қарап тұр. Осы сәтті күтіп тұрған мен қасына жетіп бардым да, ағамды құшақтай алдым. Ақаң мәз-мейрам!
– Аға, – деймін еркелеп. – Сіздің үстіңізден жусанның жұпары бұрқырап тұрады. Соны иіскейінші деп келдім.
– Айналайын-ай! – деп Ақселеу ағам бауырына одан сайын қыса берді. Осы бір сыйластық, татулық, аға мен іні арасындағы құрмет Құдайдың берген ең бағалы сыйы деп білемін. Ал қазір арқамнан қағып, ақылын айтатын ағаларым қалды ма?
Тұрсын аға терең бір күрсініп, ойға батты...