Келісім аясында екі ел астанасы Астана мен Бейжіңде мәдени орталықтар ашылады. Бұл мекемелер екі мемлекет аккредиттеген, қабылдаушы тараптың заңнамасы аясында әрекет ететін, коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени орталықтарды ашу Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара мәдени байланысқа жаңа серпін беретінін атап өтті. «25–27 ақпан күндері Қытайға барған сапарымызда болашақ нысанның орналасатын жерімен таныстық. Бейжіңде ауданы шамамен 730 шаршы метрге дейін жететін біздің мәдени орталық «Арт-зона 798» мекенжайында ашылады. Ғимараттың 1-қабатында қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасының элементтерін қамтитын мұражай экспозиция залы болады. Екінші қабатта конференц-зал, оқу залы және кітапханадан тұратын көрме алаңы орналасады», деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.
Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығының негізгі қызмет бағыттарына оқу залы, коворкинг аймағы, келушілерге арналған ұлттық электрондық кітапхана, отандық БАҚ, оқу орындарының сайттары қолжетімді болады. Сонымен бірге қазақ тілі курстарын өткізу, Қазақстан тарихына қатысты тұрақты және жылжымалы көрмелер ұйымдастыру, виртуалды мұражай (3D-турлар), конференциялар, семинарлар, симпозиумдар өткізу, Қазақстанның көркемдік ұжымдары мен жекелеген орындаушыларының өнер көрсетуіне мүмкіндік туғызу, қазақ фильмдері көрсетілімін ұйымдастыру да қолға алынбақ.
Еліміздің мәдениетін насихаттау және шетелдегі туристік әлеуетті дамыту да Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығының негізгі қызметіне кіреді.