Білім • 06 Маусым, 2024

Сенатор мектептегі оқу пәндерін азайтуды ұсынды

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Алтынбек Нухұлы Қазақстанда оқу пәндері дамыған елдермен салыстырғанда 2,5 есе көп екенін айтып, олардың санын азайтуды ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Сенатор мектептегі оқу пәндерін азайтуды ұсынды

Фото: azh.kz

Депутат келтірген дәйекке сүйенсек, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канадада мектеп оқушылары 7-8 сыныпта нақты ғылым салаларына қатысты 4-6 пән оқиды. Ал біздің елде осы сыныптарда 15 пән оқытылса, 9 сыныпта көрсеткіш 16-ға жетеді.

«Қазақстанда міндетті оқу пәндердің саны 2,5 есе көп, мұндай шамадан тыс пәндердің жалпы саны әлемде бірде-бір дамыған елде жоқ. Бізде химия, биология мен география жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде оқытылса, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канада сияқты мемлекеттерде осы пәндер топтастырылып, бір ғана, ғылым пәні деп, 324 сағат беріледі, яғни, көлемі де екі есеге жуық аз оқытылады», деді Алтынбек Нухұлы Жоғары палата жиынында.

Қазақстанмен салыстырғанда оқу сағаты аз болғанмен аталған елдерде нәтиже жоғары. Мәселен, PISA қорытындысында олардың жаратылыстану бағытындағы білімі жоғары болған. Депутат дерегінше, бұл Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия елдерінде оқытудың уақытына емес, оның сапасына баса көңіл бөлетінін аңғартады.

«Бұдан бөлек, Қазақстанда мектеп оқушыларына тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта беріледі. Ал озық елдердің тағы біреуі – Ұлыбританияда, керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Басқаша айтқанда, оқушының алдағы өмірінде прагматикалық тұрғыдан қаншалықты маңызды екеніне көп көңіл бөлінеді, яғни оқушылардың құзіреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім беріледі», деді сенатор.

Сенатор сауалын Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдап, Қазақстанда білім мазмұнын заманауи деңгейде жаңартуды ұсынды.