Фото: zhatpa.kz
ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова қоғамдық денсаулық сақтау іс-шараларын қолдау мен нығайту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы туралы айтып берді.
Саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру үшін денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жаман әдет факторлары, оның ішінде темекі шегу профилактикасын арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілген вейптерге тыйым салу туралы талап халықтың денсаулығын сақтауға және қоғамдық әл-ауқатты жақсартуға, атап айтқанда, жастарды қорғауға бағытталған. Мәселен, қоғамда 100% түтінсіз ортаны қалыптастыру, жарнаманы бақылау, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу түрінде темекі өнімдерін тұтынуды азайту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру көзделген.
Дегенмен маманның айтуынша, темекі шегуге қарсы күрестің ең танымал әдісі – салық шаралары. Елімізде темекі өнімдеріне акциз 1995 жылы енгізілді. Кейінгі 10 жылда акциздер мөлшерлемесі өсіп, салық саясаты қатаңдатылды. Атап айтқанда, сүзгісі бар темекіге акциз мөлшерлемелері шамамен 13 есе өсті, ал сүзгісі жоқ темекінің мөлшерлемесі 1000 данасына шаққанда 21 есе көбейді.
Салтанат Назарова Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы әлеуметтік желілердегі, БАҚ-тағы ақпараттық жұмыстарды, оқу орындарындағы білім беру іс-шараларын, вейп, темекі және басқа да темекі өнімдерін тұтынудың зияны туралы танымдарын арттыру мақсатында өткізілген дөңгелек үстелдерді қамтитын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын атап өтті. Жаман әдеттерге үйір жастар мен жасөспірімдерге, әсіресе осал топтарға көп көңіл бөлінеді. Елімізде темекі шегуге тосқауыл қою мақсатында 88 кабинет жұмыс істейді. Олар адамдарға тәуелділікті жеңуге көмектесуге дайын.