1.ҚАЛБАТАУ ҚАРҒЫНЫ
Сіздің тілшіңізге төтеншелеу тапсырма табысталды, оқырман. Еліңіздің бас газеті басшылығы тарапынан. Шығыс Қазақстандағы тасқын болған біраз аймақтарды аралап көресіз. Жазушы-журналист әрі сырт көз ретінде байқайсыз. Байыптайсыз. Сөйтіп, оқырман қауымға жан-жақты баян етесіз. Мамырдың соңғы күні. Сиыр сәскеде біз өскелең Өскеменнің қақ ортасында қайран қазақтың алтын бесігі, ата жұрты Алтай шыңдарына күлімсірей қараған Абайдың алып бейнесіне басымызды иіп тұрдық. Бұл зәулім ескерткішке әлі бір жыл да тола қойған жоқ. Бүкіл қазақ қуанғанын білесіз. Себебін де сезесіз. Байқасаңыз, Абайыңыздың алдынан өтіп бара жататын жастарыңыз да, жасамыстарыңыз да өзгеріңкіреп, өзгеше өңденіңкіреп, бой-бастарын тіктеңкіреп, биіктеңкіреп кететіндей-ау. Әне, анау жақта, күллі қалаға көрінетін Ботбай биігі зораяды. Оның тү-у төбесінде көгілдір туыңыз желбірейді. Туыңыздан сәл төменіректе “Қазақстан” деген аппақ жазу ақ шұғыла шашады-ай. Бұларға да бір жыл тола қоймаған. Өскемен қаласының әкімі, тасқынға байланысты құрылған Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың бастығы Ислам Әбішевпен жарты сағат әңгімелестік. Жалпы, жағдайдан хабардар болғандаймыз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шұғыл түрде әлдебір жаққа аттанып барады екен. Жұма күні жүздеспекке келістік. Түс ауа Көкпекті ауданына қарата жолға шықтық. Асфальт жолыңыздың қай қапталына қарасаңыз-дағы, топан су тасқынының ізін байқайсыз. Қалбатау қарғынының қалдықтары. Ойдым-ойдым көлшіктер. Жарыса аққан жылғалар. “Жер жарықтық суыңызды сіңіре алмай, әлі күнге дейін ықылық атып қиналып жатыр ғой”, – дейді кенді Алтайдың белгілі қаламгері Әлібек Қаңтарбайұлы. Ұлан ауданының Көкпектіге ұласар биіктерінен Қалбатауыңыз анық көрінеді екен. Қалбатау десе, Қалбатау. Көкпекті жағы көгілдір. Жарма жағы бозғылтым. Осы өңірдің өрені, талантты ақын Нұржан Қуантайұлының “Жолда” деген өлеңі бар. “Қалбаның тауы-ай, қарайтып кеткен жел өңін; Шоқ қайыңдарың жайқалтып жасыл желегін. Күн сәулесімен көз қысып ойнап әйнегі; Жосылған жолда тасырқап “Пазик” келеді”, дейтұғын шумағы ойға оралар. Біздің темір көлігіміз “Пазик” емес. Жүйрік, жүрдек, жап-жаңа жеңіл мәшине. Алайда, асфальт жолдың былқылдап, батпағы шығыңқыраған тұстарында тасырқамаса-дағы, жатырқап-ақ қалады. “Мынау – тарғыл-тарғыл таулар ортасындағы Тарғын ауылы. Сәлден соң Өмеш асуынан өтеміз”, – дейді “Егемен Қазақстанның” осы облыстағы меншікті тілшісі Оңдасын Елубай. Оңқай сақадай ойнақшып, орнында отыра алмай. Қалбатауда қар жатыр. Сәуірдің соңына таман сүрі қарыңыздан түк қалмайтын тау ғой. Ал биыл жыра-жыраларындағы, жықпыл-жықпылдарындағы қарыңыз мамырыңыз түгілі маусымыңызды аяқтайды-ау. Шоқ-шоқ шыршалар мен топ-топ қайыңдарыңыз қалқалаған қаракөлеңке шатқалдарындағы шып-шып терлеген қасат қардың қалдықтары шілдеңізге дейін шыдайтындай. Өмеш асуының ирелеңдеген иіндерінде де қоңырқайланған қарыңыздың қасаттанған қаспақтары сіресіп-ақ жатыпты. Мінекиіңіз, мынау – Самар ауылы. Бұрындары аудан орталығы болған. Көкпекті ауданының әкімі, баяғының батырларын елестетер еңсегей бойлы Дүйсенғазы Мусин мырза күні кешегі қыстың ызғарын сезіндіріп, әсерлі әңгімелейді. Әсірелеп тұрған жоқ. Бастан кешкендерін, көзбен көргендерін айтады. Мынау кең-кең иықтарына түскен ауыр жүкті аңғарасыз. Ойға толы үлкендеу басына таңырқай қарайсыз. Қарыңыздың қалыңдығы тегістеу тұстарда, далалы жазықтарда 1-2 метрге, ал таулы жерлерде 5-7 метрге жетіпті. Көз алдыңызға келтіріп көргейсіз! Тоғызыншы мамыр күні тоқсанға толған Аркадий Ахмадиев ақсақал өзі жасап келе жатқан жылдарында мұндай алапатты бастан кешпеген. “Анау тұрған аққайың мен қоңыр теректі қараңыздаршы, – деді аудан әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. – Міне, осы екеуі де қардан көрінбей қалды ғой. Сенесіздер ме?” Онша иланыңқырамағанымыз рас-ты. Аққайың мен қоңырқайлау терекке бір, Ербол інімізге екі қараймыз. Қайта-қайта. Дүйсенғазы сенбесеңіздер, өздеріңіз біліңіздер дегендей, алға түсті. Топан су Көкпектіні күтпеген жерден басты десек, дұрыс болмас, әрине. Қыс қазан айынан басталған. Қар жаумас бұрын қазан ұрған. Қара суық қақаған. Артынша Алтайдың қара жаңбыры төпеген. Қайтадан қара суық қақаған. Қара жер қақайып қатқан да қалған. Тебіні тасқа айналған соң, қайтсін-ай, жылқыңыздың тұяғына дейін кетілген. Қараша мен желтоқсан және қаңтарыңыз қарға қарық қылған. Көкпектіңізде ең қиын екі жер бар. Біріншісі – Байбура асуы. Екіншісі – жаңа ғана біз өтіп келген Өмеш асуы. Осы қос қойнауыңызға қар қалың түседі. Қазір тазаласаң, қазір бітеледі. Қаншама қыруар техника қажет. Қол күші керек. Байбура мен Өмеш асуларының жолдары жабылса, бітті дей беріңіз. Онда Тарбағатайыңыз тынады. Зайсаныңыз зар илейді. Күршіміңіздің көкірегін күрсін кернер. Бұлардың бәріне Көкпекті арқылы барасыз. Басқа жол жоқ. Ал енді көзге елестетіңіз. Алты метрден асатын қар. Асу да асу жолдар. Қаншама шақырымдарға созылар қойнаулар. Қазір ғана күреп өтсең, артынша басып тастайтын жарты метр қардың қайдан ғана пайда болғанына қайран қаларсыз. Жолшыларға, төтенше жағдайлар жөніндегі саланың саңлақтарына алғыс жаудырарсыз. “Сіздерге бір мәселені ашып айтуымыз керек, – дейді Көкпектінің әкімі Мусин мырза тоқтай қалып, бұрыла қарап біз жаққа. – Егер Бердібек Сапарбаев басшы боп келмегенде бар ма, онда... Арғы жағын менен емес, қарапайым бұқара халықтан сұрарсыздар”. Апаттың алдын ала білгенге не жетсін-ай, не жетсін. Алайда, алдын алмақ оңай емес. Облыс басшылары бастап, аудандағылар қостап, осы жағдаяттарға мән-мәніс үстеген. Қазаннан-ақ іш жиған. Қауіп ойлаған. Қара жердің қатып қалуынан, тұяғы кетілген тұлпарлардың, қара суықта құлап түскен сұңқарлардың қарауытқан түрлерінен секемденген. Қара қарғалардың құтырына қарқылдауынан қатер сезінген. Қыс айларында, әсіресе, қаңтар басынан табиғаттың тосын мінездеріне байланысты мониторинг күшейтілген. “Осы Самардың өзіне он күннің ішінде Сапарбаев үш рет келген”, деседі Лайлы өзенінің бойында тұратын жұрттарыңыз. Қалбатаудың қай-қай қапталдарына қарасаңыз-дағы қар ешқашан ерімейтіндей еді. Тарбағатай жағы да тұтасып, сілем-сілемдері сіресіп жатып алды. Тегістіктердің өзінде тау-таулар пайда болған. Тастан емес. Алты-жеті метрдейін ақ қардан. Бірте-бірте кір шалған, қошқыл тартқан кәдуілгі қарыңыздан. Наурыздың екінші жартысында ғана жіпсіді. Аракідік қана. Сәуір ортасынан ауа Қалбатау қаражонданып, ақ жолақтардан да арылып үлгеретін еді. Биыл бәрі басқаша. Қалың көрпені тас бүркенген тауларыңыз тым-тырыстанды. “Бұл өңіріңізге бөлекшелеу өзгеріс пен өңденіс дарытқан дарынды да арынды әкім Бердібек Сапарбаев үлкенді-кішілі тоғандар мен бөгендердің бәрін аралап шықты. Тарбағатайдың Қалбатау жақ қолатындағы Қандысу су қоймасының басында өзі жүрді. Қойманың құлағын бірте-бірте босатып, қайта қатайтып, суын азайттырды. Өйтпегенде, жарты ауданды шайып кетуі мүмкін еді, Алла сақтады”, – дейді Әлібек Қаңтарбайұлы бір жөтеліп, жөткірініп қойып. “Үйбай, Үйденеде де сөйткізді ғой”, – дейді Оңдасын әріптесіміз. Преображенка ауылында екі мыңдай халық тұрып жатыпты. Бес жүз үй бар. Жетпіс пайызы қазекем, отыз пайызы өзге ұлттың өкілдері. Қалбатау жағындағы көпірдің жағдайы да қиын болған. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин айтады: “Преображенканың кіреберісінде, өзен бұралаңдайтын тұста ғой көпіріміз. Көпірдің шығыс жағы көп жылдардан бері бітеліп, арал пайда болған. Су сол аралды айналып, көпір астынан әзер-әзер өтетін. Соны да байқаған Бекең болды. Осы ауданға ауысқалы уайымдайтын ек. Бірақ қол қысқа. “Беке, тасқын соқса, су сыймас. Рұқсат берсеңіз, аралды жарайын. Әйтпесе, көпірді де, ауылды да аман алып қала алмаймыз”, – дегем. “Ойланайықшы, аздап кідіре тұр. Жаруға асықпа”, – деді облыс әкімі. Қыстыгүні он мәрте оралды. Ауданымызға. Ақырында, үкіметтік резервтен қаржы бөлінді. Ақпан айынан бастап, аралды қазып алуға кірістік. Төтенше жағдай жөніндегі саланың адамдары боп. Басқаларымыз боп. Олай етпегенде, Преображенка ауылы кетіп қалар еді. Тасқын кезінде тазаланған өзен арнасымен 350 текше метр су жөңкіді. Көпір діріл қағып тұрды. Әзер-әзер төтеп берді. Ал арал алынбағанда...” Қалбатау қарғыны сәуірдің соңында жүрді ғой. Көкпекті ауданын топан су 28-29 сәуір күндері басып кеп-кеп жөнелді. Сол 28-29 сәуірде ше, температура 28-29 градусқа жетіпті. Қалбатаудың, бар-барша қыраттар мен жота-жондардың, шоқы-шатқалдардың жай жылдардағыдан алты-жеті еселеніп жатқан қалың қары бірден еріді. Бүкіл таулардың суы еңістерге қарата еңкілдей жөңкілді. Көкпекті мен Құлынжүн өзендері арналарына сыймай, лақылдай лықсып төгілді. Көкпектінің бастапқы тұсындағы тоқсан метр көпірдің өзі көміліп барып көрінді. Барлық көпірлерге кезекшілік қойылды. Төтенше жағдайлар жөніндегі мамандар, полиция Өскеменнен, өзге де жақтардан жеткендер, бүкіл аудан жұртшылығы жұмылды. Тасқынға қарсы. Ауданда он сегіз ауыл округі болса, соның бәрін дерлік су алып кетті. Екі күн, екі түн бойы топан суыңыз қайда барғысы келсе, сонда барды ғой, не керек. Самар ауылының кей жерін бір метр, жиырма сантиметр, басқа тұстарын сексен сантиметр су басты. Елді мекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың, серіктестіктердің техникасы түгел жұмылдырылды. Жұртты құтқарып, көшіп-қондыруда аудандық полицияның алпыс қызметкері ерлік көрсетті. Үй-жайларын, малдарын, тірліктерін, мүлік-мүкәмалын қимай, көшіп-қонғысы келмегендер кездесті. Жасыратыны жоқ, сондай жағдайдың өзінде арақ-шарапқа тойып алып, “Ой, мороз-мороздатып” отырғандар да табылды. Оларды сүйрелеп алып шығып, темір көліктерге “тиеуге” мәжбүрсіз. Опат болып кетсе қайтесіз, олар да адам ғой. Аудандық полиция бөлімінің бастығы, подполковник Тимур Зәкірияновқа және оның жігіттеріне жұртшылық ылғи да алғыс жаудырар. Мінекиіңіз, біз Лайлы өзенінің бойын көріп келе жатырмыз. Жаяу. Өзеннің суы ақ көбік шашып, тастан-тасқа шапшып, сарқырай ағады. Екпіні әліге дейін әжептәуір-ақ. Қыста тас боп қатқан-тұғын. Наурыз айында басшылар бастап, жұртшылық қостап, сол көкпеңбек мұзға айналған арнаның бес километрін ойып, қазып, тазалаған. Әнекиіңіз, апаттың алдын алу дегеніңіз, осындай-осындай әрекеттерден құралар. Өйтпегенде, топан су кезіндегі Лайлыңыздың лаңы әлденеше еселеніп, есіріп кетер еді. Өзен бойының бәрі дерлік бір айға жетер-жетпес уақытта берік тастармен бүтінделіп үлгеріпті. Кей-кей тұстарда ғана жойқын тасқыннан опырылған жарлауыттар аңғарылады. Қарауытып. Сондай жарлауыттың жиегінде тұрған үйдің жанына жақындадық. Өзі жол құрылысы жағында жұмыс істейтін Андрей Вайстың үй-жайы осы екен. Жекеменшік жүк мәшинелерін жәрдемге түгел жеккені үшін жұрт риза. Өскеменде естігенбіз. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың бастығы Ислам Әбішевтің бастамашылдығымен тасқын болған аудандар мен ауылдардың бәрінде қарапайым халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген онбасылар мен жүзбасылар сайлау әдісі жедел ендіріліпті. Осы онбасы мен жүзбасы мәселесінің мәнісін біз барлық жерде де бірте-бірте, тереңірек ұғына түскендейміз. Бірде сарқырап, бірде күркіреп ағып жатқан Лайлы өзенінің жарлауыттанған жағасындағы үйлерді аралап жүрміз. Төртінші топтың онбасысы Қалима Қалымханқызы бүй дейді: “Мені ауыл тұрғындарының өзі сайлады. Әр үйді көріп, қандай зиян келгенін, нендей көмек керектігін тәптіштей нақтылаймын. Барлық мәліметті штабқа мәлімдеймін. Ләйла Ережепованы да, Меруерт Айтбаеваны да, Валентина Денисенконы да, Ақылбек Бөленбаевты да тұрғындар таңдап сайлаған. Жұрт сенген соң, әрине, ақтауға ұмтыласың”. “Осы маңайда топан судан құлап түскен төрт үй бізге қарайтын аумақтан, – дейді екінші топтың жетекшісі Айдархан Садықов. – Бір айға жетпей-ақ бәріне басқа үйлер сатып әпердік қой. Мұндай жағдай қашан болып еді? Елдігіміздің, мемлекет мерейінің белгісі осы емес пе?” Қалима қадамын нықтай түсіп, алға шықты. “Иә-иә, ағайлар, солай. Елбасымыздың қамқорлығын сезініп, шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді дейтіндер көп. Қай шаңыраққа кірсеңіздер де, қай табалдырықтан аттасаңыздар да, көз жеткізесіздер. Шынында да, ауылдың малын тұтастай тасқын әкетті. Аудан әкімінің ұйымдастыруымен, онбасылар мен жүзбасылардың тер төгуімен барлық нәрсе тез анықталды. Жоғарыдан да, жан-жақтан да жәрдем жетті. Ел елдігін істеді. Өскеменнен студенттерге дейін келіп, көмектесті. Аудандық акция өтті. Мал-мүлік орнына келді, үйлер жөнделді. Огородтарды су шайып кеткендіктен, қара топыраққа дейін түсіріп берді. Бұдан артық не керек енді?!” Самар ауылында қызғын тірлік. Лайлының жағалауы толайым-тұтас таспен нығайтылғанын жаздық. Әрбір үйдің тақтай шарбақтары қалпына келтіріліп, су әкеткендері жаңартылып жатыр. Үй иелері қарап отырмауы тиіс. Тұтынушылық пейіл, патерналистік пиғыл болмағаны жөн. Мұны бәрі түсінеді. Ұғынады. Берілген цементті құйып, түсірілген қарашірік топырақты жаймалап, батпаққа айналған ойпаңдарды құрғатпаққа тырысып жүрген тұрғындардың жанарларында жарқыл бар. Еліне сеніп, еңбегіне сеніп, еңселерін тік ұстайды. Орталық (бұрынғы Центральная) көшесінің тұсындағы жаяулар өтетін жаңа көпір жайнап тұрыпты. Бұл ауылдағы “Қали Саттарұлы” шаруа қожалығын басқаратын Самархан Жотабаевты, “Мәмбет” шаруа қожалығының жетекшісі Есімбек Мәмбетовті, “Каскад” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иесі Николай Гусевті бүкіл облыс біледі. Кәсіптік лицей ұжымы да топан судың тұсында үлкен ұйымшылдық көрсетті. Оның директоры Нұртас Есеновті ел құрметтейді. Учаскелік аурухананың бас дәрігері Сайлаухан Күдербаев айтады: “Біздің дәрігерлеріміз бен мейірбикелеріміз ше, аурухана ішінен және ауласынан елу тоннадан астам лай шығарды. Тазалықшыларға дейін түні-күні жұмыс істеді. Қара жұмысты да, дәрігерлік қызмет пен көмекті де бір сағат тоқтатпадық”. Өзен жағалай жүріп, бір-екі күн бұрын ғана жаңа қонысқа көшкен Юрий Михайлович Хоуцзон-Линнің үйіне жеттік. Бұрынғы баспаналары қирап қалған қарапайым жандарға біржарым миллион теңгелік тамаша үй-жай сатып әперіліпті. “Парыз” қорының есебінен. Юрий Михайловичтің ұлты қытай. Самар ауылында бала кезінен, алпыс үш жылдан бері тұрады. Отызыншы жылдардың соңында ата-анасы саяси қуғын-сүргіннің сұрапылынан жапа шеккен. Шығыс Қазақстанға көшірілген. Қираған үйлерінің бір жағынан тасқын су кіріп, екінші жағынан шыққан. Бір аптадан кейін-ақ осы үйді беріпті. Әйелі Гүлбаршын алты жыл бұрын бақилық болыпты. Келіні Жанар жақсы қарайтын көрінеді. Жаңа үйге жаңа шифоньерді орналастырып, қуанып отырыпты. “Мың да бір рахмет мемлекетіме!” – деген Михайловичіңіз тұманытқан жанарына жас алды. Көкпектінің өзіне, аудан орталығына қарай келе жатырмыз. Жаңбыр сіркірей бастады. Қара жолдың бәзбір тұстары былқылдап, темір көлігімізді лақтыра жаздайды. Қос қаптал түп-түгел шылқылдаған су. Ойдым-ойдым айдындар. Талменка өзені тасыңқырап жатыпты. Преображенка ауылының жанындағы көпірге тоқтадық. “Әнекиіңіз, анау жерден үлкен аралды талқандап, тасып әкеткенбіз. Мына жол Воздвиженка ауылына апарады. Топан судың түнінде сол ауылға барғанмын. Өзеннен су асып кетіпті. Сонда мың сиырдың мөңірей өкіргенін естіп, төбе шашым тік тұрған”, – дейді Дүйсенғазы Мусин. Аудан әкімінің уайымы жетіп-артылады. Тасқынның зардаптары негізінен түзетіліп бітті ғой. Бірақ, жауын жағы тыйылмай тұр. Жаңбыр-жаңбырдың ара-арасында аздап-аздап астық молшылығының қамы күйттеледі. Маусымның екісіне дейін меженің алпыс бес пайызы ғана жүзеленіпті. Тракторларыңыз егістікке кіре алмай, қаңтарылып қала береді. Көлкілдеген көлшік сулар, былқылдаған батпақтар мұнда да көп. Көкпектіңізде астықты мол өндірмекке де, қазекемнің қашанғы ақ бас сиырының асыл тұқымын мыңғырта өсірмекке де мүмкіндік жетіп артылады. Әттең, несие мен субсидия мәселесін мәністеу жағында ерекшеліктерді ескермей жүрген жағдаяттар бар. Әрине, нарықтың қатал заңын білмейді емес мұндағылар. Біледі. Бірақ бүгінгі таңда жалпы жағдай қалай қалыптасып отыр? Тығырықтардан қайтіп, қандай жолдармен шығуға болады? Орта деңгейдегі және әлжуаз шаруашылықтардың, қожалықтардың, серіктестіктердің тағдыры тәлкекке түскен күйі қала бере ме? Осылай жалғаса берсе, орта деңгейлілер мен әлжуаздардың да, ауылдардың да тоз-тозы шығып кету қаупі тумай ма? Міне, осындай сауалдардың да қарапайым, қатардағы адамдардың жанарларынан, сөз ләмдерінен аңғарылатыны рас. Мәселен, жүз миллион тонна астық өндіретін осы Көкпекті ауданының шаруа қожалықтары қайран дәнді не жөндеп өткізе алмай, не өңдей алмай, не ойдағыдай саудалай алмай сарсаңға түседі. Жалғыз Көкпекті ғана емес, барлық аймақтарда дерлік осындай азап арқалағандар аз дей алмайсыз. Нарықтың қатыгез жүйесіне икемделген де дұрыс шығар, бірақ уақытша болса-дағы аудандық бюджет кепілдігі әдісімен бе, бәлкім басқаша ма, әйтеуір қаржыландырудың кілтін тауып, әлжуаздарды әлдендіріп, орташаларды оңалдырмаса, қазекемнің қайбір тірліктері қайбір кезеңдердегідей құрдымға кетуі мүмкін. Мусиніңіз мұнда бір жылға жуық уақыт бұрын ғана келген. Сапарбаевыңыз сенім артқан. Кібіртіктері көп Көкпектіні, кері кетіңкіреген ауданды алға шығармақ ниетпен жіберген. Бұған дейін Қалбатауыңыздың арғы қапталындағы Жарма ауданын сегіз жыл басқарған. Қазақтың қанатты азаматтарының бірі Дәулет Тұрлықановтың демеуімен сол Жармаңызда қазақтың ақ бас сиырын өсірумен айналысатын шаруашылықтарды шып-шырғасын шығармай сақтап қалған. “Сақтап қалу” дегеніңіз айтуға, жазуға ғана оңай. Сол “сақтап қалу” сынды ерлікті есте ұстай бермегендіктен, көп нәрседен ұтылғанымыз, кері кетіңкірегеніміз жасырын емес. Ал Жармаңызды жарытып отырған сол сақтап қалудың арқасы. Күні кеше ғана шетелдерден келген алпауыттарыңыз ақ бас сиырыңызға назар жығып, көңіл аударды емес пе? Дүйсенғазыңыз мына Көкпектіде де сол ақ бас сиырды көбейтпекті көздейді. Қазақы қой жөнінде де көкейде ойлар көктеп тұр. Бағзыдағы Көкпекті жәрмеңкесі қалай, қайтіп дүрілдеген? Оны да ойланбақ ләзім-дүр. Әзірше әкіміңіз тозып тұрған ауданның орталығын әжептәуір әдіптеп үлгерді. Орталық көше кеңейтілді, арық-атыздар түзетілді, асфальт төселе бастады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай ғажайып мемориал пайда болды. “Туған жерге тағзым” акциясы аясында талай тірліктер қолға алынды. Әсіресе, тұрмыстық қызмет көрсету кешені керемет болмақшы. Осы жаздың өзінде аудан орталығында аурухана, мектеп, спорт залдары күрделі жөндеуден өтеді. Тарихи-өлкетану мұражайы ашылады. Тек Қалихан Алтынбаев атындағы Мәдениет сарайының күрделі жөндеуіне 40 миллион теңге қаржы қаралыпты. “Ал аудан әкімінің өзі Көкпекті кентінің шеткі көшесінде, қатардағы, қарапайым үйде тұрады”, – деседі қатардағы қарапайым адамдар. Аудан әкімінің алаңдайтын жағдаяттары аз емес, ономастиканы да қинала ойланады. Жарма жағында жүргенде ше, қаншама қажыр-қайрат жұмсап, ауылдар мен көшелердің атауларын түгелдей дерлік тарихи тамырларына, жағрапиялық жағдайларына оралтқан еді. Ал Көкпектіңізде тұтасқан күйде тапжылмай тұрыпты. Келе сала кей жерлерде кейіңкіреп, кей ауылдарда жайбағыстап, сең жібітуге кіріскен. Бір таңырқайтыны сол, бәзбір басқа ұлттар өкілдерін былай қойғанда, қазекемдеріңіздің өздері қатқыл пейілдерінен қайтпайды-ай. “Онда тұрған не бар? Ауылдың атын қазақшалағаннан бізге бірдеңе түсе ме?” – деп кергитіндер көп-ақ. Қалай-қалай боп кеткенбіз? Десеңізші! Қараңызшы. Қалай-қалай қалып отырғанын?! Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында былай болып отырыпты: Черноярка, Преображенка, Белая, Миролюбовка, Новостройка, Палатцы, Новотимофеевка, Казнаковка, Пантелеймоновка, Мариногорка, Воздвиженка... Алаштың аяулы ұлдары рухтарын аялауға тиісті, тарихи-жағрапиялық түп-тамырлары адам аттарын қалай бермейтін ауылдардың атаулары осылай келе жатыпты. Қалбатаудың жықпылдары жазылыңқырап, жота-жондарға, шоқы-шоқыларға айналыңқырайтын, жусанды даласы басымырақ, ақ селеулі алқаптары көбірек Жарма ауданы жағына һәм жолымыз түскен. Сол Жармаңызда Мусин әкімдік еткен жылдары Игоревка – Сұлусары, Георгиевка – Қалбатау, Вознесеновка – Бірлік, Саратовка – Қайтпас, Филипповка – Шымылдық, Николаевка – Кеңтарлау, Периятинка – Үкілі, Мариновка – Былқылдақ болып өзгерген. “Әсіресе, Георгиевканы Қалбатауға ауыстыру азапқа түсті, – дейді Жарма аудандық “Қалба тынысы” газетінің бас редакторы Қайрат Жақсыбаев. – Переселендердің ең алғаш келіп қоныстанған мекені ғой бұл. Бұрынғы әкіміміз көп күш жұмсады. Біздің газет те белсенділігін бір сәт бәсеңдеткен емес. Ономастика жөнінде”. Жарманың Зайсанға тартар тас жолымен жүріп келеміз. Жалпы, Өскеменнен бермен қарайғы жолдың мазасы жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың: “Жол нашар. Жол болса, бәрі болады”, деп жиірек қайталайтынын сапар барысында сезіне түсетіндейсіз. Әне, анау төбеден Ер Жәнібек сынды батыр бабамыздың ерен ескерткіші көрінді. Бірте-бірте жақындай түстік. Айналма, топырақ жолмен. Негізгі жолды тасқын шайып кеткен. Шаян тоғанында су жоқтың қасы. Табанында ғана қалғандай. Осы бөгеніңіз де топан су тұсында қатты қауіп төндірген. Жанама өзені жайылып, жолдарды бұзып-жарып кеткен. Ер Жәнібек қолбасшы. Қос бөрісі қасында. Дулығасы басында. Ақ найзасы қолында. Боз мұнара жанында. Осы биікке жерленген деседі. Батыр бейнесін бажайлап, бипаздай сипап көрдік. Қоладан құйылыпты. Қытайда. Жұқалау секілді. Бүкіл кешен келісті-ақ. Үйлесіп, ұнасып, жарасып-ақ көрінер. Бірақ қоласының қалыңдығы... Сәл-пәл уайымдайды екенсіз. “Қыс қатты болды ғой. Жармаңыз – тоғыз жолдың торабы. Күн сайын қаншама жолаушылар құтқарылды. Қаншама мәшіндерді аршыдық. Кейбір күндер мен түндерде жүзге жуық автокөлік, екі жүзден аса адам құтқаратынбыз. Қараңызшы, қазір түк болмағандай”, – дейді Қалбатау ауылының әкімі Марат Еділбаев. Жарманың тарихи-өлкетану мұражайында өзге жақта кездесе қоймас жәдігерлерді байқайсыз. Сақ дәуірінің бір белгісіндей жап-жалпақ таста патшаның алақаны бәдізделген. Бұл тасты Базаров Адасхан атты кенші қырық метр тереңнен тапқан. Дәулет Тұрлықановтың атасы Хасен қажы көтерген 420 кіләлік тас та осында. “Ақтайлақ биден бастап, Бұлғақ серіге дейін бізден шыққан. Әзілхан Нұршайықов пен Роза Рымбаеваға дейін”, – деп қояды мұражай шырақшысы Нұрбек ақсақал. Несін айтасыз, Жармаңыздың Мәдениет сарайы ғажайып тірліктер атқарып жатыпты. Отыз бес өнерпаздан құралған ұлт-аспаптар оркестрі “Кәусар” деп аталады екен. Біз барғанда “Махамбет” күйін күмбірлетіп қоя берді. Бәрі де көркем жігіттер, сұлу қыздар. Күй құдіретін ділімен ұғынатындар. “Кәусарыңыз” күллі Шығыс Қазақстаныңызға кеңінен танымал көрінеді. “Айқаракөз” ансамблі фольклорлық бағытта. “Сұлуым” атты әнші қыздар ансамблінің өнерін тамашалағанда сұлулықтың сиқырына бөленерсіз. Он сұлуыңыз сұңғақ бойлы он аққайың дерсіз. Қалбатаудың Өмеш асуы қияларында, шоқ-шоқ шыршалардың арасында топ-топ боп бұралар талдырмаш аққайыңдар сияқтанып, жүздері – бал-бұл, үндері бұлбұл, жанарлары жалт-жұлт жанады-ай. Тәптіштеуімізде гәп бар. Талай жерлерде боласыз. Айналайын ауылдардың, аудандардың өнерпаздарын байқайсыз. Көпшілігінің әндері әдемі, күйлері күмбірлі, сөздері мәнерлі бола тұра, жүздерінен салқындық, көздерінен мұң аңғаратынсыз. Ал Жармада жаңағыдай. Жоғарыдағыдай. Сөйтсек, мұндағы “Кәусар” да, “Айқаракөз” де, “Сұлуым” да тұрақты жұмыс істейді екен. Көптен бері. “Өнер иелерінің бәрі де штатта. Жалақылары жаман емес. Тұрғын-жайлары шешілген”, – дейді ауданның мәдениет “министрі” Аманжол. Жарманың жайдарман саябағында да ауыр қыстың, тау-тау қардың, топан судың іздері анық білінер. Көлшіктер. Батпақты ойпаңдар. Бәрібір, аққайың жапырақтары жақұттай жалтырап, күн шуағына алақан тосады. Жасыл көк, сары гүл басымдана бастапты. Қалбатаудың басында қар жатыр. Қарғыннан қалған. Бауыр-баурайларында жаз құлпырып келеді. Мархабат БАЙҒҰТ. Суреттерде: Лайлы өзенінің бойы осылай нығайтылуда; Талменка өзені әлі тасып жатыр; құрылыс басында; Көкпектідегі тұрмыстық қызмет үйі биыл пайдалануға беріледі. Суреттерді түсірген Оңдасын ЕЛУБАЙ, “Егемен Қазақстан”.Түрлі-түсті металдар бойынша 60 перспективалы учаске анықталған
Қазақстан • Бүгін, 15:19
Екібастұзда оқушы жылу құбырынан аққан суға күйіп қалған
Оқиға • Бүгін, 15:02
Астанада сырғанақтар мен мұз айдындары ашылады
Елорда • Бүгін, 14:50
Өскемен қаласының жаңа әкімі тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 14:48
Елімізде ең жоғары жалақы кімдерге ұсынылады
Қаржы • Бүгін, 14:10
Алматы облысында көлік салығынан жалтарғандар анықталды
Қоғам • Бүгін, 13:34