
Ауданда егістік пен бақшалықты тамшылатып суғару және егістік жерлерді жаңа технологиямен жаңбырлатып суғару бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу мақсатында Майдантал ауылдық округінің ұйымдастыруымен диқандарға көшпелі семинар өткен болатын. Жиында тамшылатып суғару технологиясының артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді. Су ресурстарын тиімді пайдалану – аграрлық саланың дамуына жол ашатын негізгі бастамалардың бірі. Ауданда су тапшылығы болғандықтан, тамшылатып суғару технологиясы – таптырмайтын мүмкіндік. Жаңа бастама суды үнемдей отырып, егін көлемін арттырады. Семинар негізінде аудан диқандары тамшылатып суғару әдісінің тиімділігіне көз жеткізді. «Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен тарала бастаған тәсілдің тиімді тұстары көп. Тамшылатып суғару әдісінің арқасында арықпен суғарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады. Артық шығынды қажет етпейді. Суды үнемдеп, жұмыс күшін қысқартады», дейді «Ақсақ керіз» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Бексейітов. Жаңа тәсілді егжей-тегжейлі меңгерген диқан ауылдық округтен келген мамандар мен шаруаларға тамшылатып суғарудың жолдарын көрсетті.
Майдантал ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінде орналасқан «Ақсақ керіз» шаруа қожалығы 2022 жылдан бастап тамшылатып суғару технологиясын іске асыра бастады. Суармалы егістік жерге алғашқы жылы 6 гектар бақша және 10 гектар картоп еккен. Бақшадан гектарына 650 центнер екі өнім, ал картоптан 205 центнер өнім алған шаруа қожалық қазіргі таңда су қорының жылдан-жылға азайып жатқанына орай тамшылатып суғару технологиясын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Биыл 24 гектар жерге қарбыз және 1 гектар жер теліміне қызанақ, болгар бұрышын еккен. Осы бағыт бойынша Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Мұрат» шаруа қожалығы жылыжай кешенінде тамшылатып суғару арқылы 0,75 гектар жерге қияр, 1,5 гектар аумаққа болгар бұрышын егіп, өсіріп жатыр. Бүгінде жылыжайдың бірінші айналымынан 25 тонна қияр өнімі алынды. Алдағы уақытта 70 тонна өнім алу көзделіп отыр. Шаруа қожалық күніне 10 адамды маусымдық жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ тұтынушыларға экологиялық таза өнімдерін ұсынып келеді. Ауыл шаруашылығында тиімді тәсілді кеңінен қолдану мақсатында оған қажетті құрал-жабдықтар шығару ісі де қолға алынған. Мысалы, Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік паркте отандық «BNK Group» БНК компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, өткен жылы «BNK Irrigation» сауда белгісімен айналмалы және фронталды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Өндірістік техника 3 мың шаршы метр аумаққа орналастырылған. Бұл жоба су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қояды.
Айта кетелік, Түркістан облысында 32 298 гектарға енгізілген су шығынын азайту технологиясы суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттыруға мүмкіндік берді. Өңірде ашылған су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт жылына 9 мың гектарды тамшылатып суғару жүйесін өндіретін екінші кәсіпорын болмақ. Кәсіпорын облыстық бюджет есебінен Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы ұзындығы 100 шақырымға жететін 9 су нысанына күрделі жөндеу жүргізеді. Нәтижесінде, 15 мың гектардан астам жерді сумен қамтамасыз ету жайы жақсарады.
Түркістан облысы