Ауыл іргесіне таяп келгенімізде бір топ баланың арқасына әлдене байланған төбетті қуып жүргенін көрдік. Жаяу балаға жүйрік ит жеткізуші ме еді. Өздерінің де итті қуа-қуа әбден шаршағандары көрініп тұр. Бұрын көз ұшынан көрінген дүниені жазбай танитын жанардың оты кеміген сайын құрықсалым жердегі қарасынды әзер ажырататын жазған басымыз ұры ит көзден таса қалған қозы-лақты оңай олжа көріп жәукемдеп қашқан шығар деп ойлағанбыз. Шетін көріністің жай-жапсарын білейік деп ат басын іріктік. Қуғыншы балалар алдыртқан албырт кейіпте емес, жүздерінде әлдебір қуаныштың лебі алаулайды.
– Асан, арғы жағынан қаумала, – деп айғайлайды біреуі. Енді біреуі көкшулан төбетті алдаусыратып шақырып әлек.
Жол шетіндегі үйдің іргесінде ақ жаулықты әжей тұр екен. Үлкен кісіге тоқтап сәлем бердік. Ит қуған балалардың жайын сұрастық.
– Иткөйлек қой, – деді әжей, – білуші ме едіңдер? Көне ырым.
Біз тіс жара қоймаған соң, әңгіменің тігісін өзі жазды.
– Бағзы заманда кішкентай балаға жел-құз тиіп ауыра қалса, бойындағы дерті итке көшсін деп кішкентай дорбаға қант-кәмпит, құрт салып, иттің мойнына байлап, қашыртқан. Бір ғажабы, жеңіл-желпі сырқаттанған көп бала осы бір көне ырымнан кейін құлан-таза жазылып кететін болған. Бұл күні ұмыттық қой. Бүгін де сол көне дәстүрді жаңғыртып жатыр едік.
Ата-ананың бар ниеті баланың үстінде ғой. Атам қазақтың адал ырымының себі шынында да тиетін шығар.